Атышулы Әліби Жұмағұловтың басы тағы да дауға қалды

Астана тұрғыны полицияға Әліби Жұмағұлов оның ноутбугын қайтармай жүргені туралы шағымданды деді елорда ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова ҚазАқпаратқа берген мәліметінде.

Атышулы Әліби Жұмағұловтың басы тағы да дауға қалды«Биылдың 28 қыркүйегінде қалалық Ішкі істер департаментіне Астананың 26 жастағы азаматшасы Ә. Жұмағұлов есімді танысына қатысты арызданған. Аталған қыздың мәліметінше, Жұмағұлов көлігінде қалып қойған ноутбукты қайтармай жүр екен. Алдын ала тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін ноутбук иесіне қайтарылды, Есіл ауданы прокуратурасымен келісілгеннен кейін қылмыстық жағдайдың болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды», - деді елорда ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың сәуірінде Нұрлан Жұмағұлов есімді қала тұрғыны әлеуметтік желілерде ұлы Әлібиді біреулер қатыгездікпен ұрып-соққаны туралы ақпарат таратқан еді.

Анықталғандай, кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің сыбайластарымен бірге Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловты ұрып-соғуы фактісі жұртшылық арасында үлкен шу туғызуымен байланысты оны тексеру барысы Бас прокурор мен ішкі істер министрінің бақылауына алынды. Жамалиев 2015 жылғы 23 сәуірде ұсталды, 24 сәуірде материалдар тұтқынға алу жөніндегі бұлтартпау шараларын таңдау үшін сотқа жіберілді.

2015 жылдың тамызында Жамалиев 13 жылға бас бостандығынан айырылды.