Тәуелсіздік күніне орай желтоқсан оқиғасына қатысушыларға 70 мың теңгеден беріледі

Астанада бюджеттік саланың 39 072 қызметкері Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай сыйақы алады деп хабарлайды astana.gov.kz.

Тәуелсіздік күніне орай желтоқсан оқиғасына қатысушыларға 70 мың теңгеден беріледіБюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметкерлерге бір еңбекақы төлеу үшін бюджеттен 1 млрд 900 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, коммуналдық кәсіпорындардың жұмыскерлеріне де сыйақы беріледі.

Сонымен қатар, 2016 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік күніне орай 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысушыларға 70 мың теңгеден бөлу жоспарланған.

Бұған қоса, аз қамтылған азаматтарға (18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалып, төленетін мемлекеттік жәрдемақы алушылар қатарынан) жәрдемақылар төленеді.

Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына ақшалай және басқа да көмек түрлері Астана әкімі жариялаған «Астана - мейірімді қала» акциясы шеңберінде де көрсетілуде, бұл шара желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.

Ай басталғалы әкімдіктің, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, еңбек ұжымдары және қайырымды жандар балалар үйлеріне, соғыс және еңбек ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге және т.б. көмек көрсетуде. Аталған акцияға кәсіпкерлер қауымы да қолдау көрсетуде.

Еске салсақ, «Астана - мейірімді қала» акциясына ниет білдірген кез келген адам қатыса алады. Акция туралы толық ақпаратты Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасынан алуға болады, мекен жайы: Иманбаева к-сі, 16, каб. 1, немесе 55-93-00 телефонына хабарласу керек.