Алматы көшесінен Мирзоянның аты өшті (ФОТО)

2016 жылғы 1 желтоқсанда сағат 11.00-де Республика сарайының алдында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне» арналған салтанатты шара өткізілді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы айтулы күн шеңберінде 1991 жылы 10 желтоқсанда өткізілген тарихи оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірінші инаугурациясын есте қалдыру мақсатында ескерткіш тақтасының ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Мерекеге Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, құрметті азаматтар, қала тұрғындары мен жастар қатысты.

Іс-шара барысында Алматы қаласының әкімі қаладағы 7 көшенің атауына жаңа есімдердің берілгені туралы мәлімдеме жасады.

Бауыржан Байбек бұл шараның, яғни Алматы көшелерінің атын өзгерту қала қоғамының пікірінен туындағанын айтты.

Алматы қаласы мәслихатының шешімімен бірқатар көшелердің аты жаңаша аталатын болды.

Сонымен, өзгертілген көшелер:

Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша -"Көкқайнар" шағынауданындағы "Абай" көшесі - "Әзірбайжан Мәмбетов" көшесі;

"Әйгерім-1,2" шағынауданындағы "Ленин" көшесі - "Василий Бенберин" көшесі;

Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша -  "Левон Мирзоян" көшесі - "Шапық Шөкин" көшесі;

Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша: "8-линия" көшесі - "Ербол Сыпатаев" көшесі;

Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша: 5. "Көктөбе" шағынауданындағы "Жамбыл Жабаев" көшесі - "Роза Бағланова" көшесі;

Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша: "Қалқаман-2" шағынауданындағы "Мұхтар Әуезов" көшесі - "Бәйкен Әшімов" көшесі болып қайта аталатын болды.

Алматы қаласы әкімінің қалың бұқара наразы болған Мирзоян көшесінің атын өзгертуі және желтоқсан көтерілісінің батыры Ербол Сыпатаевқа көше атын беруі қазақты қуантарлық жаңалық.

Осындай жағымды жаңалықтар көп болғай.