Тауық жылы табысты болсын!

2 Уақыт шіркін тоқтаусыз шыр айналып, зымырап өтіп жатыр. Ескі жылдың есігін жауып, тағы бір кезекті жаңа жылдың табалдырығын аттамақпыз. Әрине, Құдайдың жаратқан табиғат заңы бойынша жаңа жыл күн мен түннің теңескен Наурыз айында басталатыны белгілі. Дегенмен, дүниежүзілік көптеген ұлттардан тұратын қауымдастықпен қатар өмір сүрген соң, жыл басын солармен бірге қаңтардан бастауға тура келеді. Ортақ жерде, ортақ уақытта өмір сүре отырып бір мемлекет бірнеше ай алда, екіншісі бірнеше ай артта қалуы тұрмысымызда көптеген қиындықтар тудыратыны түсінікті. Қалай десек те, өзімізге берілген белгілі бір жылдық уақыт аралығынан аман-есен өтіп, екінші белеске бет алғанымызға қуануымыз керек шығар алдымен. Өткенге салауат айтып, ертеңге үміт артып үйренген қазақпыз ғой. Осы орайда мешін жылына өкпе арта алмаймыз. Дүниені жайлаған дағдарысқа қарамастан Қазақ елі қиын-қыстау кезеңнен жұрты аман, жері бүтін шығып, алдағы жылға иек артып отыр. Бұл былтырғы басты табысымыз. Сол табысқа жеткізген Тәуелсіздігімізге де ширек ғасыр толды. Осы бір баға жетпес байлығымыздың 25 жылдығын Қазақстан халқы кеңінен атап өтті. Ол да бір белес, алға жасалған нық қадам. Осы күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, Тәуелсіздік үшін күресіп, тар жол тайғақ кешкен, егеменді ел болуда аңсап, соның құрбаны болып кеткен арыстарымызды ұмытуға қақымыз жоқ. Кеңестік үкімет кезінде қаралап күйе жаққанмен, ол қазақтың тарихы, Алаштың ақиқат жолы. Өткен жылы Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы да халықаралық деңгейде аталып өтті. Жалынды жастарымыздың жаңа ғасырға, жаңа еркін өмірге қадам жасаған Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы да осы жылы болды. Тәуба, Тәуелсіздігіміз тұғырлы да ғұмырлы болсын! Алты Алаш өзіне ұлағатты ұстаз тұтқан Ахмет Байтұрсынұлы «Баспасөз – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» дегені белгілі. Шынында да баспасөз – өмір айнасы, сонымен бірге ертеңгі ұрпаққа жетер тарихы да. Өйткені бүгінгі тұрмыс-тіршілігіміз айна-қатесіз, бұрмалаусыз жазылып, болашақ ұрпақ танып білетін тарихқа айналады. Егеменді ел атанғалы ана тілімізге еркіндік беріліп, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміз, ата-бабадан келе жатқан ежелгі озық салт-дәстүрлеріміз жанданды. Қазақ тілді газет-журналдардың саны анағұрлым артты. Соның бірі өздеріңіз сүйіп оқитын – «Қазақ үні» газеті. Аты айтып тұрғандай басылым ұлтымыздың үні болуға үнемі күш салып келеді. Баспасөз қағидасын қатаң сақтай отырып, ұлттық мүддені ұран етіп, мемлекеттік саясатты қолдаушы басылым ретінде танылды. Әдеттегідей, газет өткен жылы да өзі таңдаған бағытын берік ұстанды. Қандай басылым болсын алдымен өз елінің үні болуға тиісті. Мемлекет жүргізіп отырған сыртқы, ішкі саясатты қалың бұқараға бұрмалаусыз жеткізу басты міндет. Бұл бағытта газет Елбасы мен Үкіметтің саяси қадамдары мен экономиканы дамытуға бағытталған бағдарламалары туралы және оның орындалу барысы жайында тұрақты жариялап келді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында газет бұл бағыттағы жұмысын күшейтіп, еліміздің ширек ғасырда жеткен табыс­тары туралы кеңінен жазды. Қосымша ретінде жарық көрген бірнеше арнайы нөмір оқырмандарымыздың қолына тиді. Сол сияқты заң қабылдаушы басты орган Парламент жұмысы «Пар­ламент тынысы» айдарында үзбей жарияланды. Халық қалаулыларының депутаттық сауалдары көпшіліктің көңілінен шығып, редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз өз ризашылықтарын білдіргенін де айта кетуіміз керек. Қалың оқырмандарымызды әсіресе қоғамдағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай көбірек мазалайтыны түсінікті. Осыған байланысты қала тұрмысы, ауылдық жердегі шаруашылық проблемелары дер кезінде көтеріліп тұрды. Алдында айтқанымыздай, газеттің басты бағыттарының бірі – ұлттық мүдде. Бұл мәселе газеттің әрбір санында алғашқы орында тұрды десек қателеспейміз. Алаш тарихы мен тәуелсіздік жолында құрбан болған арыстарымыз жайында көптеген тың материалдар жарық көрді. Аталмыш жыл бойында, әсіресе ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы қарсаңынан бастап бүгінге дейін Алаш арыстары туралы жүздеген түрлі ғылыми еңбектер мен тың деректер оқырман назарына ұсынылды. Ұлттың басты ерекшелігі – тіл. Ана тіліміздің кең қолданыс таппай жатқаны әрбір ұлтжанды адамды мазалайтыны заңды. Қазақ тілінің кең қолданысына кедергі келтірген қатардағы қызметкерлерден бастап, жоғары лауазымды шенеуніктерге дейін газет сынына ілікті. Осы мәселе бойынша өткір жазылған Қазыбек Исаның көптеген мақалалары қалың оқырманның қолдауын тапты. Ұлттығымызды көрсететін тағы бір бағалы байлығымыз – қазақтың төл әдебиеті, мәдениеті, ата-баба салт-дәстүрі, ғасырлар бойы қалыптасқан озық өнері мен тәлім-тәрбиесі. Қазақтың бетке ұстар ақын-жазушылары мен өнер майталмандары туралы көркем жазылған материалдар талғамы жоғары оқырмандардың көңілінен шығып, оны іздеп оқитынына куә болдық. Құлтөлеу Мұқаш дайындаған бұл бағыттағы материалдарды оқырмандарымыз газетіміздің айқара бетінен адаспай таба алады. Сол сияқты Гүлмира Садық жазған білім, медицина, театр және де басқа салаларға байланысты материалдардың да өз оқырмандары бар екеніне көз жеткіздік. Орыс тіліндегі Дастан Елдес әзірлеген түрлі тақырыпты қозғаған проблемалық мақалалар да үлкен сұранысқа ие. Газет өз жұмысында кең-байтақ еліміздің барлық аймақтарын қамтуға тырысады. Бұл ауқымы кең істі Өмірзақ Ақжігіт, Қажымұқан Ғабдолла, Айтақын Бұлғақ, Азамат Тасқара, Бақыт Смағұл секілді қаламы жүйрік журналистер абыроймен атқарып келеді. Ежелден келе жатқан «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген есті сөз бар. Мінсіз мемлекет, мінсіз қоғам, мінсіз адам болмайды. Қандай жетістіктерге қол жеткізгенімізбен, кейбір кемшіліктердің орын алары сөзсіз. Осындай келеңсіз көріністерді қатаң сынап, оны түзетуге атсалысу баспасөздің бірінші міндеті. Сынның бас­ты мақсаты – біреулерді немесе жекелеген саланы түкке жарағысыз етіп жерлеп тастау емес, сол сыннан қорытынды шығарып кемшіліктерді түзету. Бұл жөнінен біздің газет сырт қалмады. Жер дауына, жол жүру ережесіндегі, кәсіпкерлік, салық пен банк саласындағы қабылданған заңға қатысты бірқатар кемшіліктерге байланысты сын материалдарға орын берілді. Оған тек қана газеттің шығармашылық тобы ғана қалам тербеген жоқ, оқырмандарымыз да өз ойларын білдіріп, пікрілерімен бөлісті. Баспасөз бұқараның құралы, көпшілік оқырманның мінбері болуға тиісті. Сондықтан бұл қағида алдағы уақытта да басты назарда болады. Биылғы жылды қорытын­дылай келе «Қазақ үні» газеті бұрынғы бағытын әлі де берік ұстанатынын айтып, қалың оқырмандарын келе жатқан жаңа жылмен шын жүректен құттықтайды. Алдағы тауық жылы табысты болсын, ағайын! «Қазақ үні» газеті qazaquni.kz