Ұлт көсемінің есімі ұлықталды

220px-alikhan_bokeykhan_portreti Көкшетау төріндегі Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың үлкен залында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы асқақ рухта аталып өтті. Бұл шара жергілікті «Ақ жол» партиясы филиалының бастамасымен облыстық «Айшықты жиырма бес оқиға» бағдарламасы аясында облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткізілді. Жиынға Көкшетау қаласының зиялы қауымы мен жастар өкілдері қатысты. «Әлихан Бөкейхан жүрген жерлермен» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстелге елордадан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының аға ғылыми қызметкері Қайырбек Кемеңгер арнайы шақырылған еді. Шараны облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Сатыбайқызы кіріспе сөзбен ашты. Алаштың тағы бір ұлық тұлғасы Қошкенің шөбересі жас ғалым Қайырбек Кемеңгердің Әлихан бабамыздың мерейтойына арналған басқосудың басты қонағы болуының астарында ұрпақ сабақтастығы жатыр. Биыл ол Қазақ географиялық қоғамы экспедициясы құрамында Әлихан Бөкейхан жүрген жерлерді аралап келген еді. Ұлт көсемінің туған жері Ақтоғайдан басталған бұл жолсапар Алаш қаласы Семейде жалғасты. Бір кездері Әлихан отырған ескі түрме әлі күнге дейін сақталған. Одан әрі баба ізі сайраған Омбы, Самара, Орынбор, Мәскеу, Санк-Петербург қалаларындағы тарихи орындар мен архив құжаттары дөңгелек үстел барысында тағылымды әңгімеленді. img_1085 – Әлбетте Әлиханды бұл күнде бар қазақ іздегені абзал еді. Қазақ топырағында парламентаризмнің басында тұрған, қазақтан шыққан алғашқы депутаттың бірі болған оны бүгінгі Парламент жоқтаса игі еді. Қазақтың тұңғыш саяси партиясы «Алашты» құрған оны сайлау кезінде ғана оянатын бүгінгі көп партия қолдаса дұрыс еді. ХХ ғасыр басында қазақ шекарасын айқындап кеткен қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі «Алашорданың» төрағасы болған Әлиханды бүгінгі мемлекеттік билік кешенді зерттесе жөн еді. Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, қазақтың кәсіби ғылымының қалыптасуына зор ықпал жасаған Әлихан Бөкейханды Ұлттық ғылым академиясы әр қырынан таныса дұрыс болар еді. Қазақтың тұңғыш журналистерінің бірі, көсемсөзшісі болған Әлиханды бүгінгі газет-журнал, теле-радиода істейтін, әлеуметтік желідегі журналистердің бәрі насихаттаса орынды болар еді. Көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, қарымды қаламгер, энциклопедист ғалым, қазақ ұлтының саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік болашақ даму жолын меңзеген, сол үшін жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейханды бүгінгі таңда әр қазақ оқып білсе, таныса, одан біздің Тәуелсіздігіміз нығая түседі, ұлттық сана-сезіміміз артып, рухани жағынан кемелдене алар едік, – деді елордалық ғалым Қайырбек Кемеңгер өзінің дөңгелек үстел басындағы әңгімесінде. – Семей қаласында Әлихан Бөкейхан қамауда отырған ескі түрме әлі жұмыс істеп тұр екен. Дегенмен, барып көрейік, тым болмаса сыртын суретке басып алайық деп Патшалық Ресей заманының тарихи жәдігеріне жеттік. Шынын айтсақ, көбіміз осыған дейін түрменің ішіне кіріп көрмеген екенбіз. Мұндай сұсты жерде лайым тек зерттеу мақсатында, ғылыми ізденіс үшін болайық деп айнала тікенек сымы ілінген, маңайы жыртылған, терезелері темірмен құрсалған ақ түрменің алдына бардық. Семейде Алаш рухы асқақ екен. Қайырбек Кемеңгер Омбы, Самара, Орынбор, Петербург қалаларындағы алған әсерлерімен де бөлісті. Минскідегі Әлихан Бөкейханның сонау 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қара жұмысқа барған қазақ жігіттерінің халін білуге барған сапарынан да деректер ұсынды. Мәскеу сапары да жүректі тебірентер көріністерге толы болды. Ғалым былай деп толғанады: «Біз ең алдымен Әлихан Бөкейханның тұрған үйін, жиырмасыншы жылдары қызмет істеген академия ғимаратын, тұтқында отырған Бутырка түрмесін және тыныс тапқан Дон зиратына баруды ойластырдық. Мәскеу қаласында қазақ халқының өзге де біртуар ұлдары жерленгені аян еді. Соның ішінде Тұрар Рысқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахметсафа Юсупұлы, Дінше Әділұлдары т.б. бар болатын. Сапар барысында жалғыз Әлиханды ғана емес, содай-ақ онымен үзеңгілес болған ниеттестері, Алаштың өзге азаматтарына қатысты ақпарат жинап жүрген болатынбыз. 2012 жылы Мәскеудің «Комунарка» деген жерінде болып, сонда Тұрар Рысқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлы атылғанын, орман ішінде күлі жерленгенін көріп едік. Бұл жолы Жүсіпбек, Ахметсафа, Діншенің басына барып, аруақтарға дұға оқыдық. 1930 жылдың 4-сәуірінде ату жазасына кесілген Жүсіпбек Аймауытұлы, Дінше Әділұлы, Ахметсафа Юсупұлы Ленин туған күнінен бір күн бұрын 21-сәуірде оққа ұшқан екен. Жерленген орындарында «Репрессия құрбандарына» деген белгі тас қойылыпты. Әлихан Бөкейханның қызы Елизаветаның күлі сақталған Новодевичье зиратына барып, белгі таста суретін көргенде ерекше көңіл-күйде болдық. «Профессор Садвокасова Елизавета Алихановна» деген жазуды оқығанда тылсым сезімді бастан кешіп, көмейге өксік, көзге жас толды. Асылдың сынығы жер бетінде өмір сүрген уақыты: 8.V.1903 – 1971.23.VI. Қаншалықты қасіретті күнді басынан кешсе де, серігі Смағұлдың тегін сақтапты. Кейін тұрмыс құрған жолдасы Клейман Макс Натанович деген азамат екен (10.ХІІ.1891 – 1996.26.ІІ). Белгі тасты Макс Натанович ұрпағы орнатыпты. Дон зиратындағы №1 Ортақ мола деген қорымға Әлихан Бөкейханның туған жерінен жеткізілген бір уыс топырақты Сырым аға салды. Сол кезде көмейге тағы да өксік тығылды. Туған жердің топырағы бұйырсын деген қазақтың ұлы сөзі бар еді. Сол өсиетті еске алдық. Көсемсігіміз келмеді. Артық ауыз сөз айтуға имендік. Өлген адамдардың жан-жақтан қарап тұрған суреттері, адам бойындай қоршап тұрған ескерткіштері. Ендеше сөзің өлмейді, ісің жалғасады! «Хан баласында қазақтың хақысы бар: қалай да қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаймын!» деп өз халқына азаттық әперемін деп үн көтерген Әлихан есімі асқақ естіледі. Сол бір қарбалас қым-қуыт күндері ол: «Біздің әрбір ісіміздің негізі бос, өмірі қысқа. Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесең де қосылмайды» деп қынжылысқа түскенін де білеміз.Өмірден осылай құсалықпен өтіп бара жатып: «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деп ақтық сөзін ақтарады ол. Ал, аяулы қызы Лиза Мәскеудегі үйінде әкесін қамауға алғалы жатқанындағы көріністі былай деп еске алған екен: «Әкемнің мысы кез-келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?», – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» – деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы» деді ол». Ұлылық деп осыны айту керек шығар. Басын ажал оты тұмшалап тұрса да, оны сабырмен қарсы алуы тектінің жұрнағы екенін көрсетсе керек. Алғашқылардың бірі болып сөз алған облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, белгілі қаламгер Ғосман Төлеғұл бүгінде Әлихан есімінің ескерусіз қалып келе жатқанына, өз туған халқының бостандығы үшін жанын қиған дара да, дана тұлғаның есімі еліміздегі бірде-бір жоғары оқу орнына осы күнге дейін берілмегеніне де қынжылыс білдірді. Ал, экономика ғылымдары­ның докторы, ардагер ұстаз Қасымхан Құсайынов Әлихан есімі тұңғиық тереңдегі асыл арна іспетті деп бағалады. Ол қазақтың тарихы, әдебиеті, ұлттық рухы және өмірдің нәрі бітпес өзегі деді. Белгілі айтыскер ақын, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек: «Әлихан – ұлттың санасы. Санамыздың бір асқақтаған тұсы да Әлихан заманы еді. Бодандықта болған қазақ еліне патша тақтан құлағанда азаттық әперемін деген ұлылардың қаулап шығуы да тегін емес. Сондықтан, олардың тағылымды жолын бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру аса қажет. Оған Павлодар сияқты іргелі қала атын берсе де артықтық етпейді. Бірақ, Әлихан сияқты кесек тұлғаға көше атын беруге келгенде үнсіз қалатынымыз қалай?! Біздің тәуелсіздігіміздің тағылымы осы ма, сонда. Осындай ұлыларымызды ұлықтап, оларға құрмет ететін күн туды ғой» деп ағынан ақтарыла сөйледі. Әдебиетші ғалымдар Аманжол Есмағұл мен Сәбит Жәмбектер де Әлихан өмірінің ақиқи шындығын арқау ете отырып, терең әңгіме қозғады. Кешегі күндері алғашқы алаш әскерін құрған да Әлихан екенін тілге тиек етті. Журналист қаламгер Серік Жетпісқалиев, Дақан Шөкшір және тағы басқалары қазақ үшін өмірін қиып, ауыр қапастарға да кіріптар болып, жан-тәнімен қызмет еткен Әлихан есімін жаңғырту тағылымды іс екенін өз сөздеріне арқау етті. Қазақ үшін өмірін сарп еткен Қошке Кемеңгерұлы: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан» депті. Әлиханның Алаш идеясын көтеруі тегін емес. Руға бөлініп, жік-жікке жарылған ұлтын біртұтас ел ретінде ортақ мүддеге топтастыру мақсаты еді. Біздің Әлихан жайлы айтарымыз мұнымен аяқталмақ емес. Алдағы жылы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Бұл оқиға да тасада қалмайды деп ойлаймыз. Әлихан бабамызға арналған басқосу жақсы, мерекелік рәуіште аяқталды. Өздеріңіз білесіздер, былтыр біз Қазақ хандығының 550 жылдығын жан-жақты атап өттік. Сол кезде Қазақстан тарихшылар қауымдастығы «Ақ жол» партиясының қолдауымен арнайы мерекелік медаль шығарған еді. Қазақстан тарихшылар қауымдастығының президенті Мәмбет Қойгелдінің қолы қойылған медалдар бір топ көкшелік азаматтарға табыс етілді. Олардың қатарында, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универси­тетінің профессоры, филология ғылым­дарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабек, Жанайдар Мусин атындағы педагогика колледжінің директоры, Қазақстан Педагогикалық Академиясының корреспондент мүшесі, өңірге танымал ғалым Нұртас Ахат, Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиевтер бар. Міне, ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан Әлихан Бөкей­ханның рухына арналған шара Көкше жерінде де осылай мазмұнды өтті. Кешегі күндері елі үшін бар ғұмырын арнаған Әлихан есімі осылай асқақтай беруі керек. Бақыт Смағұл Ақмола облысы qazaquni.kz