Жетісу жерінде тұрғындар қауіпсіздігі басты назарда

Жетісу жеріндегі қылмыстың алдын алу, тұр­ғындардың қауіпсіздігін сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау, мал ұрлығы мен жол-көлік оқиғасын болдырмау сынды аса жауапты міндеттердің жергілікті полиция қыз­метіне жүктеліп отыр­ғандығы белгілі. Биылғы жыл басынан жұмысын бастаған облыстық жаңа органның басшысы Марат Әлімқұлұлы Күштібаев 20 қыр­күйек күні ел-жұртпен телефон ар­қылы тікелей тілдесуге ре­дакциямызға келген болатын. Айналдыр­ған бір сағаттың ішінде хабарла­сушылардың барлы­ғы өздерінің басындағы жағдайды әңгімелеп, жергілікті полиция қызметінің бастығынан көмек сұрады.

– Балам былтыр жасаған қылмысы үшін жазаға кесіліп, 5 жылға сотталды. Бауыр етім балам болғандықтан жамандыққа қиғым келмейді. Содан кейін де кесілген мерзімінен бұрын шығарып алуға күш салсам деймін. Ол үшін не істеуге болады? Жазасын өтеп жатқан мекемеде қазіргі тәртібі жақсы екен. Шындығында қасындағы балалардың жетегіне еріп, заңсыздыққа ұрынды. Әйтпесе тышқанның мұрнын қанатпайтын баламның мінезін жақсы білемін. Біреуді ренжітпек тұрмақ адамның бетіне тік қарап сөйлей алмайтын. Турасын айтқанда, арандатушылардың итеруімен сотты болды. Рая ТҰРАШОВА, көпбалалы ана, Панфилов ауданы, Аққұдық ауылының тұрғыны. – Сіздің аналық толқынысыңызды түсінемін. Дегенмен, бұл мәселені шешу жергілікті полиция қызметінің құзіретіне жатпайды. Қазақстан Республикасы Қылмыс­тық кодексінің 72-бабында: «Егер сот адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етілмейді деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн. Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады» деп шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату тәртібі жазылған. Аталған баптың талаптарымен толық танысып шығыңыз. Аталған талаптарға сай тек қана сот шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылады.

– Менің қоятын сұрағым жоқ, жалғыз ғана ұсынысым бар еді. Ең алдымен «Жетісу» газетіне рахмет айтамын. Өйт­кені сіздің келетініңізді неше рет хабарлап, жарнамасын тұрақты беріп отырды. Мені көптен бері: «Ауылдық округтегі полиция қызметкерінің отбасы қайда тұрады? Неге сол ауылда тұрмайды?!» – деген ой мазалап келеді. Өйткені, ауылымыздағы учаскелік полиция қызметкерін ешкім танымайды. Себебі, Талдыбұлақ ауылы Белбұлақ ауылдық округіне қарайды. Екі ауылдың арасы 4 шақырым. Талдыбұлақ, Шымбұлақ ауылдарында кемінде 400-500 отбасы тұрады. Алайда арнайы учаскелік полиция бекеті жоқ. Сондықтан болар, тәртіп сақшысын танымаймыз, білмейміз. Осыған байланысты сіздерге ұсыныс ретінде ойымды айтқым келеді. Айдархан ҚАЛИЕВ, Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны. – Рахмет, Сіз орынды мәселені көтеріп отырсыз. Қазіргі таңда әрбір ауылдық округке қарасты полиция бекеті жұмыс істейді. Соңғы жылдары Үкімет тарапынан жасалған қолдау­дың арқасында учаскелік полиция қызметкерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесі көтеріліп, полиция бекетінің жанынан қызметтік үй салу қолға алынып жатыр. Қазіргі таңда облысымызда учаскелік полиция бекеті мен тұрғын үйдің бірлескен 10 нысаны бар. Жергілікті полиция қызметінің талабы бойынша, учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген учаскеде отбасымен тұруы тиіс. Себебі, сол ауылдың, сол өңірдің тыныс-тіршілігімен жақын танысқан полиция қызметкері ғана қылмыстың алдын алу, ұрлықты болдырмау сынды аса жауапты міндеттерді  өз дәрежесінде атқара алады. Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 24 шілдедегі №458 бұйрығымен ауылдық жерлердегі халық саны 1800 адамға толғанда 1 учаскелік полиция инспекторы бөлінетіндігі бекітілген. Осыған орай, округ тұрғындарының санына сәйкес бірнеше ауылға бір учаскелік полиция инспекторы қызмет етеді. Аталған инспектор сол ауылдардың біреуінде тұруы тиіс. Сіздердің Белбұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Қожахметов Әсет Бақытжанұлы (тел.: 87016643474) Белбұлақ ауылында тұрады. Округке қарасты ауылдардың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Дегенмен, учаскелік инспектордың жұмысына қатысты арыз-шағымдарыңыз болса, кез келген уақытта Алматы облысы ІІД жергілікті полиция қызметіне       8 (7282) 60-75-05 телефоны арқылы хабарласуыңызға болады.

– Мен 1997 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы кеңшардың аумағынан 140 гектар жерді 49 жылға жалға алғанмын. Содан бері диқаншылықпен айналысып, жұмыс істеп келемін. Құдайға шүкір, еңбектенген адамды жер аш қалдырмайды екен. Оған осы жылдар ішінде көз жеткіздім. Менің осындай тынымсыз еңбегім мен табыс­ты тіршілігім Құрмангелді Жұматаев, Ретхан Жұматаев, Асылтай Мұқатаев дегендерге ұнамаған болуы керек. Жердің басындағы ескі базға үй салып, сырттай заңсыз құжат жасатып, иелік етуді мақсат еткен көрінеді. Сот арқылы тартып алды. Оларға Манат Асылбекова деген қосылып, сотқа жалған куәгерлік жасады. Менің қолымдағы құжатымды сот жарамсыз деп танып, жерді заңсыз құжат жасатқандарға алып берді. Оны бүкіл ауыл тұрғындары жақсы біледі. Соған байланысты аудандық ішкі істер бөліміне екі рет, алғаш 2013 жылы, былтыр екінші рет шағымданғанмын. Алайда ешқандай дерек жоқ. Не сотқа шақырмайды, не жерімді қайтарып бермейді. Осыған байланысты сізден көмек сұрайын деп едім. Аудандық ішкі істер бөліміне берген шағымымды қабылдатсаңыз. Нұрлан ОРАЗБЕКОВ, Ақсу ауданы, Жансүгіров кентінің тұрғыны. – Шешімі қиын даудың бірі – жер дауы. Өйткені ауылшаруашылығымен айналысатын адамдар үшін жер  күнкөріс көзі. Сіз көтерген мәселені шешу үшін прокуратура және сот органдарына шағым түсіру қажет. Қабылданған шешімнің дұрыс немесе бұрыс екенін сот арқылы ғана дәлелдей аласыз. – Мен басымдағы жағдайға сізден көмек сұрайын деп хабарласып тұрмын. Осыдан 3 ай бұрын күйеуге шығып, отбасылық өмірдің қызығын енді біле бастаған едім. Жақында күйеуім: «Бір апта демала тұр», – деп төркініме әкеліп тастады. Неліктен екенін біліп, күйеуіммен сөйлесейін десем енем сөйлестірмейді. Қазір аяғым ауыр. Күйеуіммен 1 жарым жылдай  жақын араласып жүріп, бойға бала біткен соң ақылдасқан едік. Ол үйленетінін айтып, бас құрадық. Бірақ неге екенін заңды некеге тұрмаппыз. Өткенде хабарлассам: «Бала менікі емес», – дегенге шығыпты. Соған байланысты үйдегілер: «Неке куәлігі болмаса ешқайда шағымдана алмайсың, алимент өндіру мүмкін емес», – деп тежейді. Осыған сіздің көмегіңіз керек болып тұр. Жазира ҚОҚЫМБЕКОВА, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылының тұрғыны. – Сіздің келеңсіз жағдайға жолыққаныңыз өкінішті. Қазіргі таңда осындай оқиғалардың көп орын алуы қынжылтады. Өкінішке қарай, мәселеңізді шешу жергілікті полиция қызметінің құзырына жатпайды. Сізге сот органдарына хабарласуға кеңес беремін.

– Менің балам Ғабит Сұлтанбеков 2008 жылы, 9-сыныпта оқып жүрген кезінде бір балаларға ілесіп, қылмыс жасағаны үшін істі болды. Онда да қасындағы достарының: «Жай қалжыңдап, қорқытамыз», – деген сөзіне сеніп, қылмысқа қалай араласқанын білмей қалады. Сот болып, 1 жылдық шартты жазаға кесілген баламның мектеп бітіргеніне де міне, 5 жыл болып кетті. Соны бір мамандық алуына көмектесіп, оқуға түсірейін десем: «Оқуға түсіп, жұмысқа тұрғанның өзінде менің сотталғаным туралы дерек алдымнан шығады да тұрады», – деп тартынады. Тіпті қарапайым жұмысқа тұрайын десе де прокуратурадан сотталмағандығы туралы анықтама сұрайды екен. Алматыда күзетші болып жұмысқа тұрған еді, анықтама сұрапты. Прокуратураға барса, сотты болғандығы жайлы дерек алдынан шығыпты. Соны алдырып тастауға бола ма? Ермекхан БОЗАНОВА, Панфилов ауданы, Аққұдық ауылының тұрғыны. – Бұл мәселе біздің құзыретімізге жатпайды. Аталған мәселені шешу үшін прокуратура органдарынан кеңес алуыңызға болады.

– Жақында жүргізуші куәлігімнің уақытының бітуіне байланысты ауыстыруға бардым. Сол жерде менің автокөлігіме тіркелген бір бума айыппұл шыға келді. Оған дейін не поштадан, не автоинспекциядан ешқандай ескерту келмеген. Оның көбі 2014 жылғы маусым-тамыз айларындағы бағдаршам тұсындағы тоқтау жолағына байланысты екен. Яғни, бәрінде де автокөлігімнің тоқтау жолағын басып тұрғаны түсірілген. Менің білейін дегенім, «айыппұлдар туралы ескертпе бір жылдың ішінде келмесе айыппұлды төлемеуге құқығы бар» деген мәлімет ел ішінде жүр. Осының ақ-қарасын айырып бересіз бе? Жұматай ОСПАНҰЛЫ, Талдықорған қаласының тұрғыны. – Автокөліктерге салынған айыппұлдар және оларды өндіру мәселесімен әкімшілік полиция басқармасы айналысады. Аталған басқармаға хабарласып, толыққанды ақпарат ала аласыз.

Тікелей желіні жазып алған Мәди АЛЖАНБАЙ.