Ақжол Мейірбеков: ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗДІ ДӘРІПТЕУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ...

акжол- – Ақжол Нұсқабекұлы, бала күніңізден-ақ, әнге құмартқаныңызға қарағанда, өнерлі отбасы­нан шықтыңыз ғой... – Ата-анам өнерден құр алақан емес, әрине. Ауыл-аймақтың, ағайын-туғанның басы қосылған жиын тойларда әуелете ән шырқайтын кісілер-тұғын. Ал, әжем – Үрзада қарапайым үй шаруасындағы әйел болғанына қарамастан, керемет дауыс иесі-тін. Тіпті, о кісінің салған әні талайларды таң қалдырыпты деседі. Сонау Кеңес заманында қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі Күләш Бәйсейітова біздің туған өңіріміз – Арыс қаласына гастрольдік сапармен келіпті. Сонда әжемнің айтқан әніне о кісінің өзі тәнті болып, өздерімен бірге Алматыға жүруін сұрапты. «Қазақконцерт» ұжымының құрамына қабылдайтындықтарын айтып, қолқа салыпты. Сөйтсе мұны естіген Салый атамыз үзілді-кесілді қарсы болыпты. Сондықтан, әжеміз ауылдан әріге аса алмай қалып қойыпты. Бүгінде ойлап қарасам, қасиетті өнер сонау дүние есігін ашқан сәтімнен бастап, бесікте жатқанымда-ақ құлағыма сіңген екен... – Әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамына қабылдану – қиынның қиыны екені белгілі. Ал бұл бақыт сізге қалай бұйырды? – Орта мектепті тәмәмдаған соң, Өзбекстанның Наманған қаласындағы Музыка училищесінде білім алдым. Студент кезімде өте белсенді болдым. Қоғамдық жұмыстар мен түрлі мәдени шаралардың бел ортасынан табылатынмын. Осы училище қабырғасында жүріп, Бүкілодақтық «Алло, біз таланттарды іздейміз» телебайқауының лауреаты атандым. Ә деген бетте-ақ жұлдызымның жарқырап жануы – өнерімнің одан әрі өрлеуіне даңғыл жол ашып бергендей еді. Талантты жастарға ол кезде айрықша қолдау көрсетілетін. Жан-жақтан «құда түсушілер» де көп болды. Сөйтіп жүргенде Ташкенттегі Ауылшаруашылығы институты оқуға шақырып, аталған оқу орнында жоғары білім алдым. Осы сәттерде елден шақырту көп келетін. «Гүлдер» ансамблінің сол кездегі көркемдік жетекшісі Тасқын Оқапов, Орталық Комсомол Комитетінен Серік Әбдірахманов, «Дос-Мұқасаннан» Мұрат Құсайынов сынды азаматтар елге оралып, еңбек етуге ұсыныс жасады. Сонда әжем: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді дана халқымыз тегіннен-тегін айтпаған. Ең дұрысы – елге қайтып, «Дос-Мұқасанның» құрамына қабылданғаның жөн» деп ақылын айтып отыратын. Ойлап қарасам, қарияларымыз шынында да ақылы асқан дария екен-ау деймін. Сөйтіп ақыры Ауылшаруашылығы институтынан алған табақтай дипломды сандықтың түбіне салып, музыкалық мамандық бойынша алған «кіші» дипломмен-ақ жұмыс істеуге бел шеше кірісіп кеттім. Әрине, ол кезде «Дос-Мұқасанның» мүшелігіне бірден қабылдана қоймадым. Ансамбль жетекшісі Мұрат Құсайынов дауысымды, ән орындаудағы шеберлігімді сыннан өткізді. Нәтижем жаман емес секілді. Сөйтіп, сынақ мерзімі бойынша ансамбльге қабылдануға мүмкіндік алдым. Кейін арада шамалы уақыт өткен соң барып, штатқа қабылдандым. Мұны естігенде расында да кеудемді қуаныш кернеп, өзімді өнер әлеміндегі ең бір бақытты жан сезінгенім әлі есімде. – «Дос-Мұқасан» вокальді-аспаптар ансамблінің елдің ерекше ықыласына бөленуінде қандай сыр жатыр? Осы туралы аз-кем әңгіме ағытсаңыз... – Сонау 1967 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының жанынан құрылған ансамбль сол кезеңде-ақ елді елең еткізгені рас. «Дос-Мұқасан» деген атау ансамбльдің ұйымдастырушылары (Д.Сүлеев, М.Құсайынов, Қ.Санбаев, А.Литвинов) есім­дерінің (Досым, Мұрат, Қамит, Саня) алғашқы буындарынан құралғандығы да көпке мәлім. Дос 1972 жылдан бері ансамбльдің көркемдік жетекшісі белгілі композитор – Мұрат Құсайынов. Күні бүгінге дейін топ құрамы екі рет жаңартылды. Ансамбльдің елдің ерекше ықыласына бөленуінің сыры – оның бірлігінде дер едім. «Дос-Мұқасанның» әрбір мүшесі ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайыновтың тарапынан айтылған кез-келген сын-ескертпені дұрыс қабылдайды. Яғни, басшыға бағынады. Мұның өзі ансамбль жұмысының алға қарай жылжуына ықпал ететіндігі анық. «Дос-Мұқасан» ең бірінші кезекте ұлттық өнерімізді дәріптеп келе жатқан ұжым. Яғни, өзге тілде емес, өзіміздің ана тіліміз – қазақ тілінде ғана шырқайтындығы. Өз елімізде, өз жерімізде мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтату арқылы көптің көңілінен шығып жатқанын атап өтуге тиіспіз. – Аға буын өкілі ретінде, дәл бүгінгі күні қазақтың ән әлемінде қандай нәрсеге көңіліңіз күпті? – Бүгінгідей фонограмманың дәуірі жүріп тұрған сәтте таяқ лақтырсаң, әншіге тиетін заман болды. Бұрынғыдай Көркемдік кеңес болмағандықтан, қазақ эстрадасында өкінішке орай кері кеткен тұстар өте көп. Тіпті, ән патшасы – Шәмші Қалдаяқовтың әсем әуендерін бұзып орындағандарды көргенде не айтарыңды да білмейсің. Тағы бір кемшілігіміз – бүгінгі кейбір әншілер, қазақ әдебиетінің ақиық ақындарын іздеп әуре сарсаңға түсіп жатпайды. Өздері – «әнші», өздері – «ақын». Яғни әмбебап. Ән деуге келмейтін мәнсіз мәтінге құрылған, әсіре әуендердің көбейіп кеткендігі. Енді бұған, әлем-жәлем киініп алып рэп оқитындарды қосыңыз. Осындай көңілге қонымсыз әрекеттер арқылы қазақтың ұлттық ән өнері өз елінде әдірем қалып жатқанын көргенде, әрине қынжыласың. Мұның бәрі айналып келгенде көңілге кірбің ұялатпай қоймайды. Осындай дарақылыққа тосқауыл қоя алмай отырғанымыз өкінішті. Керісінше, мұндайлар телеэкранның төрін бермей тұрғаны көңіл құлазытады. – «Дос-Мұқасанның» бүгінгі тыныс-тіршілігінен де оқырман қауым хабардар болса... Ұжымның алға қойған қандай жос­парлары бар? – Құрам жаңарту мәселесімен біраз жыл «Дос-Мұқасаннан» қол үзгенімді көзі қарақты тыңдарман білетін болар. Дегенмен, 2000 жылдан бастап, ұжыммен қайта бас қостым. «Дос-Мұқасан» шырқайтын ретро әндерді сағынған халықтың қарасы көп болды. Осылайша халықтың сұранысымен концерт те қойдық. Қазіргі таңда ұжым шығармашылыққа көптеп көңіл бөліп, қарқынды жұмыс істеуде. Өйткені, келер жылы «Дос-Мұқасан» үшін ерекше жыл. Біздің ансамбльдің құрылғанына 50 жыл толмақ. Осынау мерейтойға деген дайындықты күні бүгіннен бастап кеттік. Шындығын айтқанда жеке шығармашылығыма көңіл бөлуге де, мүмкіндік жоқ. Себебі, 50 жылдық қарсаңында атқарылар шаруа шаш-етектен. Ансамбльдің мүшесі ретінде осының бәріне атсалысуды міндетім деп санаймын. Сондықтан да ұжым болып, барлық күш-жігерімізді осынау шараға жұмсап жатқан жайымыз бар. Көк-Төбеден «Битлз» тобының мүшелеріне ескерткіш орнатылғаны көпке мәлім. «Дос-Мұқасанның» 50 жылдығына орай келесі жылы ансамбльдің негізін қалаған Д.Сүлеев, А.Литвинов, М.Құсайынов, Қ.Санбаевтардың ескерткіші орнатылса деген ойымыз бар. Мұның барлығы әрине экономикалық, қаржылық жағдайлардың ретіне қарай жүзеге асатын болады. Сондай-ақ, бұл жұмыстардың тысында ел өмірі үшін маңызды айтулы даталар тағы бар. Оларға да белсене қатысу – басты мақсаттарымыздың бірі. Мәселен, « ЭКСПО – 2017» көрмесі, «Универсиада – 2017» шарасы. Осынау әлем көз тіккен айтулы іс-шараларда ансамбль өз өнерін көрсетеді деп күтілуде. Жақында ғана Алматының 1000 жылдық мерекесіне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан «Мұз сарайының» ашылу салтанатында өнер көрсеттік. Алматылықтар мен қала қонақтарына «Алматы түні» атты әнімізді тарту еттік. Алдымызда ел егемендігінің 25 жылдық мерейтойы тұр. Осындай мән-маңызы жоғары шараларға қатысып, төл өнерімізді насихаттау біздің негізгі міндет. – Ал, Ақжол Мейірбековтың жеке ән ке­шіне халық қашан куә болуы мүмкін? – Жеке шығармашылық кешімді өткізу ойымда бар, әрине. Бірақ, келер жылы ма, жоқ әлде одан арғы жылдары ма белгісіз. Өйткені, тыңғылықты дайындықсыз концерт өткізуге болмайды. Сондықтан да, бұл жолда әлі де аянбай еңбек етуге тура келеді. Бүгінде кейбір жас әншілер «жеке шығармашылық кеші» деп ат қойып, айдар тағып концерт өткізіп жатады. Өкінішке орай ондай концерттерде кеш иесінен гөрі қонаққа келген әріптес достары көбірек өнер көрсетеді. Мұның өзі айналып келгенде дайындықсыз өткізілген шараның бірі болып шығады. Сондықтан да, нендей нәрсеге байлам жасамас бұрын тыңғылықты дайындалып барып өткізсек, көптің көңілінен шығары анық. Шындығын айтқанда, мен әлі де өзімді кәсіби жоғары дәрежедегі әншімін деп есептемеймін. Өйткені, білгенімнен білмейтінім көп болуы да мүмкін. Демек, әнші өнер мектебінен өмір бойы дәріс алса да артықтық етпейді. Мәселен, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды асқар таудай алдыңғы буын өкілдері тұрғанда біз өзімізді әлі жап-жас сезінеміз.(күліп). Сондықтан да біздің алар асуымыз әлі алда. акжол м – Отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз... – Менің өмірлік серігімнің аты – Шәрипа. Бұрын аспазшы болып жұмыс істеген. Қазір менің жеке аспазшым(күліп). Үлкен қызым Луиза екі ұлдың анасы. Бүгінде «Табыс» атты тур-фирманы басқарады. Сұлтан атты ұлым мен Әйгерім есімді келінім төрт немере сыйлады. Екеуі де кәсіпкерлікпен айналысады. Темір атты кенже ұлым «Газпромда» қызмет атқарады. Оның келіншегінің есімі – Шәрима. Екеуі қазіргі таңда бір қыз тәрбиелеп отырған ата-ана. – Байқасақ, балаларыңыздың барлығы өнерден өзге саланы таңдапты. Ал, немере­леріңіздің арасында өнерге бейімі бар ма? – Өнер деген – Алланың адамға берген сыйы. Кейбір ата-аналар оны дұрыс түсінбейді.Бесіктен белі шықпаған балаларын ары-бері түрлі студиялар мен үйірмелерге сүйреп, әуре-сарсаңға түседі. Мүмкін ол бала футбол немесе волейбол ойнағысы келетін шығар. Өкінішке орай кейбір ата-аналар онымен санаспайды. Егер Жаратқан иеміз баланың бойына дарын бермесе, оны қанша жерден жылтыратып киім кигізіп ән айтқызсаң да, ештеңе шықпауы мүмкін. Сондықтан да, осы жағын ескерген ата-ана үшін де, бала үшін де пайдалырақ. Мәселен, кезінде мені өнер жолына ешкім сүйреген жоқ. Құдайдың берген талантының арқасында әнші деген абыройлы атты иеленіп келеміз. Сол себепті де мен өзім ешбір бала-шағамды ән айтуға баулыған емеспін. Әрқайсысы өздерінің жүрек қалауымен таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Ал, немерелерім де өскеннен соң мамандықтарын өздері таңдай жатар. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz