"Шығыстың бес тарихы" - Қ. Халидидің әйгілі еңбегінің алғашқы томы

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Құрбанғали Халидидің «Шығыстың бес тарихы» кітабының тұсаукесері жасалды, деп хабарлайды BAQ.kz.

«Шығыстың бес тарихы» кітабы – Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты қолазбасының түркі тілдерінен қазақ тіліндегі аудармасы. «Шығыстың бес тарихы» – бұл кітапхананың ғылыми жобасы, аталған жобаны жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсына Жұртбайдың жетекшілігіндегі бір топ ғалымдар жүзеге асырды.

Жұмыс тобының құрамында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ өкілдері: шығыстану кафедрасының аға оқытушысы Бауыржан Мұстафаев және «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Шыңғыс Бегімтаев болды.

Тұсаукесер рәсімінде жобаға қатысушылар аударманың мазмұны мен жұмыс барысында қолжеткізген қазақ халқы туралы қызықты мәліметтер жөнінде жан-жақты әңгімеледі.

«Тауарих-и хамса-и шарқи» туындысы қазақ тіліне ертеректе де тәржімаланған, алайда мәтіні толығымен аударылған емес. Ғалым Құрбанғали Халидидің «Шығыстың бес тарихы» кітабы түркі тілдес елдер тарихын зерттеушілер үшін ғылыми құндылыққа ие. Біз бұл кітапты аудару барысында Құрбанғали Халидидің ұрпақтарымен, артында қалған мұрасын сақтаушылармен келісім жасай отырып атқардық. Кітап Халидидің қолжазбасын және бұған дейінгі аудармаларды, сонымен қатар транскрипциясы мен қазақша мағнысын бірдей қамтыған. Бұл алғашқы томы деп қабылдасаңыздар болады. Алда толық еңбектің 5 томдығының қалған төрт томы жарық көретін болады" - дейді кітапты баспаға дайындаған ғалым Тұрсын Жұртбай.

Құрбанғали Халиди (1846-1913) бірқатар түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының тарихы мен шығу тегін зерделеуге терең із қалдырды. Қазақтармен, ұйғырлармен және басқа да халықтардың өкілдерімен тікелей қарым-қатынас жасау барысындағы өмірі Құрбанғалиға сол халықтардың тарихы мен тұрмыс салты бойынша мәліметтерді жүйелі түрде жинау қажеттігі туралы ойлауға, ғылым-білімге ұмтылыс жасап, нәзік сезімталдық қырларымен ерекшеленуге алып келді. XIX ғасырдың аяғында автор «Тауарих-и хамса-и шарқи»/«Шығыстың бес тарихы» атты көлемді еңбегін жазды. Бұл – бес халықтың: монғол, татар, ноғай, қазақ және қырғыз-қыпшақтардың тарихы. Кітап түркі халықтарының тілдері: шағатай, араб, парсы және түрік тілдерінде жазылған. К. Халидидің шығармасында келтірілген этнографиялық, тарихи мәліметтер мен материалдардың басым бөлігі қазақ халқына қатысты болып отыр. Қазақ халқының тарихына арналған кітаптың бөлімдерінде автор мынадай мәселелердің басын ашады:

- алаш, өзбек, қазақ, ноғай, қырғыз атауы және «жүз» атауы туралы туралы аңыз;

- дәуір туралы; қазақтар мен ноғайлардың бірлесуі және кейінгі бөлінісі туралы;

- қазақтардың шежіресі туралы;

- Орталық және солтүстік Қазақстан аумағындағы археология және сәулет ескерткіштері туралы;

- Шыңғысхан және оның ұрпақтары туралы; қазақ хандары туралы; Абылай хан туралы; Әбілфайыз хан туралы;

- Аса ата оның нақыл сөздері туралы;

- хандардың сайлануы туралы;

- төре және төлеңгіттер туралы;

- Орта жүз қазақтарының Ресейге қосылуы және әкімшілік округтер, бекіністер мен қалалардың негізінің қалануы туралы.