Алаш қайраткерлеріне деген құрмет ешқашан кемімеуі керек

Картинки по запросу алашорда

«Ақ жол» демократиялық партиясы Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы Сәбит Байдалының 2017 жылдың 24 қыркүйекте Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында өткен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған «Әлемдік тұлға Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзі.

Қайырлы күн, құрметті конференцияға қатысушылар!

Сіздерді «Ақ жол» партиясының, оның төрағасы, Мәжіліс депутаты А.Т.Перуашевтің атынан Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның құрметіне жасалып жатқан ұлықтау тойына құтты болсын айтуға рұхсат етіңіздер!

Ақтоғай өңірінің топырағын басып, ауасын жұтудың өзі – қасиет пен киенің қадірін білетін жан үшін толқынысты сезім тудырады. Өйткені Ақтоғай – Әлихан, Әлімхан, Жақып сынды қазақтың үш бірдей оғланының кіндік қаны тамған қасиетті өңір. Оның үстіне, қазақтың алыс-жақын шет ел азаматтарына мынау менің атам, менің бабам деп мақтануға тұрарлық тау тұлғасының, дара тұлғасының туып өскен өңірін, ата-анасы, туған-туысы мәңгілікке жайғасқан «Талды бейіт» бабалар қорымына көппен бірге барып, тағзым жасаудың, «Жекежал» қыстағындағы ескерткіш-белгітастың, сондай-ақ, аудан орталығындағы орта мектеп алдындағы бюсттің ашылуына қатысудың сәті түсті. Жаңа ғана Әлихан Бөкейханның рухына бағышталып, құран қатым түсіріліп, Ас берілді. Ниетіміз қабыл болсын, ағайын!

«Ақ жол» партиясы еліміздің партия құрылысы тарихында тұңғыш рет, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің алаштанушы ғалымдарымен (оның ішінде осы тойдың төралқасында отырған Дихан Қамзабек пен Сұлтан Хан Аққұлы бар) бірлесе отырып, дайындалып, одан кейін қабылданған «2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі БАҒДАРЛАМАСЫ» негізінде өзінің жұмысын, мақсатын жүзеге асыруда.

Әріге бармай-ақ тек биылғы жылды алсақ, партиямыздың ұйытқы болуымен “Әруақ риза болмай — тірі байымайды”, «Ас пен той ортақ» деген қағидаларға сүйеніп, Әлихан Бөкейханның тура туған күнінде – 5 наурызда Астана қаласының төрінде 200 адамға арналған арнайы ас беріліп, құран бағышталып, Алаш көсемінің әзіз рухына құрмет көрсеттік. Оған Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен, Астаналық алаштанушы ғалымдармен қатар, Алматыдан, Торғай өңірінен, Алашорданың алғашқы астанасы болған Алаш қаласы – Семей қаласынан, сондай-ақ Әлекеңнің туған жері – Қарағанды облысынан, оның ішінде Сіздердің ауданыңыздан өкілдері қатысты. Біздің партияның бастамасымен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы құрметіне «Қазпошта» АҚ арнайы мерекелік марканы айналымға түсірсе, жақында ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық банкы мерейтойлық естелік монета шығарды. Оның бірнеше данасын өздеріңіз жерлестеріңіз, өлкетанушы ғалым Қайырбек Изатбекұлы Сәдуақасов ала келіп, мұражайға және көптеген ақтоғайлықтарға таратып та үлгеріпті.

Біздің ұйымдастыруымызбен жыл сайын дәстүрлі түрде «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқау өткізіліп, оның қорытындысымен жыл сайын «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты ғылыми-танымдық жинақтар сериясын шығарып жатырмыз. Алаш көшбасшылары ұстанымдарының ұлтпен бірге өмір сүретін тұжырымдамалық мағынасы бар екенін, Алаш рухының өшпегенін осы кітаптарды парақтаған оқырманның сезінері анық. Ол кітаптарды және «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың конференцияға қатысушыларға жолдаған Құттықтау хатын сөзімді аяқтай келе тапсырамын. Қазіргі таңда осы жинақтың 4-ші, 5-ші шығарылымдары бойынша жұмыс жасаудамыз. Оны да Сіздерге жеткізетін боламыз.

16-35 жас аралығындағы жас зерттеушілер арасында өтетін бұл байқауға 2012 жылдан бері 300-ден астам жас талап қатысып, бақ сынаған екен. Соның 15-і – «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып, жеңіс тұғырына жетіп, бас бәйгені алып, лауреат атанды. Солардың қайсысы болмасын, бүгінде өздерінің ғылыми тұжырымдарын ашық әрі айқын, батыл түрде білдіріп, мерзімді басылымдар арқылы көпке танылып үлгерді десем артық айтқандық емес. «Өтірікшінің куәсі қасында» демекші, осы байқаудың жеңімпазы атанған Еркін Рахматуллин, Елдос Тоқтарбай сынды жастар міне араларыңызда отыр. Бұлар – осы тақырыппен өздерінің келешектерін байланыстырған жас өрендер деп санаймын. Тағы бір мысал, мына Елдос Тоқтарбай жуырда ғана «Әлихан Бөкейхан ізімен...» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедицияның құрамына еніп, осы Ақтоғайдан Мәскеуге дейін барып келді. Мәскеудің Дон зиратында топырақ ала келіп, бүгін Әлекеңнің ата қонысындағы қорымға сепкен де Елдос балаларыңыз. Сол сапардан келгенінен бастап Алаш көсемінің отбасылық жеке өмірі, оның ұрпақтарының тағдыр-талайы хақында циклдық мақалалар жазып жатыр. Байқауымыздың басқа да лауреаттары ғылыми ортаға нық қадамдармен ене бастады. «Ақ жол» жаққан шамшырақтар – келешектің «сен тұр, мен атайын!» деп айтар әмбебап ғалымдардың нақ өздері болайын деп тұр.

Олардың көбісі – алаш тақырыбына ет-жүрегімен берілген шынайы фанаттар. Мысалы, жаңа атап өткен Еркін Рахматуллин мен осы 2016 жылғы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған Жалпыұлттық Байқауымыздың бас жүлдегері, өз жерлестеріңіз, қарағандылық Гүлмира Уәлиевалар балаларының аттарын «Әлихан!» деп атап отыр. Алла қаласа жуырда тағы бір жеңімпазымыздың келіншегі босанбақшы, ұл туса – «Әлихан!» деп атайды, қыз туса – «Бегім!» деп Алаштың үлкен қайраткерін дүниеге әкелген ананың есімін бермекші. Сөйтіп біздің жеңімпаздарымыз бәйгесін де алып жатыр, дүниеге келер болашақ таланттардың легін азайтпауға да қызмет жасап жатыр. Бұл үрдістен Ақтоғайлықтар да қалып қоймай, жас келіндер дүниеге Әлихан сынды ұлтқа адал қызмет етер сәбилерді әкеліп, аудандарыңыздың даңқын аспандата берсе деген тілек бар.

Қазіргі уақытта өздеріңіз білесіздер, алаштанушы-ғалымдардың алды 80-нен, соңы 40-тың қырқасынан асып барады. Ал, алдағы уақытта жас кадрлар керек болады. Біз осы мәселенің алдын алып, ғылыми мектеп қалыптастыруды ниет еткенбіз. Нәтижесі жаман емес секілді, байқағандарыңыздай 15 жеңімпаз, 27 жүлдегер шығарыппыз. Бұл ғылыми мектеп – алаштану саласын тарих, әдебиет, экономика, заң, өнер, журналистика, медицина және тағы басқа ғылым салалары бойынша жіті қарастырарына бек сенемін. Себебі: Жалпыұлттық Байқауға осы аталған бағыттар бойынша мамандықтары әр түрлі жастар қатысып жатыр. Келешекте алаштану, Әлихантану – Абайтану ғылымы секілді әбден қалыптасып, өз алдына дербес дамыған ғылым саласына айналуы қажет. Осыған қызмет жасау керек.

Алдағы күндері «Алаш» тақырыбына жасалған бағдарлама аясында жаңа жобаны іске асырмақшымыз. Партия жанынан «Алаштың Ақ жолы» атты жас зерттеушілердің интеллектуалдық-ғылыми-танымдық клубын құру бағытында жұмыс істей бастадық. Осы клубқа байқауымыздың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, және басқа да жекелеген байқауға қатысушыларды мүше қылып, мүшелік билет беріп, Алаштану саласы бойынша қызмет атқару ойымызда бар. Клуб жанынан Ақылдастар алқасын құрып, оған белгілі Алаштанушы ғалымдарды тартпақпыз. Оның негізгі мақсаты – «болар баланың белін буып», алаштану ғылымының көкжиегін кеңейте берулеріне жол ашу. Үлкендер үлкен, ақсақал бола біліп, «Ілгері кеткен ініні, кері кеткен кәрі құртадының» алдын алу керек.

Жалпы біздің Алаш идеяларын зерделеу және оны көпшілікке тарату бағытында азды-көпті атқарған істеріміз бар. Қазақ елінің зиялы қауымы оны бағалап та жатыр. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Тәуелсіздік жолында қанын да, жанын да аямаған Алаш арыстарының алдындағы қарызымыз бен парызымызды орындап болдық деп айтуға ешкімнің де ауызы бармас. Ендеше, біз бұл бағыттағы жұмысымызды табандылықпен жалғастыруымыз қажет.

Әлихан жылы биылмен бітпейді, келесі жылы - Алаш автономиясының, «Алаш Орда» үкіметінің, Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толады. Біз «Ленин десек партия, партия десек Ленин дегеніміз» деген насихаттың шылауында өскен ұрпақпыз. Біз оны күн көсем деп те жырға қостық қой. Ал шын мәнінде біздің өз көсеміміміз, шынайы көсеміміз болған екен. Қазір бар дауыспен айтуға болады: Алаш десек Әлихан, Әлихан десек Алаш дегеніміз. Алаш қозғалысы мен Әлихан Бөкейханды бөліп тастап, қарастыру тіптен мүмкін емес.

Миллет қамын ойлап, бастарын ұлт бостандығы жолында қатерге тіккен қазақтың аймаңдай ұлы – Әлиханның hәм онымен бірге Алаш қозғалысына атсалысып, нақақтан-нақақ шейіт болған асыл ерлердің әзіз рухына жасалар құрмет ешқашан кемімеуі керек. Бұл бағытта істейтін жұмыс көп. Әлихан Бөкейханша айтсақ «Көп іске - көп болып жабылайық! Ұлық іс – ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып, шөмеледей илеу істейтін құмырсқаны көрмейміз бе?». (Алаш айтқан асыл сөз, 21 бет, «Ел-шежіре» ҚҚ, Алматы - 2016).

Ендеше, ардақты ағайын, Әлихан Бөкейханды және Әлихан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің, Алаш арыстарының құнын қайтаруға жасалған қадамдарымызды көбейтіп, оған бұқаралық сипат берейік. Алаш рухы бәрімізді де жаңа жетістіктер мен жеңістерге жетелей берсін.

Алаштың тойы тойға ұласып, қазақтың бағы жана берсін!