«Нұр-Авиценумға» - 25 жыл!

Талдықорған қаласында «Нұр-Авиценум» медициналық орталығының 25 жылдығына орай «Қант диабеті: әлемдегі, Қазақстандағы, өңірдегі ахуал» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Дәл осы орталықтың базасында биылғы жылы  С. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетімен бірлесіп, «Диабет орталығы» ашылған болатын.

Конференцияда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев модератор болды. Өз сөзінде А.Байдувалиев «Нұр Авиценум» медициналық орталығы құрылғаннан бері 25 жыл өткенін, бұл айтулы дата Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, облыста 163 жекеменшік медициналық ұйымдар жұмыс істесе, соның 30-ы республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде облыстық бюджеттен оларға 2,7 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, «Нұр-Авиценумға» 500 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұндай қолдау меншік түріне қарамастан емдеу мекемелерін тұрғындардың өз қалауымен таңдауына мүмкіндік беру мақсатымен жасалып отыр.

А. Байдувалиев конференция жұмысының аса өзекті мәселелердің бірі – диабетті емдеу мен алдын алу тақырыбына арналып отырғанын да атап өтті.

Салтанатты жиынның соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аймақтық бюросының директоры, профессор Мақсұт Құлжанов, ҚР Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті департаментінің директоры Мақсұт Қалажанов және басқа да азаматтар мерейлі датаға байланысты құттықтау тілектерін жеткізді.

Конференцияның пленарлық  бөлігін профессор, Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Синяковский баяндамасымен бастады. Мұнан кейін қазіргі заманғы ғылыми-медициналық қауымдастықтың жетекші өкілдері негізгі тақырыпқа байланысты баяндамалар оқыды. Олардың арасында Гиссен қаласындағы герман университетінің профессоры Генрих Лаубен де бар. Жиын соңында пікірталас өрбіді.

Басқосу қорытындысында медициналық орталықтың үздік мамандарына облыс әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталды.

Жалпы, «Нұр-Авиценум» медициналық орталығы» мемлекеттік емес мекемесі 1991 жылы құрылған. Орталық қызметі тұрғындардың денсаулығын сауықтыруға, өмір сапасын жақсартуға, өлім мен мүгедектік санын азайтуға, өмір сүру ұзақтығына ықпал етуге бағытталған. Орталық құрамында: бір ауысымда 250 адам қабылдайтын консультативті-диагностикалық емхана, 75 орынға арналған стационар, 6 төсектік кардиореанимациялық блок, диализдік орталығы бар экстрокорпоралдық орталық, 4500 ересек адамға арналған дәрігерлік аймақтық учаске, 10 төсектік күндізгі стационар бар. Штатта – 122 қызметкер бар, оның 40-ы – дәрігер. Директоры – жоғары санатты кардиолог, медицина ғылымдарының кандидаты, тәуелсіз медициналық эксперт Владимир Крайсман.