Ә. ҚОСАНОВ: МӘДЕНИЕТ – БАСТЫҚТАР АЛДЫНДА ҚОЙЫЛАТЫН ГАЛА-КОНЦЕРТ ЕМЕС

Таяуда парламент мәжілісінде мәдениет саласына қатысты заңнамаға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар талқыланды. Оған белгілі саясаткер Әміржан Қосанов та қатысқан еді. Азаматтық қоғам өкілдерін парламенттік жұмысшы топтарға тарту үрдісіне байланысты мән-жайды білу үшін Әміржан мырзамен сұхбаттасқан едік.

–Қоғамдық маңызы бар әдебиет дегенді қалай түсінесіз? Өзіңіз білетіндей, бұдан бұрын әдеби кітаптар «әлеуметтік маңызы бар әдебиеттер» деген атаумен шығып келді. Қоғамдық, әлеуметтік дегеніңіз жатырлас сөздер. Сонда бұл заңға өзгертулердің қандай жаңалығы я жақсылығы болады деп ойлайсыз?

– Өте қызық сұрақ екен бұныңыз. Әрине, екі сөздің түбірі бір. Бірақ талқылауға қатысқанымыз да сол – шынымен де, қоғамға, әлеуметке маңызды әдебиетке, соның ішінде жұртқа қажет кітаптарды, өнер туындыларын қолдау туралы сөз айтуға тырыстық.

– Талқылауға Жазушылар одағын ұзақ жыл басқарған Нұрлан Оразалин, мәңгілік депутат Қуаныш Сұлтанов, ақын Мұхтар Шаханов, журналист Сауытбек Әбдірахманов қатарлы біраз ақсақалдар қатысты. Жиыннан бірде-бір орта жастағы я жас қаламгерді, әнші, күйші, суретші, мүсінші, музыкантты көрмедік. Осыған қарап, заңға өзгертулер сақалды әдебиет пен сақалды мәдениет, сақалды өнер қайраткерлері үшін жасалып жатқандай көрінбей ме сізге?

– «Сақал» деген өзі сыйлауға тұратын нәрсе ғой. Бірақ тұрмыста, дастархан басында сақал қадірлі болғанымен, саясатта, қоғамдық өмірде бұл ұғымның орны бөлек: дер кезінде орынды ауыстырып тұру керек! Бұл шаруа бәріне қатысты – ауыл әкімінен бастап, елбасына дейін!

«Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма!» дейді атам қазақ. Мені де көптің бірі ретінде мәжіліске шақырды. Бардым. Көрдім. Айттым ойымдағыны. Әлеуметтік желіде елге сауал қойдым, жүзге тарта ұсыныс алдым, соларды жүйелеп, мәжіліс мінбесінен айтуға тырыстым. Мәселен, меценаттық, яғни «Қайырымдылық туралы» заңды жетілдіру, әсіресе жеке тұлғаларға салықтық және басқа жеңілдіктер беру туралы көп айтып жатыр. Бишілер мен цирк әртістерінің зейнетке шығу жасын төмендету жайлы талап көп. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында елге келген, жарияланған тарихи маңызы бар құжаттарды ғылыми тұрғыда жүйелеу, зерттеу туралы да әңгіме бар. Министрлік айтқан «шетелден басшы мамандар әкелу» идеясы қаншалықты орынды?

Ұлттық телеарналарда мәдениетті насихаттау жайы туралы бөлек әңгіме керек! Бұл мәселеде тұрпайылық, дарақылық, тайыздық басым! Терең мағыналы, елдің мәдени және интеллектуалдық деңгейін танымал түрде көтеретін арнайы хабарлар жетіспейді, сананы сериалдандыру процесі жүріп жатыр!

Сіздің сұрағыңыздың жаны бар: келесі талқылауларға міндетті түрде жастарды шақыру керек. Ол туралы мен шақырушыларға айтамын! Шынымен де, біз ескі стандарттармен жүрген сияқтымыз.

– Заңға енгізілетін өзгертулер шығармашылық одақтар мен бірлестіктерде шығармашылық адамдардың толық қатысуымен талқыланып, ойларын ортаға салып, сосын соның негізіндегі нақты ұсыныстарды ғана шығармашылық бірлестіктер басшылары жиынға апарғаны дұрыс болар еді деген ойға не айтар едіңіз?

– Өте дұрыс ой! Жалпы бізге шығармашылық ұйымдардың қоғамдағы орны мен ролін қайта қарау керек! Оларда жан жоқ! Қоғамда болып жатқан оқиғаларға, әлеуметтік маңызды мәселелерге олар үн қатпайды. Жұрт «жер» деп, «тіл» деп шырылдап жатыр. Ал жазушылар мен басқа өнер қайраткерлері жұмған аузын ашпайды! Сондықтан да олардың қоғамда беделі жоқ!

– Сізге 1,5 миллиард теңгенің төңірегіндегі әңгімеден әдебиеттегі ақсақалдар баяғы совет заманындағы қаламақыны қайта алатындай көрініп, сол үшін қалай да осы қаражатты бөлуді заңға енгізуге ұмтылғандай әсер қалдырмады ма?

– Қаламақы туралы мәселенің өзі қызық. Сөз жоқ, қаламақы керек. Онсыз жазушы өмір сүре алмайды ғой. Бірақ мен мәжілісте мынаны айттым: қаламақы ең алдымен жастарға керек! Сол қаламақы арқасында жас талант аяққа тұрып алсын. Өссін!

– Қазақстанда мәдениет, әдебиет, өнер мәселесі талқыланған жиындарда ақсақал ақын-жазушы, әнші-күйші, актер, суретші-мүсіншілер неге өз жеке шығармашылықтарының, жеке бастарының мәселесін шешіп алуды ғана ойлайды?

– Ол сұрақты сол ақсақалдардың өзіне қойыңыз! Бір бастыққа кірсе, елдің емес, өзінің қара басының шаруасын айтып, өкімет басындағыларды алдымен бұзып жүрген солар ғой!

– Жиында қызылсөз көп, нақты ұсыныс аз болған сияқты. Себебі неде деп ойлайсыз?

– Жалпы талқылау жаман болған жоқ. Өйткені заңға енгізіліп жатқан өзгерістердің аса бір саяси астары жоқ, жұрт еркін сөйледі.

– Мәдениет туралы заңды ішінара өзгерткенмен, ол әдебиетке, өнерге нақты пайдасы тиіп, мәдениеттің тынысын ашуға сеп болады дегенге сенесіз бе?

– Отырысқа барар алдында Мәдениет туралы заңнаманы зерттеп алдым. Заңға концептуалдық база жетіспейді. Ең басты мәселе мынада (ол туралы мен сол жерде айттым): 25 жыл ішінде біз ертеңгі ұрпаққа қандай мәдени мұра қалдырамыз? Пафос, саяси конъюнктураға негізделген шығармаларды ма? Міне, гәп қайда!

Заңның 8-бабының 7-тармағында төменгі деңгейдегі атқарушы органдардың өкілеттігі жайлы бапта тиісті мониторинг туралы айтылған. Соған қосарым – Мәдениет (қазір спортпен де айналысатын) министрлігі мен оның мекемелерінің жұмысына тиісті, объективті мониторинг жасау механизмі туралы арнайы бап енгізу керек. Ол функцияны депутаттар өз мойнына алуы керек! Соның ішінде БАҚ пен шығармашылық одақтар, тәуелсіз ұйымдар мен бірлестіктер берген баға болуы шарт!

«Мәдениет туралы заңда» іс-шаралық аспект көп те, терең, ішкі иірімі бар, көзге көріне бермейтін процестер мен мақсаттар туралы жоқ деуге болады. Мәдениетті дамыту тек қана шенеуніктік директива күшімен жүзеге аспайды. Мәдениет пен өнердің дамуы үшін үш шарт орындалуы керек!

Алдымен шығармашылық бостандық болуы шарт, сыртқы және ішкі цензураны жою керек! Конституцияда жазылған тыйымдар жеткілікті. Мәдени салаға экономикалық стимулдар керек! Ол өз алдына бөлек бір әңгіме. Соның ішінде жеке меншік түрін мейлінше қолдау қажет, әйтпесе бізде бәрі тым мемлекеттендіріліп (яғни, шенеуніктеліп!) кеткен!

Өркениеттік стандарттарды енгізу керек, мәселен, дамыған елдерде мәденитет саласын қаржыландыруға жалпы ішкі өнімнің белгілі бір пайызын бөлу дәстүрі бар. Біз неге солай жасамаймыз?! Бір нәрсе айқын да анық: мәдениет – бастықтар алдында қойылатын гала-концерт емес. Ол – мүлдем басқа дүние! «Мәдениет» сөзіне рухани реабилитация керек! Оны бейсаясиландыру керек! Саясат – өткінші, мәдениет, әдебиет пен өнер – мәңгілік!

– Сіз ақынсыз. Кезінде «Жұлдыз» журналында Мұхтар Мағауин жаңа лепті жас ақын-жазушылар туралы жазып, онда сіздің де атыңызды атағанын білеміз. Кітап шығару жоспарыңызда бар ма?

– Бар! Жақында шығарамын...

- Қыңыр сауалдарға қисынды жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ, журналист

abai.kz