Тәуекел Мүсілім алғаш рет қылмыс әлеміндегі "авторитеттің" ұлы екенін мойындады

Әкем батыр адам еді… Ол кісімен кездескен сайын ұлттық намыс туралы айтатын. Кейде өзге ұлттың өкілдері қазақ қыздарымен көңілдес болып, қоғамдық орындарда даяшыларды басынып, дауыс көтеріп жатқанын көресің. Біздің әкелеріміздің кезінде мұндай тәртіпсіздік болмайтын еді.

[caption id="attachment_64854" align="aligncenter" width="728"]Тәуекел Мүсілім, Сабыр Мүсілімұлы Тәуекел Мүсілім[/caption]

Танымал актер Тәуекел Мүсілім өзінің қылмыс әлемінің серкесі болған Сабыр Мүсілімнің ұлы екенін айтты. Бұл туралы ол el.kz порталына берген сұхбатында баяндады.

– Тәуекел, ел аузындағы соңғы жаңалықтардан бастасақ. АҚШ пен Қырғыз Республикасы, Қазақстан кино мамандарының бірлесіп түсірген «Анамды іздеймін» фильмі жақында үлкен экранға жол тартпақ. Кинода басты рөлді сомдаған актерлердің бірісіз. Фильмге қалай таңдалдыңыз?

– Жоба алдын-ала бас продюсерім Жанна Әбуова мен режиссер Руслан Акунның келісімімен шешілген еді. Өздеріңіз білетіндей, басты рөлді қырғыз баласы Азамат Ұланов ойнады. Сценарий де сол балаға қатысты жазылды. Фильмнің режиссері Руслан Акун Лос-Анджелесте кино академиясында оқып жүріп, фильмге актер іздестіре бастайды. Сұрастыра келе менің атымды естиді. Сценарий желісі бойынша кейіпкер Данияр қызуқанды, бұзық жігіт. Режиссер әлеуметтік желілердегі фотосуреттерімді көріп, «тым тәрбиелі, образға сай келмейді» деп ойлағанмен, спорттық киіммен түскен бір суретімді көріп, бастапқы ойын өзгерткен екен. Ол былтыр сәуірде Лас-Вегаста өткен кино көрмесінде түскен фотосурет болатын. Осылайша Руслан маған хабарласып, мән-жайды түсіндірді. Күтпеген ұсынысқа ерекше қуандым. Сөйтіп режиссер жіберген сценарий мазмұнымен танысқан соң, бірден келістім. Бас кейіпкер Дастанның образы маған ұнады. Руслан сценарийдегі күрделі екі сахнаны ойнап беруімді сұрады. Кей олқы тұстарын көрген соң, арнайы мамандармен бірлесіп, дайындық жұмыстарын пысықтадық. Кәсіби біліктілігімді арттыруға өз үлесін қосқан М.Ю. Лермонтов атындағы орыс драма театрының қызметкері Ольга Ланинаға алғысым шексіз. Осылайша Дастанның рөліне бекітілдім.

– Түсірілім жұмыстары кезінде қандай қызықтар болды?

– АҚШ-та тәртіп басқа, заң басқа. Біз Қазақстанда күн демей, түн демей жұмыс істей беретін едік. Ал, Америкада түсірілім алаңы белгіленген 12 сағаттан артық жұмыс істемейді. Жоспар бір күн бұрын құрылып, сахналық жұмыс тәртібі егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Бір сахналық көрініске берілген 30-40 минутта үлгеруің керек. Үлгермесең сені ешкім күтпейді, келесі сахна ойналып жатады. Біздегідей түсірілім үстінде сценарий беріліп, ұбап-шұбап жүру жоқ. Мені осы тәртіп таңғалдырды. Түсірілім кезінде торай, маймыл, жабайы аю сияқты жануарлармен жұмыс істеуге тура келді. Торай шыңғырып, айтқанға көнбей, мені біраз әуреге салды.

– Оның үстіне бұрын торай ұстап та көрмеген шығарсыз?

– Өмірімде қызығып, ұстап көрген жануарым емес. Торай қолға үйреніспей, үркіп қашса, енді бірде аю ұйықтап жатып алады. Бәрінен де осы жануарлармен жұмыс қиынға түсті.

Фильм қай қалаларда түсірілді? Жалпы, бұл фильм сіз түскен өзге фильмдерден несімен ерекше?

– Фильм Лас-Вегас пен Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Бұл – мен түскен алғашқы толықметражды фильм. Бұған дейін тек «Махаббатым жүрегімде» деген көпсериалды картинада ойнадым. Ал, телехикая мен фильмнің арасы жер мен көктей. Жалпы, фильм тақырыбының да көтерер жүгі салмақты. Ана мен бала арасындағы махаббат, туыстық, бауырмалдық сезімдері сияқты адамгершілік мәселелері көтерілген. Көрермен бір сағаттың ішінде түрлі эмоцияны басынан кешіреді. Мұндай көркемдік шешім, көркемдік тұтастық мықты режиссердің ғана қолынан келеді. Осы тұрғыда Руслан Акунмен бірлесіп жұмыс істеу маған көп нәрсе үйретті.

– Таяуда көпшілік назарына ұсынылған «Ала кетпедің» клипінен соң көрермен пікірі екіге жарылды. Клиптегі ашық көріністер арқылы не айтқыларыңыз келді? Бұл романтикалық эстетикалық көрініс пе, әлде жұртты бір шулатып алу ма?

– Өмірде сүйгеніне қосыла алмай арманда кеткен немесе отбасылы адамдардың өзге біреуді жақсы көріп қалуы сияқты өкінішті жағдайлар кездеседі. Клипте осы бір іште кеткен арманды, мұңды әсерлі жеткізе алдық деп ойлаймын. Соңғы сахнаны әдейі ойластырған жоқпыз, эмоционалды түрде шыққан дүние. Шу шығарайық деген ой болған жоқ. Кез келген бала ғаламтордан қалаған көріністі көре алады. Сүйісу – өмірдегі қалыпты нәрсе ғой. Бұл мен үшін жұмыс қана. Режиссердің шешіміне актер қарсы шыға алмайды. Қалай болғанда да, сезімді көрерменге жеткізу – міндетің.

– Киноөндірісті мәдениет және өнер нысаны ғана емес, экономика нысаны ретінде қарастыратын уақыт келді деп ойлайсыз ба?

– Қазір елімізде қаржылық мақсатта түсіріліп жатқан жобалар көп. Бұл – қуантарлық жағдай. Ішінде, әрине, жақсысы да бар, жаманы да бар. Біреулер аз қаржыдан көлемді, сапалы дүниелер түсіріп жатады. Гонорарымызды Голливудтың жұлдыздарымен салыстыра алмаймыз. Бізге продюсердің ұсынған бағасына келісуге тура келеді, келіспесең жұмыссыз қалуың мүмкін.

– Ұлттық кинематографияны жаңа деңгейге шығару негізінде тұрақты платформа құру үшін мемлекет қолдау көрсете алып отыр ма? Мысалы, заң жағынан.

– Киноиндустрия саласының дамуы мен ұлттық киноның мәртебесін арттыру үшін қолайлы жағдайлар туғызатын нормалар мен талаптар керек, бірақ нақты заң жағын біле бермейді екенмін. Осы саланың қазанында қайнап жүрген мамандармен кездесіп, талқылап, шешетін мәселелер жеткілікті.

– Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың басына түскен іс туралы не ойлайсыз? Сіздіңше, продюсерге тағылған айып қаншалықты негізді?

– Өкінішке қарай, біздің елімізде мұндай жағдайлар көп болып жатады. Көп нәрседен көңілің қалады. Бұл жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін.

 – Көп нәрсенің ішіне не кіреді?

– Бұл ненің белгісі? Ортақ бір тәртіптің жоқтығын көрсетеді. Тәртіп жоқ жерде қолында билігі бар адам ойына келгенін істеуі мүмкін. Жала ма, жоқ, расында кінәлі ме – білмеймін. Тұңғышбай ағаны өмірде көрген емеспін. Бірақ актер ретінде үлгі тұтамын, құрметтеймін. Өзгенің өміріне араласып, бірдеңе деуге қорқамын.

– Түсінікті. Өмірде кімді үлгі тұтасыз? Сүйікті фильміңіз қандай?

– Бос уақытымда киноға, театрға барып тұруға тырысамын. Қазақстандық әртістерден Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжановтар кез-келген рөлді алып шыға алатын шеберлігімен тәнті етеді. Одан бөлек, Ресейдің халық әртісі Сергей Безруков ерекше ұнайды. Кезіндегі әйгілі «Бригада» фильмін (2002 жылы) жыл сайын қайталап көремін. «Бригада» фильмі алғаш шыққан кезде бала едік. Бандиттік сахналары, атыс-шабысы көбірек ұнаса, қазір мүлдем басқа қырынан түсінемін. Болашақта әртіспен кездескім де келеді.

– Сүлейменнің сиқырлы жүзігі қолыңызға түссе не істер едіңіз?

– Соғысты тоқтатар едім. Жер бетіндегі тыныштықты сұрайтын едім. Жетімдер жыламаса екен.

– Ң әрпін неге айта алмайсыз?

– Иә, мұндай кемшілігім бар. Қазір талайларды жөнге салған Гүлнар Қаратайқызынан сахна тілі бойынша сабақ алып жүрмін. Сын өсуіме, дамуыма көмектеседі. Сынды жақсы қабылдаймын, нәтиже шығаруға тырысамын. Бәлкім, біреулер менің кәсіби білімім жоқтығын сөгетін болар, болашақта қабілет-қарымымды барынша көрсеткім келеді. Мен үшін бұл қорқынышты емес.

– Тәуекел мырза, бұл сұрақты қойғаным орынсыз бола ма деп ыңғайсызданып отырмын…

– Қойып көріңіз.

– Қылмыс әлемінің сөзімен айтқанда «вор в законе» етіп тағайындалған, 90-жылдары криминалдық «авторитет» болып танылған Сабыр Мүсілім сіздің әкеңіз екені рас па?

[caption id="attachment_64856" align="alignleft" width="339"]Сабыр Мүсілімұлы, Қылмыс, ОПГ, Братва, Шымкент, Криминал Сабыр Мүсілімұлы[/caption]

– Иә, әкем батыр адам еді… Ол кісімен кездескен сайын ұлттық намыс туралы айтатын. Кейде өзге ұлттың өкілдері қазақ қыздарымен көңілдес болып, қоғамдық орындарда даяшыларды басынып, дауыс көтеріп жатқанын көресің. Біздің әкелеріміздің кезінде мұндай тәртіпсіздік болмайтын еді. Неге өз елімізде өзіміз өгей бала болып, көше сыпырып, қара жұмыс істейміз? Неге өзге ұлт келіп ойына келгенін жасайды? Қонақ әрқашан өз орнын білуі керек. Қазақ жері аспаннан түскен жоқ. Қазақтың қанымен, жанымен келген жер. Қазақтың жанын ешкім түсінбейді. АҚШ-та бір ай болғанымда туған елімді сағындым. Шер тарқатысатын туған бауырың, туған жерің керек екенін түсіндім. Қазір батырсымақ жігіттер көп. Оларға «қазақты ұрып жық» деп ақша берсең, ұрудан тайынбайды. Әкем мен достары билікке қарсы шыққан жоқ, биліктің кей көзқарасына келіспеді. Олар елді тонамады, елге қамқоршы болғысы келді. Мұндай азаматтар әр заманда керек. Ұлтаралық тәртіпті ұстап тұрған сол кісілер еді.

– Әкеңіз қандай жан еді?

– Тәуекел деген атымды әкем қойған. Тағдырдың жазуымен әке мен шешем кішкентай кезімде ажырасып кетті. Әке тәрбиесін көрмей өскендіктен, ол кісі туралы мардымды ештеңе айта алмаймын. Анам біздің араласуымызға қарсы болған жоқ. Әлі күнге дейін енесінің алдын кесіп өтпей, сәлемін салады. Тоғызыншы сыныпта әкеммен үш айдай бірге жүрдім.  Әкем спортқа жақын еді. Поэзияны, өнерді сүйетін. Кез келген отырысты жандырып жіберетін. Маған үнемі «оқы, келер заман – білімділердің уақыты» дейтін. Расында, қазір – білектің емес, білімнің заманы. Ол кісіге ұқсаймын деп айта алмаймын. Кейде өз ойымды жасырып, үндемей қалатын жасықтау мінезім бар. Әкемнің қолында өскен болсам, мінезім басқаша болар ма еді. Бірақ ішімде бір қайсарлық бар екенін сеземін. Әкемнің көзін көрген жұрт «бұл –Сабырдың ұлы ғой, тектінің көзі» деп жатады. Әке атына лайық болсам деймін.

– Әңгімеңізге рақмет! Іске сәт!

Мақала авторы – Ая Өміртай