МҰХАН ИСАХАН: ТЕРІС АҒЫМҒА ЕРУДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СЕБЕПТЕРІ БАР

– Мұхан мырза, Ақтөбе облысындағы діни радикалзимнің алдын-алу бағытында жүргізіліп отырған ауқымды іс-шара кезінде өзіңізге таңсық қандай мәселені көңілге түйдіңіз?

Мұхан ИСАХАН: Теріс ағымға ерудің әлеуметтік-психологиялық себептері бар

– Бірнеше жылдан бері діни радикализмнің алдын алу мәселелері бойынша еліміздің бірқатар өңірлерінде жұмыс жасап келем. Өңірлердегі діни ахуалды зерделеу барысында аңғарғаным әрбір аймақтың тек өздеріне тән қуанышы мен қасіреті, жетістігі мен кемшілігі бар. Сондай-ақ, өңірлер баршамызға ортақ қазақстандық жетістіктердің шарапатын да көрмей отыр деп айта алмаймыз. Дегенмен, базбір өңірлердегі діни радикализмның өрістеуіне  локальді ерекшеліктер ықпалын тигізіп отыр. Мәселен, бір аймақтағы өндіріс көзінде экономикалық дағдарыстың орын алуына байланысты жаппай қысқарту жүріп жатса, келесі бір аймақта заманауи әлеуметтік нысандар мүлде жоқ десе болады. Келесі бір өңірде діни сауаттандыру ісі тым кеш қолға алынса, келесі бір ауданда қылмыстық жүйе үстемдік құрған. Осындай тенденциялар сәлафизм идеологиясының күшеюіне жол ашқан.

Мен бұрын діни радикализмның орын алуына негізінен теріс ақида мен фиқһтық ұстанымдар әсер етеді деп ойлаушы ем. Қазір өз тәжірибеме сүйене келе радикализмнің кешенді құбылыс екеніне көз жеткізіп отырмын. Әрбір аймақтың локальді ерекшеліктеріне қарай туындаған экономикалық мәселелермен қатар әртүрлі әлеуметтік және психологиялық мәселелердің де діни радикализмнің күшейуіне ықпал етіп отырғанын көз жеткіздім. Мысалы, осы жайттар Қандыағаш пен Ембі және Шалқар өңірлерінде көзге ұрып тұрады. Әсіресе, Қандыағаш қаласында сәлафилік бағытты ұстанатын қылмыстық топтардың  бар екені белгілі болды.

– Осы айтқан ойларыңызды нақтылай түссек. Елімізде жұмыссыздыққа байланысты діни радикализмге ұрынғандар бар ма?

 – Өткен жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Осы өңірлердегі діни радикалданған кейбір азаматтардың бірнеше жыл жұмыссыз жүріп, соңында авто бөлшектер мен текстиль өнімдерін сататын қатқыл салафи бағытын ұстанатын кәсіпкерлердің қарамағына жұмысқа алынып, келе-келе біртіндеп олардың діни тұрғыда радикалданғандығы анықталды. Әсілі, бұл азаматтар бірнеше жыл өмірдегі өз орнын таппай, торығып, әбден тұрмыстың тауқыметін тартқан. Өстіп қол қусырып жүргенінде сәлафилер екі қолға бір жұмыс тауып берген. Әлгі азаматтар нәпақасын айыратын тұрақты жұмысқа тұрғанына мәз-мейрам болып, оның артында тұзақ бар екенін аңғармаған. Бір қарағанда бақса ісі адал, табысы тәп-тәуір, ортасы ұдайы руханиятты сөз қылады. Сөйтіп тұзаққа түсуші азаматтар жанға жайлы жұмыс және рухани сұранысты да қанағаттандыратын байлықты тарту еткен жұмыс беруші ортаға алғыс ретінде олардың қалай айтқанына көніп, айдағанына ергенін білмей қалған.

– Яғни, кедейшілдіктің әсерінен теріс діни жолға түсушілер бар демекшісіз ғой.

– Иә, әлеуметтік ахуалдың төмендігі базбір отандастарымыздың теріс діни жолды таңдауына түрткі болғанын жасыра алмаймыз. Бірде Сәтбаев қаласында сәлафилермен байланысқан көп балалы бір жас анамен жолықтық. Жас келіншектің күйеуі жасаған қылмысына байланысты түрмеде отыр екен. Шиттей төрт баласын бағып-қағуға шамасы жетпей қиналып жүргенінде сәлафилер оған бірнеше рет қайыр-садақа беріпті. Олардың жылуарын көрген соң әлгі әйел сәлафилікке бет бұрады. Әйелді теріс бағыттан қайтаруға тырысып теология тақырыбын көтеренімізде, ол: «Қарағым, ақида, фиқһ айтып басымды ауыртпа. Мен бес баламмен жалғыз қалғанымда маған үкімет емес, мына бауырларым (сәлафилер) көмек қолын сөзді. Мемлекет қамқорлық танытқысы келсе, сол кезде қайда қалды?» деп уәж айтты. Біз көп балалы отбасыға мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы берілетінін айта бастап едік, онымызды тыңдаған да жоқ.

– Әлеуметтік-психологиялық себептермен сәлафизм жолына түскендерге де нақты мысал берсеңіз?

– Бірде Діни мәселелерді зерттеу мекемесіне сәлафизм сеніміндегі ниқаб киген бір қарындасымыз келді. Өткен өміріне көз жүгіртсек, бұрын жеңіл жүрісті қыз болған екен. Осылай теріс жолда жүргенінде сәлафизм сенімін ұстанатын бір жігітпен көңіл жарастырады. Әлгі жігіт «Тәубе етсең, өткен өміріңдегі күнәларың кешіріледі» деп қызды ниқаб киюге үгіттейді. Қыз алғашқыда сәл ыңғайсызданғанымен, кейін ниқабқа бойын үйретеді. Ал, психологиялық тест алғанымызда қарындасымыз ниқабтың діни үкімін немесе мән-маңызын мүлде білмейтін болып шықты. Тегі, ол қызға ниқаб кию Алланың разылығынан бұрын өткенін бүркеу үшін керек болатын. Себебі, бет-аузын тұмшалап алғаннан кейін ешкім өткенін бетіне басып, кінәлай алмайды. Оған ниқаб кию осы тұрғыдан алғанда тиімді еді.

Әлеуметтік-психологиялық қысымға байланысты сәлафизм жолына түскендердің тағы бірінен мысал келтірейін. Сәлафи сенімін ұстанатын бір спортшы жігіт бұрын бұзақылық жасап сотты болған. Түрмеден шыққаннан кейін спортшы жігітті ағайын-туысы мен бұрынғы ортасы дұрыс қабылдамаған. Осылайша ол өмірдегі өз орнын таппай біраз уақыт жалғыздықты басынан кешіреді. Өстіп жұмыссыз қалып жалғыз жүргенінде оған сәлафилер кезігіп, «Тәубе етсең, өткен күнәларың кешіріледі» деп кеңшілікпен қарап, оның дене әлеуетін мен біртбеткей мінезін өз мақсаттарына пайдалану үшін оған дүкендердің үстінен қарайтын бақылаушы қызметін ұсынады. Көктен іздегені жерден табылған спортшы жігіт өзін хан көтерген жаңа ортаға жан-тәнімен беріледі. Сөйтіп жүріп, сәлафизм тұзағына ілікккенін байқамай да қалған.

– Сәлафилердің қылмыстық топтары қай өңірлерде бар? 

– Әсілі, қатқыл көзқарастағы сәлафилер (тәкпіршілдер) зайырлы мемлекетті мойындамайды. Шейх Салих әл-Усаймин «Үш негіз» трактатына жазған шархында шариғи емес заңдармен басқарылатын саяси жүйені «тағұт» деп көрсеткен. Осы себепті олар зайырлы мемлекетке мойынсұнбай, заңмен тиым салынған кейбір қылмыстарды білек сыбана ерікті түрде жасайды. Мысалы, Шұбаршиде 2011 жылы теракті жасаған діни лаңкестер мұнай ұрлаумен шұғылданған. Олар өз әрекеттерін қылмыс емес, сауапты іс деп қабылдаған. Себебі, тағұт деп санаған зайырлы мемлекетке қарсы әрбір іс-қимыл олар үшін жихад болып саналады.

Осы сапарымызда Қандыағаш қаласында сәлафи бағытын ұстанатын азаматтардың қылмыстарға қатысы бар екеніне көз жеткіздік. Қылмыскерлер намаз оқымайтын азаматтарды «бейнамаз» деп кінәлап, олардың бизнестерін тартып алмақ болған. Үлкен бір әженің ниқаб киген қыздарға «Қай қазақты көріп едіңдер бет-аузын тұмшалаған?» деп айтқаны үшін, сәлафилер: «Өлтіріп кетеміз» деп қорқытқан. Осыдан соң сәлафилер мен намаз оқымайтын азаматтар арасында бірнеше рет ірі разборкалардың болғанын естіп білдік. Осы қаладағы зиялы кісілердің айтуынша Қандыағаштағы сәлафизмді еңсеру үшін ең алдымен қаладағы қылмыстық топтардың көзін жою керек екен. «Қылмыстық топтар құрыса, сәлафизм өзінен өзі жойылатын еді» дейді жанашыр азаматтар.

– Діни радикализмге қарсы күресті кеш бастаған жоқпыз ба?

– Иә, кеш бастадық. Задында, сонау 1992 жылы дін еркіндігін жариялар тұста, тіпті одан бертіндегі 2000-шы жылдары да алыс-жақын елдерде болып жатқан діни ахуалды ескеріп, тез арада етек-жеңімізді жинағанымызда, көп мәселенің алдын алуға болатын еді. Қазірде шындап кіріссек алдын ала аламыз. Бірақ, ерте қамданғанымызда шығын аз болар еді. Бүгінгі таңда кейбір сыртқы күштер, оның ішінде көрші империялар Қазақстанда діни радикализм қаупінің орын алғанына қатты мүдделі. Осы арқылы ішкі ісімізге мұрын тыққысы келеді. Яғни, жылдан жылға діни радикализммен күрес тым күрделеніп, оның алдын алу қиямет-қайымға айналып барады.

– Қазақстандағы діни радикализмнің ошақтары қай жерлерде көбірек орналасқан?

– Жалпы, еліміздің көптеген аймақтарында діни радикализмнің ұялары жұмыс істейді. Әсіресе,  Ақтөбе қаласында, Мұғалжар мен Темір аудандарында, Атырауда, Құлсарыда, Ганюшкинде, Маңғыстау олысының Жаңаөзен қаласында, Қарағанды облысының Жезқазған және Сәтбаев қалаларында, Павлодар облысының Екібастұз қаласында, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында діни радикализмнің қаупі жоғары.

– Әңгімеңізге рахмет!

E-Islam.kz