Назарбаев кімге орнын береді? Олжас Сүлейменов «мұрагердің» атын айтып қойды

Олжас Сүлейменов express-k.kz басылымына сұхбат беріпті. Біраз дүниенің басын шалған екен. Аталмыш сұхбаттың қызықты деген тұстарын 365info.kz порталы іріктеп, оқырман назарына ұсыныпты. 

Тәуелсіздік туралы

Ширек ғасыр бойы біз бір кездері тек естігеніміз бен оқығанымыз болмаса, өзімізге түсініксіз – «тәуелсіздік», «капитализм», «демократия» атты ұғымдарды игерумен, оларды танумен келдік. Анығында, біз осы ұғымдар үшін  күрескен жоқпыз. Олар біздің «төбемізден түсті», аяқастынан, тіпті кездейсоқ келді. Осы 25 жылда біз бұл ұғымдардың бір-бірімен қаншалықты байланысты екенін, бұлардың қандай қарама-қайшылығы барын білдік.

Үндеу туралы

Президент бұл шешімге келмес бұрын оны он рет ой елегінен өткізді. Біздің осы күнге дейін жүрген жолымыз осы реформамен аяқталуы керек еді. Әрине, бұл оңай шешім емес. ХХІ ғасырдың шындығы сол – бұл ғасырда тоталитарлық мемлектеттерге орын жоқ. Олар ұзақ өмір сүрмейді. Бұл жүйе жұртты жарылқамайды… Ендігі мәселе Назарбаев айтқан дүниенің іс жүзінде іске асуында жатыр. Міне, сол кезде «мұрагер» туралы әңгімелер де сап тыйылады.
Егер бұл реформа іс жүзінде нәтижесін берсе, халық Назарбаевтың орнына басқа-басқа емес Парламенттің келетінін түсінеді. Үкімет пен Парламент Мемлекет басшысының «мұрагері» болмақ. Жаңа президент те осы екі органның айтқанына бағынатын, пікіріне құлақ түретін болады.
Әрине, бұған дейін әлі біраз бар. Бірақ, бұл күн бәрібір келеді. Президент ұсынған реформаның мақсаты осы.

Трамп туралы

Трамп Ресейге «ядролық қарудың арсеналын азайтайық, бір-біріміздің пікірімізді тыңдайық» деп отыр. АҚШ-тың НАТО-дағы әскери әрі қаржылық қатысуын азайту қажеттігін де, егер санкциялар Америка экономикасына кесірін тигізсе, одан бас тарту керектігін де айтқан осы Трамп. Күні кеше «өндіріс Американың өз жерінде шоғырлануы тиіс, Оңстүстік Шығыс-Азиядағы өндіріс орындарын елге оралтып, өз азаматтарымызды жұмыспен қамтуға тиіспіз», деді ол.
Анығында, Трамп осының арқасында жеңіске жетті. Оны Америка ғана емес, Ресей де қолдады. Кремль тағы да дүниежүзілік соғыстың болғанын қаламайды.
Егер Трамп сайлауалды бағдарламасында айтқан сөзінде тұрса, ендеше алдағы төрт жылда әлемде тыныштық орнайды деген сөз.

Қазақ әдебиеті туралы (Олжас ағаның осы пікіріне қайран қалдық)

Кітап оқу мәдениеті ақырына жетті ме? Кітаптың тағдыры не болмақ? Маған осы сауалды көп қояды. Мен де жауап беруден жалықпаймын. Ұлы орыс әдебиеті осы бір қиын кезеңнен аман-есен өтеді. Ол өз оқырманын қайтарып алады.

Ал жазба әдебиет ретінде ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қана қалыптасқан жас қазақ әдебиетіне оқырманынан айырылу сонау фольклор дәуіріне қайта оралумен бірдей. Жазбаша әдебиетсіз қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тілге, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мүмкін емес.