ӨНЕРКӘСІБІ ӨРГЕ БАСҚАН ӨЛКЕ

Іргесі татулық пен бірліктен, босағасы берекеден құрылған Іле ауданында ілкімді істер көп. Өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен аталған ауданға барғанымызда жұмысы қызып тұрған кешендерге куә болдық. Мұнда жалпы саны 200 мыңға жуықтайтын жұртшылық жарасымдылық тауып, 34 ұлт өкілі татулықты тірек етіп, ынтымақты тілек етіп күн кешуде. 

Сапар барысында тілшілерді күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Жүнісов аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Өңірдің экономикалық дамуының іргетасы – өнеркәсіп. Аудандағы алғашқы қадамымыз  Байсерке ауылдық округінен басталды. Ол жерде аудан ғана емес, республикаға үлкен үлес қосатын  зауыт салынуда. Ауылдың шеткі бөлігінде «Лукойл Лубриканте Централ Азия» ЖШС жағармай материалдарын шығаратын зауыттың жоспары бекітіліп, құрылысы басталып кеткен. Аталмыш кешеннің алға қойған мақсаты да ауқымды. Іргесі қаланып болысымен мұнда орта есеппен 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Зауыт директоры Андрей Матюковтың сөзіне жүгінсек, сапалы өнім шығаратын бірден-бір зауыт осы болмақ. Иә, мұнда жылына 130 мың тоннаға дейін өнім өндіру көзделген. Көлікке арналған майдың 700-ден астам түрі жоғары технология бойынша осында дайындалмақ. Зауыт директоры жобаның картасын көрсетіп, ғимараттың ішкі-сыртқы сызбасымен таныстырды. Сондай-ақ, өнімнің сапасын қадағалайтын зертхана жұмысын да түсіндірді. Болашақта отандық өнім елімізге және Орталық Азия мен Қытай Халық Респуб­ликасына таратылмақ.

Іле өңірінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаратын зауыт та өз биігінде. «DOLCE» ЖШС – бір реттік медициналық заттарды шығаратын кешен. Мұнда арнайы дәрігерлік киімдермен ақ жаймалар және ішкі емханалық инфекциялардың алдын алуға, медицина қызметкерлерін түрлі аурудан қорғауға арналған бірқатар дәрілік заттар өндіріледі. Атап айтарлығы, зауыт тек өңірімізді емес, алыс-жақын шетелді де қамтып отыр. Мекеме басшысы Рауль Ялымовтың айтуынша, өнімдер Орта Азия және ТМД елдеріне экспортталады. Сапасы жоғары тауарға сұраныс көп. Осыған орай, болашақта өндіріс көлемі ұлғайып, жұмыс қуаты арта түспек.  Ағымдағы жылы «Самұрық – Қазына» компаниясымен өзара келісімге отырған зауыт 300-ден аса адамды жұмыспен қамтуда. Бүгінгі таңда медициналық жабдықтардың 200-ге жуық түрі шығарылады. Ал бұл санды болашақта екі есеге арттыру да көзделіп отыр. Мекемеге түскен тапсырмалардың бас-аяғын қоссақ, былтырғы жылдың өзінде 16 млн. теңгенің тауары сыртқа шыққан.

Өңірде дәрі-дәрмек таратып, ел денсаулығының жақсаруын тілек еткен «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС – GMP стандарттарына сәйкес дәрілік заттарды өндіретін толық циклді фармацевтикалық зауыт. Өңіріміздің көптеген дәріханасымен келісім жасасып, дәрі-дәрмекпен қамтып отырған кешен жауапкершілігі жоғары. Кәсіпорын негізі импортты алмастыру аясында 2000 жылы құрылған. Әзірбайжан, Өзбекстан және Украина елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. 2003 – 2011 жылдар аралығында өнім портфеліндегі дәрілік заттар 20-дан 100-ге дейін артқан. Түркияның инвестициясымен салынған зауыт еліміздің пәрменді көмегімен көтеріліп, қос тарап күшімен өндіріс арта түскен. Озық техника, мұнтаздай тазалық, жоғары жауапкершілік таңдандырмай қоймайды. Барлығы заман талабына сай. Дәлдігі жоғары өлшеу приборлары, сынақ жүргізу жабдықтары, дәрі дайындау құрылғылары, жоғары есеппен салынған зертханалар ең жоғары сапада. Компания алдағы уақытта 200-ден астам құрал-жабдық  шығаруды және Таяу Шығыс елдеріне өнім экспорттауды жоспарлап отыр. Мекеменің бас директоры Зиятхан Гасановтың сөзіне сүйенсек, жобаның жалпы құны 3,7 млрд. теңгені құрайды. Қазір мұнда қант диабеті, туберкулез сынды ауру түрлеріне тосқауыл болатын дәрілер шығарылса, болашақта вияны, иммунды тапшылықты емдейтін препарат өндіру көзделуде. Өңір келбетіне  қан жүгірткен жобаның бірі – аудандағы газоблок пен жылу кірпіштерін шығаратын зауыт.  Төле би ауылынан орын тапқан өндіріс ошағы 1997 жылы құрылып, қызыл кірпіш шығарумен жұмысын бастаған. Кейіннен ісі ілгерілеген кешен өнімін көбейтіп кеңінен таныды. Былтырдан бері газоблок шығаруды қолға алған.  Өндіріс басшысы  Тоқан Ботабековтың айтуынша, зауытты іске қосу үшін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 200 млн. теңге көлемінде қаражат алынған. Алған қаржы ақталды. Қазір жұмыс жүйелі, тапсырыс мол. Оған мысал, соңғы он айдың ішінде мұнда 20 мың текше метр жылыту блогы шығарылып отыр. Сондай-ақ, кірпіш өңдейтін құрылғылардың бәрі жаңа технология тетігімен басқарылады. Құрамы құм, цемент, гипс, әктас (извест) және алюминийдің ұнтағынан тұратын кірпіш негізінен үй құрылысына дайындалады. Айта кетерлігі, өнім шығаратын шикізаттың барлығы дерлік отандық. Яғни, сыртқа алақан жаймай, жер байлығын жүзеге асыруда зауыт жұмысы жарап тұр. Қазірше еліміздің біраз өңірін кірпішпен қамтитын кешен болашақта жұмыс қуа­тын арттырып, тауар экспорттауды көздеуде.

Ауданда дамудың жарқын үлгісін көрсетіп тұрған «Айсберг Алматы» қойма кешенінің жұмысы жақсы жаңалыққа толы. Азық-түліктен бастап түрлі тауар түрін сақтайтын мекеме жылы және суық кабиналардан тұрады. Суыту бөлмелері – 25 градустағы температураға де- йін салқындатылады. Кешен заманауи тұрғыда салынып, нанотехнологиямен жабдықталған. Атап айтарлығы, Орта Азия елдерінің ішінде «А» санаттағы мұздатқыш бірден-бір кабиналар осы қоймада.

Аймақтағы алюминий профильдерін шығаратын зауыттың ел экономикасына тигізіп отырған үлесі үлкен. Өткен жылы іске қосылған зауыттың аз уақытта бітірген шаруасы шаш етектен. Кешен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде ашылған. Негізгі жұмыс металды балқытып, одан түрлі фигураларды, сондай-ақ, тұрмысқа керек құрылғыларды шығарудан тұрады. Жас болса да бас болып, үлкен істі мойнына алған өндіріс басшысы Нұрсұлтан Жұмабектің сөзіне сүйенсек, зауыт айына 1200 тонна, ал жылына 16 мың тонна өнім шығарады. Балқытылған темір дайын болғанша нығыздау, бояу, анодтау сынды бірнеше процестен өтеді. Негізінде бұл саланың дүниежүзі бойынша даму қарқыны жоғары. Осыған орай шетелмен тәжірибе алмасып, біліктілік жинаған мамандар өнім сапасын жоғары қылып шығару жолында барын салуда. Мекеме 180 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал олардың айлығы орта есеппен 160 мың теңге төңірегінде. Ұлтым деп қызмет еткенге жұртым деп жауап қайырар қазақтың қағидасы бар. Өтеген батыр кентінде орналасқан екі 50 пәтерлік жаңадан жалға берілген тұрғын үй құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген. Сырты сәнді, іші мәнді биік талғаммен салынған пәтерлерге 796,9 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Аумағы 9,3 мың шаршы метрді қамтитын баспана  тұрғындарының Елбасыға, облыс әкіміне және аудан басшылығына айтар алғысы  шексіз.

Ауданда жыл санап адам санының артуына байланысты мектеп пен балабақша құрылысы қарқынды. Өтеген батыр кентіндегі «Қуат» ықшам ауданынан бой көтерген «Сұңқар» балабақшасы былтыр пайдалануға берілген. Мекеме 500 орынға арналған. Онда  11 қазақ тобы тәрбиеленуде. Балабақша материалдық-техникалық жағдаймен толық қамтылған. Мекеме меңгерушісі Болат Әубәкір өз сөзінде балабақшада 38 жоғары және арнаулы орта білімді мамандардың қызмет атқаратынын жеткізді. Жас ұрпақ санасына тәрбие, білім құндылықтарын қалыптастыру жолында балабақшаның рөлі зор. Артылар жауапкершілік те жоғары.

Ауданда «Балапан» бағдарламасы аясындағы ауқымды істер көп. Иә, аталмыш аймақ үш ауысымды мектептің алдын алу үшін жүйелі жұмыстар атқаруда. Ағымдағы жылдың өзінде 9 мектепке құрылыс жұмыс­тары жүргізілсе, оның 7-уі «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Аталмыш шаруа­ның іске асуын көзбен көру үшін Түймебаев ауылындағы 600 орынға арналып салынып жатқан орта мектепке бас сұқтық. «Аламан – Құрылыс» ЖШС-і мердігер компаниясының жауапкершілігімен жүзеге асып жатқан білім ордасына  1,6 млрд. теңге бөлінген. Мекеме келесі жылдың басында пайдалануға берілмек.

Кәсіпорындарды аралап, өңірдің тіршілігімен танысқан соң Іле ауданының әкімі Қыдыркелді Медеуов журналистермен кездесті. Даму көрсеткіштері бойынша көш бастаған өңір өсіп, өркендеуде. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласындағы көрсеткіштер көңіл қуантады.  Аудан әкімі Елбасының Ұлт жоспары аясында өңірде атқарылған жұмыс­тарды рет-ретімен айтып, аймақта жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып өтті. Тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.  Ол өз сөзінде ағымдағы жылы өңірде 15 жаңа өнеркәсіп нысаны іске қосылып, нәтижесінде 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Ауылшаруашылығында жалпы өнім былтырғы жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Мемлекеттік қолдаудан дәнді дақылдардың егістік және өнім  көлемі ұлғайған. Кәріз жүйелері мен құбырлар жөнделіп, ауызсумен қамту көрсеткіші 97 пайызға жеткен. Сондай-ақ, жол көгілдір отын, табиғи газ мәселелері де түбегейлі шешім тапқан. Ауданда жетістіктер жетерлік. Атап өтейік, облыстың өнеркәсіп өндірісінде ауданның үлесі 32,4 пайызды құрап отыр.

Құралбек Сәбитов,

"Жетісу" газеті