«О» байғұстың обалына қап жүрміз

Картинки по запросу буква о

Әлі күнге орыс орфоэпиясының етегіне жармасып, айрылмай келе жатқанымызды бір ғана дыбыстың мысалында ойланып көрейік.

Осыдан тура жиырма жыл бұрын «Ана тілі» газетінде қан­дауырын қаламға айырбас­таған белгілі дәрігер-журналист Абай Мауқараұлымен бірге қызмет істеп, бір бөлмеде отыра­тынбыз. Таңертең кабинетке кіре салып, «ассалаумағалейкүм, аға!» деп амандасамын, «халіңіз қа­лай?» деп өзімше ахуал сұрай­мын. «Шүкір, жақсы» дейтін ол кісі маған көзіл­дірігінің үстінен тесіле таңырқай қарап. Сөйтсем, ата­жұртқа оралғанға дейін Абай ағам өмір сүрген арғы бетте «халіңіз қалай?» деп әл үстінде жатқан адамға айтады екен. Менің сауалым біртүрлі қолайсыз естіліп, құлағына түрпідей тиеді екен ғой, қайдан білейін. Бірақ, ол кісінің кей сөзі менің де көңіліме келетін-ді. Біреу, әй-шәй жоқ, құлқын сәріден өзіңізге: «Сәкен, денің сау ма?» – деп тұр­са, қайтіп қабағың тырыспа­сын… Бақсам, бұл – ол кісінің «денсау­лығың дұрыс па, жағ­дайың жақсы ма?» дегені екен.

Әзіл өз алдына ғой, сол Абе­кеңнің сөйлеу мәнерінен (жалпы, шеттен оралған қандас­тары­мыздың дикция­сынан) қалпы бұзылмаған қазақы үн есіп тұ­ратынын байқайтынмын. Әсіре­се, «о» әрпін «о» күйінде дыбыс­тайтыны қызық. «Орбита жақтан келе жатқанда, Пәленше деген кісіні көріп қалдым» дейді. Біз секілді «Арбита» деп айтпайды, «Орасан зор…» дегелі тұрғандай аузын толтырып «О»-дан бастай­ды. «Кешке Потанин көшесінде тұратын бір кісінің үйіне баруым керек еді, қай автобусқа мінгенім дұрыс?» деп кейде жөн сұрайды. Түсінген шығарсыз, біз сияқты «ПАтанин» деп дыбыста­майды, «Пора-порам шығып терледім» дегендегі секілді «ПОтанин» дейді. Кеңес дәуірінде орыс тілі орфо­эпиясының талабымен тәр­биеленіп, сол әуенге «елтіп» үйренген мен үшін бұл әуелде күлкілі көрінгені рас-ты.

Кейінірек шын мәнінде кімнің кімге күлуі керектігі әлі басы ашық мәселе екенін ұға баста­дым. 2002 жылы Корея мен Жапо­нияда футболдан әлемдік доп додасы өткен кезде спорт комментаторларымыз шетелдік аты-жөндерді орыстар қалай айтса, тура солай қайталайтынын аңғарып, таңқалдым. Мәселен, орыстар Роналдоны «РАналдо» дейді (бас әріптен кейінгі «о» дыбысын «а» ғып айтады). Біздің жігіттер осыны дәлме-дәл қайта­лайды. Неге? «Р»-дан кейін «о» жазылып тұр ғой? Оны неге сол күйінде «о» деп оқымаймыз?

Рас, орыс тіліндегі «о» әрпі көбі­несе «а» боп оқылады: «Арга­низа­ция» (жазылуы – «органи­зация»), «Алег» («Олег»), «пАрА­шок» («порошок»), «сАвет» («со­вет»), «дАмАвой» («домовой»), т.б. Осы әдеттерін олар, бас-көз жоқ, қазақ сөздеріне де қолдана береді: Олжас Омарұлын – «Ал­жас Амарович», «Нұр Отан­ды» – «Нур Атан», Отар станса­сын – «стан­ция Атар» дейді. Бірақ, қазақ тілінде мұндай ерекшелік, қазақ орфо­эпия­сында мұндай ереже жоқ қой! Онда неге біз де «О»-ны «А» дей береміз?

Сөйтіп, сол кезде өзім жұмыс істейтін «Жас Алаш» газетіне «О-ға жасалған қиянат» деген мақала жаздым (4 шілде, 2002 жыл). Сырт қарағанда, Колумбияны – «КАлум­­бия», Коллинаны – «КАл­лина», Кан­навароны – «Кан­наварА», Ортеганы – «Ар­тега», Оливейраны – «Аливейра» деп айтатын-оқитын коммента­торлар ғана сыналған­дай көрін­генімен, бұл жалпы орыс орфоэпиясына жіпсіз байланып, соған тәуелді болып қалған бәрімізге айтылған ескертпе еді.

Сең қозғалды, сен де қозғал, замандас!

Содан бері талай уақыт өтті. Әрине, ештеңе де өзгерген жоқ. Әлі күнге шетелдік атаулар мен аты-жөндердегі, кірме сөздер мен тер­миндердегі «О» әрпін негізінен «А» деп оқумен келеміз. «Конс­ти­туция» деп жазамыз, бірақ, «кАнституция» деп айтамыз. «Конгресс» деп жазамыз, бірақ, «кАнгресс» дейміз. «Коммуни­кация» деп жазамыз, бірақ, «кАм­муни­кация» дегеніміз деген… Те­лерадио эфирлері түгел солай. Құлақ үйренген, санаға сіңген…

Кенет… кейінгі екі-үш жылда сең қозғала бастады. Алдымен «Азат­тық­тан» «Жаһан жаңалық­тарын» жүргізе­тін Ғалым Боқаш мәтін оқығанда кірме сөздердегі «О» әрпін «О» күйінде айтатын болды: «Мосулды» қайтару  Опе­рациясы…» («аперациясы» емес), «ДемОкратия жүйесі орныққан батыс елде­рінде…» («демакратия» емес), «Петр ПОрОшенкомен ДОнбастағы қақтығыс мәсе­лелерін талқы­лады…» («Пара­шенко, Данбасс» емес), т.б. Ғаламтордан осыны көргеннен кейін ойланған болар, «31 ар­наның» кей тілшілерінің де эфирде осылай сөйлегенін бай­қап қалдым.

Жақында фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушысы Нұрғиса Асылбеков осы мәселеге тағы да назар аударып, тележүргізу­шілерді, журна­листерді қазақ тіліне шеттен енген сөздердегі «О»-ны «О» ғып айтуға үндеді. Үндеп қана қоймай, ақпарат мәтінін өзі солай оқып («кОн­ференция», «кОмитет», «хрОнО­логия», «экОлогия», «репОртаж», т.б.), оны видеоға түсіріп, тарат­ты. Демек, қоғам бұл қателікті мойындап, мәселе ретінде кө­теруге, түзеуге әзір деген сөз.

Нұрғисаның көзқарасын құп­тау­шылар көп болғанымен, келіспеу­шілер де кездесті. Оның бір сөзіне мен де келісе алмай­мын. Ол – ата-тектегі (фамилия­дағы) «О»-ға байла­нысты. Мәсе­лен, «Мэлс ЕлеусізОв» деп айту, тіпті, де дұрыс емес. «Ов», «ев» – бізге кейіннен қолдан таңыл­ған, орыстан келген жұрнақ екені рас, бірақ, оны сол жұрнақтың өзіне дейінгі буынға (пред­последний слог) сәйкестендіріп айтқан жөн: «Елеу­сізІП», «Жақ­сыбайЫП». Ал жазыл­ғанда, әри­не, бұрынғыша жазыла берер, ол жағы аса бас қатырар нәрсе емес. Оның үстіне, қазір қазақтар «ов» пен «евтен» жаппай бас тартып жатыр.

Н.Асылбеков көтерген мәсе­леге орай Ғалым Боқаш былай дейді:

– Бұл мәселені соңғы екі-үш жылдан бері жиі көтеруге ты­рысып жүрмін. Биыл жаппай талқылана бастағанда қуанып қалдым. Жігіттерге рақмет! «Соқыр ат» деп айта алатын қазақ «СОкрат» деп те айта алады ғой, негізі. Сосын кез-келген тіл маманынан сұраңыздар, «қа­зақ тіліндегі шетелдік тер­мин­­­дер орыс тілінің орфоэпия заңымен оқылуы тиіс» дейтін ереже жоқ, болуы да мүмкін емес. «О»-ны «о» күйінде оқу – отар­сызданудың алғашқы қадам­дарының бірі.

Қазақ тілінің төл орфоэпия­сына сай бұл бастаманы элект­рон­ды БАҚ-тағы әріптестеріміз әрі қарай жалғап әкетеді деп үміттенеміз. Сең қозғалды, енді сен де қозғал, замандас! «О» ды­бы­сының обалына қалмайық!

Сәкен СЫБАНБАЙ, Алматы ақшамы