Оңдасынов жайлы ойлар, хаттар...

ПОРТРЕТ Дінмұхамед ҚОНАЕВ: «–1944 жылдың екінші жартысында республика партия ұйымының басшы­лығында ауыс-түйіс болып, Н.А. Скворцов Совхоздар Халық Комиссарлығына тағайындалады да соңғы июль айының пленумын өзі басқарып кетеді. Осы пленумда біраз басшылар өзара сынға алынды. Дәл осы жолы Қазақ КСР Халком Кеңесінің және Министрлер Кеңесінің төрағасы Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы сөз сөйлей келіп, соңында: – Қызмет бабында құрдай жорғалаған жағымпаздардан іргеңді аулақ салған мақұл, – деп еді, «Казахстанская правда» газетінің редакторы Нефедов орнынан атып тұрып: – Жағымпазыңыз кім, ашып айтыңыз, – деп қақпайлай берді. Нұрекең құланның қасынуына мылтықтың басуы дөп келгендей, сол жерде қасқайып тұрып: – Жағымпаздың көкесі – мына Сіз! – деп, сілтеп-ақ жіберді. Нефедовтың аузына құм құйылды. Нұрекең сөзін аяқтап, мінберден түсіп бара жатты». «Өтті дәурен осылай» кітабынан. Рахмет ӨТЕСІНОВ, Қазақ­стан­ның құрметті мұнайшысы, жазушы: «– 1960 жылы қаңтардың 16-сында Гуревье обкомынан : «Алматыға , ЦК- ның Пленумына жүресің , дайындал» – деген хабар келді. Ертеңіне Обком хатшысы Оңдасынов Нұртас ЦК-ның мүшелері мен аупартком хатшыларын жинап алып, «ИЛ-14» самолетімен Алматыға бет алдық… …Гу-гу әңгіме. Бұл кенеттен шақырылған кезектен тыс Пленумда қандай қауырт мәселе қаралмақ? Қандай өзгеріс? ЦК-ның І-ші хатшысы Николай Ильич Беляев Хрущевтың өзінің жіберген адамы. Оны орнынан қозғайды дегенге ешкімнің аузы бармайды. Қазақстанның Бюро мүшелері мен Министрлер Кеңесінің төрағасы, оның орынбасарлары Москвада екен. Ең соңғы хабар- барлығы Хрущевтың кабинетінде екендігі. Онда құпия отырыс жүріп жатыр. Түнге қарай бізді Оңдасынов жинап алып, ертең (қаңтардың 19-да) сағат 10-да ЦК-ның пленумы ашылады. Соған жарты сағат бұрын барып отырыңдар деп әмір етті. Біз Нұрекеңді не мәселе деп сұрап қинаған жоқпыз. Ол кісінің үндемес мінезі өзімізге белгілі. Ертеңіне ерте ЦК-ның Пленум залының алдына жиналдық. Құпияның бет- пердесі сәл ашылғандай болды. Кеше түнде басшылармен бірге ЦК КПСС- тың ІІ-ші хатшысы Л.И.Брежнев келіпті. Соған қарағанда бір үлкен өзгеріс бар. Енді берік деп жүрген Беляевтің беделіне де сызат түсе бастады. Естіртіп айтпағанмен, сондай бір жәйттің сыбысын жігіттер бір-біріне сыбырлап жеткізіп жатты… … Жарыссөзде бірінші болып сөз алған Жоғарғы Кеңес Пре­зидиумының төрағасы Ж.Тәшенов бірден қатты кетті. Беляевтің бюро мүшелерімен дөрекі екенін сынға алды… Бұдан кейін сөйлегендер неше бір сұрқия қылықтардың бетін ашып, Беляевтің бетін тіліп жатты. Мемлекеттік Жоспарлау комиссия­сының төрағасы Л.Г. Мельников сөз сөйледі. Одан кейін Нұрекең, Гурьев обко­мы­­ның І-ші хатшысы Н.Оңдасынов сөзін: – Адамның жасы мен тәжі­рибесі қашан оның кемшілігі болып саналып еді? – деген сұрақты қоя отырып бастады.—Менімен сөйлескен сайын Беляев жолдас ылғи: « Сен әлі іс­теп жүрсің бе?» деуден бастайды… Нұрекең сөйлеп тұрғанда кейде сөз таңдап, «ләм,ләм» деп кідіріп қалатын. Біз болсақ ойымызға алғаш келген сөзді айтып жүре береміз ғой. Нұрекең дәл сол жерде ең ылайықты, өткір сөз тауып қою үшін кідіретін. Бұл жолы да сол кідіріс орын алып тұрды. Бірақ көп емес. Бір уақытта шалдың (ол уақытта Нұрекең 56-да ғана екен ғой) көзілдірігі түсіп кетіп, оны алам дегенде алдындағы қағаздар сусып шашылды да қалды. Нұрекең бәрін жинап, жауып қойды да өзінше сөйлей берді. Тіпті жақсы шықты. Бәрі қағазбен сөйлеп жатқанда біздің Нұрекең қағазсыз сөйледі. Бәрінен бұрын кідіріс те жоқ, « ләм, ләм» де жоқ. Есіп тұр. Айтқан сынының бәрі дәлелді, орнықты. «Нұрекеңе, қағазсыз сөйлеу керек екен ғой» – дейміз біз мәз болып…» «Партия өмірінен». «Евразия» апталық газет. 20 шілде, 2001 жыл. *** Ғарай САҒЫМБАЕВ, Қазақ­стан­ның құрметті экономисі, профессор: «– Қазақ КСР-нің 40 жылдық мерекесі 1960 жылы тойланбай, Хрущевтің келуін күтіп,1961 жылдың 18-ші маусымында өткені белгілі. Қонақтарға арналған кеште: «Хрущев был в плохом настроении и рано ушел с приема» деп жазады Д.А. Қонаев « От Сталина до Горбачева» кітабында, (143 бет). Бірақ, Димаш аға себебін ашып айтпайды. Оның себебі былай еді: Той үстінде Хрущев қолында арағы бар, Оңдасыновтың қасына келіп: – Мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болушы едің, ертең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы алынады, – дейді мысқыл араластырып. Сол кезде Нұрекең орнынан атып тұрып: – Мен қазір Қазақстанды бас­қарсам, әлі де қарсы болар едім, – депті тайсалмастан. Хрущев түшкірсе «жәре­комалла» дегенге үйренген ол Оңда­сыновтың бұл жауабына ашуланып, қонақасыдан кетіп қалады. Нұрекеңе: «Кешірім сұра, ертең сессияда аудандарды беру туралы ұсыныс жаса» деген бюро мүшелерінің «данышпандық» кеңесін қабылдамайды. Сол бір ойланбаған қау­лының қасіретін көршілес, ағайындас екі халық – өзбек пен қазақ әлі тартып келеді… Әлі қаншама уақыт тартады екен десеңізші!.. Осыдан кейін жылға жетпей Хрущев күш-қайраты кемімеген, іс- тәжрибесі молайған шағында Оңда­сыновты зейнеткерлікке кетуіне мәжбүрлейді…» Сағидолла ҚҰБАШЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері: «1962 жылы ақпан айында Хрущев Алматыға келетін хабар алдық. Орталық партия комитетінің хатшысы Қонаев телефон соғып, Оңдасынов, Құбашев келесіздер, дайындалыңыздар, қоятын мәселелеріңіз маңызды, әрі 2-3-тен аспасын деген.Облыстан үш мәселе дайындалды. Бірінші — Маңғыстауда үлкен мұнай көзі ашылды, табиғат жағдайы жыл бойы тоқтаусыз жұмыс жүргізуге қолайлы. Барлау мен игеруді қатар, тез жүргізу керек. Қаржы мен ресурстарды көбейту. Екінші – Маңғыстауда түрлі-түсті, құрылысқа жарамды тастың қоры мол. 4-5 қабатты үйлер салуға, ғимараттарды әшекейлеуге өте қажет. Үшінші – Маңғыстауға темір жол торабын салу. Хрущев Алматыға келді. Республика активі Орталық комитеттің бюро залында жиналды. Облыс басшылары қысқа-қысқа баяндап, пікірлерін айтты.Кезек Нұрекеңе келді. Ол әуелгі екі мәселені айтып болғанда Хрущев сөзді бөліп Нұрекеңді сынға алды. «Біріншіден – деді Хрущев – Сібірде мұнай теңізі өнім беруде, бар мүмкіндік Сібірге жұмсалынады. Екінші тас деген немене, сен Оңдасынов өзгермеген екенсің, жаңа жағдайды түснбейсің, темірбетонды пайдаланатын заманға көзқарасың дұрыс емес, әрбір совхоз өзінде кірпіш заводын салуы керек, тастың қажеті жоқ деп, көп сөйлеп барып тоқтады. Нұрекең : – Никита Сергеевич бізге екінші темір жол торабы керек, – деді. Хрущев бұрынғыдан бетер ренжіп, Нұрекеңе арнап кекесін анекдот айтып, қолдамайтын пікірін білдірді. Мәжілісті жүргізіп отырған Қонаев бұл мәселеге араласпады. Облыстың ұсыныстары қорғалмады. Ал, Хрущевтың артық, тұрпайы сөздерін Оңдасынов көтере алмады, пенсияға шығуға арыз берді. Бұл – ар-намысы бар батыр азаматтың ерлік шешімі болды» *** « –1963 жылы шілдеде, облыс ауылшаруашылығы озаттарының жиналысына құрметті қонақ ретінде Мәскеуден Нұрекеңді шақырдық. Мен баяндаманың орта кезінде Нұре­кеңің атына, еңбегіне жылы сөздермен, облыс еңбекшілері атынан алғыс айттым. Залда отырған 700-дей адам орындарынан тұрып, ду қол шапалақтады. Озаттарға сыйлықтар тапсырылды, сөйлеу басталды. Бір кезде Нұрекеңе сөз бердік. Бүкіл жұрт тағы да орындарынан тұрып ұзақ қол шапалақтап Нұрекеңе ерекше құрмет көрсетті. Нұрекең трибунада біраз күтті. Жұртты әрең отырғыздық. Енді Нұрекең үндемейді, тұр, алдында бір бет қағазы. Байқаймын қатты қобалжып тұр. Жұрт та сезді, ел қайтадан орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап, отырмайды. Менің екі жағымда өлкенің басшылары Н.И.Журин мен Р.О.Шаяхметов кезекпен етегімнен тартады. Жұрт отырсын дегені ғой. Әреңдеп елді отырғыздық, Нұрекең де озаттарды құттықтап, рахметін, тілегін айтты. Жұрт оның орнына әбден отырғанша тұрып, қол шапалақтаумен болды. Кешінде, біздің үйде, осы жайлы еске алдық. Сонда Нұрекең тағы да тебіреніп: – Өмірімде осынша құрмет көргенім жоқ, осындай қобалжыған да жоқпын. «Ел – алтын бесік» деген халық, мені Атыраулықтар алтын бесікке салып тербеді ғой. Алтын бесіктің үстінде отырған кісінің көзі ештеңені көрмейді екен, – деді. Маған Нұрекең мақтанышқа бөленіп, тебіреніп отырған секілді көрінді. Реті де солай еді. Сол жолғы халық ықыласы – Нұртас Оңдасыновтың адал еңбегінің бағасы, Ұлы азаматқа деген Атырау елінің таза махаббаты. Таза пейіл – таза адамға ғана арналады екен. Сол жолы мен соны ұқтым». «Нұртас Оңдасынов» атты естелік кітаптан. *** Ғарай САҒЫМБАЕВ (Қазақстанның құрметті экономисі, профессор: «– Үкімет басшысы болған соң, көп ұзамай Орталық Үкімет Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету шаралары туралы мәселе қарайтын болды. Айтатын сөзімді, қоятын сұрауларым мен өтініштерімді мұқият әзірлеп Мәскеуге жүріп кеттім. Үкімет мәжілісін КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.М.Молотов басқарып отырды. Мінберге көтеріліп, сөзімді жаңа бастай бергенімде мұрты тікірейіп Сталин кіріп келді. Атағы жер жарған, бұрын көрмеген көсемді осы жиынға келеді деп ойламаған мен қысылып, біраз уақыт тоқтап қалдым. Сөйлейін десем дірілден дауысым шықпай қалғандай. Залда отырғандар да «не болды?» дегендей бәрі тесіле қарап, сөйлеуімді күтіп отыр. Мен әлі үнсізбін. Залда күбір-күбір басталды, ара- арасында күлкі де естіліп қалды. Қаһары бет қаратпай тұрған Сталиннің сұсты жүзі мен айбары шынында да отыздан жаңа ғана асқан менің жүрегімді дірілдетіп тұр еді. Осыны байқап қалған Молотов үзіліс жариялап, мені шақырып, Сталинге қарама-қарсы отырғызып: – Қазақстан Үкіметінің жаңа басшысы, мал шаруашылығын жақсы біледі, – деп, таныстырды. Сталин бас шұлғып отыр, маған тесірейе қарайды. Қарасы тура найзаның ұшындай өткір. Молотов тағы да бір нәселерді айтып түсіндіріп жатыр, менің құлағым шыңылдап түк есітіп тұрған жоқ. Бір кезде Сталин: «Тыңдайын деп келіп едім. Вячеслав, артынан өзің айтарсың», – деді де шығып кетті. Мен аздап есімді жиғандай болдым» . Бұны маған бірде Нұрекеңнің өзі айтып еді. Осыны көрген, жел ауыздан естіген кейбір «батырсымақтар» Нұрекеңді кейіннен күлкі етіп, қорқақ, дұрыстап мәселе қоймаған деп лақап таратты. Ол кездегі Сталиннің беделі мен қаһарын білмеген, көрмеген бастықтар, кейінгі өздерімен қосылып арақ ішкен, сөздерінде маңыз да, мағына да жоқ Хрущев, Брежнев, Ельцин сияқты болар деп ойлайтын шығар. Нұрекең түгілі, кейін Кеңестер Одағын басқарған Хрущевтің өзі Сталиннің алдында құрдай жорғалаған жоқ па!? Оны неге мазақ етпейміз? Ел билеуге енді келіп жатқан жас Нұре­кеңнің, басқамызға да жат емес мінезі еді бұл. *** Рахмет ӨТЕСІНОВ, Қазақстанның құрметті мұнайшысы, жазушы: «– Обкомның пленум, активтерінде өдіріс басшылары жұмыстағы кемшілік­те­рін техникалық жабдықтардың жетіс­пей­тіндігімен дәлелдеп, жабдықтау меке­мелерінің атына сын айтып, олардың басшыларын айыптап жататын. Сондай бір жиыннан кейін Нұрекең Совнархоз төрағасы Сафи Өтебаевқа жабдықтау тресінің бастығы С.Г.Финкельштейннің есебін тыңдауды тапсырды және сол отырысқа өзі қатысатын болды. Залда отырған тыңдаушылар үнемі Финкельшнейннің үстінен сын айтып жүретін мұнай кәсіпшілігі директорлары. Финкельштейн тәжірибелі адам ғой, есебін тек нақты цифрларға құрды. – Ең үлкен Қаратон кәсіпшілігінің директоры К.Х.Огай жаңа насос-компрессор трубасы жетпейді деп сын айтты. Мынау соның осы жылғы берген сұранысы, – деп, бір жапырақ қағазды Оңдасыновтың алдына қойды да әрі қарай – біз оның үстіне 20 пайыз қосып артығымен алдырдық. Мынау біздің Қаратонға жіберген трубамыз. Ал қалғаны базада жатыр. Өздері алмайды… Бұдан кейін Финкельштейн дәл осы сияқты дәлелдерді өзін сынаған кәсіпорын директорларының бәріне айтып, дәлел-қағаздарын бірінің үстіне бірін қойып, Нұрекеңнің алдына үйіп тастады да: «Кімде қандай сұрақ бар?» – деп тықылдап тұрып алды. Мынандай дәлелге директорлар дәрменсіз болып шықты. Залда тыныштық. Бәрі үнсіз. Біз отырмыз әлгі: «сыншы – директорларды қазір Нұрекең сойып салатын, бәрінің ит терісін басына қаптайтын шығар” деп. Жоқ, Нұрекең өйтпеді. Әлгі Финкельштейн қойған бар қағазды қасында отырған Совнархоз төрағасы Сафи Өтебаевқа қарай ысыра салды да, орнынан тұрып үн-түнсіз шығып жүре берді. Осылай Нұрекең бірімізге-бірімізді, өтірік пен шындықты беттестірді де, «қырам-жоямын» деп кейбіреулердей сұқ саусағын сұқтамай-ақ, бір сөз айтпастан, дәйегі жоқ сыншыларды мақтамен бауыздап, байлап салды. Енді экзекуцияның болмайтынын көрген жігіттер бастарын көтеріп, бойларын жазып «уф» деп, демдерін бір алды. Ендігәрі дерексіз сын айтпасқа ант бергендей күйде еді бәрі де. Сөйтіп, Нұрекең «сынның нақтылығы» деген тақырыпта осындай сабақ берген бізге. Міне, жақсыдан жақсы сөз, іс қалады десе Оңдасынов артында да осындай өнеге, үлгі, тәлім алатын әңгімелер ел аузында көп» *** ХАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ ЖОЛДАС НҰРТАС! Ертең жүргелі дайындалып жатырмын. Сіздің анау күні біздің майдандағыларға аз-кем сыйлық береміз деген уәдеңіз болған еді. Сізден кейін Шаяхметов жолдасқа да сөйлескем. Ол кісі де қарсылық еткен жоқ еді. Қазір Семиннің жанында отырмын, жауап күтемін. Мүмкін болса қабылдаңыз. Әбу Сарсенбаев. 9.11. 1943 ж. ҚҰРМЕТТІ ОҢДАСЫНОВ ЖОЛДАС! Өзіңізге аян, биылғы жылы июнь айы ішінде Москвада қазақ әдебиетінің он күндігі өтпекші. Соған байланысты Сіздің алдыңыз­да шешілетін бірнеше мәселелер бар еді. Мүмкін болса соны Сізге баяндап, таныст­ыру үшін жолығып шыққымыз келеді. Қазақстан Кеңес Жазушылары Одағының алқа мүшелері: Ғабит Мүсірепов, Қадыр Хасанов. 17.04. 1944 ж. *** ҚҰРМЕТТІ СӘЛЕМ! Қазақ мемлекетінің басқарушысы, бағыт берушісі, құрметті ағай Оңдасынов. Сізге ұрыс-майдан жерінде жүрген қазақ халқының ұлдарынан құрметті туысқандық сәлемімізді жолдаймыз. СССР-дің Х-шы ұлы Совет сессиясында әрбір союзни республикалар өзінің ұлттық Армиясын құруға қабілетін алынған закон бізді өте қуантты. Біз өз ұлтымыздан құралған Армияда қызмет етіп, фашистерді талқандап, қазақ халқының даңқын көтеруді тілеймін. Біз екі жылда жауды жоюдың әдісін үйрендік, соғыс ғылымын іс-жүзіне асыра білуді үйрендік. Сол алған тәжірибемізді жастарға үйретсек дейміз, олар қашан да жауға дайын тұратын болсын. Қазақ халқының қаһармандық атын шығарсын. Қазақ халқы қашан да Қаһарман болған ғой. Сондықтан қазақ Армиясын қалай құруға, оған түсуге болады? Қазақ ССР-нің Қорғаныс Комитетінің басшысы кім? Жауынгер Ф.Сайфуллин, майдан даласынан, 1944 жыл. *** Аса мәртебелі әзиз аға, Нұреке! Сау-саламатсыз ба? Ошақ-орманыңыз аман ба? Шулы, нулы, самиян самалды бір өлкеге демалып оралды деп естідім. Көңіл көсілісіңіз қалай? Жаңа бір ойлар, қиялдармен қиырларға көз тігіп, томағаны ағытып, үлкен істерге құлшынып отырғаныңызға күмәнданбаймын. Өйткені, ересен қажыр-қайратсыз, бірді жығатын білектен гөрі, мыңды жығатын біліксіз «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» тумаған болар еді. Мен мұны әлде қандай әулекі бақай есеппен айтып отырған жоқпын, қайта Сіздің қуанышыңызды өз қуанышымдай көріп, мақтаныш сезіммен айтып отырмын. Дәлірек айтсам, Сіз арнаулы бір ғылыми мекеменің бірнеше жылда тындыратын қиын шаруасын қысқа мерзімде тәмамдадыңыз. Ең таңданатын нәрсе – кешегі түйе мінген қазақтан, даланың момындығы мен үнсіздігінен басқаға көндігіп көрмеген қазақтан, түпкі ата тегінің қайдан туып, қайдан өрбитінін білуге де мән бермеген қазақтан әлемдік цивилизацияның алтын қазынасы тілдік, түптеп келгенде елдік мұрамызды алдымызға жаятын өзіңіздей азаматтың тууы қандай ғанибет?! Жуықта «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігіңіздің» қолжазбасымен таныстым. Ғылыми редакторыңыз Әбдуали Қайдаров шұғыл қимылдап, қолжазбаның редакцияланып біткен-біткен бөліктерін бізге жедел жеткізіп беріп тұр. Жұмыс қызу, әрі жеңіл жүріп жатыр. Мен соңғы кезде өзіңізге мәлім баспаның ғылыми-көпшілік әдебиеттер редакциясына ауысқан едім… Енді өзім жайлы бірер сөз. Үй іші аман. Қатты мазаландырған бір шаруаның сәті түсті. Былтыр Дінмұхамед Ахметұлы қол қойған қағазбен қаланың орталығынан үш бөлмелі пәтер алдым. Димақаңа қатты риза болдым.Ақ бауыр қарлығаштай бауырмалдық көрсеткен Сізге де алғысым көп… Сіздің тек маған емес, алты алаш ардақ тұтарлық азаматтығыңызға алғысым болсын деп, «Қоңыр қозы» аталатын жаңа кітабымды жіберіп отырмын. Сәлеммен, ініңіз Меңдекеш Сатыбалдиев. 15 декабрь, 1971 жыл. *** Аса қадірлі Нұреке! Аман-есенсіздер ме? Жеңгей тәуір болып кетті ме? Бұл хат телефондағы сөзімнің жалғасы. Баспа бастығы Мұқанға да Сіздің пікіріңізді айттым. Көбірек қиналған редактор. Өйткені ол «Сөздіктің қолжазбасын өндіріске тапсырып қойып едік» дегенді айтты. Ғарекеңмен (Сағымбаев) де хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Егер қажет деп тапсаңдар көлемін қысқартпауға болады деді.. Содан барлық ауыртпалық маған түсейін деп отыр. Өйткені мен Шериязданның алдында да, баспадағылар мен рецензенттің алдында да араб-парсышасын ажыратып дәлелдеп шығуым керек болып отыр. Түбінде өзіңіз араласпасаңыз болатын түрі жоқ. «Өзі жоқтың-көзі жоқтың» кері келіп жатыр. Сөздіктен жер-су, кісі аттарын алып тастаған. Қалдыруға келісті. Сондағы сөздіктің көлемі 15 баспа табақ. Ендігісін Нұреке, өзіңіз шешіңіз. Қажет жерінде мен дәлелдей аламын. Сәлеммен Әбдуали Қайдаров 2 май, 1973 ж.   АРДАҚТЫ НҰРЕКЕ! Сіздің «Қазақ әдебиетінде» шыққан ғылыми мақалаңызды әдейі көңіл аударып, жақсылап оқып шықтым. Мен тілші болмасам да бұл мәселе қазақ интеллигенциясына ортақ қой. Сондықтан қатты қуанып, өзімше Сізге ризалығымды білдіріп, ол мақала жайын келініңіз Надежда Кузьминичнаға түсіндірген болдым. Мақалаңызды мақтаймын, мақтанамын: «Жарайсың біздің кәрі тарлан!» дегім келеді. Алтынның қадірі қай кезде де кетпейді, бұл Сіздің сүйегіңізге біткен, қаныңызға сіңген үлкен бір қасиет. Ол қасиет атаңыздан, не анаңыздан ауысқан болар, кім білсін. Сөз жоқ, Сіздің осы істеп жатқан жұмыстарыңыз көп замандастарыңызға үлгі, әрі мұрындық. Маған да Сізден жылы леп келді ме, соңғы кездері мен де ойдағыны қағаз бетіне түсіре бас­тадым… Кеше ғана Ебекең Қарағандыдан телефон соқты. Қарағандыға келіп қайтсаңызшы деген тілегін айтты. Мен Евнейге Алматыға келсеңізші деп, сағынғанымды айттым. Жуықта кездесіп қалуымыз мүмкін емес. Көріскенше хош болыңыз. Біздің бәйбіше де Сізге арнайы сәлем айтып жатыр. Сағынышты сәлеммен, өзіңіздің Ишанбайыңыз! (академик Қарақұлов). 14 декабрь, 1976 жыл. *** ҚАДІРЛІ НҰРЕКЕ! Жаңа жылды, ағалық жылы лебізіңізді хатыңыздан оқып, риза болдық. Өзіңнен тәжірибелі, парасатты үлкеннің «осындай інім бар еді-ау» деп, сырттан жағдайын ойлап жүргенге не жетсін. Бұл еліміздің жақсы дәстүрлерінің бірі ғой… «Қазақ әдебиетіндегі» тіл жөніндегі мақалаңыз өте орынды, ділгір тез шешілуге тиісті, көпке ортақ мәселелерді көтерген. Газет ол пікірді жалғастырар, бір нәтижеге жеткізер деп сенеміз. Мына хатпен қоса Мәулен Балақаевтың «Социалистік Қазақстанда» жарияланған мақа­ласын жіберіп отырмын. Сіздің пікірлеріңізді толық қолдап, атыңызды екі жерде атаған. Тіл білімінің белгілі мамандары сөзіңізді қолдап, қостап отырса, ол да бір мәртебе ғой… Деніңіздің сау, еңбегіңіздің жемісті бола беруіне тілектес ініңіз, Рахманқұл! (академик Бердібаев) 20 январь, 1977 жыл. *** АСА ҚАДІРЛІ АҒАМЫЗ, НҰРЕКЕ! Сіздің «Қазақ әдебиетіндегі» мақала­ларыңызды түгел оқып шықтым. Соңғы кезде жөнді көңіл бөлінбей келе жатқан тіл мәдениетінің өзекті мәселелері жайлы айтқан пікірлеріңіз өте орынды. Көптеген сөздердің балама мағынасы жөніндегі ұсыныстарыңыз да дұрыс қойылған. Бірақ өзіне түсініксіз нәрсенің бәрін өзбектікі деп қарайтын ғалымсымақтар «нама», «қана» сияқты қосарлы мағыналарды түсіне бермеуі, тіптен қабыл алмауы да мүмкін. Оның үстіне көп сөздер, әсіресе жер аттары орысша үндесуіне қарай бейімделіп айтылып жүр. Тіптен орыс сөздерінің қазақша баламасын іздемей-ақ қалай болса солай ала салушылық та кездеседі. Өзіңіз айтып отырған «Індер» қазір «Индер», Алматы жанындағы «Бұтақты», «Кім асар» шатқалдары «Бутаковка» , «Комиссаровка» болып, Гурьевтегі «Қан ішкен» селосы «Ганюшкино» болып айтылып жүр. Мұның дұрыстығын дәлелдеу үшін Индер деген неміс кәсіпкері болыпты-мыс, «Комиссаровка» шатқалы делінетін себебі Азамат соғысы кезінде Алматыдан 20 км. Жердегі тау арасына Фурманов т.б. большевиктер листовкалар тыққан екен деген лақап-аңыздар да молшылық… …Сізбен бір кеш отырып халықтың тарихы, мәдениеті мен өнері, оның келелі мәселелері жайлы әңгімелескеніме өте қуаныштымын. Менің жеке өз басым маған партия қандай қызмет тапсырса да халқымыздың тұрмысы, мәдениеті мен өнеріне қолдан келгенше (оны жұрт біледі) үлес қосатындығыма Сізді сендіре аламын. «Біздің отан» газетінің алғашқы но­мерлерін Сізге жіберген едім, алған боларсыз. Бүгін А.Көбесовтың «Әл-Фараби» атты кітабын Сізге ұсынып отырмын. Оқып танысарсыз. Жеңгейге, туысқандарға бізден сәлем! Құрметпен Өзбекәлі Жәнібеков. 3 март, 1977 жыл. *** АСА ҚҰРМЕТТІ КӨРЕТІН АҒАМЫЗ, НҰРЕКЕ! Сізге, семьяңызға көп-көп сәлемімді және жақсы тілектерімді жолдаймын. Еліміздің 60 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Республиканың өркендеуіне Сіздің еңбегіңіз аса із қалдырады. Көптеген жылдар Үкімет басқарып, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек еттіңіз. Сол күндерде, жас уақытта берген орасан зор үлгілеріңіз үшін, тәрбиеңіз үшін мыңдап рахмет айтамын. Ол уақыт ұмтылмайды. «Қазақ әдебиетіндегі» мақалаңыз мықты, газетті жіберіп отырмын… Сау-саламат болыңыз. Көп-көп сәлеммен, ыстық ниетпен інішегіңіз Закаш Камалиденов. 22 август, 1980 жыл. *** ҚҰРМЕТТІ НҰРТАС ДӘНДІБАЙҰЛЫ! Біздер «Қазақстан соғыс жылдарында» деген кітап шығармақшымыз. Соған Сіз мақала жазып берсеңіз. Ол жылдардың оқиғасын Үкімет басында отырып көріп, араласқан Сізден артық кім білер дейсіз!? Кітап орыс тілінде басылады. Бәрін қамту қиын болар, бір мәселе төңірегінде әңгіме қозғасаңыз да болады. Сәлеммен Манаш Қозыбаев. 01.04.88 ж. *** ТҮРКІСТАННАН СӘЛЕМ! Саламатсыз ба, Нұр-ата! Үй-ішіңіз аман ба? Шығармашылық еңбегіңіз табысты болар. Ата, хатыңызды алғанмын, рахмет! …Жақында мен Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші секретары Нүридин Балқияев жолдастың қабылдауында болдым. Хатты сол кісінің тапсырмасымен жазып отырмын. Өткендегі хаттарымда мен Сізге Түркістанның 1990 жылы 1500 жылдық тойы болады деп едім ғой. Оған Орталық Комитет және тарих, этнография және археология институты оны айғақтайтын ғылыми дәлелдер әлі аз деп рұқсат бермепті. Соған Сізден көмек сұрап отырмыз. Сіз араб, парсы, түркі тілдеріндегі ғылыми еңбектерді көп оқисыз ғой, сондайда Түркістанға байланысты мәліметтер кезікпеді ме екен деп. Осы мәселелер жөнінде кімдерге хабарлассам екен. Москвалық профессор Лев Николаевич Гумилев білуі керек дейді. Қытай зерттеушілерінің жазбаларында да кездесіп қалуы ықтимал тәрізді. Ата! Осы мәселелер төңірегінде ой-пікі­ріңізді маған немесе қалалық партия комитетіне жолдасаңыз екен. Құрметпен және сәлеммен, ініңіз Мұратбек. (Қожа Ахмет Яссау музейінің қызметкері М.Дүйсенбеков). 30 май, 1987 жыл. *** НҰРЕКЕ! Ассалаумағалейкум! Хатыңызға рахмет. Күй-жағдайды Алексей Иванович (досы) айтар. Мына жазбам Шоқан туралы, ана мұнай мен көмір жөнінде жазғанымнан Сізге түсініктірек болар деген оймен жіберіп отырмын. Сақтарсыз. Керегінде қайтару үшін. Сізге, Валентина Васильевнаға, екінші Нұре­кеңе (немересінің аты да Нұртас), баршаңызға сәлем. Құрметпен , сәлеммен Евней. (академик Е.А.Бөкетов) 03.04.83. *** (екінші хат) Газетпен уәделестім, жібердім. Мақала жақсы. Мына көшірмесін жіберіп отырмын. Бәрі аманшылық. Сәлеммен, құрметпен Евней. ( академик Бөкетов). *** НҰР-АҒА! Саламатсыздар ма? Сіздердің сау-саламат болуларыңызға біз де шын тілектеспіз. Валентина жеңгемізге қайындарынан сәлем! Нұр-аға, Алматыға мен қай жолғы жұмыстармен екінші рет 10-15 сентябрде тағы да барып, жерді тегістеу үшін 1979 жылдың жоспарына 1,2 миллион сом ақша енгізіп қайттым… Біздің колхоз үшін бұл игілікті үлкен жұмыс болды. Бұл жерлерді игеру үшін госбюджеттен 5 млн. сом ақша бөлінді! Бұл үшін Сіз бен Сағидоллаға ел мың да бір алғысын айтуда. Екінші мәселе жаңа типті орта мектеп салуға рұқсат алған едік, бірақ Жоспарлау комитеті жоспарға енгізбей қойды… Қапа болып Сағидоллаға барып едім, ол кісі мектепті қалай да салғызамыз деп, облисполкомға звондап, екінші рет, тағы да мектеп салу керек деп Совминге хат жазыңдар деді. Тиісті кісілерді шақырып алып тапсырма берді. Сакеңнің адамгершілігі не деген ұлы еді! Енді октябрь айында тағы да баруға тура келіп тұр. Егер де Сіз Сағымбаевты – «госпландағы» танысаңыз бір ауыз сөйлеспесеңіз, бізге еш уақытта көнбейді-ау деп ойлаймын. Басқа жағдайлар жақсы. Мақта теру бас­талды. Әбекең ( Нұртастың немере інісі – Абдулла) әлі Шымкентте ауруханада жатыр. Бекмырзаға жаңа «Беларус» тракторын бердік. Нұрділла бұрынғыша мектепте істеп жүр. Ең озат звено жетекшісі Майханов Алпысбай машинамен мақта жинап, қызу еңбектеніп жатыр. Нұр-аға, жаза берсем сөз көп, бұл хатты осымен аяқтамақшымын. Туысқандық сәлеммен, інілік ілтипатпен Жарылқасын Әзіретбергенов, «Аманкелді» колхозының партком сек­ретары. Р. S. Айтпақшы, Сіз күзде Алматыға келе­мін деп едіңіз, қай кезде келесіз? Мен де сол кезде барсам. Сіз елге келгендегі суреттерді бөлек етіп, бандарелмен жібердім. 21.11. 1978 ж. АСА ҚАДІРЛІ КӨРУШІ ДЯДЯ НҰРТАС, ТЕТЯ ВАЛЯ, ВАЛЮША! Аға, денсаулығыңыз қалай? Валюша жұмысқа орналасты ма? …Құрметті аға, менің мамам мен папам Сіздің арқаңызда әрең дегенде благоустройстваға жетті, Оралдан квартира алды. Ол үшін мың да бір рахмет! Дядя Нуртас! Я не знаю, возможно ли словами выразить свою благодарность Вам, за вашу заботу? Большое спасибо! Ортай, Клара. ( досы Шалабаевтың баласы мен келіні). 18 март, 1975 ж. *** Нұреке! …Нұреке, мен Сіздің сәлемдемеңізді колхоздағы ағайындарға жеткіздім. Жұмыс істеп, ел қатарынан қалуға болмайды дегеніңізді айттым. Олар да солай болады деп, Сізге алғыс айтып, ұзақ өмір тілеп жатыр. 14-январь күні Қызылордадан Шымкентке келе жатып Сағидолла ініңіз ауданда, сосын колхозда болып көпшілік-халықпен сөйлесіп, біткен біраз шаруаны көріп, мемлекет тарапынан көмек әлі болатынын айтты. Нұрекеңнің аулынан шәй ішпей кетуге болмайды деп, Жарылқасынның үйінде болып кетті. Қасында Обкомның бірінші хатшысы бар. Ел-жұртыңыз өте қуанышты. Бірақ та ауданның бірінші хатшысы Жарылқасынға Алматыға кімнен рұқсат сұрап бардың, барлық мәселені біз шешеміз деп қысымға алыпты. Сіз арқылы елінің шетіне жақсылық келіп жатқанға қуанбай ма? Сондай бастықтарды түсінбеймін… Нұреке, ағайындар Сізді күтуде. Сәлеммен, ініңіз Әкім. 16.1.1988 ж. *** НҰР-АҒА ЖӘНЕ ВАЛЕНТИНА ЖЕҢГЕЙ! Аға түсірген келініңіз, Генаның келіншегі құтты болсын! Еліміздің өзіңіз сияқты абыройлы азаматы және немерелер көп болсын. Сіздің қуанышыңызға ортақтасайын деп арнайы хат жазып отырмын. Ақыры әдейі арнап бара алмадық. Оны өзіңіз түсінесіз ғой. Мен де әкеден жас қалдым, ағайынның ортасында дегеніміз болмаса қиыншылықты көп көрдік. Қасымбек тәтемнің бала-шағасы елге келмей кетті. Қасекең маған көзінің тірісінде аманат еткен еді, қайтқанда Ленинскіден мүрдесін елге әкеліп қойғанда өзіңіз болдыңыз. Сіздің ниетіңіз тура екен... Сіз арқылы өткен күн ойға түсіп кетті ғой… Балалар өсіп, енді-енді көтеріліп келеміз ғой… Ауылдағы ағайын аман-есен. Бізден жеңгейге, бауырларға сәлем айтыңыз. Сәлеммен, ініңіз Балтабай Нысанбеков. 23.02.1980 ж. (жалғасы бар) qazaquni.kz