ЕЛБАСЫ ӨЗ ХАЛҚЫН КӨШ БАСЫНА ШЫҒАРУҒА ҰМТЫЛАДЫ

Тәуелсіздіктің туы көтерілгеніне ширек ғасыр. Алғашқы жылдар күнкөріс қамы үшін күреспен өтті. Жауапкершілікті Елбасы өз мойнына алды. Мемлекет құрудың мыңдаған проблемаларымен бетпе-бет келдік. Бұл біздің жайбасар жұртымыз үшін оңайға түскен жоқ. Біреу тойып секірді, біреу тоңып секірді. Алтын Орда кезінде «Ноғай болу оңай боп па?», – деп кезінде бабаларымыз айтқан екен. Әлі есімде, тәуелсіздік жарияланған соң бас аяғы бірер айда өзімізді ертегідегі ғажап тұрмыстың есігін аша салатындай сезіндік. Халықтың рухы жоғары, күш-қайраты тасып тұрған. «Бұрынғыдай Мәскеуге тәуелді емеспіз, тапқан-таянғанымыз өзімізде қалатын болды», – деп еңсемізді көтердік. Сөйтсек, бұл оңай шаруа емес екен. Бізді аласапыран заманның алақұйын толқындары алды да кетті. Мемлекет деген алып машина. Жүргізуші – Президент. Оның миллиондаған тетігі бар. Бірде тежеуішті қосып бәсеңдетуге, бірде газды басып екпіндетуге тура келді. Ол заманның ағымын алдын ала болжап, жоспар жасады. Жоба өз нәтижесін берді. Аға буын мұны жақсы біледі. Тәуелсіздік тарихы жазылып жатыр. Бірінші жаңғыру – жаңа мемлекеттің пайда болуы, екінші жаңғыру – «2030» стратегиясы мен Астананың салынуы. Енді үшінші жаңғыруды бастан кешіргелі отырмыз. Бұл – үздіксіз өзгерістер заманы. Бабаларымыздың өмір сүрген дәуіріндегі уақыт жылдамдығын шамамен шапқан аттай деп бағалайтын болсақ, біздің өмір сүріп отырған кезіміздегі уақыт жылдамдығы атқан оқтай болып тұр. Бізге оқтың жылдамдығынан да озуға тура келетін шығар... Шынымды айтсам, айналамда айқай басым. «Алға, Қазақстан!» демекші. Әрине, айқайшы керек. «Бірақ, қорқыт дегенге осынша қорқытамыз ба?». Осы бүкілқазақтық ұраннан нәтиже шығарудың мыңдаған нәзік нүктелері бар екенін естен шығарып аламыз. Бір жағынан ақаулы тамырды тап басу да оңай емес. Елбасы айтты. Болды. Бірақ осы міндеттерді орындаудың тетігін кім іздестіреді? Жергілікті билік жоғарыдан нұсқау алып үйренген. Ауыл ауданға, аудан – облысқа, облыс Үкіметке, Үкіметтің Елбасыға қарап аузын ашып отыра беруі дағдыға айналғалы қашан. Жергілікті жердегі проблемаларды шешу мен Астанадан шыққан айқайды қалай үйлестіреміз? Шынын айтқанда, қара­пайым халықта шаршау бар. Немкеттілік бар. Құнтсыздық бар. Биліктің мақсатын түсінбеушілік бар. Жеке басындағы мәселелер шешілмеген адамдарда жаппай іштей наразылық бар. Сонымен қатар, болып жатқан оң өзгерістерді бағаламаушылық та бар. Әлі күнге дейін Қазақстанда мыңдаған өндіріс орындары ашылып жатқанына сенбейтін адамдар да көптеп кездеседі арамызда. «Ашылып жатқан өндіріс орындарының бәрі істемейді екен. Бәрі жалған екен...». Мұның себебі, Жолдаулардағы міндеттердің жергілікті жерлерде орындалу сапасыздығынан болып отыр. Сапасыздық – жоғарыға қағаз қуып үйренген төменгі буын шенеуніктердің іс-әрекеті. Елбасы, сондықтан, өз билігіндегі өкілеттіктерді бөлуді ұйғарды. Бұл орасан зор, ауқымды мәселелелерді шешуді оңтайландыру ниетінен туды. Әйтпесе, Үкімет, Парламент – бәрі «Президент не дейді екен?» деп алаңдаулы. Олар осыған үйренген. Өзгеру керек! Ең алдымен жауапкершілік алып үйрену керек. Дұрыс. Екі қолымды көтеріп қосыламын. Парламенттің белсенділігін ояту да кезек күттірмей жүрген мәселенің бірі еді. Ол да орындалатын болыпты. Енді Үкімет Елбасының есігін қақпай, қиын түйінді өзі шешеді. Парламент өз тарапынан Үкіметпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеп, мойнына батпан жүкті жауакершілік алады. Бірақ, неден бастау керек? Ол үшін Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы дүниеге келді. Әлемде төртінші өнеркәсіптік революциялық кезең басталыпты. Осыған орай Елбасы бізге Қазақстанның үшінші жаңғыруын міндет етіп қойып отыр. Бұл – «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым емес», бұл – жаһандану заманына қарай ауыздықпен алысып, жүйіткіп бара жатқан уақыт деген тұлпардың, өзгерістері секундтпен саналатын заманның талабы екен. Бұл – «Жаһандық бәсекеге қабілетті болу керек» деген қағида. Қарап тұрсаңыз, бүкіл әлемде, жан-жағымызда бәсекеге толы тіршілік. Бәсекелестік өмірдің барлық саласында бар. Отбасында, ағайын арасында, өлке, аймақтар, мемлекеттер арасында. Бұл жерде айырмашылық тек ауқымда болып отыр. Бәсекеге қабілетті болу керек дегенге біраз жылдан бері құлағымыз үйреніп, жастар білек сыбанып кірісіп те кетті. Алайда, бәсекеге қабілетті болу үшін балабақшадан бастап ағылшын тілін үйренетіндігіміз мені алаңдата береді. Өз басым бала ана тілін 12 жасқа дейін толық меңгеруде өзге тілдерді араластырмау керек дегендердің сапындамын. «Екеуміз аз болғандай, ақ бас келіп жармасты» демекші орыс тілінің үстіне ағылшын тілі келіп жамалды. Бесіктен бастап салық төлеушілердің ақшасын жұмсап, ағылшынша үйренсек, келешекте ұлттық болмысымыз қалай болар екен? Біріміз ағылшынша ойласақ, біріміз орысша ойласақ, әрине, қарынымыз тоқ болуы мүмкін. Бірақ ұлттық мінезіміз бұзылғалы тұр. Осыған жаным ауырады. Қазақстанның жаңа техноло­гиялық келбетін көзге елестетіп көрелікші. Алдымен цифрлық Қазақстан. Бүкілқазақстандық тіршілікті ақпараттық бір қауызға сыйғызу мақсаты тұр алдымызда. «Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын», – делінген Жолдауда. Кезінде «Телекоммуникация цифрлық болады екен» деген алып-қашпа сөздерді құлағымыз шалған. Енді осы ертегі еліміздегі тіршіліктің барлық саласына енгелі тұр. Коммуникацияның бұл деңгейіне жету үшін оптикалық-талшықты инфроқұрылым қолжетімді болуы керек. Бұл мүлде жаңа жағдай. Елбасы ІТ саласын енгізіп, оны тізгіндеп бақылау және назарынан тыс қалдырмау керектігін міндеттеп, ол үшін Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырды. Бұл – нағыз инновация. Оны енгізу, өндіріске қолдану бәсекелестікке шыдас беру шарты болып табылады. Ол өз кезегінде әлемнің әр түкпірінен инвестор тартудың алаңы болады екен. Осы арқылы алдымен заңнамалық өгерістер енгізе отырып, жаңа инфроқұрылым қалыптастырып барып іске кірісеміз. Бұл салықтық жеңілдіктер арқылы жүзеге асырылып, қолайлы жағдай туғызғанда ғана орындалады. Сонда барып отандық ғылым негізіндегі инновациялық әлеует қалыптасады. Қарап отырсақ, толып жатқан салалар бір-бірімен үйлесе отырып, жымдасқанда барып жүзеге асырылатын шаруа. «Үшінші жаңғыру – ол біздің Төртінші Индустрияландырудан қалып қоймауымыздың мүмкіндігі» деген ойлар айтылып жатыр. Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева: «Ақпаратттық технологиялар әлемді басқарып отыр, сондықтан, бізде ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамытуға күш салуымыз керек. Жалпы алғанда, Қазақстанның IT саласына бес мыңнан аса жоғары білімді маман қажет», – деді. Бес мың маман шұғыл арада дайындалуы керек. Бұл бір аса қат шаруаға қажеттілік болып отыр. Яғни, жастар әлемдік озық стандарттарға қызыға отырып, құлшыныс таныта отырып бейімделеді. Маман дайындау – Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін практикалық тұрғыда жүзеге асырудың алғашқы баспалдағы. Бізге жаңа еуразиялық логистік инфроқұрылымды дамыту қажет. Бұл дегеніңіз, Шығыс пен Батыстың арасындағы Қазақстанның транзиттік мүмкіндігі. Біз Еуропа мен Қытайдың арасын жалғап жатқан алтын көпірміз. Алтын дейтін себебім, бұл байланысқа қарап, бюджеттің кіріс бөлігі алақанын ысқылап отыр. Қазақша айтқанда, ақшамыз көбейеді. Жолдауда «Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет» – делінген. Жібек жолының қызығын қазақтар көне түркі қағанаттары кезінде көрген. Ол кезде өзінің заманына сай алдыңғы қатарлы ел болғанбыз. Бүгін бір жағадан бас шығарып, Елбасының айналасында айрандай ұйып отыруымыздың өзі мыңдаған жылдық мемлекеттік дәстүрдің қанымызда сақталып қалғандығының жемісі дер едім. Жалпы, мемелекет меншігіндегі компаниялар жеке қолдағы компаниялармен бәйгеге түсе алмайтындығы аян. Нақтырақ айтқанда, мемлекет меншігіндегі компаниялар кәсіпкерліктің дамуына бөгет, бәскелестік орта қалыптастыра алмайды. Сондықтан, Қазақстанда экономиканы мемлекет иелiгiнен шығару немесе жекешелендiру «Yellow Pages» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Қазақша айтқанда, бизнестің даңғыл жолын салу үшін мемлекет өз меншігіндегі компанияларды жеке қолға өткізеді. Бұл – алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі. Жаңадан белесебет ойлап табудың қажеті жоқ. Бұған жеке компаниялар ғана емес экономиканың тұтас бір салалары өтіп кетеді деген қорытындыға келіп отырмыз. Бұдан нарық қазаны қайнай түсетіні даусыз. Тек оған дер кезінде отын салып, еркі өзінде болатын қазаншыларды қалыптастыру қажет. Мемлекеттік иеліктен шығаруға жатпайтын тізімдегі активтерден басқасының бәрі кәсіпкерлердің қолына өтіп, бизнес орта қалыптасады. «Yellow Pages» қағидаттары дегеніміз осы. Біз қазір өзімізді «Аттан түсіп, қолға кетпен алып, егін егуді меңгерген ел» қатарына қосып келеміз. Астығымыз бар. Көктен берсе, жерден өнеді. Бірақ көктен бермесе, құрғақшылыққа қарсы бізде қаракет жоқ! Жұт жеті ағайынды болып, жылдарға жалғасып кетсе не істейміз? Астықты неге терең өңдемейміз? Технология деген осы арада керек. Жолдауда «Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», – делінген. Бұл салада Ауыл шаруашылығы министрлігі, көптеген жоғары оқу орындары, ғалымдар базасы бар. Осыны өндіріспен байланыстыру керек деп жатырмыз. Алайда, «Жеке шапқан ат жүйрік» болып тұр. Бірігіп жұмыс істеу, өндіріспен байланыста болу кезек күттірмейтін мәселе екенін білеміз. Бірақ... осы бірақтың артында біраз сауалдар баршылық. Қазір шаруа қожалықтарында бірді-екілі қол жеткен табыстар жеке адамдардың белсенділігінің арқасы. Елбасы оңтүстік өңірлерге «Бидай себуді қойып, мал азығын дайындап, астықтан гөрі пайдасы 5 есе жоғары ет өндірумен айналысыңдар» дегелі қашан? Бұл сөз «оң құлағымыздан кіріп, сол құлағымыздан шығып кетпесе де» аса сылбырлық танытып отырмыз. Мұның бәрі өңір басшыларының шаруа қожалықтарымен тікелей жұмыс істемей отырғандығын көрсетеді. Жолдау тілімен айтқанда: «500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді коперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек». Осы арадан тоқтайық. Мәселен, мен жиырма жылдан аса уақыт бұрын шағын шаруа қожалығын аштым. Өз күнімді өзім көріп келемін. Там-тұмдап салық та төлеп қоямын. Қысқасы, бұл қожалық байып кетпесе де менің отбасымның күн көрісіне жетеді. Мен сияқтылар кооперативке біріге қояр ма екен? Елбасы мені кооперативке тартуға жағдай жасаңдар деп отыр. Ол қандай жағдай? Мені жылы орнымнан қозғап, нәсібімді кооператив басшысының қолына беруге қандай күш итермелей алады? «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кері келіп жүрмей ме? Әрине, ірі кооператив банкілерден қаржы ала алады. Өндіріске жаңа технология енгізе алады. Бірақ кезінде таратып жіберген шаруалардың басын қалай біріктіруге болады? Менің шамалап болжауымша: «Жерім, малым кооперативке өтті. Қазақша айтқанда, колхозға қайта кірдім. Кооператив жерімді жыртты, көпжылдық шөп екті, мал азығының қорын жасады. Мал бордақылап, ет пен сүтті терең өңдеп, шет елге сатты. Содан түскен таза пайдадан маған үлесімді әкеп берді. Менің жеке шаруа болып жүргендегі табысымнан 3-5 есе артық пайда таптым. Маған бұл жағдайда неге келіспеске? Осындай әділетті кооператив құрылып, өндіру, өңдеу, сатудан түскен пайда жолда жоғалып кетпей, осы кооперативті құрған адамдарға қайта айналып келсе, ойланарлық нәрсе. «Жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет; Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын». Ал, Елбасы міндет қойды. Бағыт айқын. Қалғаны Үкімет пен Парламенттің, Министрліктің шаруасы. Қазақ тілін өзінің ана тілі деп мойындамайтын шенеуніктер ауыл шаруашылығына жоғары технология енгізу үшін мал өсірудегі ата-баба кәсібінен хабардар ма? Бізде, қазақта ет өндірудің мыңдаған жылдық тәжірибесі бар. Соны неге бүгінгі заман талабымен ұштастырмаймыз? Ет өндіруде Еуропаның озық үлгісіне ұмтылғанымыз дұрыс шығар. Бірақ қазақи дәстүр де бар емес пе? Біздің қазақ Кеңес дәуіріне дейін айранын ұрттап, қойын құрттап, қазіргі заманның тілімен айтқанда кәсіпкерлікпен күн көрген халық. Ауыл шаруашылығы министрлігі шет елде укол салып семіртілген малға көзін сатқанша неге тарихқа жүгінбейді? Малды баптап, ет өндіруде қазақтан асатын әлемде қай халық бар? Егер ет өндірсек, оны экспортқа шығарсақ бізді мұнайлы өлке деп емес малды өлке деп атайтын болады. Яғни ХХІ ғасырдың малшыларын үкімет тәрбиелеуі керек. Дәстүр бар – шығынсыз, ысырапсыз мал өсіру дәстүрі. Керегі – қазақстандық өнім шығару. Қол созым жерде тұр. Миллиондаған адамның жағдайын жақсартуға болады. Ол үшін ұлттық тамырға үңілу керек. Ордада орысша былдырлағандар қазақтың жағдайын қаншалықты деңгейде түсіне алады? Әлі есімде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіпкерлер өзін халық жауындай сезінгендей кездері де болды. Оған бәріміз алакөздене қарадық. Ол дәуір де өтті. Қазір кәсіпкердің жүзі жарқын. Бірақ, бүгінде бір күн жұмыс істемесең, сол күні аш жататын заман біздің де есігімізді қақты. Мұны кім, қалай сезініп отыр? Мәселе осында! «Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жаппай кәсіпкерлікті қолдау, құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқарту, бизнес жүргізуді жеңілдету, дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу» – осының бәрі Жолдаудан алынған сөздер. Бұдан артық қалай түсіндіруге болады? Егер кәсіпкерлік жаппай етек алса, ол миллиондардың нәсібі емес пе? Тауар өндірудің түрлі салалары салтанат құрмады. Не кедергі? Елбасы әр кәсіпкерді қолынан жетектеп жүру керек пе? Мемлекеттік машина осы кезде жұмыс істеуі керек. Кез-келген жергілікті шенеунік кәсіпкердің қалтасын қалай қағамын демей, оған қалай көмектесемін?», – деген шешімге келсе ғой, шіркін! Бұл үшін патриот болу керек шығар?.. Бұл жерде мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы өте маңызды роль атқаратыны белгілі. Біздікі оларға басым өкілеттілік берілгендігімен қатар еңбекақысы да қайта қаралса деген ой. «Бірқатар мемлекеттік қыз­меттер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр. Мемлекет-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс». Бұл да Жолдаудан алынған сөз. Қазақтың жалпақ тілімен түсінікті айтылған сөз. «Сөз түзелді, тыңдаушы да түзелсе...» Әлеуметтік мәселе. Бұл ат төбеліндей олигархтардың емес, аттың түгіндей мыңдардың мәселесі. Елбасы бұл мәселеге мемлекеттік қызмет көрсетудің бір пұшпағын бизнеске беруге шешім қабылдады. Мемлекеттік қызмет пен бизнес қызметі. Әрине бизнес белең алады. Алғанда да олар өз ісінде мемлекеттік шенеуніктерден анағұрлым қабілетті. Бұған да қос қолды көтеріп қосыламын. Қазір балабақшалар мем­лекеттік-жекеменшік кәсіп­керліктің негізінде жұмыс істеп отыр. Мемлекет те бір бәйгеге түсетін жүйрік секілді. Таң асып, әбден суып, қаншырдай қатқан тұлпардың шабысы екпінді болады. Себебі, оның бойында қылаудай арам ет жоқ. Сонда ғана ол әлемдік бәйгеде топ жарады. Бар мәселе тұлпардың бабында. Кәсіпкер – жеке тұлға, жеке мүдде. Ал кәсіпкерлік жалпы алғанда жұмылған жұдырық, үлкен күш ретінде ұлттың бір бөлшегі. Ол ұлтқа қызмет етеді. Мемлекеттің оларды ұйымдастыруға кеткен күш-қуаты мен қаржысы ақталады. Себебі, мемлекет мүддесі – халыққа қызмет. Елбасы осылайша өсімнің жаңа моделін құруды талап етіп отыр. «Адамдар мен қоғам сана-сезімінің трансформациясынсыз Үшінші жаңғыруды жүргізу қиынға түседі. Президенттің Жолдауы барлық осы реформаларды қамтыды. Олар бізге қажет. Бастамаларды жүзеге асыру жоспарлары біртұтас болғаны маңызды. Шын мәнінде Үшінші жаңғыру – ол негізгі институттардың жаңғыруын ескеріп отыр. Сондықтан да, Қоғам талқылау мен іске асыру шараларынан тыс қалмауы керек»,– дейді сарапшы Мұрат Әбенов. Бір қарағанда, әдемі айтылған сөз. Адамдар дегенде олардың қай тобы? Қоғамда озық ойлы белсенділер және ертеңгі күніне алаңдаулы, айдан айға зорға күн көріп жүрген халықтың қалың бұқарсы бар. Сонымен қатар салтанат құрып отырған мемлекеттік билік өкілдері бар. Жолдауды өз бетімен оқыған адамдар бар арамызда. Қалғаны мемлекеттік насихаттың шарасы. Бұл жерде менің айтайын дегенім, халықтың қалың бұқарасын белсенділердің қатарына қоса алмаймыз. Белсенді азаматтарға Құдайдың берген қасиеті – бұқараның материалдық игілігін жақсарту. Жолдау осы мәселені шешуге үндеп отыр. Салық төлуешілердің ақшасы қордаланған жердің бас мамандарының  бүкіл ақыл-ойы қарапайым адамдардың жағдайын түзеуге жұмсалғанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болатын шығар. Осы үшін Елбасы Қазақстанның ұлттық технологиясын құруды ұсынып отыр. Ол үшін кәсіпкерлікке жан бітіру керек. Жан дегенде Үшінші жаңғыру талабындағы жан бітіру. Қазіргі буын цифрлық Қазақстанның, Төртінші, экономикалық революциясының жауынгерлері болуы керек. Шығармашылық әлеуетінің интеграциясы. Шығармашылық деген сөз менің жаныма жағып тұр. Мен – ақынмын, журналиспін. Бірақ бұл жерде шығармашылық сөзі маған арналып тұрған жоқ. Алдымен жазушылар туралы Қасым ақынша айтқанда, «Баймұқанша бастап көрелікші». Ақын-жазушы байырғы экономикалық тілмен айтқанда, «қоңыз теріп кетті». Олар қоғамдық-әлеуметтік саланы қалыптастыратын тұлғалар еді. Олар нарық заманына қажеті болмай тұр. «Бермесе де бай жақсының» кері келді. Ақын-жазушылар – қоғамдық сананың трансформациялануының аса қажетті тобы еді. Бізде жазушылық өнер нарығы қалыптаспады. Жазушылар одағы – қолында көк тиыны жоқ қоғамдық ұйым. Үкімет пен одақ жазушылық-шығармашылық саланы нарық жағдайына қалыптастыра алмады. Жазушының жағдайы өте нашар. Обалы кімге? Бұл жерде Кеңестік дәуір технологиясын еске алған адам жоқ. Тауар сатқан, ет-сүт өндірген, мұнай сатқан адамдардың еңбегі бағаланады. Жазушының еңбегінің көк тиын құны жоқ. Мен Мәдениет министрінен жазған шығармаларыма еңбек ақы талап етіп отырғам жоқ. Мен Қазақ­станның азаматы ретінде Үкіметтен жазушылардың шығармалары нарыққа түссе екен деп армандаймын. Сайып келгенде, жазушылық – ол да кәсіп. Үкімет кәсіпкерге жасаған жағдайын неге жазушыға жасамайды. Кімнің кітабы өтеді, оны жазушының талант-қарымы біледі. 17 млн. халқы бар мемлекетте оқырман да бар, оны кәсіпкерлік айналымға түсіретін формаларды іздестіру керек. «Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, екеуін аңдыстарған Құдайым-ай», деп Абай ақын айтқан. Жазушы өтірік айта алмайды, ұлттың сөзін сөйлейді. Мүмкін, ол сол үшін қажеті жоқ шығар мына қоғамға. Кеңес үкіметіндегі ғалымдар қазіргі доктаранттарды оқытады екен, олар докторлық қорғағанда ұстаздарынан анғұрлым білімді болып, мемлекеттік игіліктерді көреді екен. Сонда Кеңес дәуірінен қалған ғылым мына қоғамға не жазды? Қалай дегенмен, Балон конференциясы қазақ ғылымын жасап бере алмайды. Осы қойыртпақты жасап жүргендер кім өзі? Пейжди – білім дәрежесі. Ол әлі ғылым емес! Егер Үкімет ғылым мен өндірісті байланыстыруды ұйымдастыра алмаса, оған ғалымдар кінәлі емес. Кезінде Кеңес ғылымы мұхитқа терең сүңгіді, аспанға биік ұшты. Сол ғылымды қазіргі заманға сай неге пайдаланбасқа? «Іштен шыққан жау жаман» деген осы. Жолдауда бұл мәселелер арнайы көтерілмесе де, Үкімет пен Парламенттің құлағында болса екен деген дәме біздікі. Жалпы, Елбасының соңғы Жолдауы халқымды қайтсем көштің алдына шығарам деген ниеттен туған. Оған көп болып қолғабыс тигізсек, алынбайтын қамал жоқ. Қазақ – аса қабілетті халық. Осы Жолдау жүзеге асқанда, миллиондар дүниеге кірпіш болып, кетігін тауып қаланатынына кәміл сенемін. Нұрлан ӘБДІБЕК, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты qazaquni.kz