Айыппұлда атамыздың құны кетіп пе еді?

1143
5
Бөлісу:

ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫН ҚАҚҚАННАН МЕМЛЕКЕТ БАЙЫП КЕТПЕЙДІ

Жаңа жыл басталғалы Мәжіліс отырыстары алдын-ала жоспарланғандай заң жобаларын саралап, кем-кетіктерін көрсетіп, оны қабылдаумен бірқалыпты тыныш өтіп келген-ді. Халық қалаулылары өздерінің күнделікті қызметін атқарып жүргенде кенеттен тағы да жік шықты. Бұл жолы да басқа сала емес, әдеттегідей «бүйректен сирақ шығаруға» бейім тұратын құқық қорғау орындары бірлесіп ұсынған жаңа заң жобасы депутаттардың жағасын ұстатты…

Биылғы жылдың басы көптеген жаңалыққа толы болды. Соның ең бастысы және ең маңыздысы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен Атазаңымызға бірқатар өзгерістер енгізу туралы Үндеуі болғанын білеміз. Ел назарын бірден өзіне аударған бұл тарихи құжаттар халық арасында әлі де қызу талқыланып жатыр. Қоғамға демократиялық жаңа дем беретін бұл бастама бір ғана қазақ елін емес, бүкіл әлем жұртшылығын да елең еткізді. Оған дүниежүзілік деңгейдегі белгілі саясаткерлер де оң баға беріп жатқанын естіп-көріп жатырмыз. Енді президенттік тікелей биліктің біраз бөлігі Парламент пен Үкіметке берілмекші. Демек, Үкімет деп отырған салалық министрліктер мен аймақтық, жергілікті әкімшіліктердің билігі күшейтіліп, олардың қоғамды басқару мүмкіншіліктері артады деген сөз. Бұған Елбасының өзі қатысқан жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы нақты дәлел. Нұрсұлтан Назарбаев әкімдер мен министрлерге жасқанбай, жоғары жаққа жалтақтамай батыл жұмыс істеу керектігін ашық айтты емес пе? Бұның бәрін біздің түрлі деңгейдегі атқамінерлерге көрсетілген зор сенім, үлкен қолдау деп түсінуіміз қажет. Бұрын олардың қолдарын біреу байлап келгендей көрінгендіктен, енді шығармашылықпен, шабытпен жұмыс істеңдер деген талап қойылып отыр. Міне саған демократия, міне саған еркіндік, бұдан артық не керек?! Бірақ…
Дәп осы жерде ойланатын тұстар көп. «Батыл жұмыс істеңдер!» дегенді тағы да әркім әрқилы түсінген сыңайлы. Бұл жерде Елбасы шенеуніктерге жандарыңды салып, халыққа аянбай қызмет етіңдер дегенді айтты емес пе? Біздің байқауымызша, кейбіреулер Елбасының айтқан ойы мен берген тапсырмаларының түп-төркінін мүлдем түсінбеген. Соған қарағанда біздегі кейбір шенеуніктерге бұл жағынан әлі де «сауат ашуына» тура келетін түрі бар. Дәп осылай демеске амалымыз жоқ. Олай болса Ішкі істер министрлігі құрастырып, ҚР Бас прокуроры орынбасарының тура өзі ұсынған жаңа заң жобасының Мәжілісте неге дау тудырғанына тоқтала кетелік. Біздің шенділердің ойынша, полицияға бағынбай, қарсылық көрсеткеніңіз үшін 11 миллион теңге, яғни 34 мың доллардай айыппұл төлеуіңіз керек екен. Сонда қалай, Ішкі істер министрлігі құқық қорғау қызметкерлерінің беделін ірі айыппұл төлетумен көтермекші ме? Әйтпесе Мәжіліске адам ойына кіріп-шықпайтын осындай заң нормаларын ұсынар ма еді? Бұл жобаға қарасақ құқық қорғау қызметкерлері сүмірейген бейшара күйге түскен секілді. Көшеде жүрген кез келген адам шендінің жағасын жыртып, күнде бетіне түкіріп, артынан аямай теуіп кетіп жатқандай әсер аласыз. Шерменде шенділеріміз амалдың жоғынан халық қалаулыларынан қорған іздеп, сауға сұрап келгендей. Сонша сорлы жағдайға түсетіндей олардың басына не күн туды? Құқық қорғаушылар біздегі заң бойынша қолында билігі жоқ қарапайым тұрғындарды қорғауға тиісті болғанмен, мына түріне қарасақ олар сол қара халықтың өзінен құтқарыңдар деп отырған жоқ па? Сонда олар дәп осындай бейшаралық жағдайға жеткені ме? Әлде оларды біреу осы салаға қыстап жұмыс істеткізіп жатыр ма? Жоқ, күнделікті өмірге қарасақ оған тіпті де ұқсамайды. Керісінше, қарапайым адамдар шенділерді алыстан айналып өткенді қалайды. Өйткені оларға жақындап кетсең басың бәлеге қалады дейді біздің көптеген тұрғындарымыз. Тіпті солардың алдына белгілі бір іске қатысты куәгер болып та барғысы келмейді, өзіміз кінәлі болып қаламыз ба деп қорқады.
Ал, шын мәнінде біздің шенділер өз есесін ешкімге жібермейді, керек болса кімнің болсын сағын сындырып береді. Өйткені оларға заң бойынша берілген қазіргі құқықтардың өзі бір бастарына жетіп-артылады. Бұл жолғы талаптарын орындап халық қалаулылары қолдау көрсетсе, келесі жолы шенділер аспандағы айды әпер деуі ғажап емес. Олай деуімізге бүгінгі ұсыныстары итермелеп отыр. Онсыз да өз жөнімен кетіп бара жатқан адамды жұмысынан қалдырып тергеп-тексеріп, жөн-жосықсыз мазасын алатындар билік берсек әркімнің басында әңгіртаяқ ойнатары сөзсіз. Әлде оларға қарсы сөз айтқанды атып тастап жүре беруіне болатын заңды бекітіп беру керек пе? Ондай заңы бар «демократиясы дамыған» Америкадағы жағдайды жақсы білеміз. Жылына жүздеген жазықсыз адамдар полицейлердің құрбаны болып жатыр. Бәлкім, біздің де шенділер осыны аңсайтын шығар? Еуропа мен Америкаға көзсіз еліктеудің аяғы қайда апарып соғарын аңдаған шығарсыздар? Бүйте берсек, ертең құқық қорғаушылардың көзіне тура қарай аламайтын түріміз бар. Абайсызда аяғын басып кетсек, байқамай иығымызбен шендіні сүйкеп өтсек милллиондап айып төлейді екенбіз. Ақша керек бола қалса полицей жетіп келіп «Маған деген көзқарасың дұрыс емес» деп кез келгеннің қалтасын тақырлап жіберуі мүмкін ғой. Әрине, бұл пікірлеріміздің міндетін адал атқарып, түрлі қатерге бас тігіп жүрген көптеген құқық қорғаушыларға қатысы жоқ. Оларға мың алғысымызды айтып, ерліктері үшін басымызды иеміз.
Елбасын есепке алмағанда, қарапайым халықтың жан дегенде жалғыз қорғаны болып отырған депутаттар бұл жөн-жосықсыз жобаға бірден қарсы шықты. «Ашығын айтсам, жобаға қатысты қандай да бір пікір айтудың өзі қиын. Министр Қасымов айппұлды аспандату арқылы өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келетін шығар. Бірақ бұл айыппұл елімізді иектеген қылмыстың азаюына кепілдік бере алмайды. Елбасымыз жеңіл және орташа қылмыстарға жазаны жеңілдету туралы тапсырма беріп жатқанда біз не істеп отырмыз? Адамды есінен тандыратын 11 миллион теңге айыппұл салуды ұсыну мүлдем қисынсыз, ақылға қонбайды»-деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин. Басқа да депутаттар қарап қалған жоқ. Жас баланың былдырына айналған жобаны халық қалаулары керегінше сынап, тіпті мысқылмен келекеге де айналдырып жібере жаздады.
– Бұл сұмдық нәрсе. Еркек ашумен өз әйеліне қол жұмсаса 40 мың теңге төлейді. Ал, полицияны ұрмай-ақ, тек ұрысса болғаны 11 миллион теңге айыппұл төлеуі керек екен. Сонда әйеліміз полициядан мыңдаған есе арзан болғаны ма? Кешіріңіздер, мысалы мен өз әйелімді полициядан мың есе жақсы көремін, – деп мысқылмен түйреп өтті «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев министрліктің санаға сыйымсыз сандырақ жобасын. Жаңағы Перуашев айтқан 40 мың теңге айппұлды кім заңдастырып жүр? Ол қол көтерген еркекті емес, отағасының жарты айлығын жұлып алып, жанұядағы бала-шағасын аш­құрсақ етіп жазалау емес пе? Міне, біздегі заңдардың сиқы осындай.
Бірнеше қайнауы ішінде жүретін шала-шарпы заң жобасын ұсыну жағынан біздің Ішкі істер министрлігі салалар арасында бірінші орында тұр. Атышулы «Жол жүру ережесінің» өзі неге тұрады, оның жыры осы күнге дейін жалғасуда. Екі рет байқамай ереже бұзсаңыз бір айлық еңбекақыңыздан айрыласыз. Миллиардтаған айппұлдың төрттен бірі ғана төленгені туралы ақпараттық құралдарда жиі айтылады. Ол аз болса айыппұлды уақытында төлемегені үшін сот орындаушылары оларды қауіпті қылмыскердей қысып, айлықтары мен зейнетақыларын бұғаулап тастаған. Айыппұлдың үстіне тағы да 25 пайыз жамап жұрттың жанын шығарып жатыр. Прокуратураның тізгінін қолына алып, өз саласында тәртіп орнатып, халық арасында біраз бедел жинаған Бас прокурор Жақып Асановтың Қасымов ведомствосы құрған тұзаққа оп-оңай түсіп қалғанына таң қаласыз. Одан қалды осы құқық қорғау саласында істейтін мыңдаған заңгерлердің осыншама көлемдегі айыппұлды қарапайым тұрғындардың қалтасы көтермейтінін білмегені ме? Қарапайым адам министрлер сияқты миллионға жуық жалақы алмайды, небары 50-60 мың теңгемен күн көретіні жасырын емес. Әлде олар өздері де осы қарапайым халық ортасынан шыққанын ұмытып қалды ма? Тәртіпті нығайтуға ешкім қарсы емес, бірақ заң жобасын ұсынбас бұрын тұрғындардың әлеуметтік жағдайын зерттеп, мүмкіндіктерін саралау деген болу керек қой. Әрбір заң алдымен жалпы қоғамның, халықтың, ұлттың мүддесін қорғауы керек, бұл – бұлжымас қағида. Заңгер екенбіз деп тек қана өз саласының қамын қарастыру, ереженің бәрін өздерінің ыңғайына қарай бұру – қылмыс. Мына ұсынысқа қарасақ Елбасының батыл жұмыс істеу керек дегенін өздерінің қамын қарастыру ғана деп түсінгендері көрініп тұр. Бұдан кейін президенттік биліктің біраз бөлігін осы сияқты салаларға қайтіп сеніп тапсыруға болады?..
Мәжілісте орын алған даулы мәселені еске сала отырып, енді негізгі тақырыбымыз – жалпы айыппұл дегеннің өзіне тоқтала кетейік. Осы жерде айыппұл неге салынады, оның көлемі неге тым жоғары және қандай пайдасы мен зияны бар деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Біздің анық білетініміз – ортақ мемлекеттік қазына қоғам мүшелерінің еңбегімен құралады. Материалдық байлықты бір ғана министрлер мен әкімдер жасамайды. Керісінше олардың өзі халықтың мойнында отыр. Өндірістік, сауда-саттық немесе түрлі қызмет көрсетуден түсетін пайданың бір бөлігі салық ретінде қазына қоржынын толтырады. Кейін ол қаржы сол халықтың игілігіне бағытталады. Айталық, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге, мектеп, аурухана салуға, тағы да басқа мұқтаждықтарды өтеуге жұмсалады. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы да бюджетке тәуелді, соның ішінде құқық қорғау орындарының қызметкерлері де осы ортақ қазынадан қаржыландырылатыны белгілі. Айыппұлдан түскен қаржы да сол қоржынға құйылады, ол полицейлердің жеке қалтасына түспеуі керек. Әлде айппұлдың белгілі пайызы осы саланың қоржынына кетіп жатыр ма? Міне, дәп осы жерде біздің айппұл десе неге оза шабатынымыздың нақты себебін байқауға болады. Қазынаны толтырамыз деп біз салынатын айыппұл саны мен оның мөлшерін шектен тыс көбейтіп жіберген жайымыз бар. Тіпті құзырлы орындарға айына осыншама көлемде айыппұл саласыңдар деп жоспар берілетінге ұқсайды. Мысалы, жол ережесін бұзғаны үшін алынған айыппұл қаржысын жол салуға, жөндеуге жұмсасақ, біздің жолдарымыздың бәрін күміспен қаптап тастауға болатын еді. Халықты қысып қазынаны толтырғаннан не пайда? «Қазавтожол» директоры Серікжан Мұқашев сияқтылар сол қаржыны миллиондап ұрлап, ізін жасыру үшін тексерушілерге пара беріп жатса қазынаны ешқандай айыппұлмен толтыра алмасымыз анық. Сондықтан айыппұл мөлшерін көтерудің орнына жемқорлармен күресті күшейту қажет. Құқық қорғау орындары неге осы жағына баса назар аударып, қатаң шаралар ұсынбайды? Әрі-беріден соң қылмыспен, жемқорлықпен күресу солардың тікелей міндеті емес пе? «Жуас түйе жүндеуге жақсы» демекші, қойдай момын қарапайым халықты қанағаннан біз ештеңе ұтпаймыз. Халықтың әл-ауқаты төмендесе, мемлекет те қуаттылығын жоғалтады. Мемлекеттің басты капиталы – оның адамдары. Біздің заңгерлеріміз осы бір қарапайым қағиданы білмегені ме? Әлде олар мемлекетіміздің қуатты болуына қарсы ма? Оларды мемлекетке қарсы десек, халықтың жауы десек кез келген шенді шоршып түсетінін білеміз. Ендеше естеріңізге салып қоялық: халық дегеніміз – мемлекет, мемлекет дегеніміз – халық! Осыны әбден жаттап алыңыздар, қалтасында табақтай дипломы бар заңгерлер. Жүз шақты әкім мен жиырма шақты министр өліп кетсе де өз алдына жеке мемлекет бола алмайды, оларды да асырап отырған сол халық емес пе?
Соңғы кезде бізде терроризмге қарсы қатаң шаралар қолданыла бастады. Өте дұрыс. Бірақ осыны пайдаланып, жолбике жобаларды өткізіп жібергісі келетіндер бар. Мысалы, жақындағы тіркеуге алу, сол сияқты 11 млн. теңге айыппұлды ұсынғандар аталмыш жоба террористерді тізгіндеуге де ықпалын тигізеді дейді. Қалайша ықпал етпекші? Лаңкес мені тіркеуге ал деп ешқашан келмейді, полицейді балағаттап, бетіне түкіріп жатпайды, бірден оқ жаудырады. Сонда лаңкеске қалай 11 млн. теңге айыппұл салмақшы? Алдымен біздің ұсынып бекітіп алған заңымыз бойынша айыппұлыңды төле, сосын атысамыз демекші ме?
Бізде айыппұлдың түрі көп. Сағызды жерге тастасаң да айып төлейсің. Қызылжар қаласында қарды аула сыртына үйгені үшін айыпппұл салудамыз деп мақтанып жатыр әкімдіктегілер. 30 мың теңге зейнетақы алатын қариялар мен мүгедектер көшеге шығармағанда қарды қалтасына сала ма? Қаланың шаруашылық мекемелері қайда жүр? Сол үшін бюджеттен миллиондаған ақша бөлінеді, сол қаржы қайда кетіп жатыр? Зейнетақысын айыппұлға төлесе олар ауамен көректене ме? Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Әрине, тәртіп болу үшін айыппұл салу керек. Бірақ, әр нәрсенің өз орны, өз өлшемі болады. Артық қыламыз деп тыртық қылуды тоқтату керек, айыппұлда атамыздың құны кеткен жоқ қой. Оның үстіне айыппұлды біз жауымызға емес, өз халқымызға салып жатқанымызды ұмытпағанымыз жөн.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 5 пікір жазылған

  1. қараменде 23 Ақпан, 2017 11:31 Жауап

    Айыппұлдан қара халықты қанаудан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпыз. :oilanu:

  2. Жарас 23 Ақпан, 2017 11:43 Жауап

    Жалпы айыппұл дегенді алып тастау керек. Өйткені оның жартысы құзырлы органның қалтасына түссе қалғаны бюджеттті ұрлайтындардың қолында кетеді.Сонда қарапайым халық солар үшін айып төлеуге міндетті ме?

  3. Шорабек 23 Ақпан, 2017 12:45 Жауап

    Осындай көлемдегі айыппұлды ұсынған құқық қорғаушылардың есі дұрыс па? :shoshu:

  4. Мақсат 24 Ақпан, 2017 16:28 Жауап

    Пагондылар өздерін пайғамбардан кем сезінбейді. Оларды адам етіп отырған халық. Сондықтан олар халықтың алдында зыр жүгіріп қызмет ету қажет. Оларға ешқандай жеңілдіктер қарастырмау қажет, істегісі келмесе кете берсін. :oilanu:

  5. Тілектес 25 Ақпан, 2017 15:25 Жауап

    Айыппұлдарды арзандатуға депутаттардың шамасы келмейді. Олар қауқарсыз, министрлердени қорқады. :kulki:

Пікір немесе жауап жазу