«Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» көптомдығы жарық көрді

[caption id="" align="aligncenter" width="645"]null Фото - ҚазАқпарат агенттігі сайтынан алынды[/caption]

Астананың Ұлттық академиялық кітапханасында Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) "Жойылу қаупіндегі түркі тілдері" атты көптомдық еңбектің таныстырылымын өткізді. Салтанатты шараға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым басшылары, Қазақстандағы дипломатиялық корпус жетекшілері, дипломаттар, Қазақстан және шет елдерден келген белгілі түркітанушылар, әдебиетші ғалымдар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл туралы Қазақ Үні хабарлайды.

ЮНЕСКО-ның шешімімен "Халықаралық ана тілі күні" деп жарияланған 12-ші ақпан қарсаңында басылып шыққан бұл еңбек Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен жарық көрді.

«Бұл жойылып бара жатқан тілдерді сақтау үшін жасалған өте үлкен еңбек деп есептейміз. Сол арқылы біз тек қана қазақ тілінің, түрік тілінің ғана емес шор, сары ұйғыр, алтай немесе Кавзказдағы, Сібірдегі, Ирандағы, Қытайдағы, жалпы жер жүзінде тарыдай шашырап жүрген азғантай топ өкілдерінің тілдерін қамқорлыққа алып отырмыз. Сондықтан бұл еңбек кезіндегі Қашқаридің еңбегінен кейінгі үлкен жұмыс деп есептеймін. Өйткені, бұлардың барлығы сандыққа салынды, қорғауға алынды, хатқа түсті», - деді кітаптың таныстырылымында сөз алған Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» респбуликалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Аталмыш еңбек - ЮНЕСКО-ның арнайы бағдарламасы аясында Академияның жойылу қаупі төнген түркі тілдерін зерттеп, мәдени мұраны насихаттау, қорғау мақсатында жүргізген ауқымды ғылыми жобасының нәтижесі. Түркиялық профессор Суер Екердің ғылыми жетекшілігімен іске асқан жобаға әлемнің 26 елінен енген 130 ғалымның зерттеуі топтастырылған. Кітапқа енген мақалалар ағылшын, түрік, орыс, қазақ, өзбек және т.б. тілдерінде жазылған.

Сондай-ақ, шара барысында Түркі академиясы Моңғолиядағы көне түркілердің "Шивээт улаан" ғұрыптық кешенінде жүргізілген "Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпенділерінің тарихи-мәдени қазыналары" атты ІІ халықаралық экспедициясының ғылыми жаңалықтары мен қорытынды нәтижелерін ұсынып, Арал теңізіне арналған "Арал теңізі: өткені, бүгіні жәнекелешегі" атты деректі фильмінің таныстырылымын өткізді.

Қазақ Үні