ЖЕТІСУ ӨҢІРІНІҢ МӘДЕНИ ӨМІРІ ҚУАНТАРЛЫҚ

ОРТА АЗИЯНЫҢ ӨНЕР ОРДАЛАРЫ

Күні кеше Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай VI Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестивалі шымылдығын ашты. Бұған дейін Алматы, Ақтау қалаларында өткен фестиваль биыл Жетісу жерінде, Талдықорғанның төрінде жалғасты. Өнер тарландарының басын қосқан халықаралық  театрлар Талдықорғанға алғаш рет табан тіреді. Жетісу жұрты қонақтарды зор құрметпен қарсы алды.

Халықаралық шараның басты мақсаты Орта Азия елдері мен Қазақстанның қарым-қатынасын нығайту, қоғамның өзекті мәселелеріне көңіл аудару, заман талабына сай драмалық шығармалардың жаңа формаларын табу, олардың дүниеге келуіне ықпал ету. Сондай-ақ, фестиваль театр ұжымдарының шығармашылығын кеңейтіп, тәжірбие алмасуына мүмкіндік береді. Мерейлі шараға Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасының Т. Минуллин атындағы драма театры, Қырғызстанның Т. Әбдімомынов атындағы ұлттық академиялық театры, М. Вахидов атындағы тәжік мемлекеттік жастар театры, Алматы қаласының Бәйтен Омаров атындағы драма театры, Астаналық Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Жастар» театры, өңіріміздің Б.Римова атындағы облыстық драма театры қатысуда. Фестивальдің ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Жетісу жерінде мұндай шараның өтуі зор мәртебе екеніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жетісулықтардың өнерге деген ерекше ықыласын жеткізіп, Елбасының қолдауымен құрылысы басталған 3 қабатты, 510 орынды жаңа театр ғимаратының қалаға көрік беріп, өңірлік өнердің дамуына үлес қосатынын тілге тиек етті. – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елімізде ауқымды шаралар өтуде. Соның бірі – жер жаннаты Жетісуда ұйымдастырылған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты халықаралық фестиваль. Аталмыш шара біздің аймақта алғаш рет өткізіліп отыр. Сондықтан да өңірімізге шетелдік өнер тарландарының келуі – біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш. Өнерді серік етіп, өнеге қылып жүрген әртістерге алғысымыз шексіз. Қатысушылардың еңбектеріне табыс тілеймін, – деді Бақтияр Әлтайұлы. Фестиваль аясында Талдықорған тұрғындары мен қонақтары шетелдік және отандық туындыларды тамашалап, танымал авторлардың шығармаларымен таныспақ. Мәселен, елордалық «Жастар»  театры У. Шекспир, А. Чехов, Ш, Айтматов қойылымдарын көрсетпек. Сондай-ақ, Жетісу әртістері «Қос мұңлық» қойылымын өнер сүйер қауымға тарту етпек. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі басқарма басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Мырзашеваның айтуынша, биылғы маусымның өзгешелігі тақырып еркіндігінде. Ал бұған дейін театр тарландары берілген тақырып аясында сайысқа түскен. Биыл қатысушылардың ең үздік деген қойылымының мәні мен мағынасы, актёрлердің шеберлігі сыналмақ. Сондай-ақ, өзара байланыс орнатып, тәжірибе алмасу үшін де бұл фестивальдің өнерпаздар үшін берері зор. Фестивальге сахналатын қойылымдарға шетелдік өнер қайраткерлері, прозик, аудармашы, Тәжікстан көркемөнер академиясының академигі Абдугаффор Абдужабборов, театр сыншысы, Д. Сиразиев атындағы театр сыйлығының лауреаты Нияз Игламов, Әзербайжан мемлекеттік жас көрермендер театрының бас режиссері Бахрам Османов, театр сыншысы, драматург, Қырғыз республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жаныш Құлманбетов қазылық етеді. Әділ баға беріп, әртістердің шеберлігін сынайтын қазылар алқасының төрағасы – аты аңызға айналған КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов. Театр – нағыз еңбектің көркем жемісі. Ол тек көңіл көтерудің кілті ғана емес, нағыз мәдени ошақ. Жері шұрайлы Жетісу жұртшылығы мәдениетке, оның ішінде театр өнеріне ерекше жақын. Өңірімізден небір танымал тұлғалар шығуы осыған мысал болса керек.  Сондықтан да VI халықаралық театр фестивалінің Жетісу жерінде өткізілуі тегіннен тегін емес. Өңір жұртшылығы бір апта бойы өзге мемлекеттердің қойылымын тамашалап, шеберлігін көріп, өнер бұлағынан сусындамақ. Фестивальдің қойылымдарын өнерсүйер қауым апта бойы тегін тамашалай алады. Ал алдағы жұма күні мерейлі шараның жабылу салтанаты ұйымдастырылып, жеңімпаздарға жүлделер табысталмақ.

ТАМАША ТОЙ ТАРТУ

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толады.  Ата-бабаларымыз осы жолда небір тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, бастарын бәйгеге тігіп, ел мүддесі жолында жандарын құрбандыққа  шалды. Тоталитарлық жүйенің тепкісіне терідей иленген қаншама қайраткерлеріміз абақтыда жазықсыз ұсталып, олардың үрім-бұтағы қуғын-сүргін көрді. Арғы тарихты қозғасаң, елім деп ер жастанып, аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен баһадүр бабаларымыздың ұлан-ғайыр даланы қорғаудағы жансебіл ерліктері еске түседі. Сан сойқанды басынан өткеріп, ел еркіндігі үшін жанын шүберекке түйген қарға тамырлы халық үшін ХХ ғасырдың соңында арайлап бақыт таңы атты. Елтаңбасы мен Гимнін қастерлеп, Көкбайрағы көкте қалқыған Қазақ мемлекетіне бүгінде әлем елдері қызыға да, қызғана да қарайды. Көздің қарашығындай қадірлеген тәуелсіздігімізді асқақтата жырлап, ел тәуелсіздігіне тарту жасау – барлық қазақстандықтардың борышы.

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толады.  Ата-бабаларымыз осы жолда небір тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, бастарын бәйгеге тігіп, ел мүддесі жолында жандарын құрбандыққа  шалды. Тоталитарлық жүйенің тепкісіне терідей иленген қаншама қайраткерлеріміз абақтыда жазықсыз ұсталып, олардың үрім-бұтағы қуғын-сүргін көрді. Арғы тарихты қозғасаң, елім деп ер жастанып, аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен баһадүр бабаларымыздың ұлан-ғайыр даланы қорғаудағы жансебіл ерліктері еске түседі. Сан сойқанды басынан өткеріп, ел еркіндігі үшін жанын шүберекке түйген қарға тамырлы халық үшін ХХ ғасырдың соңында арайлап бақыт таңы атты. Елтаңбасы мен Гимнін қастерлеп, Көкбайрағы көкте қалқыған Қазақ мемлекетіне бүгінде әлем елдері қызыға да, қызғана да қарайды. Көздің қарашығындай қадірлеген тәуелсіздігімізді асқақтата жырлап, ел тәуелсіздігіне тарту жасау – барлық қазақстандықтардың борышы.Бұл игі бастамаға Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұжымы да сүбелі үлестерін қосуда. Жетісу өңірінің барлық аудандарындағы, елді мекендеріндегі Мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жүргізумен айналысатын бұл мекеме, негізінен, облыс тұрғындарының мәдени-әлеуметтік өмірін жандандырып, жақсарту, аудан, ауыл таланттарын табу, оларды дәріптеу, аудандық, қалалық, ауылдық  Мәдениет үйлері мен өңірдегі 88 халықтық ұжымның жұмысын ұйымдастырып, оларға әдістемелік көмек беру мақсатында жұмыстар атқарады. Облыстағы мәдени ошақтар мен өнер ұжымдарының жұмыстарын бір жүйеге келтіріп, мәдениет басқармасымен тікелей байланыстырып отыратын халық шығармашылығы орталығында 29,5 штат бірлігімен 31 адам жұмыс жасайды. Орталықтың әкімшілік басқару, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру, экономикалық жоспарлау және қаржы, мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру, жастармен жұмыс жасау, техникалық жабдықтарды пайдалану бөлімдері халықтың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ауыз толтырып айтатындай игі шараларды жүзеге асырып келеді. «Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 шара» атты айдарымен мазмұнды шаралар – ақылы концерт, спектакль, дискотека, мерейтойлар ұйымдастырып, музыкалық аспаптарды және сахналық киімдерді жалға беріп, нарық жүйесі арқылы қосымша қаржы тауып отырған мәдени ошақтардың жұмысы көзге көріне бермейді. Қандай да  бір мәдени шара өтпесін, оған тұжырымдама, сценарий жазып, жоспар бойынша түрлі тақырыпта кітапшалар шығарып, қолөнер шеберлерімен байланыс орнатып, байқаулар, көрмелер ұйымдастыру да осы халық шығармашылығы орталығының үлесінде. Мұның сыртында ұлттық мәдениет орталықтарының жұмысына көмектесіп, әр ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары, тілдерін дамытуға байланысты мәдени шаралардың басы-қасында осы шығармашылық орталығының қызметкерлері жүреді. Нақты айтатын болсақ, биылғы жылдың ақпан айында облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мұзбалақ Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналып ақынның өлеңдеріне жазылған әндерден «Жырлайды жүрек» облыстық әншілер байқауы өткізіліп, өнерге құштар жастардың шығармашылық деңгейі арттырылды. Наурыз мерекесі қарсаңында осы сарайда Халықаралық әйелдер күніне арналып «Ана – тіршіліктің тірегі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Алакөл аудандық Мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі, әнші Зейнеп Қойшыбаева атындағы «Жауқазындай жайдарлы үн» облыстық жеке әншілер байқауы, мамыр айында Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында және Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, күйші Рахым Тәжібаевтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Күй құдіреті – ұрпаққа мұра» облыстық күйшілер байқауы өтіп, көпшілік көңілінен шықты. Шілде айында әлімсақтан тамыры үзілмей келе жатқан жыраулық үрдісті жаңғыртып, кеңінен насихаттау мақсатында «Тарихқа тағзым» атты республикалық жыршылар байқауы, Кеген ауданының Қарқара жайлауында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «Тарихқа тағзым» атты мәдени шаралар, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, театрландырылған қойылым көрсетілді, аудан орталығында монументальді ескерткіш кешені ашылды. Тамыз айы да мазмұнды шараларға толы болды. Мысал үшін айтатын болсақ, облыс көлемінде екі рет фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің репертуарында халық әндері мен халық композиторларының шығармалары насихатталса, Кербұлақ және Ақсу аудандары мен Талдықорған қаласында айтыскер саңлақтар Әбікен Сарыбаев пен тұйғын ақын атанған Қуат Терібаевтің, Ханша  Райысованың мерейтойларына орай «Өмір – жырым», «Тәуелсіздік – тағдырым», «Мен жырыммен мәңгімін» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Халық шығармашылығы орталығы қызметкерлерінің белсене қатысуымен Алматы қаласында Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын Марфуға Айтқожинаның 80 жылдығына арналған «Бауырым! Қалайсыңдар, қалайсыңдар?» тақырыбымен шығармашылық кеші, «Егеменді елдігім – Тәуелсіздік теңдігім» тақырыбында аудан, қалалардың мәдениет күндері, Астана қаласында «Қуатты өлке – қуатты Қазақстан» тақырыбында Алматы облысының мәдени күндері өз дәрежесінде ұйымдастырылды. Басқа да ауқымды мәдени жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Енді қазан айының екінші онкүндігінде жазушы Сайын Мұратбековтың 80 жылдығы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері, композитор Еркеғали Рахмадиевті еске алу кеші, қараша айында Қызылорда облысында «Жерұйық мекен – Жетісу» тақырыбында Алматы облысының күндері, Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдығына орай «Жетісудың жұлдызды қызы – Зылиха» тақырыбымен ақындар мүшәйрасы өтеді. Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы аясында аудан, қала мәдениет күндерінің гала-концерті, облыс әкімінің жүлдесі үшін «Жетісу жұлдыздары – 2016» балалар шығармашылығы байқауының қорытынды кезеңі және гала-концерт, Қазақстанның Халық әртісі, әнші, композитор Дәнеш Рақышевтің 90 жылдығына арналған «Рухы Дәнеш жаңғырады, ұрпағы арнап ән салады» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай «Жамбыл жырлағанда» атты жыр кеші, желтоқсан айында «Тәуелсіздік асулары» мәдени шаралары өткізілетін болады. Алматы облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай айтулы мерекеге дейін осындай 25 маңызды шара өткізуде.

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚУАНЫШ

Айдыны шалқыған асау толқынды Іле өзенінің жағасында ән мен жыр төгілді. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде келешегі кемел бұл шаһар талай ұлттың, талай ұрпақтың өкілін құшағына алып, жылдармен бірге есейіп келеді. 

Жалпы қалада 4 этномәдени орталық бар. Әрбірі ел тұтастығын сақтауға күшін салуда. Қазақ жерінде тамырын кеңге жайып, өніп-өскен әр этностың тілегі бір. Күні кеше ғана облыс аймақтарында өткізіліп жатқан Мәдениет күні мерекесі Қапшағай қаласында да жалғасын тапты. Алдымен қала әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров қапшағайлықтармен жүздесіп, дәстүрге айналған игі шараның маңыздылығына тоқталды. – «Биылдың өзінде облысымызда мәдениет саласына  бөлінген қаражат 5 млрд.-қа жетіп отыр. Жалпы облысымызда 600-ге жуық мәдениет ошақтары бар. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, мәдениетіміздің жоғары деңгейде дамып, өркендеуі үшін де осы аталмыш мерекенің аудан, қалаларда өтіп тұруының маңыздылығы зор, – деп атап өтті ол. Мереке басы Дінмұхамед Қонаев атамыздың ескерткішіне тағзыммен гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мұнан соң қала әкімінің міндетін атқарушы Ілияс Сүгіров бастаған қала қонақтары  орталық алаңда ұйымдастырылған әлеуметтік-экономикалық даму көрмесін аралады. Сан салалы өнеркәсіп ұжымдары, қалалық кітапхана мен аурухана, мектептер мен балабақшалар, түрлі этномәдени орталықтар ұлттық өнердің озық үлгілерін көрсетті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келген бұл мерекеде ұлт-азаттық көтеріліс жылдарынан тарихи қойылым қойылды. Бір сәт көз алдымызға жерұйығын іздеп жар салған абыз шығып, қобыздың зарымен елдің бірлігі мен бүтіндігін толғағанда, алаңға арғымақпен атыла шыққан «Алтын адам» қазақтың кім екенін асқақтата жеткізді. Патша жарлығымен соғыс даласына бала бермейміз деп қарсы шыққан белсенділердің орыс ұлықтарымен қақтығысын көз алдымызға әкелді. Артынша қала әншісі Алмаз Мәдиева «Заман-ай» әнін шырқағанда өткеніміз ойға оралып, тағдыры талай болған ата-бабаларымыздың ерлігі ар-ұжданымызға қамшы салғандай болды.

ЖҮЗ ДОМБЫРАШЫ КҮЙ ТӨКТІ

Облысымызда биыл 12-ші рет өткізіліп отырған аудандар мен қалалардың мәдениет күндері өз мәресіне жақындады. Іле ауданының өнерпаздары ұсынған думанды шара Чапай ауылының Мәдениет үйінде өткізілді.

Алдымен еңселі Мәдениет үйінің алдындағы алаңнын салтанатқа сай безендірілуі еріксіз назар аудартады. Екі қапталында орналасқан қолөнер мен экономика саласында қол жеткен табыстарға арналған көрме көркемдігімен көз тартады. Аудандық ауылшаруашылығы басқармасының меншігіндегі шатырдың астында ынтымағы сүттей ұйып, берекесі артқан, еліне ырыс пен бақыт қонып, жеріне байлық тұнған, тамыры терең, өмірі өлең, қойнауы құтты, қызырлы Іле өңірінде өндірілген азық-түлік тауарлары тізіліпті. Мұнда бүгіндері шетел нарығын игере бастаған «Дәулет – Бекет» түйе шаруашылығында  жасалатын шұбат сусынынан бастап, көкөніс және бақша өнімдері, тіпті құтты қонаққа арнаған қазы-қарта, жал-жая да көптеп өндіріледі. Озық технология негізінде құрылысқа қажетті өнімдер шығаратын «BTK GROUP» зауытының, жеңіл өнеркәсіп саласында Қазақстан нарығында өзіндік орны бар «Медиатекс – Н» баскиімдер тігетін компаниясының, дәрілік препараттар шығаратын «Леовит»  серіктестігінің, мал азығына қосатын дәрумендер өндірумен айналысатын «Кормовик» зауытының  тауарлары жалпы жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Ал екінші жағында орыс, кәріс және түрік этномәдени бірлестіктерінің  ұлттық салт-дәстүрлерін баяндайтын  және қазақ халқының қолөнер бұйымдары қойылған көрмелер орналасыпты. Жергілікті суретші Ермек Жұмахановтың табиғатты бейнелейтін тамаша туындылары да еріксіз назар аудартады. Аудан әкімі Қыдыргелді Медеуов  бастаған салтанатты шара қонақтары алдымен осы көрмелерді аралап,  аудан тұрғындарының жетістіктеріне оң бағасын берді. Осыдан кейін мерекеге келген қонақтар қызыл кілеммен көмкерілген алаңда «Бірлік болсын елімде!» тақырыбында әзірленген флешмобты тамашалады. Алдымен жұрт алдына шыққан әншілер халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша жыр-арнау орындаса, жүз домбырашы жүрелей отыра қалып құйқылжытқан Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі төбе құйқамызды шымырлатып, делебемізді қоздырды.  Ал Іле ауданында тұратын барлық этностардың ұлттық киімдерін киген бишілер ел бірлігін айшықтады. Қонақтар Мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты аудандық кітапхана ұжымының қызметкерлері ұйымастырған көрмені аралады. Осыдан кейін  мәдениет шаңырағының жиынжайында аудан әкімі өңірдегі зиялы қауымның өкілдерімен жүздесті. Бұл басқосуда Қыдыргелді Өміржанұлы жиналғандарға қасиетті Іле өңіріндегі экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада қол жеткен табыстарға кеңінен тоқталып өтті. Облыстың қоржынына түсетін салық мөлшерінің үштен бірін құрайтын іргелі ауданның бұл бағытта ауыз толтырып айтатын жетістіктері аз емес.  Кездесу барысында ауданның Құрметті азаматтары Кенщин Қасымбеков ақсақал мен ақын Шынәділ Мұқанов, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Элегия» ансамблінің көркемдік жетекшісі Анастасия Мельник сөз алып, ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздік жылдарындағы жеңістеріміз жайлы өз ойларын ортаға салды. Мәдениет күндерін  өнерпаздардың қатысуынсыз көзге елестету мүмкін емес. Бұл жолы өнер шеберлерінің концерті Мәдениет үйінің көрермендер залында өтті. Сахна шымылдығы Ақши халық театры, «Абра», «Наз», «Керім-ай» би топтарының қатысуымен қойылған «Ұлт ордасы – Ұлытау» театрландырылған көрінісімен ашылса,         А. Мельник жетекшілік ететін «Элегия» вокалды ансамблінің орындауындағы  Ш. Сариев пен В. Питерцевтің «Тәуелсіз Қазақстан» әні концерттің шырайын келтіре түскен.       Ә. Нұрғожа атындағы ардагерлер және «Ақниет» әжелер ансамблі шырқаған «Ардагерлер маршы», «Сармат»  би тобы орындаған «Би әлемі» композициясы, ауданның мәдениет қызметкрлерінің «Аспаптар шеруі», «Абра» би тобы ұсынған «Өмір бояулары» биі, Кадеттер хоры, «Элегия» вокалды тобы және  ұстаздар мен оқушылар бірлесе шырқаған Г. Құбашева мен   Ж. Рамазанның «Тәуелсіз елім» әні  де жұртшылықтың ыстық ықыласын алып, қызу қошеметке бөленді.

ТАЛҒАРДЫ ӘН-КҮЙ ТЕРБЕДІ

                Атадан балаға мәңгілік мұра болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, сынаптай сырғыған уақыт ағымына лайық жаңғыртып отырудың нәтижесінде рухани-мәдени өміріміз гүлденіп, түрлене түсері хақ.  Бұған жыл сайын жібін үзбей жалғасын тауып келе жатқан Жетісу жеріндегі аудандардың Мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы негіз дер болсақ, дәл осындай мерейлі шара сәрсенбінің сәтінде Талғар қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде өріс алды.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын арқау еткен Мәдениет күнінде ауданның білім саласы, этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған мазмұнды шаралар көп болды. Колледждер мен қолөнер шеберлерінің көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, олардың толағай жетістіктерін көпшілік көріп, көзайым болды. Көрме жетекшілері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Т. Ғұмаров  бастаған комиссия мүшелерін мәдени-рухани мұраларымыздың жауһарларымен таныстырды. Әсіресе, атақты суретшілер Ақанаевтардың көркем туындылары мен мүсінші Батырхан Исаевтың бұйымдары Мәдениет күнінің мәйегіне айналғандай, көңіл көкжиегін көріктендіре түсті. Аудандық спорт бөлімінің жетістіктері қаздай тізіліп, жас спортшылар өз өнерлерін ортаға салды. Жасыл алаңда бой көтерген алты қанат ақ боз үй де табалдырығын аттаған меймандардың жүрегіне жылылық сыйлады. Сөйтіп, көрікті көрмені тамашалаумен басталған мереке аудан өнерпаздарының тәуелсіз елдің тарихын толғаған концерттік бағдарламасына ұласты. Алатаумен астасқан қасиетті Талғар топырағынан нәр алып, бәйтеректей тамыр жайған 70-тен астам ұлттың өкілдері бүгінде ынтымақ-бірлігін арттырып, достықтың мызғымас негізін қалай келе мәдениеті мен өнерін өрістетуте айрықша мән беріп отырғанын осы мерейлі мереке барысында анық аңғардық. Қоңыр күзге шырай беріп, жан жадыратқан мәдени шараның шымылдығын аудан әкімі Райхан Садықова салтанатты түрде ашты. – Еліміздің тәуелсіздік алып, дербес мемлекет ретінде танылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Бұл  қазақ елі үшін егемендік пен елдікті, татулық пен тұрақтылықты насихаттайтын ерекше мерейтой. Осынау ел болып аңсаған ұлы мереке қарсаңында өткізілетін Талғар ауданының Мәдениет күні мерекесінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын, – деп ағынан жарылған аудан әкімі Райхан Садықова бұдан әрі ауданда 4 Мәдениет үйінің, 9 кітапхананың халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырғанын айрықша атады. Талғар топырағы ежелден таланттарды дүниеге әкелген құтты мекен. Бүгінде осы ауданның өнерін өрістетіп, мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып отырған «Ардагерлер хоры», «Әжелер шуағы», «Алатау аясында» фольклорлы-ұлттық аспаптар ансамблі мен үрмелі аспаптар оркестрі, «Афродита» би ансамблі және «Қуыршақ» балалар театрының еселі еңбектерін ерекше атау абзал. Сонымен қатар, 39 шығармашылық ұжым аудан мәдениетінің дамуына атсалысып келеді. Жалпы, бұл салада осы уақытта мыңға жуық адам еңбек етуде. Адам жанын рухани байытып, ізгілікпен нұрландыратын мәдени іс-шаралар легі де жібін үзбей жалғасын тауып келеді. Бұған жыл басынан бері 215 мыңнан астам адамның қатысуымен әртүрлі тақырыптарды қамтыған 400-ге жуық іс-шараның өткізілуі дәлел болса керек. Талғарлықтардың қатысуымен «Тәуелсіздікке 25 жыл – 25 қайырымды іс» акциясы аясында Қапшағайдағы қарттар үйіне, «Нұр» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен соқырлар қоғамына, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға 19 шара ұйымдастырылып, көптің алғыстарын арқалағандығын атау артық етпес. «Мәдениет – ел мәйегі» демекші, тереңге тамыр тартқан ауданның тарихын зерделеп, есте сақтау мақсатында «Талғардың тарихи тұлғалары» атты өлкетану мұражайын ашу үшін жан-жақты жұмыстардың қолға алынуы тұрғындар қуанышын еселей түскен. Осы орайда тоқталар болсақ, ауданда тарихи, мәдени және археологиялық маңызы зор 55 ескерткіш бар болса, оның 32-сі тарихи-мәдени ескерткіштер және республикалық деңгейдегі, ЮНЕСКО тізіміне енген «Талғар» қалашығы да бар. Сондай-ақ, 7 ескерткіш мемлекеттік тізімге ұсынылған. Барлық ескерткіштің қорғау міндеттемесі жасалған. Міне, мәдениеті озық өркениетті елдер қатарына қосылуда жан аянбай тер төгіп, шығармашылықтарын шыңдап жүрген талғарлық таланттардың тынымсыз еңбектеріне айтылар алғыс аз емес. Өткен жылы аудандардың Мәдениет күндері мерекесінде талғарлықтардың бас жүлдені иеленуі осы ойымызды дәлелдей түсері хақ. Ауданның атағын аспандатып, мәдени өмірін дәріптейтін мерейлі мерекеге өнер ұжымдары түгелге дерлік атсалысып, шараның мәнді де мағыналы өтуіне бар күш-жігерлерін жұмылдырды. Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын арқау еткен театрландырылған қойылым соңы дәстүрлі халық жырларына жалғасты. Сөйтіп, Аудан күнін тамашалауға жиылған жұрт аспан көгінде қалықтаған ән-жырмен көңіл хошын сусындатты. Буынсыз бишілердің өнеріне қанықты. Мерекелік бағдарламада «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары да белсенділік танытты.

АЛТЫН АДАМНЫҢ ОТАНЫ

Кеше Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйінің алды ерекше думанға бөленді. Бұл күні таулы өңір табиғаты қабағын ашып жадырап, құлпырып тұрды. «Егемендік– елдігім, тәуелсіздік – теңдігім» атты Мәдениет күніне жиналған жұрттың көңіл-күйі де тамаша.

Көпшілік көрмедегі Ұста Дәркембай атындағы музей шеберлерінің ағаштан ойып жасаған заттарына ерекше назар аударды. Музей меңгерушісі Дәулет Шоқпаров қолға алып жатқан жұмыстарының мән-жайымен жан-жақты таныстырды. Нұра ауылынан келген «Жеті қазына» құсбегілер музейінің жәдігерлері де жиналғандарды қызықтырды. Қансонарға шыққан аңшының құрал-саймандары, киген киімдері, қанжығасына байланған олжалары ежелгі төл өнеріміздің қыры мен сырын көз алдымызға елестетеді. Кереге қанат бүркіттер мен құмай тазылар да бірге келіпті. Бәрі бір-біріне үйлесіп сән беріп тұрды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында аудан өңірінде жаңа мәдениет қалыптасты. Бір ғана «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде қазақ тарихының бұрын айтылмаған қырларына қаныға аласыз. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде жәдігерлер саны көбейіп келеді. Осы жерде аймақаралық, халықаралық конференциялар мен пікір алмасулар жиі өтеді. Ұлттық ерекшеліктерді дәріптеу және насихаттаумен бірге «Бір ел, бір тағдыр, бір Отан» идеясы тәлім-тәрбиенің негізгі құралына айналды. Көпұлтты аудан жұртын қазақстандық патриотизм үрдісіне дағдыландыру ісі басты назарда. Береке-бірлікті, ынтымақты дамытуда оның атқаратын рөлі зор. Сондықтан этномәдени орталықтар өзінің мазмұнды жұмыстарын өмір талаптарына сай дамыту үстінде. Мәдениет күнінде осындай қол жеткен табыстардың көріністері паш етілді. Бұдан кейін Мәдениет үйінің кең залында аудан жұрты айтулы күнге әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Өзінің алғы- сөзінде аудан әкімі Бинәлі Ысқақ Мәдениет күнінің не үшін өтіп жатқанына қысқаша тоқталды. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасыры асуларға толы. Осы кезеңдер ішінде мезгілдің алмағайып сынақтарында мемлекетіміз сыр берген жоқ. Тәй-тәй басқан егемендік дейтін сәбиді ержеткізіп, әлем таныған азамат қатарына қосты. Мынау жиырма бестегі жалынды жастар соның дәлелі. Олар қарымды да дарынды. Дарқан да мейірімді. – Дана халқымыз «Өнерсіз ел өрге баспайды» демекші, дәстүрге айналған бұл мереке бүгінде уақыт тынысымен үндесіп, мазмұны толысып, жаңа биіктерге қол жеткізді. Мәдениет күндерін өткізудегі мақсат – ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрді дәріптей отырып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіру. Мәдениеті жоғары, тарихы танымды, ойы сергек елдің рухы да әрқашан биік. Рухы биік халықтың келешегі де кемел, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы. Еңбекшіқазақ ауданы  әсем табиғатымен ғана емес, әйгілі таланттарымен де танылған мекен. Киелі топырағы, шежірелі атырабы соның дәлелі. Бұл жер – ежелгі көне мәдениеттің орны, «Алтын адамның» Отаны. Қазақстанның Халық суретшісі, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіпқой қылқалам шебері Айша Ғалымбаева, Қазақстанның Халық жазушысы, бүкіл түркі жұртын тәнті еткен көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев, айтулы қолөнер шебері, этнограф-ғалым Дәркембай Шоқпарұлы сияқты зиялыларымыздың кіндік қаны осы өңірде тамды. Аталған шарада осынау көрсеткіштер айшықталып берілсе, сахналық көріністер «Тәуелсіз ел тарландары болу керек талантты» деген мазмұнға топтастырылды. Концерттік бағдарламада «Менің елім» бейнефильмі көрсетілді. Онда құтты қадамдарымыздың түрлі эпизодтары бейнеленді. Сол сияқты «Мәңгілік Ел» композициясы да тәуелсіздік шежіресін тебіреніспен баяндады. Әсіресе егемендіктің 25 жылдығына арнап 25 домбырашының күй шерткені ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Жүректің сөзін домбыраның үні төгілдіре жеткізді. Ержүрек бабаларының егемен ұрпағы сәйгүліктерімен жарысқа түсіп, сайын даланы дүбірлетіп жатқандай. Осыған қарап-ақ аудан өнерпаздарының Мәдениет күніне тыңғылықты дайындалғанын байқауға болады. «Тәуелсіздік туын тәу етіп желбіреткен, достығымды жырлаймын кең жүректен» атты көрініс өзара жарасымын тапқан ұлттар достығына арналды. Адамдар арасындағы құрмет пен сүйіспеншілік әрқашанда жақсылыққа бастайды. «Улыбка», «Ирада», «Бахар», «Сәнәм», «Көркем-ай» және «Мереке» би ансамбльдерінің өнерпаздары мың бұралған өнерлеріне тәнті етті. Орыстың, қазақтың, украинның, ұйғырдың, түріктің төл шығармаларын көпшілікке ұсынды. Дәстүрлі әншілер жырдан шашу шашты. Бектұрсын Қайрат, Рауан Әбілбаев, Сәуле Жұмабай, Руан Екісілов, Нұрбек Жүзбенбетов, Айнұр Шерубайлардың шеберліктері көпшіліктің көңілінен шықты. «Алтын адам» атты әжелер ансамблі де жақсы дайындықпен келіпті. «Туған елді» әуелеткен балалар хоры өзіндік өрнегімен дараланды. Түйіндеп айтқанда, халық өнерінің күші жастарды Отан мен елді сүюге тәрбиелейтіні кәміл.

АЛТЫН ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІНІҢ МАРЖАНЫ

Қысталаң жылдардағы сүреңсіз ауыл бейнесі көз алдыңа келеді. Ошақтың оты сөнбесе де отыны таусылуға таяу, тіпті, кейбір шаңырақтан көкке өрлеген қу шөптің қою түтіні әуені тұмандандырып жібергендей. Тірліктің қамытын мойнына асып, майдан даласындағы ері мен баласы үшін қыстың үскірігіне қарамастан еңбек еткен аналардың, келіншектердің көрген күні жан ауыртарлық. Аянышты. Міне, осы кезеңді әдебиет әлемінде ерекше айшықтай білген көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбековке биыл 80 жыл. Осыған орай, өмірден озған бекзатын қалың елі І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында еске алып, дүбірлі тойды жазушының даңқына сай атап өтті.

Сайын даланың Сайыны атанған, дарқандығымен дараланып, жібек мінезіне сай шығармалар тудырған қаламгерге арналған игі шараның басы облыстық «Жетісу» телеарнасының ұжымы дайындаған деректі фильмнен басталды. Онда классик жазушының өмірлік шығармаларына арқау болған туған жері мен қаламгер ұрпағының, Әкім Тарази сынды достарының жылы естеліктері көрсетіліп, жусан иісіне ынтығып, жабайы алманы аңсаған көрермендерді тебірентті. Одан кейін алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов: – Құрметті жерлестер, қадірменді қонақтар! Киелі жетісу жері қашанда өзінің әсем табиғатымен тамсандырып қана қоймай, жалынды азаматтарымен де тәнті етіп келе жатқанын тарихтан бағамдай аласыздар. Осындай құтты мекенде туған даналарымыз бен дарындыларымыз жетерлік. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Осы қуаныштың аясында Жамбыл Жабаевтың 170, Қуат Терібаевтың 125 және Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Бүгін сол игі шаралардың жалғасы ретінде қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғасының бірі Сайын Мұратбековтың 80 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз, – дей келе, жетісулықтарды қуанышымен құттықтады. Сонымен қатар, қаламгердің шығармаларының өміршең екенін айтып, облыс әкімі Амандық Баталовтың сәлемін жеткізді. Одан кейін сөз алған ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин көрнекті жазушының адамгершілік қасиеті мен қуатты шығармаларына тоқталып, оның қазақ әдебиетіндегі орнының ерек екенін жеткізді. Ол өз сөзінде: – Аспантау мен Алакөлді, Балқаш пен Көктөбені жалғап жатқан қазақтың ең бір шырайлы өңірінде дүниеге келген, біздің алдыңғы толқын ағамыз, сіздердің асыл жерлестеріңіз Сайын Мұратбековтың өзі болмаса да сөзіне баға беретін, көрнекті жазушы жайлы жылы естеліктер айтып, рухын бір аунататын жиында сіздермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Сайын дегенде, ең алдымен, оның адамгершілік қасиеті еске оралады. Ол ешқашанда жылы жүзін суытпайтын жайдарлы жан еді. Табиғаттай әсем болмысының арқасында шығармаларының да тұмса жаратылыс секілді мөлдірлігіне қанықтық. Боямасыз өмірді өзінің ой елегінен өткізіп, жасандылық пен жалғандыққа бой ұрмай, ақты ақ күйінде суреттеген жазушының әдебиет әлеміндегі тазалығы ерек болатын, – дей келе, Сайын Мұратбековтың өткен өмірінен жылы естеліктер мен қызықты оқиғалар айтып, жазушының Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып барып өмірден озған шағына дейінгі бірталай көріністерді көз алдымызға келтірді. Сонымен қатар, жазушының рухани ортадағы орны мен Қалиқан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров сынды жолдастарының арасындағы қарым-қатынас жайлы да қызғылықты әңгіме өрбітіп, күллі Алаш жұртын, қала берді жетісулықтарды мерейлі күнімен құттықтады. Сонымен қатар, өз кезегінде сөз алған көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бексұлтан Нұржекеев Сайын Мұратбековтың жазушылық қасиетіне ерекше тоқталып өтті. «Менің түсінігімде ақыл суықтау нәрсе. Бәрін орны-орнымен біліп отырады. Ал сезім деген нәрсе ақылдан да күшті келеді. Бірақ адамды жан-жаққа сүйреп ала жөнеледі. Сайынды жазушылық жолға алып келген де прозаға деген ерекше махаббаты, іңкәр сезімі. Оның алғашқы «Менің қарындасым» атты шап-шағын әңгімесінде қарындасының бой жетіп қалғандығын, лап еткен сезімнің түйіршігін өрнектеген. Бұл – ғажайып туынды. Сол секілді қаламгердің өзге де әңгіме, повесть және басқа да туындыларының бәрінде сезім жатыр. Ақыл мен парасаттылық арқылы түйсіне алмайтын дүниелерді сезім арқылы қабылдап, сол арқылы ғана өміршең туынды туғыза аласың. Ал осы қасиеттердің барлығын жазушылық жолға алғаш келген күннен бастап түйсінген Сайын Мұратбековтың қаламгерлік қыры ерек, сайлап кеткен тұғыры оқшау да дара, – деген Бексұлтан Нұржекеұлы классик жазушымен арадағы рухани байланысына да тоқталып өтті. Сонымен қатар, өз кезегімен сөз алған қарымды қаламгерлер мен зиялы қауым Сайын Мұратбеков жайлы қызғылықты әңгімелер өрбітіп, оның адамгершілігі мен жазушылық қасиетіне тоқталды. Ал Қазақстан Жазушылар одағының «Ұйғыр әдебиеті» секциясының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири «Сайын Мұратбеков – түркі халықтарының, қала берді күллі қазақ жұртының рухты жазушысы. Оның шығармаларындағы қуатты теңеулер мен ақиқатты астарларды түсіну, оны пайымдап, ұрпақ кәдесіне жаратудың өзі үлкен күшті талап етеді. Сондықтан да түркі халықтарының рухты да қайсар, қуатты жазушысы деп білемін», – деген ақжарма тілегі мен өзіндік пайымын ортаға салды. Осындай жалынды теңеулер мен жақсы естеліктер жолдаған Қуанышбай Құрманғалиев, Нұрғали Ораз сынды бірқатар қаламгерлерде сайын даланың Сайыны жайлы шырайлы да шуақты әңгімелер өрбітіп, жетісулықтарға деген пейілдерін жеткізді. Сонымен қатар, бұл дүрмекті ұйымдастырған облыс басшыларына деген алғыстарын жаудырды. Ауыл тірлігін шығармасында алақанға салғандай көрсетіп, көркемдік дәрежеде бедерлеген, соғыс жылдары сорлап қалған елді мекеннің тірлігін тарихта қалдырған жалынды жазушының туғанына 80 жыл толуына орай өткен мерейтой Бикен Римова атындағы облыстық  драма театры әртістерінің шағын көрінісімен жалғасын тапты (суретте). Онда аталмыш театр ұжымы Сайынды сахналап, онсыз да зиялы қауымның жақсы тілектерінің әсерімен арқалы қаламгерін сағынып отырған көпшіліктің көңілін босатты. Қарапайымдылықтың шекпенін жамылып жүріп шағын әңгіме шебері атанған Сайынды көз алдымызға алып келген аталмыш драма театрдың көрінісінен кейін Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Көңілді кеш көрерменнің жазушыға деген сағынышын еселеп, ән мен күй, жақсы естеліктер әдебиет әлеміне еріксіз саяхат жасатып қана қоймай, көңілді көкжиекпен астастырғандай болды. Рухани шараның соңы зиялы қауым мен жазушының ұрпақтарына жайылған дастарқанға ұласып, ән мен тілектер де жалғасын тауып жатты.

АҚЫН ДА БІР ДОМБЫРА КҮМБІРЛЕГЕН

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары өзінің жалынды жырларымен оқырман жүрегіне жол тапқан ақынның есімін бүгінде ерекше құрметпен, көзін көрген жандардың естелігімен еске аламыз. Жер жаннаты Жетісудың топырағынан, өзендер өрнектеген өлкеден, «Елдің төрін, тілдің мөрін ұстаған» (Бауыржан Омаров) қасиетті жерден,   Талдықорған өңірінен шыққан Әділбек Абайділданов, Құдаш Мұқашев, Жұматай Жақыпбаев, Ордаш Кендірбаев, Жамау Бұқарбаев, Өтепберген Ақыпбеков, Тоқтасын Сүгірбеков, Қайрат Әлімбек, Тоқбай Исабеков, Әбен Дәуренбеков, Сәкен Иманасов ағаларымыз туралы, олардың мұралары жайлы қаншалықты білемін?

Жырлары жанға жайлы жаздың самалындай Әбен мен Сәкен ағаларымды өмірінің соңғы жылдарында әдеби кештерде бір-екі рет көргенім болмаса, «айтса – дуалы ауыз айтсын» (Шерхан Мұр­таза) деген сөздің парқына бармай, ақын аға­лардың дуалы ауыздарынан шыққан сөздерін көкейге түйіп те алмаппын. Бәлкім, бұл Қайрат ақын айтқандай, «тағдыр деген күйшінің қолын­дағы» домбыраның күй ауаны ырғағымен желе жортқан өмір жолы мен өлең жолының түйіспеген тұстарынан да болар. Мен олармен пікірлесіп, өлеңдерін өздеріне оқып бермегеніммен  жарқын тұлғалардың жыр мұраларынан әдебиетте қалдыр­ған өшпес іздерін анық байқап, бағамдаймын.

Менің қолымдағы Қайрат Әлімбектің:

Адам үшін жаралған ой адамы,

Оймен ұйқтап, ойымен оянады.

Түрлі істер тұрғанда өмірінде,

Ой ойлауын қалайша қоя алады?! – деген өлеңі енгізілген. 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Аудитория» атты студенттер жыр жи­на­ғы құдды бір поэзия патшалығынан тіл қатып тұр­ғандай. Беттері сарғайып кетсе де құн­дылығын жоғалтпаған сол жылдары жоғары оқу орын­дарында оқитын студент жастардың тырнақалды өлеңдері енгізілген жинаққа жазушы Әлсейіт Ақ­пан­бетов мынадай пікір қалдырған екен: «Көзін ашқан көктемгі бұлақтар тәрізді өмірге ғашық көзбен қарайтын талапкерлердің игі талпы­ныс­тары, тұнық сезімдері, жүрек дауыстары жыр­сүйер қауымды елең еткізер деген сенімдеміз».

Сенім ақталғандай. Сол жинаққа тырнақалды дүниелері енген талаптылар қатарынан поэзияның тасын өрге домалатып,  «ой мен сезімнің образға айналған көркемдік жарасымын, өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысын» (Сағат Әшімбаев) – өлең атты құдіреттің бағын жандырған  ақындар (Бауыржан Жақып, Светқали Нұржан, Бауыржан Үсе­нов, Баян Бекетова, Ерболат Баятұлы, Нүсіп­бай Әбдірахым, Гүлнар Салықбай, Қазбек Иса, Сәу­леш Шатенова, Дағжан Белдеубайұлы, т.б.) шықты.

Осы лектің ішінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақ­стан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Сө­зім­нің гүлі» (1989), «Жоқ іздеген жігітпін» (1994), «Намыс найзагері» (1999), «Махаббатстан» (2000), «Көзімнің нұры» (2003) атты жыр жинақтарының авторы, республикалық «Арай-3аря» журналында, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Алматы ақшамы», «Дала дидары», «Өркен-Горизонт» газеттерінде жауапты қыз­мет атқарған, Қазақ радиосы бас редак­то­ры­ның орынбасары болған, қапияда өмірден ерте кеткен талантты ақын Қайрат Әлімбек те бар еді.

Дабыл ұрсын жүрегім, дабыл ұрсын,

Жоқ іздеген жігітті бәрі білсін.

Көшпелі алтын секілді көз алдымда,

Қара түнде жоғалған жарығымсың, – деп төк­пелеткен ақын өмірге жалындап келіп, жалын­дап өтті. Турасында ол – атадан бабаға мұраға қалған жәдігер-жырдың жоқшысы болды.

Арғымақ ақын туған топырағын ерекше са­ғынышпен жырға қосады:

Туған жерім – Жаркентім – нәзік мекен,

Сағынышты сен деген жазып кетем...

Көрерсіңдер, көгілдір тауда туғам,

Маңдайымдай таңдайым жазық па екен?

Арғымақ ем, елсізде азып кетем,

Шөпілдеген шөлімнен саз ұқ бөтен.

Шылбырымды сүйретіп шығандаған,

Туған жерде қағылып қазық бекем.

Ол жүректен шыққан жырларын «Поэзия, кел бері, сырласалық, Қиналғанда саламын жырға салық», – деп ақ қағазға таңғы шықтай мөлдіретіп төкті. Қайрат ақын өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет етіп,  еселі еңбегін елін қуантуға арнады:

Өз елімді жоғалтпаймын жанардан,

Елім барда мен шырқаймын тағы алда ән.

Әр ісіммен қуанта алсам елімді,

Сонда ғана дей аламын жоқ арман!..

Арман... Өмірдің тылсым құпияларын біл­мейін­ше асыл мұратқа  жету жолында биікке қол созған адам баласының арманы таусылған ба? Жоқ?! Жыраулар поэзиясына ат басын бұрып, Бұқарша айтсақ:

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де.

Ай нұрын ұстап мінсе де –

Қызыққа тоймас адамзат.

Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да.

Қалжырап, көңіл қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да –

Үмітін жоймас адамзат!

Қызығы да, үміті де, арманы да таусылмас «қам­шының сабындай ғана» өмірде Қайрат ақын еліне орасан жақсылық жасап, сүйікті ұл, жақсы адам болып өтуді армандады. Өмірдің қымбат екенін жаңа-жаңа ұғынып, өмір – өзінің «жарқыл­дай­тын аспаны, сарқылмайтын дастаны» екенін айтады:

Мен – өмірді жас зерттеуші, жас ғылым,

Енді оянып, енді зерттей бастадым.

Өмір – кітап, түсінуі тым қиын,

Әрбір күнім – әрбір бетін ашқаным.

Жағылды ма жүрегімде жаңа шам,

Ойланумен өтеді ылғи оңашам.

Армандаймын: ұлы еліме сүйікті,

Жақсылықтар жасасам деп орасан.

Маржан іздеп терең теңіз түбінен,

Күн батарда атар таңға үңілем.

Өмірімнен, өз ортамнан үйреніп,

Жақсы адамға айналармын түбі мен!

Иә, осылай жыр төккен Қайрат Әлімбек шы­нын­да да жақсы адам да, жақсы ақын да бола алды.

Бір кездері жас ақын Қайраттың жырлары момақан қоңыр таудың күнгей бетіндегі шымырлап ағып жатқан таза, жылы бұлаққа ұқсайды. Ол асығып, аптықпайды. Сабырлы қалпын сақтап алға қарай жылжыған сайын суы молайып, молайған сайын арна салып, арындап ағатын жырдың үлкен өзеніне айналып кететіндігіне сенімім кәміл», – деп үлкен үміт артып жазған ақын Жәркен Бө­деш­тің («Қазақ әдебиеті», ақпан, 1993 жыл) сөзі шын­дыққа айналғандай.

Сол жылдары қарымды қаламгер, жүйрік журналист Қайрат та өзінің қайраттылығын «Мен журналистпін» атты өлеңінде танытқан еді:

Болашаққа жасайтын хабарлама,

Бар қаруым – өткір ой, қалам дара.

Бар мақсатым – адамды тәрбиелеу,

Тақырыбым жалғыз-ақ – Адам ғана!

Тозғаның ба?!

Одан да сөзді орында!

Өзіңнің болашағың,

Адамзат, өз қолыңда!

Ақын тағы бір жырында:

Жолға шығам, жан емен үйді ықтаған,

Түсіндірем жандарға күйді ұқпаған.

Жан-жағымда – жырлайтын адамдарым,

Оң қолымда – құлагер – жүйрік қалам, – деп төгілдіре түсіп, өміріне серік еткен «жүйрік қаламын» құлагерге балайды.

Жүректен саулаған жырларына туған елі мен жерін, өмір баспалдақтарын, адамзат тағдырын, көңілдің кейбір кездерін тақырып еткен ақын:

Отаным ғой –

Мекен еткен менің ғажап достарым.

Бақытым сол – мына өмірде найзағайдай

Қас қағым.

Арасында жүрсем болды,

Керегі жоқ басқаның! –  деп «найзағайдай қас қағым»  өмірінде соңы­нан ғажап жырлар қал­дырып кетті.

Ақиық ақын  Мұқағали күнделігіндегі: «Өмір­ге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көз­қа­расы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін аза­ма­тымын деуге де хақысы жоқ», – деген сөздері қо­лы­на қалам ұстаған әркімге ой салары сөзсіз.

Талай жас дарынға шамшырақ болған Мұқа­ға­ли­дің ізімен («Менің анкетам») жазылған  Қайрат ақын­ның  «Мен деген, Жолдас!..» атты өлеңін оқып көрелік:

Өмір толқын ала қашты жыраққа,

Қарсы жүздім, мойымадым бірақ та.

Кездестім де адамдармен көптеген,  

Жауап бердім төмендегі сұраққа:

– Аты-жөнің?

– Танысуға асық тым.

– «Мұқаңдардың сарқыты» Әлімбеков Қай­рат­пын.

Әкем, анам ұлылығын тарту еткен аймақтың,

Мен оларға тентегімін және-дағы әйбатпын.

– Туған жерің?

– Тумасымын Талдықорған жеріндегі тау-шыңның.

– Туған жылың?

– 1963, орта шені маусымның, – деп басталып, ақын жүрегі жырлау үшін  «уақыт» атты тақсырға тәуелді жанның сырын шертеді:

– Мекен-жайың?

– Мекен-жайым көзімдегі қарашықтай

Жер шары.

Жерде жүрген ақынмын ғой,

Ақынмын деу ерсі әлі.

Уақыт керек,

Жүрегімнің жырлайтұғын дер шағы!

Иә, ақын жүрегінің жырлайтұғын дер шағы еді...

Өзінің «Ажалмен бетпе-бет» өлеңінде түн ортасында таяп келген «ажал атының тұяғына» айқаймен қарсы шығып, «көнер едім... Бірақ түк бітіргем жоқ» деп, «дүниеге келгелі қуып жүрген», Қорқытқа да дес бермеген ажалға уәж айтады:

Бүгін мені қайтесің дара нұсқап,

Адам құшам!..

Ойым жоқ дала құшпақ.

Оқырманға қолтаңба қойғанда кел,

Мен өлейін, өлсем де, қалам ұстап!

«Мұхит – ойға мол жүзген» аз ғұмырында «жоқ іздеген жігіттің» соңында қалдырған жинақ­та­ры­ның қаншасына өз қолтаңбасын қойып, қанша адам­ды кең құшағына сыйдырып, мейірлене құшып үлгерді екен?! Ақын жүрегінде қаншама айтылмаған сыр, жазылмаған жыр қалды екен деген ойға батасың...

«Ақын – өзінің туған топырағының елшісі. Әлем ақынға қарап, оның туған халқы туралы ой түйеді. Ақын өз халқына адамзат мәдениетінің, бүкіл дүниежүзі мәдениетінің нұрын шашады» деп жазады Олжас Сүлейменов.

 Қайрат Әлімбек те ақын ретінде өз туған топырағының елшісі бола білді. «Тәу етер Тәуел­сіз­дік», «Тіл туралы толғаныс», «Алаңдама, адам­зат!», «Ел менің жанарымда», «Менің далам», «Сары дала. Бозторғай», «Бақытты күн», «Алтынға тең күміс», «Бабалар рухымен сырласу», «Ұлы­лық», «Қаныштың кілті» және т.б. өлеңдері мен «Ба­тыр бел буғанда» балладасында ел мен жер, елдік пен батырлық, халықтың асыл мұралары жайында қалам тербейді.

«Батыр бел буғанда» балладасының кіріс­пе­сін­де:

Уақыттың түйе-жонына,

Уақиға көп қой сыр теңдер.

Аңыз бар менде, оны да,

Шындық деп шерткен үлкендер.

Жеті өзен аққан өлкеде,

Жеткен де бізге лаң із көп.

Бәрі де болған ертеде,

Ойлайтын біздер аңыз деп, – аңызға бергісіз оқиғаны әдемі суреттеп шығады. Қазақтың алтын бесігі болған шағын ауылдағы жасы жетпістен асқан қарт батыр Шәймерденнің «Тәуекел деп, ереуіл атқа ер салуы» Ұлы Отан соғысы жыл­да­рын­да талай жасқа жігер береді.

Дүние есігін ашқан кез келген адам ақылы толысқан сәттен өмірдегі арманын, мақсатын, мұратын, үмітін – өмір жолының бағдарын айқын­дай­ды. Ақын болмысы басқалардан екі есе ой тол­ғайды. Қайрат ақынның жүрегінен шыққан ой­тол­ғам мынадай:

Өмірім енді қайтіп қалыптасар,

Арманым қайда, қалай алып қашар?!

Ізгі адам Абай айтқан болар ма кем,

Әрқашан адал сөйлеп, анық басар.

Ұлы өмір ашқан сәтте енді есігін,

Танылар қандай болып елге есімім.

«Қай жерде аяқталып қайран сапар»,

Ұлына ұсынады жер бесігін.

Иә, адам баласына сапарының соңы қай тұста аяқталатыны беймәлім. Алайда, тал бесіктен жер бесікке барар ұзын жолдың бойында «өмір» атты керуеннің тоқтап, тағдырдың жазуына қарай бірін қалдырып, бірін алға ілестірері анық.

Сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап, бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді», – деген еді. Қазақтың қаламы жүйрік, талабы таудай, арманы асқақ Қайраттай ұлы 40 жылғы аз ғана ғұмырында «өз өмірінің суретшісі» бола білді. Талантты ақынның өлең, махаббат, достық, адалдық, жалпы  өмір тақырыбында салған жыр-суреттерінің ғұмыры мәңгілікпен ұласарына оның адал еңбегі кепіл бола алады.

Ақынның өзі де:

Тайбурыл қасиеті маған қонса,

Ортаймас елім бар да сабам да онша.

Кемдік те күннен-күнге жетілер-ау,

Алдымен Жәдігер-жыр аман болса!.. – деп жырлауы тегін емес шығар. Ақынның Жәдігер-жыры жасай берсін!