Тәуелсіздігіміздің көк байрағын желбіреткен төл чемпиондарымыз кімдер?

Похожее изображение

Бүгін еліміз тәуелсіздік алғанына тұп-тура 25 жыл толды. Осы орайда Туымызды әлемдік ареналарда желбіреткен тәуелсіз Қазақстанның төл чемпиондары туралы айтпай кету мүмкін емес.

Осы 25 жылда Қазақстан спортшылары 6 жазғы және 6 қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. 1988 жылға дейін қазақ спортшылары КСРО құрамасының қатарында өнер көрсетті. Ал 1992 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында еліміз тәуелсіздігін жариялағанымен, спортшыларымыз Біріккен команда құрамына енді.

Өзі жеке ел ретінде қатысуды тұңғыш рет 1996 жылы Атланта олимпиадасынан бастады. Енді, осы аралықтағы тәуелсіз елдің чемпиондары кімдер екенін оқырман назарына салғанды жөн санап отырмыз.

Атланта олимпиадасы - 1996 жыл!

Атлантада (АҚШ) өткен Жазғы Олимпиада ойындарында 3 отандасымыз чемпион атанып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Олар:

Василий Жиров - 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан боксшы. Олимпиада нәтижесі бойынша Вэл Баркер кубогына қол жеткізген алғашқы отандасымыз.

Юрий Мельниченко - грек-рим күресінен 57 келі салмақта өнер көрсетіп, чемпион атанды.

Александр Парыгин - бессайыстан Олимпиада чемпионы атанды.

Сидней олимпиадасы - 2000 жыл!

Сиднейде де (Австралия) жерлестеріміз 3 алтын медальмен оралды.

Олар:

Бекзат Саттарханов - Олимпиада чемпионы, 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.

Ермахан Ыбрайымов - 71 келіде бокстасты.

Ольга Шишигина  - кедергілермен 100 м қашықтыққа жүгіру бойынша жеңімпазы атанды.

Афины Олимпиадасы - 2004 жыл!

2004 жылғы Афины олимпиадасында тек жалғыз спортшымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Ол - Бахтияр Артаев - 69 келі салмақта өнер көрсетті. Сондай-ақ, Олимпиада чемпионы атағымен қоса, Вэл Баркер кубогын да жеңіп алды. Осылайша Вэл Баркер кубогын иеленген екінші қазақстандық боксшы атанды.

Бейжің олимпиадасы - 2008 жыл!  

Бейжіңде 2 отандасымыз жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Оның бірі 69 келі салмақта жұдырықтасқан боксшымыз Бақыт Сәрсекбаев болса, екіншісі ауыр атлетикадан 94 келі салмақта сынға түскен спортшымыз Илья Ильин болатын. Алайда, биыл Ильиннің жеңісін Халықаралық Олимпиада Комитеті допинг қолданды деген сылтаумен күшінен қалдырғанын жариялады.

Лондон олимпиадасы - 2012 жыл!

Лондон олимпиадасы тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылған еді. Онда жерлестеріміз айды аспанға шығарып, бір емес, 7 алтын алғаны әлі есімізде. Алайда, Халықаралық Олимпиада Комитеті тағы да допинг дауымен 4 спортшымызды медалінен айырды. Олардың ішінде өз атақтарын үш атлетіміз сақтап қалды.

Олар: велошабандозымыз Александр Винокуров, үш қарғып секіру сайысынан Ольга Рыпакова және даңқты боксшымыз Серік Сәпиев. Осы орайда айта кетейік, Серік чемпиондық атақпен бірге Вэл Баркер кубогына ие болған қазақ жерінен шыққан үшінші спортшы атанды. Ал, ауыр атлетикадан Зульфия Чиншанло (53 келі),  Майя Манеза (63 келі), Светлана Подобедова ( 75 келі) және Бейжіңде де чемпион атанған даңқты ауыр атлетіміз Илья Ильиннің (94 келі) чемпиондық атақтары күшін жойды. Бұған басты себеп - допинг дауы.

Рио олимпиадасы - 2016 жыл!

Биыл үш отандасымыз ел мерейін асырды.

Олар:

Нижат Рахимов (ауыр атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу спорты), Данияр Елеусінов (бокс).

Дереккөз: ҚазАқпарат