Мұхтар Әуезов және қырғыз әдебиеті

3750
1
Бөлісу:

bez-nazvaniya1111111111

 «Мұхтар Әуезов және қырғыз әдебиеті» туралы айтпас бұрын, Әуезовтей ұлы тұлғаның әлемдік әдебиеттегі орнын айтып өткен орынды. Мұндай ұлы тұғырлы сөзді, ғылыми пікірді айту үшін, әрине, ғаламдық ойшылдардың пікіріне сүйенбесе болмайды. Сондықтан да, ұлы Әуезов туралы қандай ғалымдар мойындап, ұлағатты сөз айтқанын жан-жақты барлап, түгендеп алғанымыз жөн. Осы орайда Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «… халқының асқақ мұраттары жолында бойындағы бар жақсысын: күллі ғұмырын, дарын қуатын, терең танымын, білімі мен білігін аямай жұмсап, рухани ұстаз атану хақына ие болған арыстарымызды, қазақ мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің асыл тұлғаларын бүкіл халық болып қастерлеу, мерекелеу сияқты жақсы салтымыздың жалғасы. Абай, Шоқан, Құрманғазы, Жамбыл, Шәкәрім… қандай жарқын есімдер, даналық жарқылы, дарын жасыны іспетті! Тіпті осы ғажайып шоғырдың ішінде айрықша жарқырап Мұхтар жұлдызы нұр шашып тұр», – дей келіп, құлашын кеңінен сілтеуге мұрсат бермеген ғұмырының ішінде ол кең құлашты прозалық шығармаларына қатар хас шебердің өріміндей әсем ондаған әңгімелер, пьесалар, либреттолар мен сценарийді дүниеге әкелді дей отырып, ұлы Әуезов тұлғасын айқын көрсететін салиқалы ойларға көшеді: «Әңгіме, әлбетте, санда емес, М.Әуезов туындыларының асылдығында, мінсіз сапасында. Ол «Абай жолы» эпопеясының өзге бір жол жазбаған күннің өзінде осы туындысының өзі-ақ оның келер ұрпақ көкірегінен мәңгілік орын алуы үшін жетіп жатыр еді.

Осы ғажайып шығарманы қолыңа алған сайын, оның әр жолын оқыған сайын көкірегінде өз елің үшін, өз халқың үшін мақтаныш сезімі оянады. Мұхтардың кемеңгерлігіне де, көрегендігіне де тәнті боласың, өзіміздің алуан қырлы төлтума мәдениетімізді әлемдік өркениеттің бөлігіне ажырағысыз балап, «жоқ, менің халқым ешкімнен де кем емес, менің халқым ұлы халық» деген жүрекжарды сөзіне тебіренесің, ұлы ақын жайлы эпопеяның өн бойына өрілген ұлағат қазақтың мынау зеңгір аспан астында өмір сүріп жатқан еш пендеден кем емес екеніне шүбәсіз иландырады. Сөйтіп, өткенімізге мұқият зер сала қарауға ұмсындырады, тындырған ісіңді ұлы бабаларымыз ісінің таразысына таратуға ұмтылдырады. Өз затыңды туа бітті табиғатыңды пайымдатпай қоймайды. Ендеше Әуезовті қазақ әдебиетінің классигі демегенде не дейсіз. Ендеше «Абай жолы» біздің әдеби шығармашылығымыздың шыңға біткен шынары демегенде не дейсіз.

Осынау эпопеядан басқа Мұхаңның қаламынан туған «Қилы заман» хикаясы ше, «Ескілік көлеңкесінде», «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», «Көксерек», «Қараш-қараш оқиғасы» әңгімелері ше. «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесалары ше, інжу-маржан басқа дүниелері ше», – деп толғанады Елбасы.

Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі – Ғылым академиясы жалпы жиналысының «М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі» атты сессия болғаны тарихтан белгілі.

– 2 –

 

ҚР ҰҒА вице-президенті, академик А.Қ.Қошанов «Мұхтар Әуезов және қазіргі дәуір» деген баяндамасында: «М.О.Әуезов шығармашылығы қазіргі заман тұрғысынан қарағанда, ерен ерлік, ұлылықтың теңдессіз үлгісі екеніне тағы да көз жеткіземіз. Ол шын мәнінде күн өткен сайын қайта түлеп, биікке өрлеп отыратын тұлға. Жазушының адамның рухани бостандығы және оның гармоноиялық үйлесімділігі туралы ізденістері ХХ ғасырдағы әлемдік көркем әдебиеттің айтарлықтай биік шыңдарының бірі екені даусыз.

Екі ғасырдың жол айырығында дүниеге келген М.Әуезов өз шығармаларында қазақ халқының тағдыр-талайындағы ұлылығы мен трагизмін тұтастай көрсете білді. Абай бейнесі және өзге де кейіпкерлерді сомдау арқылы ол өз халқының поэтикалық жоғары рухын, қайта жаңғырып, келешекте әлемдік өркениет қатарынан лайықты орын алуға ұмтылысын жан-жақты негізден бейнеледі. Бұл мақсат сол тұстағы Шығыс халықтарының арман-тілегімен үндес еді.

Өз заманының құнарлы эпикалық және философиялық тұжырымдарын молынан игерген М.Әуезов қазіргі дәуірімізге еркін, асыға жеткендей. Оның гуманизмге толы асыл мұраттары болашаққа да қызмет ететіні сөзсіз. Мұқаңның жүрегінде дана ойшыл Ибн-Сина мен атақты мистик Абусейт ал Мейхеннің кездескені туралы аңызбен үндес қасиетті жалын алаулады. Екі ғұлама не жайында пікірлесіп еді?

Абусейіттен осыны сұрағанда, ол таңданған кейіпте: «Менің көріп отырғанымның бәрін ол біледі» депті. Ибн-Сина болса ойланып отырып: «Менің білетінімнің бәрін ол көріп отыр!» деген екен. Бұл жерде ғылыми таным мен бейнелі интуитивті таным өз үйлесімін тапқан. Осы іспетті Жаратушы Әуезовті шын суреткердің де, ірі ғалымның да қасиетімен қоса жарылқап еді», – дей келіп, ғалым Әуезовтанудағы ұлы мақсатты жолдарды қамти келе: «Өз дәуірінің қатал тәртібімен санасуға мәжбүр болған М.Әуезов іштей әрқашан да ерікті еді. Оның қаламынан туған дүниелерді қасаң қағидалардан аршып алу біз үшін қиынға түспейді. Тарихымыздағы «ақтаңдақтарды», қайта өмірге келтіруде, қазақтың көрнекті демократтарының есімдерін халыққа қайтару үстінде Мұхаңның ізденістері мен ғылыми зерттеулері мүлдем жаңа қырынан көрінуде. Қазір оның өз заманында гуманизм мен еркіндіктің салтанат құруы үшін күрескендермен тағдырлас жарқын бейнесі көз алдымызда сомдала түскендей. Сондықтан да біз Әуезов мұрасын ешкімге де жалтақтамай бар болмысымен, ұлы қасиетімен көрсетуге мүмкіндік алып отырмыз. Осы орайда оның академиялық 50 томдық басылымның алғашқы кітабын қолға алғанымызды да қуана айтқымыз келеді.

М.Әуезов – біздің ұлттық мақтанышымыз. «Абай жолы» романы ұлы ақын жайындағы шығарма ғана емес, ол қазақ халқының рухани байлығын дүние жүзіне танытқан көркем шежіре. Әлем жұртшылығы мойындаған жазушы еңбегі адамзаттың мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілуде», – деп мәртебелі трибунада сөз алды.

– 3 –

 

Ал, академик, жазушы-ғалым Зейнолла Қабдолов «Абай және Әуезов» атты дүниесінде тебірене толғай отырып, ұлылықтың ішкі мазмұнын іздеді. Іздеп тапты: «Біз Николай Погодиннің «Қазақстан үшін Әуезов – екінші Абай, біз үшін – Шығыстың Шолоховы» деген қанатты сөзін жиі қайталаймыз. Әрине; орыс жазушысы тауып айтқан, мұнда үлкен шындық бар. Десе де, жиі болғандықтан шығар, осы сөзді кейде орынды, кейде орынсыз қайталаймыз.

Орынды болатын себебі – Абай қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы шыңы болса, Әуезов – ХХ ғасырдағы заңғар биігі. Бұл ақыл мен ойдың, сыр мен сезімнің бұл екеуіндей алыптарына уақыт өлшем де, мөлшер де бола алмайды. Олар мезгіл межелерінен аттап өтіп, ғасырдан ғасырға көшіп, мәңгі бақи ілгерілей береді. Ендеше Абайды бір ғасырға, Әуезовті бір ғасырға ғана теліп, сол ғасырға ғана шегелеп қалдыруға болмайды. Абай барлық ғасырларда да – Абай, Әуезов те солай. Өйткені – қазақ прозасының асу бермес асқары. Екеуінің егіз ерекшеліктері, ерекше бірліктері де осы арада жатыр. Дәл осы тұрғыдан алып қарағанда «Әуезов – екінші Абай» екені рас», – деп бастап, кең көсіле сөйлеп, «Әуезов пен Шолохов екеуі – бір-біріне ұқсамайтын екі бөлек творчестволық тұлға», – дей келіп: «Бұл ретте, Әуезов – «Шығыстың Шолоховы» емес, күллі адамзаттың Әуезові.

Қазақ халқының паспортына айналған Абай – ақын болса, Әуезов – жазушы. Әрине, бұлардың туған халқымыздың парасат әлеміндегі орны бір ғана әдебиетшіліктен әлдеқайда кең. Бұлар тіпті қазақ деген атаудың синониміне айналып кеткен. Десек те, бұл екеуі, бәрінен бұрын, қаламгер: Абай – ақын, Әуезов – жазушы.

Ендеше, бұлар қандай қаламгерлер: Абай қандай ақын, Әуезов қандай жазушы?

Айталық, Абайға дейін, немесе Абайдан кейін ақын болмап па? Абай қандай құдірет-қасиетімен ақындардың ақыны бола алады? Гәп осы арада жатыр.

Бұл тұста Белинскийге бір соғып өту шарт. Белинский Пушкиннің ұлылығын ұлт ақыны болғандығында деп түйген ғой. Ал ұлт ақыны болу оның шығармаларындағы жекелеген ұлттық сипаттарда, бояуларда, өрнектерде ғана жатпайды. Ұлт ақыны болу сол ұлттың сөзі ғана емес, өзіне айналу. Бұл керемет нәрсе!

Абайдың кереметтігі де сондай:

Абайдың шағын-шағын екі томдығына он миллион қазақ түгел сыйып кеткен. Қазақтың халық ретіндегі болмысы, ұлт ретіндегі бітімі, азаматтық келбеті, мүсіні мен мінезі, ісі мен ірілігі, күші мен күйкілігі, адамдығы мен надандығы, ақылы мен айласы, арманы мен мүддесі… бәрі-бәрі сыйып тұр», – деп толғанды.

М.Әуезовтың «Әр жылдар ойлары» кітабы, 1959 жылы жарық көріп, халыққа кең тарады. Осы кітабында қырғыз әдебиетіне де қатысты ойлар толғайды. Сонымен қатар Ә.Марғұланның «Шоқан және Манас» дүниесі де

– 4 –

 

1971 жылы баспадан басылып шығып, Манас хақында ауқымды ойлар айтқан ғалым. Мұхтар Әуезов туралы, Қырғыз әдебиетіне қатысты айтар болсақ, жазушы жайындағы нақты деректерге тоқталмасақ болмайды: «Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі (1946), филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957). Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде 1897 жылы жиырма сегізінші қыркүйекте туған. Алғашында 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.

Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.

Ресейдегі саяси төңкерістер Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш»газетінде басылды. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3-4 сандарында жарияланды. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланады. 1923 жылы маусым айында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады. 1924-1925 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына оқытушылыққа қалдырылды. Сонда жүріп «Таң»журналын шығарады. Онда «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелері жарияланды.

–  5  –

 

1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады. 1926 жылы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның материалдары негізінде жазылған «Әдебиет тарихы»монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады. 1927 жылы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.

Қырғыз әдебиетін терең зерттеген ғалым А.А.Ахметалиев те, М.О.Әуезов пен Шыңғыс Айтматов жөніндегі ой-пікірлерді келтіре отырып, ұлы адамның болашақ ұлы адамға деген қамқорлығын, әділет биігінен іздейді. Мен өзім румынның ұлы ақыны Михаил Эминесконың туылғанына 150 жыл толған торқалы тойына қатысып, Бухаресте болғанмын. Бұл симпозиумға дүниежүзінің ақындары мен қоса ғалым-сыншалар да қатысты. Атап айтсақ, Америкадан, Жапониядан, Италиядан, Австралиядан, Индиядан, Испаниядан, Вьетнамнан, Туркиядан тағы басқа көптеген  елдерден әдебиет өкілдері қатысты. Жазушылар Одағында екі портрет ілулі тұр екен. Мен Румның  Жазушылар Одағының төрағасынан: «Мына суретте – Михаил Эминеско тұр, мына жанындағы портрет тұр, мына жанындағы сурет кім?», деп сұрадым. Ол тұрып: «Бұл ғалым адам оннан астам ғылыми еңбек жазды, ол бірақ, ол еңбектерімен тарихта қалған жоқ. Бір ұлы мақаласымен тарих тұғырына көтерілді. Ол мақалада: «Михаил Эминеско – румын халқының «ұлттың ұлы ақыны» деп, терең талдап, ғылыми тұрғыда бағалап, әдебиеттегі Михаил Эминесконың орнын белгілеп берді», – деді. Біз содан бері ұлы ақын Михаил Эминескомен қатар қойып, портреті бірге ілуді дәстүрге айналдырдық деді. Міне, бұл бағалаудан мен сөзі құнының аса зор екенін білген едік. Сол сияқты Мұхтар Әуезов пен бірге Шыңғыс Айтматовтың портретін бірге іліп қою, қырғыз ағайындардың  парызы деп білемін. Соған қоса, Манас мәртебесімен Әуезов мәртебесін де бір биікке көтеруге болады. Кешегі Кеңес өкіметінің империялық саясатының құрбаны болып кете жаздаған «Манас» қазынасын аман сақтап қалғанда ұлы Әуезов еді.

 

Әуезов – Алаш қозғалысының басты тұлғалары бола білді.

Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалып, 1932 жылы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, маусым айында түрмеден босатылып, Қазақ педагогика институтының (ҚазПИ-дің) аға оқытушысы болып қызмет істейді. Осы жылдары театрдраматургия, мәдениет пен өнер, әдебиет, фольклор тарихы, орыс әдебиетінің классиктері туралы мақалалары үзбей жарияланып тұрады. Әуезов сценарийі бойынша «Райхан»көркем фильмі (1940) түсіріледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Осы жылдары «Абай» романын жазуға кірісіп, оны

–  6  –

 

1941 жылы бітіреді. «Абай» романының жарық көруі (1942) Қазақстанның мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды. 1943 жылы «Абай» романын талқылау үлкен науқанға айналады. 1946 жылы романның екінші кітабын жазып бітіріп, ол 1947 жылы жарық көреді. 1950 жылы роман-эпопеяның «Ақын аға» аталатын үшінші кітабы жарық көреді. 1943 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақтың мемлекеттік университетінің (ҚазМУ-дің) қазақ әдебиеті кафедрасына профессор болып орналасып, өмірінің соңына дейін сонда дәріс оқыды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында «Сын сағатта» (1941), «Намыс гвардиясы» (жазушы Әлжаппар Әбішевпен бірігіп, 1942), «Қынаптан қылыш» (1945) пьесалары мен «Абай» операсының либреттосын (1944), «Абай әндері» фильмінің сценарийін (1945) жазады. 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанда, оның толық мүшесі (академик, №1 куәлік) болып сайланады, филология ғылымдарының докторы, профессор атағы берілді.

1951-1954 жылдары Әуезов саяси-идеологиялық тұрғыдан тағы да қыспаққа алынып, 1953 жылы сәуір айында Мәскеуге жасырын аттанып кетуге мәжбүр болады.Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасып, «КСРО халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс берді. 1954 жылыАлматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын түпкілікті аяқтады.

1955 жылы шет елге сапарға шығып, Германия Демократиялық Республикасы (ГДР) жазушыларының Берлинде өткен съезіне құрметті қонақ ретінде қатысты. Үндістанға 40 күндік сапармен барып қайтады. 1956 жылы КСРО мәдениет қайраткерлері өкілдерінің қатарында Чехословакияда болды. Жазушының 60 жасқа толу мерейтойы Алматыда, Мәскеуде салтанатпен атап өтіледі. Атом және сутек бомбасын сынауға қарсы халықаралық қозғалыстың Жапонияда өткен 3-конференциясына қатысады. 1958 жылы Ташкентте өткен Азия және Африка елдері жазушыларының 1-конференциясын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1960 жылы АҚШ-қа барып қайтып, 1961 жылы Үндістанға екінші рет сапар шегеді. 1955-1957 жылы алты томдық таңдамалы шығармалары басылып шығады.

Әуезовтің мұраcының аса қомақты бөлігі – оның ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазды. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Әуезов жиырмадан астам шет елдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастық үшін өз көзқарасын білдірді. Әлем халықтары оның «Абай жолы» роман-эпопеясын айрықша құбылыс ретінде таныды. 1961 жылдың жиырма жетінші маусымында Мәскеу қаласындағы ауруханада қайтыс болды; Алматы қаласында жерленген. Сол жылы Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына оның есімі берілді, одан кейін жазушы тұрған үйде мұражай-үйі

–  7  –

 

(1963) ашылып, ескерткіштер орнатылды. Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Астана, Семей және басқа қалалар мен облыстардағы аудан, ауыл, көше, мектептер Әуезов есімімен аталады. Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның шешімімен, дүниежүзілік деңгейде (1997) аталып өтті.

Туған жері – бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы). Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған. Мұхтар атасының қолында өскен. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Соның арқасында ол алты жасынан Абайдың өлеңдерін ауылдастарына жатқа оқып беретіндей дәрежеге жетеді.

1908 жылы хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады. 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрім Құдайбердіұлының«Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.

1918 жылы М.Әуез Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға (Ж.Аймауытовпен бірге) атсалысады.

1919 жылы – Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі. «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады.

1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР-і ОАК-нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады. Мұхаңның «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәлме-дәл келеді.

Бір қыс Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде, төрт жыл Ленинград университетінде оқып, филология факультетін бітіреді. Сол жылы Орта Азия университетінің Шығыс факультетінің жанындағы аспирантурада оқиды.

Ұлттық теңсіздік пен сауатсыздықты, аштықты жою жөніндегі ашық пікірі мен шығармалары үшін «ұлтшыл, алашордашыл» атанып, саяси сахнадан шеттету басталған тұста Мұхаң бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысуға көшеді. Ғылыми жұмыстарды да қолға алады.

1930 жылы идеялық көзқарасы үшін тұтқынға алынады. Тергеу ұзаққа созылып, 1932 жылғы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас

–  8  –

 

бостандығынан айыру туралы үкім шығарылады. Осы жылғы 10 маусым күнгі «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде М.Әуезовтің «Ашық хаты» жарияланады. Онда Мұхаң өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Сонан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуға рұқсат алды.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1934-61 жылдар аралығында университетте ұстаздық қызмет атқарды. Қазақ әдебиеті кафедрасының негізін қалады. Осы жылдары студенттерге арнап «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ халқының суырыпсалма айтыс енері», «Туысқан халықтар әдебиеті»,«Абайтану» секілді жалпы және арнаулы курстардан дәріс оқыды, бұл курстардын оқу бағдарламалары мен оқу құралдарын, оқулықтарын жазды. Жазушы Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы бұл еңбегінің ҚазМУ-да бірнеше жыл бойы оқыған абайтану атты курстан құралып келген көлемді монография екендігін 1954 жылы 27 тамызда бұрынғы Семей облыстық «Екпінді» газетінің редакциясы қойған сұраққа жауап ретінде арнайы айтты.

Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихында да оның университеттегі қызметінің алатын орны зор. Сөйтіп ол абайтану атты жаңа ғылымды ұлттық университетте осылайша қалыптастырды.

Академик ғалым А.Ахматалиевтің пікіріне сүйенсек, қырғыз әдебиеті әріден басталады. Оның ішінде қырғыз бен қазақ әдебиетінің байланысы үзілмеген, әрдайым да көрші халық ретінде бір-бірін қанаттандырып, бір-бірін толықтырып, одан әрі байытып отырған. Сол пікірлердің біріне сүйенсек: «Қырғыз бен қазақ халқының өзара мәдени байланысы әріден басталады. Оған негізінен қазақ және татар тілінде ертеректе жарық көрген мерзімді баспасөз бен кітаптар дәнекер болды. Революцияға дейінгі көзенде Тоғолоқ МолдоАбұлқасын ЖұташиевЫсақ ШайбековҚалық Акиев т. б. ақын-жыршылардың есімдері кеңінен танымал болды. Олардың ішінен өзінің білімділігімен, үлкен талантымен Тоғолоқ Молдо ерекше көзге түсті. Қырғыздың ұлы жаңашыл ақыны, қырғыз әдебиетіндегі мысал жанрының негізін жасаушы, алғашқы ақын-жыршы Байымбет Абдразманов (Тоғолоқ Молдо) Абай Құнанбаевтың замандасы болды. Ол сонымен бірге қазақ поэзиясы, қазақ ақын-жырауларын да жақсы білді. Абай шығармаларын «Далауәлаяты газетінен», «Айқап» т. б. қазақ басылымдарынан оқыды. Тоғолоқ Молдоның ақын-жыршы дәрежесінде қалыптасуы жөнінде айтқанда қырғыз әдебиеті зерттеушілері оның бастамасын Шығыс әдебиетінен, орыс классик әдебиетінің прогрессивтік дәстүрін өзіне сіңіре білген Абайдың шыншыл поэзиясынан іздейді. Тоғолоқ Молдо Абай шығармаларын жоғары бағалады, ынтыға оқыды, кейбірін жатқа айтты. Әділетсіздікті сынайтын Абай өлеңдерін мысал ретінде әркез келтіріп жүрді. Өмір мен адамгершілік жайында Пушкин, Абаймен Тоғолоқ Молдо көп жырлады.Тоғолоқ Молдо

– 9  –

 

мен Абай шығармаларында ұқсас сәттер көзігіп отырады. Абайдың сегіз жолдан түратын «Сегіз аяқ» өлеңінің үлгісінде Тоғолоқ Молдо да жазды. Бұл Абай поэзиясының тек қазақ әдебиеті емес, қырғыз әдебиетінің бастамасы да екенін керсетеді. Тоғолоқ Молдо Абай өлеңдерін бойына сіңіре білді, соларқылы орыс әдебиетімен, оның алдыңғы қатарлы өкілдері Александр Сергеевич ПушкинИ.А.Крыловпен танысты. Қырғыз Республикасының Халық ақыны Аалы Тоқомбаев та өзінің әдеби еңбегінің алғашқы күндерінен бастап Абайды сүйді, онан үйренді. Ол Ұлы ақынның өлеңдерін түгелге жуық аударды. Тоқомбаев 30-жылдары Абайдың көптеген өлеңдерінжеке кітап етіп шығарды. Ақынның өз өлеңдері де Абайдың өлеңдерімен сайма-сай келіп жатады. А.Тоқомбаевтың: «Алмадай жер, Айланан ал Елдин канин ичесин. Қыйналып жан, Шорголап кан Акбада сен тутосун…» – деген жолдары Абайдың «Бай сейілді…» өлеңінің үлгісімен жазылған. Мұндай ұқсастықтар Абайдың «Бойы бұлғаң…», А.Тоқомбаевтың «Туткун Марах» өлеңдерінде де кездеседі. Қырғыз жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі Жоомарт Боқонбаев аз ғүмырында Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы…», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…», «Желсіз түнде жарықай…» т. б. өлендерін қырғыз тіліне аударды. Абайдың ақындық ықпалы Т.Уметалиев, М.Элебаев, А.Османов өлеңдеріненде айқын байқалады. Алыкул Османов Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан «Татьянаның хатын», «Онегиннің Татьянаға хатын»,Д.Боқонбаев Крылов мысалдарын, М.Ю.Лермонтов пен Гете өлеңдерін аударғанда да қазақ ақынының аудармашылық үлгі-дәстүрін сақтаған. «Абай аудармаларын пайдалана отырып, қырғыз жазушылары қырғыз әдебиетінде аударманың жаңа дәстүрін жасады», – деп жазды Тоқомбаев 1954 ж. жарық көрген «Қазақ елінің Ұлы ақыны» атты кітаптағы «Абайдың жырлары» мақаласында. Қырғыз әдебиет зерттеушілері қырғыз бен қазақ әдебиеті байланыстарының мәселелерін қарастырды. Оларда Абай поэзиясының қырғыз ақындарының шығармашылық бастауларына мол ықпал еткені айтылады. Б.Керімжанова, К.Рсалиев, С.Жигитов т. б. өз еңбектерінде 20-30 жылдарда қырғыз кеңес жазба әдебиетінің негізін салушы көптеген қырғыз жазушылары қаламдас қазақ туысқандарынан, атап айтқанда, Абайдан үйренгенін атап көрсетті. К.Рсапиев «Қырғыз поэзиясындағы строфапық құрылым» атты еңбегінде қырғыз поэзиясындағы алты жолдан тұратын өлең үлгісінің қазақ поэзиясынан, Абайданалынғанын нақты мысалдармен дәлелдейді. Бұл жүйенің А.Тоқомбаев, М.Элебаевтың 20-30 жылдардағы өлеңдерінде жиі көздесетінін айтады. Бұл мысалдар қырғыз бен қазақ әдебиеті байланысы түп-тамырының сонау тереңде жатқанын дәлелдейді. Абайдың Ұлы тұлғасы, асқақ поэзиясы екі елдің мәдени дамуына үлкен ықпал етті», – деп түйеді. Мұнан басқа деректерге сүйенсек: «Әуезовтің өмірі мен шығармашылық мұрасын оқып үйрену, танып-таныту ісінде университет студенттеріне оқытылатын жалпы және арнаулы курстардың атқаратын қызметі өте жоғары. «Қазақ әдебиетінің

–  10  –

 

 

тарихы», «Әдебиеттану ғылымына кіріспе», «Әдебиет теориясы», «Мұхтартану», «М.Әуезовтің шығармашылық шеберханасы» секілді пәндер аясында жазушының шығармашылығы, шеберлігі, поэтикасы және шығармашылық еңбек психологиясы ғылымының қазіргі жетістіктері негізінде оқытылады. Аталған пәндердің оқу бағдарламалары мен оқу құралдары, оқулықтары Қазақстанның барлық университеттерінде бірдей қолданылуы Әуезовті тану мен танытудағы үлкен жетістіктерге жататыны», «Университет студенттері Әуезовтің өмірі мен шығармашылық мұрасын оқып үйреніп қана қоймай, оларды зерттеуге де белсене араласады. Жыл сайын қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде курс жұмыстары, диплом жұмыстары жазылады. Ғалымдар зерттеу еңбектерін жазып, кандидаттық, докторлык диссертацияларын қорғайды. 3.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Р.Нұрғалиевтің «Әуезов және алаш», Ж.Дәдебаевтың «Мұхтар Әуезов», Ө.Күмісбаевтың «М.Әуезов және Шығыс» т. б. еңбектер 1997 жылдың жетістіктері. Бұған 1997 ж. 23-24 қыркүйекте өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми симпозиумды және оның университет баспасынан жеке том болып шыққан материалдарын қосуға болады. Түркия, Өзбекстан, Кыргызстан, Қытай елдерінен келген баяндамашылар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы қазақ ғалымдарына бұған дейін белгісіз болып келген ірі мәселелерді көтеріп, симпозиумның ғылыми-теориялық деңгейін арттыра түскенін» «ҚазМУ ғалымдарының Әуезовтің өмірі мен шығармашылық өнері туралы мақалалары «Қазақ университеті» газетінде, республикалық газеттер мен журналдарда, шетелдік басылымдарда жарық көрді. Солардың ішінде 3.Қабдолов пен Ж.Дәдебаевтың Анкарада түрік тілінде шыққан «Мұхтар Әуезов хақында мақалалар» атты кітапта жарияланған мақалалары Әуезовті түркі әлеміне жана қырынан танытуға жол ашқанын», – деп жазады.

М.Әуезов және қырғыз әдебиеті дегенде, өзі құдіретті дүниені құрбан етуден сақтап қалған, кешегі қасіретті Кеңес өкіметінің өңешінен жұтыла жаздаған халық қазынасын аман-есен алып қалған – Қырғыз халқының екінші атына айналып кеткен «Манас» жырына ауыт-ауыт соқпай тұра алмаймыз. «Қырғыз халқының Манас жыры» деген мақаладағы соны ойлар бізді алға жетелей түскендей. Қомақты ойларды қопара айтқан, дәл басып айтқан: «Расында да, «Манас» ежелгі үндінің «Махабхаратасынан» екі жарым есе, ежелгі гректің «Иллиадасы» мен «Одиссеясын» бірге қосқандағысынан жиырма есе көп. Бүгінде қолда бар алпыс бес нұсқаның ең сүбелілерінің бірі Саяқбай Қаралаев жырлайтын нұсқа жарты миллион жолдан асады.

Көлемі қара жердің төрт тарабын түгел көмкөргендей, еңсесі бұлғақтаған Бұланайдың да тебесінен қарайтындай осыншама заңғар дастанның өн бойында көңілден шықпайтындай олпы-солпы бір шумағы, бір

–  11  –

 

 

жолы жоқ, таңғалдырмайтындай, тамсандырмайтындай селкем-шалыс бір сөз, бір теңеуі жоқ. Мазмұны ақар-шақар сеңгірдің сексиме тұмсығынан жемтігін болат серіппедей бір-ақ ытқып, бауырға ап, баса қалығысы көп тұрған тау тағысының бұлшық етіндей тып-тығыз. Бітімі жылтырай семірген жолбарыстың жылмағай жонындай жұп-жұмыр. Жер бетіндегі Алатаудың қанша көркем болғанмен опырайған ойқы-шойқысы, жапырайған жалба-жұлбасы, ебілі-себіл елбе-желбесі жеткілікті. Жыр сомдаған Манастау қанша заңғар, қанша алып болса да, мөлдіретіп меруерттен, жалтыратып жақұттан, лапылдатып лағылдан құя салғандай. Көздің жауын алардай көркем, сұғы өтердей сұлу. Қайтіп таңдай қақпассың?! Қайтіп басыңды шайқамассың?! Мың жыл бойына ең сұңғыласы мен ғұламасын, тапқыры мен айтқырын Ата Дастанға жұмылдырып, мың қайтара қырнап-жонып, мың қайтара елеп-екшеп, мың қайтара сылап-сипап, мың қайтара әрлеп-нәрлеп, әлемде теңдесі жоқ Жыр Асқарын сомдап шыққан ақпа-төкпе Ата Қырғыздың аруағынан қайтіп айналмассың, ақылына қайтіп бас ұрмассың!..», дейді автор толғана тебіреніп.

М.О.Әуезов «Киргизской героический эпос «Манас» деген мақаласында Манас жыры адамзаттың қазынасына айналғанын, ұлт шеңберінен асып, көкжиектің арғы қырқасына шыққанын дәлелдейді: «Манас – огромное эпическое произведение братского киргизского народа, сохранявшееся в веках только устном исполнении и передаче.

По своей художественно-исторической ценности «Манас» смело может быть поставлен в один ряд с общепризнанными шедеврами мирового эпоса.

Размеры «Манаса» – поистине колоссальны.Запись первого варианта со слов необыкновенно одаренного поэта-сказителя Сагымбая Орозбакова продолжалась целых три года (1923-26 г.г.). Только после окончания этой записи стало очевидно для всех насколько велик по объему этот исключительный образец киргизского эпоса. Горы исписанных томов доказали полную справедливость легенды о том, что «Манас» надо исполнять целых… шесть месяцев.

В этом году закончена запись и второго варианта «Манаса», исполненного бывшим красным партизаном С.Каралаевым.

В сагымбаевском варианте «Манас» составляет 260 тысяч стихотворных строк. Иначе говоря, это будут книги в 371,4 печатных листа. Между тем песни о «Манасе» представляют собой, хотя и основную, но все же только первую часть эпопеи. Имеются особые разделы о «Семетее» и о «Сейтеке».

«Манас» – целый океан поэзии. На всем протяжении этой циклической поэмы мерная, стихотворная речь ни разу не прерывается прозаическим повествованием. «Манас» – самое популярное произведение устного творчества киргизского народа. Можно с уверенностью сказать, что нет ни одного киргиза, который не слышал бы о «Манасе», или не знал хотя бы

–  12  –

 

несколько стихов из наиболее известных отрывков «Манаса» – «Чон-казат» («Великий поход»), «Кокетайдын аши» («Поминки Кокетея»), или из «Семетея». Нет ни одного киргизского певца, в репертуаре которого не числились бы песни из этих частей поэмы. Именно певцы и популяризировали «Манас», сделали общеизвестными отдельные отрывки его.

Из числа этих ырчи-певцов – типа казахских акынов – и выходили исполнители, заучившие какой-либо сокращенный вариант «Манаса». Эти исполнители способствовали сохранению, хотя бы в отрывках, различных талантливо сложенных настоящим сказителем вариантов поэмы.

Киргизской эпос создавался и рос в веках, как гомеровский эпос, благодаря коллективному творчеству слагателей эпической песни в лице поэтов-эпиков, так называемых «джомокчи», подобных аэдам у древних греков», – деп, ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов гомерлық эпос деңгейіне көтереді. Әрине, бұл әлемдік деңгейдегі ұлы туынды деген сөз.

Осы орайда шынында да жарға дес берсек: «Жә, әуелі жырға дес берелікші: «Баяғының аңызы – айтсақ кірер маңызы. Ежелгінің аңызы – ескөргенге маңызды. Кейі жалған, кейі шын – кейінгілер көңілі үшін… Көбі өтірік, көбі шын – көпшіліктің көңілі үшін көтермелеп айтамыз, көкжал Ердің жөні үшін. Жанында болған кісі жоқ, жалған сөзбен ісі жоқ. Төрінде жатқан кісі жоқ, өтірікпен ісі жоқ, – бабалардың аңызы, бастамасқа болар ма? Аталы сөз маңызы айтпай ішке қонар ма? Шежіреден ұққан сөз, өсіп-өрбіп шыққан сөз; кәрілерден алған сөз, халық аузында қалған сөз; аңыздарға толған сөз, ат көтермес болған сөз; азғындарға жуымай, азаматқа қонған сөз… Өрендерден қалған сөз, еншіге жұрт алған сөз, ой-жүрекке қонған сөз, толқыта іште толған сөз; жауға аттанған батырдың жан серігі болған сөз; естігеннің мейірі емін-еркін қанған сөз; шешен біткен шерткен сөз, мешеу көңілін еріткен сөз; боран соққан қырменен, қиқу-айқай шуменен, сүрінбейтін тілменен, қарлықпайтын үнменен, арқар өрген белменен, бұлт айдаған желменен, тайталаса жарысып, бірге жасап келген сөз, баласына атасы мәңгі еншіге берген сөз; мөлдіретіп моншақтай жұрт саралап терген сөз…» Пәлі, пәлі…

Жақпар құзды жапыра құлаған тау суындай тасқындай төгілмей ме?!

Атаңа қоқи, айырқалпақ жомоқшы-ай! Аузың қандай айтқыш еді?! Көзің неткен көргіш еді?! Көңілің неткен түйгіш еді?! Тер шығатын теріден емес, қан шығатын тамырдан емес, жас шығатын жанардан емес, жай әншейін жел шығатын желпілдек ауыздан желпіне шыққан бір көпті құзғынның да ғұмыры жетпес ұзаққа, құмайдың да аяғы жетпес қиырға алып қашып, мың жыл, мың бел, мың асқар асырып жүрген де осындай перен қасиетің ғой…», – деп автор бас ұрады.

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу

1 + он бір =