Атыраулық шопан қасқырмен арпалысып, жеті жүз бас қойды аман алып қалды (фото)

Фото Серпера Газета.

"2016 жылдың 15 желтоқсан күні таңғы алтыда ит үрген соң ұшып тұрдым. Өзім де мал қарайын деп, тұрғым келіп жатыр едім. Манағы иттің үргенінен кейін тез киіндім. Содан әйелім Зира мен көмекшім, ұлым Ибатолла Құбаевты дереу оятып, «қораға келіңдер» дедім. Жақындағанда қарасам, бір қасқыр қорадан ішке қарай секіріп бара жатыр екен. Мен де жетіп барып, аула есігінің алдындағы айырды ұстап, қора ішіне кірдім. Қойлар үркіп, үрпиіп тұр екен. Қасқыр да мені байқап қалып, маған қарай секірді. Ол менің басымды көздеген сыңайлы болды. «Батырға да жан керек» демекші, мен қолыммен басымды қорғап қалдым. Сол кезде қасқырдың тістері қолыма қадалғанын сездім. Ойланып тұратын уақыт жоқ. Қасқырды бар пәрменіммен итеріп шегінген кезде екінші қолымдағы айырды мойын тұсына шаншып қалдым. Дәл тиген болу керек, қасқыр «қыңқ» етті де сылқ ете түсті. Бірақ, ол қайтадан тұруға талпынды, тұмсықтан жақсы етіп екі-үш рет беріп жібердім. Қарасам көкжалдың тілі салақтап, өліп қалыпты. Шайқасты қарап тұрған зайыбым мен ұлым : - Ой, өзің күшті екенсің ғой, көкжалдың көкесін көрсеттің ғой, - деп мақтап жатыр. Ұзын сөздің қысқасы, шаруашылықтың шағылыстан өткен 715 бас аналық қойы дін аман", - деді Мақаш өндірістік кооперативі Сардар баба фермасының аға шопаны Әнуар Құбаев.

Иә, алдыңғы бір жылдары сол шаруашылықтың шопаны Нұргүл Сұлтанғалиева да боранда бір отар қойды шашау шығармай аман алып қалған еді.Енді, міне, тағы бір батыр шықты.

Қойшы әңгімесін жазып алған: АСҚАР ҒҰМАРОВ,

Фейсбук желісінен алынды