Атамқұлов кеткен соң ОҚО-дағы шенділердің біразы қызметінен босап қалған

Сенімді ақпараттарға қарағанда, қазіргі уақытта ОҚО әкімі аппараты басшысының үш орынбасары - Әсет Байсынов, Нұрлан Кеңесов пен Ақберен Елгезек еңбек демалысына кеткен деп жазады Рейтинг газеті.

Атамқұлов кеткен соң ОҚО-дағы шенділердің біразы қызметінен босап қалғанДәл әкім ауысып жатқан кезде үш бірдей орынбасардың демалысқа кетуі түсінікті. Жалпы Атамқұловтың тұсында аппараттағы белсенділердің айы оңынан туғаны белгілі.  Әсіресе Әсет Байсынов кадр тазалығын жасамақ болғанынан көрі бүлдіргені жайлы жанайқайлар жетерлік.

Естеріңізде болса, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарлары Нұрлан Кеңесов пен Әсет Байсынов «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елде білім алған кадрлар болатын. Әкім ауысқан соң «болашақтардың» болашағы бұлыңғыр бола бастаған сияқты. Енді олардың орнын басатын келешек кадрлардың қандай болары белгісіз.

Енді Астанаға ат ауыстырмаған кадрдың бірі аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұловқа тоқталсақ.

Облыс әкімі аппаратының басшысы қызметі бұған дейін тек жергілікті кадрлардан тағайындалатын. Кадр болғанда да кез-келгені емес, әбден тіс қаққан, облыс әкімдігінің ыстық, суығын жақсы білетін кадрларға таңдау жасалатын. Бұл қызметті ұзақ жылдар атқарған Әуелхан Тұрғымбеков пен Бәйділдә Жылқышиев мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын сонау комсомолдан бастаған. Әкімдік қызметтің дәмін де екі-үш қайтара татты. Шыңдалды.

Осы қалыптасқан дәстүрді Атамқұлов бұзып, аппаратын басқаруға отыздан енді асқан Еркеғали Әлімқұловты Астанадан алдыртты. Оңтүстіктің тумасы демесеңіз, аудан түгілі ауыл әкімі де болып көрмеген Еркеғали Әлімқұлов бұл қызметті қаншалықты алып кете алды? Әрине, бұған бағаны беретін біз емес. Бірақ сөздің райы келгенде айта кетейік, Атамқұлов жылы орнын суытқан соң Әлімқұловтан да маза кетті дейді білетіндер. Көштен қалып кеткендей күйі кешіп жүргенге ұқсайды.