ПАРЛАМЕНТ ФЕЙСБУКҚА АЛҒЫС ХАТ ЖІБЕРСІН, Бекболат қол қоймаса да...

 

Халық қалаулысы бола отырып, халықтан халықтық   пікір алаңын  қызғану қалай болады?

    Бүгін Парламенттен тағы да шу шықты!..   «Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестігі және дамуы мәселелері туралы» mark-facebook өткен  Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеуxан фейсбук желісінің Қазақстанда саяси аренаға  айналып кеткеніне қарсылық білдірді.  bekbolat-2-kopiya «Баяғыда мінбеге шығып, сөз алу үшін, ақпарат тарату үшін дәлелденген еңбегің, қоғамда пікір айтатын беделің болуы керек еді. Баяғыда, ең болмаса пікір айту үшін 100 қойдан 101 қозы алуың керек болатын. Ал қазір ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болатын заман туды. Шексіз майдан басталып кетті. Тізесіне ноутбугын қойып ойына келгенін жаза береді. Еліне құрметі қалған жоқ. Мұның бәрі, біріншіден, мәдениеттің жоқтығынан. Тектіліктің болмауынан деп ойлаймын. Мысалы, фейсбук АҚШ-та отбасымен балық аулауға барғандары секілді демалыстарының суретін салатын әлеуметтік желі болып саналады. Ал, бізде, Қазақстан қоғамында бұл саяси аренаға айналып отыр. Осыны ауыздықтау үшін не істеу керек деген мәселе Ақпарат министрлігінің алдында тұр»,- деді   Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа.  (Фейсбуктың қатарына біздің "Қазақ үні" порталын да қосып жібермеуі үшін, дәйексөз  Бақ.кз сайтынан алынып отырғанын ескертеміз.) Сол сол-ақ екен,  Бекболат мырза жабуды ойлап отырған Фейсбук жабылды да кетті депутатқа...  Бәрінің дәлелдері дәйекті, сөздері мәйекті.  Әрине, еркін пікір алаңы болғасын, артық кетіп жатқандары да бар ішінде. "БАҚ басшысы әрі  Фейсбуктың оқырманы көп қолданушысы ретінде сіздер бір пікір білдірмейсіздер ме мынадай жүйесіз талапқа...."- деп, парақшаға да, жеке поштамызға да хаттар келіп жатқан соң, ауырып жатсақ та,  пікірімізді білдірейік дедік.  Билік бұтақтарынан цензуралық вирус  бас көтере бастағасын, тұмаудың вирусын жиып қоя тұруға тура келді... Оның үстіне,  Бекең айтқандай, " 100 қойдан 101 қозы алмасақ та",   "сөз алу үшін, ақпарат тарату үшін дәлелденген еңбегіміз, қоғамда пікір айтатын беделіміз" бар шығар дейміз... Біріншіден, Фейсбук АҚШ-та да саясат алаңы екенін кешегі Президент сайлауындағы Дональд Трамптың жеңісінен-ақ байқауға болады. Ал бүгін ғана телеарналарда АҚШ-та сол Трамптың сүйікті әйеліне қарсы 120 мың әйел шеруге шығатындарын мәлімдеп, Фейсбук арқылы петицияға қол жинап   отырғанын көрсетті. Сонда АҚШ-тағы бұл президент жеңісі мен президентке қарсы әйелдер қарсылығын көрсетіп отырған Фейсбуктан мен ешқандай балық аулауды көріп отырған жоқпын.... Олардан тек отбасыларымен балық  аулауға шыққандарды  көру үшін қандай көзбен қарауды да білмедім...  Мүмкін, Бекболат мырза Фейсбукты Инстараммен шатастырып алған шығар...  Айтпақшы, осыдан  отыз жыл бұрын  Шардарада, Сырдарияның дәу сазанын ұстап алғанда түскен суретімді Фейсбукта жариялауға  ұмытып не ұялып  жүр едім,  енді депутаттың нұсқауынан кейін  беймарал, еркін жариялай беруіме болады екен... Екіншіден,  Қазақ, яғни, әлеумет  өзінің әлеуметтік-саяси пікірін әлеуметтік  желі Фейсбукта айтпаса, қай жерде айтады?  Себебі, ондай ашық әлеуметтік-саяси пікірлер Бекболат отырған, халық талабының ордасы болуы тиіс парламентте айтыла қоймайды. Сонан соң ФБ тек қоғамдық-саяси алаң ғана емес, қаншама әдеби-мәдени әлемнің алаңына да айналып отыр. Қаншама жаңа шығармаларды ең алдымен ФБ-дан оқып жүрміз, күнделікті маңызды жаңалықтарды, керек  кеңестерді айтпағанда... Тапқан достарымыз, пікірлестеріміз қаншама? Үшіншіден,  билік әлеуметтің іштегі шерін шығаруына жақсы алаң жасап бергені үшін Фейсбуккқа, Марк Цукерберг мырзаға қайта-қайта рахмет айтуы керек. Ең болмағанда, Парламент  алғыс хат жіберсін, Бекболат қол қоймаса да, басқалары қолдайтын шығар...  Әйтпесе, ішіне шер толған халық шеруге, көшеге шығып кетер еді.. Төртіншіден,  Халықтық  Демократиялық «Нұротан» партиясы атынан Халық қалаулысы бола отырып, халықтан халықтың демократиялық алаңы болып отырған Фейсбукты қызғану қалай болар екен?  Бұған аталмыш партия не деп жауап береді? Парламентте отырып, АҚШ-та да Фейсбук  саясат алаңы екенін білмеуді қалай түсінеміз? Ал мұны кез-келген қатардағы ФБ қолданушысы біледі және осы әлеуметтік желіде Бекболат мырзаға ежелеп айтып, шегелеп жазып жатыр. Міне, Фейсбуктың артықшылығы! Бесіншіден,  әлде, бұл алдағы биліктің халықтың саяси алаңы Фейсбукты тұсаулауының беташары ма?  Парламентте не айт десе де, айта беретін депутаттарға  айтқызып алып,  ертең  "халық  қалаулылары талап еткен соң, Фейсбукқа тұсау салдық" деп тұрмақшы ма екен? Талай жылғы  тәжірибелерге сүйнесек,  бізде бұлай күмәнді ойлауға да негіз бар... Миллиондардың үнін білдіріп отырған әлемдегі ең алып әлеуметтік жүйені жабу дегенің - күнді қолмен жабамын деп күйіп қалатын әпенделік тірлік болып саналады. Бұны Амантай қажы айтса, кешірімді  шығар,  ал Алашқа аты мәлім дарабоз әнші-жырау,  жерімізді қорғамаса да, сөзімізді қорғайтын шығар деп жүрген зиялы парламент депутаты айтса, еріксіз ойланып қаларың анық. Қысқасы, "деп сайрайды бұлбұлың" деген белгілі әнге қалай қосылып кеткеніңді де білмей қаласың... Нәтижесінде депутат мырза жабу керек деп отырып,  жарнаманы қажет етпейтін  Фейсбукқа парламент биігінен жақсылап тұрып, жарнама жасап бергенін байқамай да қалды...  Интернет дегенде, поштасынан басқаға бас сұқпайтын  ауылдағы  достарым,  ішінде зейнетке шыққан ағамыз да бар,  кеше Фейсбук туралы  сұрастырып еді, бүгін "достық" ұсыныпты. Қуана қабылдадым.  Шалғайдағы  Шардарадан,  Қызылқұмның қойнауынан  қызықшылығы оянып, фейсбукқа кіріп жатса, "парламенттің өзін қорқытып қойған бұл қандай желі болды екен?"-деп ойлаған қаншама адам қаптап кіріп жатқаны да анық болса керек... Фейсбукта кездесе берейік, достар! Қазыбек ИСА Фейсбук парақшасы qazaquni.kz