Әселхан Қалыбекова: Жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің есепті кездесуіне келген халық ақыны Әселхан Қалыбекова жерлестерінің аманатын шумақтатып жеткізді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Танымал ақын түйіткілді мәселені облыс басшысына өлеңмен жеткіздіЖансейіт Түймебаевтың халық алдындағы есепті кездесуіндегі баяндамасынан соң сұрақ қойған ақын Әселхан Қалыбекованы әлі күнге дейін газсыз отырған Отырар ауданы халқының жайы мазалады.

«Отырар ауданына "газ келеді" деп халықтың құлағы елеңдегеніне екі-үш жылдың жүзі болды. Соның жетуіне өзіңіз ықпал етсеңіз болар еді. «Жақсы күннің жарығын жаз келгенде білерсің, жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің» деп сауалын астарлы ойымен жеткізген ақын залдағыларды күлкіге батырды.

«Биыл газбен қамтылатын елді-мекендер саны 65 пайыз болса, олардың қатарына сіздің ауыл да кіреді деген ойдаймын. Кіргіземіз»,- деп уәде етті Түймебаев.

Жиындағы сұрақ-жауап бөлімінен соң жарыссөзге шыққандар баяндамашының жұмысына қатысты өз ойларын білдірді. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев проблемасын айтып, көмек сұраған халықты «Бер, бер дей бересіңдер» деп сөксе, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Розақұл Халмұрадов ОҚО әкімінің жұмысына тәнті болғаны соншалық, Түймебаев мырзаның бұл «креслода» әлі он жыл отыратын мүмкіншілігі барын айтты.

Сондай-ақ, аймақ басшысының есебіне ОҚО-ның экс-әкімі, бүгінде Үкімет басшысының-орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып жүрген Асқар Мырзахметов арнайы қатысты. Тек Астанадан ат терлетіп келген Мырзахметов мырза ауа-райының қолайсыздығына байланысты кездесуге шамамен бір жарым сағат кешігіп келді.