ҒАРЫШКЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов туған өлкесі Талдықорғанда болып, Оқушылар сарайында болашақта ғарышкер болуды армандайтын жеткіншектермен кездесті. 

Алғашқы кезекте ғарышкер жуырда ашылған Оқушылар сарайының жас ғарышкерлерге арналған бөлмесін тамашалап, жас ұрпақтың осындай барлық жағдай жасалған әсем де әдемі ғимаратта қосымша білім алуына мүмкіндік ашылып отырғанына ризашылығын білдірді.

Бұдан соң үлкен залға өтіп оқушылармен емен-жарқын тілдесті.  Талдықорған атты ғажайып шаһарда оқып, орта білім алғанын, ғарышкер болсам деген аққанат армандарының да мектеп қабырғасында жүрген кезінде қаланғанын айтып өтті.

– Мен Талдықорғанға әрдайым асқақ сезіммен, сағынышпен келемін, өйткені туған қалам. Бүгінде болашағынан мол үміт күттіретін жеткіншектермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Оқушылық кезімді еске алар болсам, химияға қызыққаным соншалық, тәжірибелік сынақтар жасап, осы пән кабинетін екі рет жарып жібере жаздап, сол үшін жауапты болғаным да бар. Мұның бәрі мені болашаққа жетелеген асқақ армандар екен, – деді.

Бұдан соң оқушылар сұрағына жауап берді. Олардың бірінің: «Ғарышта қай тілде сөйлестіңіз?», – деген сұрағына: «Әлбетте, ағылшын тілінде. Өйткені, ол халықаралық тіл. Өзгелермен осы тілде қарым-қатынаста болдық. Сондықтан ағылшын тілі қажет. Оны мектеп жасынан меңгеріңдер», – деп жауап берді. «Ғарышкерлерге қандай талап қойылады?» деген сауалға: «Жоғары білімді болу керек, спортты жақсы көріп, ол бойынша белгілі бір жетістіктерге жету қажет. Онымен қатар астрономия, физика, химия деген сабақтарға ерекше бейім болып, сүйіп оқыған дұрыс», – деді. «Ата-анаңыз ғарышкер болуыңызға келісімін берді ме?» деген сұраққа: «Ата-анам қарсы болған жоқ. Мен де балаларымның өздері қалаған маман иелері болғанын қалаймын. Адам бір істі шын ниетімен атқаруды қаласа, одан міндетті түрде нәтиже шығарады», – деп жастарға ағалық кеңесін айтты.

№14 орта мектептің  оқушысы Дамир Мусипов  кезінде ғарышкер білім алған мектепте оқып жатқанын мақтаныш ететінін жеткізді.

Кездесу барысында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Жақан Бәрібаев пен жас техниктер стансысының директоры Серік Адайұлы сөз алып, ғарышкерге игі тілегін жеткізді.

Кездесу соңында Айдын Айымбетов өзінің үлкен портретін Оқушылар үйіне тарту етіп, сұрақ қойған оқушыларға да өз қолтаңбасы қойылған суреттерін сыйға тартса, облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Ғалымұрат Жүкел жерлестері атынан естелік сый ұсынды.

Алма Есенбаева,

"Жетісу" газеті