Жұмыссыз жастардың жанайқайы

Қазіргінің заманы бұлыңғыр жол сияқты, көш басын қайда бастап бара жатқанын тұсбағармен қарасаң да аңғара алмайсың. Қалтаңның қалыңдығы жолыңның анықтығын бағамдайтын заманда бәрінің бал шекер өмір кешіп жүрмегені анық. Заманың түлкі болса, тазы боп шалып айлаңды асыратын пысықтық керек бұндайда. Мына заманда артық ақша кімнің болсын қалтасына артықтық етпесі белгілі дүние, алайда соны табудың көзін біліп, жолын тапсаң болғаны.

Картинки по запросу жұмыссыздық

Қазірде студент жастардың дені уақыттарын құр өткізбей, тиын-тебен табудың қамын қамдауда. Бірақ қос дипломмен "қажетсіз қызметкерге" айналған жұмыссыздық белең алған заманда студент үшін, яғни "тұрақсыз жұмыскер" үшін бірден жұмыс тауып кету тіпті қиын. Жұмыс берушілердің студенттерді көрсе ат-тонын ала қашуының да кешірімді себептері бар: бір келіп бір кететін, қысқа мерзімді уақытша қолға мұқтаж емес-ау олар. Алайда, "екі қолға бір күрек"-деген, іздеген адам қажетін қайдан болсын табары хақ. Осындай ақшаға мұқтаж студенттердің бірі Айған еді.

Жанында бірге оқитын құрбылары Әлия мен Сара да бар еді, үшеуінің жұмыс іздеп аяқтан тозғандарына екі күн болды. Барған жерлерінен еститін "Студенттерді алмаймыз!"-деген жаттанды сөзге құлақтары үйреніп кеткендей. Даяшы болып жұмысқа кіріп алармыз деп қаланың бүкіл мейрамханаларына да кіріп шыққан, бірақ бірде "бос орын жоқ!"- десе, бірде "жұмыс тәжірибелерің жоқ!"- деп бұларды әдемі шығарып салған. Соңғы үміттері үзілгенше бұлар да айтқандарынан қайтпады. Даяшы болмасақ та, өткен-кеткен жүргіншілерге жарнама қағаз таратып ақша табайық деп шешті үшеуі. Жұмыс іздеу сайтынан бірден бос орындар қарастырып, әр жерге қоңырау шалды. Ең ақыры жарналарды жапсырумен айналысатын орталықтың меңгерушісі жұмыскер қолға мұқтаждығын айтып, үшеуін алатынын айтты. Келісілген уақытта белгіленген жерге барған қыздарды Мая есімді етжеңді, бидай өңді, қабағы қатулы, ұйғыр ұлтының елуді еңсерген апайы күтіп алды. Аядай ғана бөлменің іші адамдарға толы екен: Мая ханым қағаз жарналарды реттеп отыр; еденде жас шамалары қатарлас аласа бойлы тәжік ұлтына келетін қара қыз бен жүзі солғын тартқан, бір көрген адамға күдікті көрінетін қара жігіт жазу жазып отыр; қарны қампиған, аяғын гипске ораған, отыздың бел ортасындағы сары орыс кереуетте шалқасынан жатыр; көзі көкшіл, жүзі ақшыл келген жасы жиырмалардан асқан әдемі жігіт жарналарды қиып отыр екен. Әр жерде шашылып жатқан қағаздар, жуылмаған ыдыс-аяқ, жағымсыз иіс бәрі-бәрі қыздардың жиіркеніш сезімін тудырды. Бей-берекет шашылып жатқан бөлме іші, құдды жұмыс орны емес ішкілікке салынған қаңғыбастардың жатағы сияқты. Біраз кешігіп келген қыздарға Мая ханым зәрлі қаһарын да шашып алды. Келе сала апайдың зілді сөздерін естиміз деп мүлдем ойламаған қыздар біраз абдырап қалды.

Табиғатынан қазымыр жаратылған Мая ханым қабағы жазылмаған күйі қыздарға жұмыс барысын түсіндіріп бола алғашқы күннің сынақ күні болатынын ескертті. Жұмыстың талаптары да бір түрлі еді: қағаз-жарналарды әр үйдің подъезіне кіріп әр этажына жапсыру былай тұрғанда, бәсекелес фирмалардың жарналарын жұлып алып тастап Мая ханымның офисына апару керек. Бизнес әлемінің қулық-сұмдықтарын білмейтін қыздарға бұл әрекет ерсі көрінді. Өзгенің еңбегін аяққа таптап, өз жарнаңды жапсырғаннан бәлкім табыс көбірек түсер, алайда адамшылығың қайда қалмақ?! Билікке бағынбасаң, тапсырманы дәл орындамасаң ақшаңды қысқартады да қояды. Екі ортада дал болған Айған мен құрбылары жұмысқа кірісіп те кетті. Домофон орнатылған үйлердің ішіне кіру неткен мұң еді, арнайы кілтің болмаған соң әр пәтерге қоңырау шалып почтадан келіп тұрмыз деп жалған сөйлеулеріне де тура келді. Қаланың адамдары бұндай жаттанды сөзге сенсін бе, -"керексіз жарналарыңды жапсырып үйімізді ластамай, көшеге жапсырыңдар!"-деп өздеріне дүрсе қоймасы бар ма?!

Күні бойына әзер шыдап, аяқтары талған қыздар мына болмайтын тірліктеріне бір сәт көз жүгіртті. Бірақ бастаған істі ақырына жеткізгенді жөн санап, не де болса кешке дейін шыдауға тәуекел етті. Үшеуінің көңіліне жақпаған дүние танымайтын бейтаныс адамдардың ауыздарынан естіген ащы сөздері еді. Мардымсыз ақыға бола екі аяқтан таусылып, өзіңнің пайдаң үшін өзгенің еңбегін жойып, кәрі-құртаң орыс шал-кемпірлерден ұрыс естіп уақыт жоғалту не бейшаралық?!

Сынақ уақытынан өту үшін жетекшілікке тағайындалған Анора есімді тәжік қыздың айтқан сөздері де бір түрлі күдікті көрінеді, шын сөзі қайсы, өтірік сөзі қайсы, тіпті аңғара да алмайсың. Кеңседегі сары орыстың есімі Саша екен, қағаз жарналарды жапсырған жұмысшылардың артынан тексеруші, ал қасындағы серігі күдікті көрінген Біржан есімді қазақ жігіті екен. Бұларға "барып кел-шауып кел" екі ұлттың қосындысының нәтижесі - көк көзді әдеміше келген Именжан есімді ұйғыр жігіт. Мая ханымның өзінен бастап қол астындағы "сенімді серіктерінің" бәрі күдікті жандарға ұқсайды, тіпті жұмыс кеңселерінің өзі көңілге кірбің ұялатады. Сынақ мерзімінен сәтті өткен Айған, Әлия және Сара үшеуі кешқұрым жатақханаға қайтуға жиналды. Абай мен Ыбырай көшелерінің қиылысында орналасқан мына "сасық" кеңседен барынша тезірек кетуге тырысты. Жол бойын қиып өте бергені сол еді, алдарынан екі жас қыз шыға келді. Көздерінде ашулы жалын ойнаған мына қыздардың жүрісі суыт, Айғандардың кеңседен шығып келе жатқанын байқаған болуы керек, бірден Мая ханымның кеңседе бар-жоғын сұрай бастады. Алина мен Азиза есімді бұл екі қыз да жарнама жапсырушы болып осы кеңседе істеген екен. Сөйткен Мая апайымыз апта бойы қиналып еңбектенген қыздардың еңбегін жоққа шығарып, табан ақы маңдай терімен тапқан ақшаларын бермей зар еңіретіпті. Іштері ашыған екі қыз бұл жұмыстың құр студент жастарды алдап, тегін жұмыс істетіп алатын алаяқ фирма екеніне де көз жеткізіпті. Мына сұмдықты күтпеген Айғандар құр налығаннан өзге ешнәрсе істей алмады.

Иә, жұмыс-жұмыс деп жүріп студент жастар қақпанға қалай түсіп қалғандарын да байқамай қалады. Замана ағымы қайда бастап барады?! Адамзаттың адамилықтан айырылып бара жатқаны ма?! Болашақты болжау қорқынышты...

Бекен Айдана, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университеті qazaquni.kz