«Менің Елім – Мәңгілік Ел» акциясы өтті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова ісппармен Алматы облысында болды.  Сапар барысында Г. Әбдіхалықова Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қоғамдық келісім кеңестерінің республикалық форумына қатысты. Сондай-ақ шарада облыс әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы А. Баталов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚХА және аймақтық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері де болды.

Бірлік пен келісім Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қол жеткізген айтулы табыстарының негізгі шешуші факторы болды.

Г.Н. Әбдіхалықова өңірде қоғамдық тұрақтылықты нығайтуда елеулі үлес қосып отырған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын атап өтті. Облыста 105 этнос өкілдері тұрады. Олардың мүдделерін 70 этномәдени бірлестіктер біріктіріп, мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен салтын сақтап, дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалып отыр.

Жұмыс сапары барысында Мемлекеттік хатшы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Талдықорғанда жаңадан салынған «Алтын бесік» балабақшасында болып, Көксу орталық аудандық ауруханасына барды.

Түстен кейін Гүлшара Әбдіхалықова Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясын жастардың жаппай қолдау актісі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Менің Елім – Мәңгілік Ел» атты жастар акциясын бастап берді.

Сапарының соңында Гүлшара Әбдіхалықова облыстың әйелдер қауымымен кездесті. Кездесуге қатысқандар қатарында мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, бизнес-қауымдастықтың, шығармашылық қауымның және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері бар. Кездесуде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне әйелдердің қатысу белсенділігін арттыру, әйел кәсіпкерлерге қолдау көрсету, шешімдер қабылдау деңгейінде әйел азаматшалардың санын арттыру, рухани және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапарының қорытындысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.