Головкин Мэнни Пакьяомен жұдырықтасуы мүмкін

Филиппиндік даңқты боксшы Мэнни Пакьяоның промоутері Боб Арум келер жылы Головкин-Пакьяо жекпе-жегін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы «sn.kz» порталы хабарлады.

Айта кетейік, Пакьяо 5 қараша күні Лас-Вегаста америкалық Джесси Варгаспен жұдырықтасады. Ол биыл сәуір айында үлкен спорттан кететінін мәлімдеген болатын. Алайда, жуырда бұл ойынан қайта айныды.

"Арум: Егер Мэнни келесі жекпе-жегінде жақсы өнер көрсетсе оның келесі қарсыласы Головкин болуы мүкін", - деп жазды спорт шолушысы Дэн Рафаэль өзінің Твиттер-парақшасында.

Дегенмен, Рафаэль Арумның бұл сөзіне сенбейтінін, оның жай әзілдеген болуы мүмкін екенін де жасырған жоқ. Танымал BoxingNews24.com порталы да дәл осындай пікірде.

"Арум бәлкім әзілдеп отырған шығар, бірақ нақты болжам біз де айта алмаймыз. Пакьяо-Головкин жекпе-жегі филиппиндік боксшы үшін өте тиімді болар еді", - деп жазды аталған басылым.

Айта кетейік, 37 жастағы Пакьяо 8 түрлі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған. Ол кәсіпқой бокс рингінде 66 кездесу өткізіп, 58-де жеңіске жеткен (38 нокаут), 6 рет жеңіліп, 2 рет тең ойнаған.