АДВОКАТТАР МАТАЕВТАРДЫҢ ІСІН ҚАЙТА ҚАРАУДЫ СҰРАДЫ

838
0
Бөлісу:

Астанада Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевтардың сот үкіміне қарсы апелляциялық шағымы қарала бастады, – деп хабарлайды Abai.kz.

Адвокаттар Андрей Петров пен Мадина Бакиева сот тергеуін қайта бастауды, куәгерлерден қайтадан жауап алуды, сот материалдарынан бірнеше сараптаманың қорытындысын шығарып, оларды дәлел бола алмайды деп тануды сұрады. Адвокаттар алғашқы сот инстанциясында іс жан-жақты және толық қаралмағанын, сот процессуалдық тұрғыдан өрескел қателіктер жіберді деп санайтындарын мәлімдеді. Матаевтардың адвокаттары дүние-мүлікті тәркілеу туралы сот шешімімен келіспейтінін, үкімде аталған жылжымайтын мүліктердің кейбірі Сейітқазы Матаевтың жұбайы Баян Рамазанованың меншігінде екенін айтты.

Апелляциялық шағым қаралып жатқан сотқа қамаудағы Матаевтар қатыстырылған жоқ. Сотта олардың мүддесін адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары қорғап жатыр.

Айыптаушы прокуратура өкілдері бүгін соттан адвокаттардың талап-арыздарын қанағаттандырмауды сұрады. Прокурорлар алғашқы сот инстанциясында іске қатысты барлық дәлел-айғақтардың дұрыстығы зерттелгенін, Матаевтарға шыққан үкімнің заңды екенін айтты.

3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты «қаржы жымқырды» және салықтан жалтарды» деген айыптармен 6 жылға соттаған. Ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев «қаржы жымқырды» деген айыппен бес жылға сотталған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне – 169 миллион теңге, «Қазақтелеком» компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.

Бұған дейін ЕҚЫҰ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі, Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) Матаевтардың сотталуын айыптап, Қазақстан үкіметін барлық азаматтың ой-пікір еркіндігін білдіру құқығы мен заңды тұрғыдан қорғану құқығын құрметтеуге шақырған.

Айтпақшы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жасалуы мүмкін рақымшылыққа матаевтардың ісі де ілінуі ықтимал деп күткен қоғам белсенділерінің үміті ақталмады. Матаевтарға байланысты сот үкімі қайта қаралғанымен, кешірім жасалмайтын болды. Сондай-ақ, жердің жалға берілуі мен жекеменшікке сатылуына қарсы митингттер ұйымдастырған Мақсат Боқаев пен Талғат Аянға да рахымшылық жасалмайтыны анықталды. Экс-премьер Серік Ахметовтің де ісі рақымшылыққа ілінбей қалды.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

20 − алты =