«Біздің депутаттар әлі төбелесетін болады» — Әзімбай Ғали

Бөлісу:

Мұхтар Шаханов, Дос Көшімдер Парламенттен орын алып, ұлттық мәселелерді қаузағанда, космополит Үкіметтің тізесі дірілдейтін болады.

Құзірет берілген соң кім күшеймейді дейсіз? Бәріне де жан бітеді. Тіпті, депутаттар министрді Парламентке шақырып алып, ел алдында шаңын қағады. Оны көріп отырған халық әлгі министрге жаны ашитын жағдайға да жетеді, деді саясаттанушы Әзімбай Ғали 365info.kz медиа-порталына берген сұхбатында.

Саяси реформа болмай, Қазақстанға инвестор келмейді

— Қазір саяси реформаны қолға алуға ең қолайлы кезең. Халық көшеге шығып кеткен жоқ, әлеуметтік шиеленіс ушықпады. Элитаның ішінде де өзара қатты қырқысу байқалмайды. Демек, уақыт ресурсы, әкімшілік ресурс, қаржы ресурсы бар. Осы сәтті пайдаланып қалу қажет. Мұны Елбасының өзі де жақсы түсініп, суперпрезиденттік жүйеге реформа жасауға өз еркімен рұқсат беріп отыр. Сондықтан оны сәтті жүзеге асыруға толықтай мүмкіндік бар деп ойлаймын.

Бұл арадағы өзгеріске саясат емес, құқықтық алғышарттарды талап ететін экономикалық ахуал себеп деп білемін. Иә, саяси құқықтық реформаны жүргізбесе, Қазақстанға жаңа инвестор келмейді. Өйткені билік транзиті қалай жүзеге асырылады, мұнда саяси-экономикалық тұрақтылық сақталады ма, оған кепілдік бар ма? Мұның барлығы қазір беймәлім болып тұр.

Содан кейін де экономикаға ақша құюы тиіс деген инвесторлар қазір Қазақстаннан тартыншақтап, үркіп қалуда. Инвесторлар ақымақ емес. Оларға есеп беріп жатқан сарапшылар бар. Мысалы, ақша салғысы келетін елдің билігі сыбайлас жемқорлықпен қалай күреседі? Билік тармақтарының тепе-теңдігі бар ма? Депутаттардың құзыреті қандай? Олар өз ойын айта ала ма? Төртінші билік — баспасөздің рөлі қандай? Осының бәрі талданып, есептеледі. Ол белгілі жағдай.

Ал инвесторларды шақыру үшін, капиталдардың елден қашпасы үшін іс жүзінде құзіреті тең үш тараптық билік болуы керек. Олар бір-бірінің тепе-теңдігін сақтап қана емес, сол үшін күресетіндей болуы тиіс. Мәселен, АҚШ билігіне келген Трамп мінезі шәлкестеу жігіт. Бірақ АҚШ-та билік тармақтарын тепе-теңдікте ұстап отыратын демократиялық-либеральдық саяси институттар бар. Керек болса, олар президентті де орнына қойып қояды. Қалай дегенмен де инвесторды жіберетін Вашингтон екенін ұмтыпалық. Ал олар өтірікке жол бермейді. Таза ойынды талап етеді. Сондықтан, бұл саяси реформаның алдыңғыларының күйін кешеді деп айту қате деп ойлаймын.

Парламентте Мұхтар Шаханов жоқ, Дос Көшім жоқ…

— Қазақстанның тұрғылықты ұлты — қазақтың ең басты наразылығы ұлттық үрдіске байланысты. Қазақты қазақ тілінің жағдайы қатты толғандырады. Алдымен экономика содан соң саясат дедік, сөйтіп тіл мен діл мәселесі қалтарыста қалып қойды. Иә, қазаққа қарынының ашқаны емес, тілінің, қадірінің кеткені қатты алаңдатады. Құзірет берілген соң, оны іс жүзінде сынау керек қой. Сол кезде саясаттағы температураны көтеру керек болады. Меніңше, мұндайда ұлттық тақырыпқа басымдық берген дұрыс деп ойлаймын.

Алайда Парламентте ұлт мәселесін көтеретін Мұхтар Шаханов ағамыз жоқ, Дос Көшімнің де қарасы көрінбейді. Елбасы үндеуінде де ұлттық мәселе айтылмады. Бұл дұрыс емес, әрине.

Мұндай олқылықты жою үшін мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізу керек деп есептеймін.

Шаханов пен Көшімдерді сонда жіберейік. Әрине, бізде ұлт мәселесін қозғайтын жігіттер көп қой, бірақ оның бәрін бірдей ұсына алмаймыз. Осы да жетіп қалады. Олар тіл туралы заңды қайта қарауға қол жеткізсе үлкен жетістік болар еді.

Талай саясаткер бетпердесін шешетін болады

— Егер Парламент сайлауы қайта өтсе онда тіпті құлшынған жігіттердің саны көбейеді. Менің бір байқағаным, қолынан іс келетін, жалпы жағдайды түсінетін біздегі истеблшменттің сапасы мықты. Үкімет пен Парламенттің пререгативалары өссе, онда жаңа дәстүр пайда болады. Саясатта жылымық пайда болған соң бұрын көрінбей, аласарып жүрген жігіттер бойын тіктеп, қатты-қатты сөйлей бастайды. Олар өз қолымен саясат жасағысы келетін болады. Халықтың ішінен де сондай адамдар жұлынып шығады.

Саяси бәсеке күшейіп, саяси карьера бақталастығы артады. Ондайда саясаткерлер „мынау Нұр Отанның өкілі„ немесе басқа ықпалды топтан деп бір-бірінің бетіне қарап жатпайды. Кемшілігі бар ма, аяғын шалт басты ма, бітті, бір-бірін жолдан қағып тастап отырады.

Жалпы, либеральдық-демократиялық жүйенің бір қиындығы нешетүрлі сұмдықты көресің. Адамдар қатыгезденіп, бір-бірін аямайды, жала да жабады, шамасы келсе қол да жұмсайды.

Сондықтан енді саяси сахнадан төбелестерді де тамашалап қалуымыз мүмкін. Саяси өмірдің қызған сәтін бастан өткерген соң, ондайға да үйреніп кетеміз.

Негізінен, билікке құзірет берілген қауіпті нәрсе. Қолына құзірет тигеннен кейін бәрі түрленіп шыға келеді. Оны пайдаланбау мүмкін емес. Саясат сахнасындағы талай адам бетпердесін шешеді. Осы арасы әрине, қорқынышты…

Кәмшат Сатиева

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 9 пікір жазылған

  1. Сабира 8 Ақпан, 2017 15:56 Жауап

    Реформаға қатысты біраз сараптамалық мақалаларды оқыдым. Қазір ойым түйінделді. Саяси реформаның қазір өткені дұрыс деп білемін. Елдегі жағдай түзеледі деп сенемін.

  2. Мухтар 8 Ақпан, 2017 16:00 Жауап

    Елде саяси реформа өтетін болса, онда коррупцияның етегі тыйылатын шығар. Өйткені екі жақтан – Үкімет пен Парламент тарапынан қадағалау болады.

    • Нұрлан 9 Ақпан, 2017 00:25 Жауап

      Жа коррупционерлер соны күтіп отыр еді. Егерде адамдардың ұяттары, арлары, Раббына деген қорқыныштары болмаса ол «Залымды» жеңу мүмкін емес. Адамдар қорқу керек біреудің ақысын жеу ол үлкен қасрет екеніне.

  3. Алаш 8 Ақпан, 2017 16:03 Жауап

    ПАРЛАМЕНТЕ БІР МАНДАТТЫ АЙМАҚТАН САЙЛАНҒАН ДЕПУТАТТАР ПАРЛАМЕНТКЕ КЕЛМЕЙ БӘСЕКЕ БОЛМАЙДЫ.БӘСЕКЕ БАР ЖЕРДЕ ДАМУ БАР.

  4. Медет 8 Ақпан, 2017 16:09 Жауап

    АҚШ-тағы секілді бізде де демократиялық-либеральдық саяси институт болса ғой. Міне сонда біздің экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыда гүлденіп кетер еді.

  5. бек 8 Ақпан, 2017 22:21 Жауап

    Тізесі дірілдемеиді космоплиттердің Өиткені олардың сеніпотрғандары бар Оларды ол жерге отрғызып қоиғандар тұрғанда Ол ұлт мүддесі қызықтрмаитын Манкуртердің отрғандары Біеу үшін керек Ол біеу отрғанда Манкурттардыңда жол болабереді Олардың негізі Сонау Кремльде жатыр

  6. жан 11 Ақпан, 2017 19:57 Жауап

    осы біреу бет жоқ бір нәрселерді лағып далбасалай беретін
    кәзіргінің мырқынбай, судыр Ахметтері :kulki: ,

Пікір немесе жауап жазу

бір × үш =