Қазақстан аумағы шөлейттеніп бара жатқан жоқ - Ислам Әбішев

Қазақстан аумағы шөлейттеніп бара жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Похожее изображение

«Құмды аумақтардың ұлғаюына қатысты айтар болса, өз басым көптеген сарапшыларға сенбеймін. Неліктен? Себебі Ертіске қатысты өте көп сараптамалық қорытынды бар. Мен сараптамалық қорытындылары зерделеп, сарапшыларға хабарласқан да едім. Олардан: «Сіз мұны қайдан және қандай негізге сүйеніп алдыңыз?» десем, олар қандай да бір газетте немесе журналда жария етілген басқа сарапшының мәліметтеріне сілтеме жасайды. Одан ары қазбалап, ақыры соңында дереккөзін таба алмадық», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, Қазақстан жері құрғақшылыққа ұшырап, шөлейттеніп бара жатыр деп дабыл қағаттын сарапшылардың бірде-бірі шынайы жағдайды білмейді. «Бізде, Қазгидрометте 140 жыл бойғы Ертіс өзеніне бақылау бар. Аталған сарапшылардың бірде-бірі оны көрмеген. Ал бірақ, олар бір-бірінен алып қорытынды жасайды. Шөлейттенудің ұлғайып бара жатуына қатысты айтар болсам, бұған да мен сене бермеймін», - деді Әбішев.