"Ақ жол" - УНИТАРЛЫ ЕЛГЕ СЕНАТТЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ

Елдегі болуы ықтимал саяси реформаларға қатысты қоғамдық талқылауға Парламенттің «Ақ жол» партиясы ұсыныс жасады. Ұсыныс болғанда да – Мәжіліс пен Сенатты біріктіру керек деді. Біз унитарлы мемлекетпіз. Сондықтан Азат Перуашев мырзаның ұсынысы дұрыс деп түйдік.
  Ал енді осыған кеңірек тоқталайық. Елбасының өзі тікелей эфирге шығып, қолындағы құзыреттерді бөліп беретінін айтқан күннен бастап, Астана «жұрты» жапатармағай реформаға бейімделу процессін бастап кетті. Тіпті, билікті бөлісуді бақылап, реттеп отыратын арнайы комиссия құрылды. Міне, біз көтеріп отырған ұсыныс осы комиссияға жөнелтілген. Депутаттар мен саясаткерлер арнайы «Abai.kz» ақпараттық порталына пікір білдіріп, осы бір ұсынысқа қатысты өз ойларын ортаға салды. ҚАЗАҚСТАН УНИТАРЛЫ ЕЛ МЕ, ӘЛДЕ ФЕДАРАЛДЫ МА? Азат перуашев, Мәжіліс депутаты: - Мен және менің әріптестерім еліміздің өңірлеріне сапарлап қайттық, білесіздер. Онда біз ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен, заңгерлермен кездестік. Білесіз бе, олардың көбісі – біздің елдегі қос палаталық жүйенің тиімсіздігін айтуда. Қос палаталық құрылым – федеративті мемлекетке тән. Біз унитарлы мемлекетпіз. Ол Конституциямызда тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ал унитарлы елде бір палаталық құрылым әлдеқайда тиімді болмақ. Біз кездескен жерлерде осы ұсыныстар жиі айтылды. Әсіресе мұны заңгерлер мен құқық саласының мамандары айтты. Сондықтан, біз өз ұсыныстарымыздың қатарына енгіздік. Біздің фракцияның кеңейтілген отырысында біз бұл мәселені қызу талқылап, сүзгіден өткізіп барып, жөнелтіп отырмыз. Жабал Ерғали, Сенат депутаты: - Қазіргі елде болып жатқан саяси реформаларға қатысты әрбір Қазақстан азаматының өз ұсынысын, пікірін айтуға құқылы деп есептеймін. Кез келген қоғамдық ұйым, бірлестіктер, партия өкілдері Конституцияға өзгертулер енгізуге байланысты өз ұстанымдарын айтқаны жөн. Сол секілді, «Ақ жол» партиясының қос палатаны біріктіру туралы ұсынысы қоғам тарапынан, комиссия тарапынан қолдау тауып жатса көре жатармыз. Айта кетейін, бұл Мәжілістің талқылауына келген жоқ. Бұл Ұлттық комиссияға жіберілген ұсыныс. Десе де, көп ұлтты, көп конфессиялы Қазақстанға бір палаталы жүйе қаншалықты тиімді бола қояды деген күдік бар. Оны жасырмаймын. Дос Көшім, саясаткер: - Шындығына келсек, мен бұл жерде Азат Перуашевтің ұсынысын толық қолдаймын. Неге? Бұл мәселе бұған дейін де талай жерде көтерілген. Осыдан 10-15 жыл бұрын Қазақстанға Сенаттың керегі жоқ дегенді біз айттық.  Себебі, Парламенттің қара жұмысын Мәжіліс атқарады. Сенат – Президент пен Мәжілістің ортасындағы көпір іспетті ғана рөл атқарып тұр. Керек десеңіз, Қазақстандағы Заң қабылдау процессіне кедергі келтіретін кездері де көп. Мәжіліс Заң жобасын қабылдайды да, оны Сенатқа жібереді. Сенат оны кері қайтарады. Ал Заң керек. Содан кейін Президенттің өзі кейбір дүниелерге Сенат арқылы тоқтау салып отырады. Яғни, өзі тікелей айтпай, Сенаттың аузымен жүзеге асыру үшін Сенаттың тек Президентке қажеттілігі болмаса, Заң шығару процессінде Сенат үлкен рөл атқарады деп айта алмаймын. Бұл әлгі орыстар айтатын, «бесінші аяқ»  секілді ғой. Бұл жерде ескере кететін тағы бір жәйт – Сенат қандай елдерге керек? Көбінесе федералды немесе көп штатты мемлекеттерде Сенат айтарлықтай рөлге ие. Кезіндегі Кеңес өкіметі кезіндегідей әр аймақтан өкіл болуы үшін ғана керек дейтінбіз. Немес АҚШ-тағыдай әр штаттан өкіл болуы керек. Ал бізде Сенат депутаттарының басым бөлігін Президенттің өзі тағайындайды. Қос палатаны бірдей ұстап отыратындай біз федералды мемлекет емеспіз ғой. Сондықтан Азат Перуашевтің бұл ұсынысы дұрыс деп есептеймін. ДАҢҒОЙ ЕЛДЕ КҮНДЕ ТОЙ.  «САЙЛАУ-ЛӘЙЛІМ» Айтпақшы, даңғой елде күнде той демекші, биыл Сенаттың сайлауы болады. Сайлау деген жай аты, тағайындау болады. Барлығы 47 орын. Оның 15-ін Президент тағайындайды. Сайлаудың сарсаңыне бюджеттен 446 миллион 694 мың теңге бөлінеді. Жоғарғы палатаның парламентарзим тарихындағы орны мен рөлі туралы айтқанда депутаттық корпустың белгілі мөлшерде жоғарғы билікпен ымырласқанын жасыра алмаймыз. Депутаттық корпус жұмысының тиімділігін арттыру үшін мақсаты парламент құрылымын түбегейлі өзгерту болып табылатын конституциялық реформа қажет шығар мүмкін. Бұл жаңағы Перуашев мырзаның ұсынып отырған бір палаталық жүйеге көшу процессі. Бір анығы Сенатқа билікке мейілінше берілген адамдар өтеді. Ол жалғыз біздің пікірі емес, көптің аузындағы сөз. Кез келген пікір назар аударуға тұрарлық. Бірақ, осы орайда, біз ҚР Конституциясына сәйкес, парламент жоғарғы палатасының төрағасы мемлекетіміздегі екінші адам болып саналатындығын естен шығармауымыз керек. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы кездері «Твиттерде» тым белсенділік танытып жүрген Қасекең Қытайға барып қазақша сөйледі. Ол Назарбаевтан кейін (БҰҰ мінберінде қазақша сөйлегенінен кейінгі) біздің шенеуніктердің ішінде шетелде мемтілде тіл қатқан екінші адам болды. Бұндай ерлікке екі адам ғана бара алатын. Сол сенімді ақтай білді. Жә, әңгіме ол жөнінде емес. СЕНАТТЫ «ҚАРИЯЛАР КЕҢЕСІ» ДЕП ӨЗГЕРТУ КЕРЕК Керек дерек. Біз талқылап отырған қос палата – Мәжіліс пен Сенат. Мәжіліс – арабтың «меджилис», жиналыс, кеңес деген сөзінен шықса керек-ті. Ал Сенат сөзі – латынша  senatus, senex — кәрі, қария сөзінен шыққан. Бұл жерде Сенат депутаттарының орташа жас мөлшеріне де тоқтала кеткен жөн. Мысалы, қазіргі Сенатта – қарт депутат Мұхтар Алтынбаев. 72 жастағы ақсақалдың соңынан жетпістегі Қуаныш Айтаханов өкше басып келеді. Статистика. 60 жас пен 69 жас аралығында – 25 депутат бар екен. Ал жасы 50 мен 59-дың үстіне секіргендердің саны – 15 адам. Ескере кетейік, Сенатта, Парламенттің жоғарғы палатасындағы ең жас депутат Кәлетаев Дархан Аманұлы. Ол небәрі 45 жаста. Оның «пәшти» құрдасы 46-ға толған.  Төраға Тоқаевтың өзі биыл 64-ке келеді. Елуге жетпеген екі депутаттан өзгесі Сенаттың «қариялар кеңесі» деген атын ақтап тұр емес пе?!. Сондықтан Сенаттың атауын «қариялар кеңесі» деп өзгерту керек... Басқа жағынан алып қарасаң, биліктің тұғыры онсыз да мықты, өйткені төменгі палатадағы 80 пайыз депутат ең ірі президенттік «Нұр Отан» партиясынан сайланғандар. Сондықтан Сенатта тарқатқаннан жоғары биліктің қылшығы қисая қоймасы анық. Бұл ел бюджетіне едәуір үнем болар еді. Нұргелді Әбдіғаниұлы Abai.kz