Кітапхана ісі халықаралық деңгейде талқыланды (ВИДЕО)

Заманға сай ұлттық электронды кітаптарды дамыту қажеттігі артуда. Бұл технологиялар дамыған кезеңде кітап оқуды тасада қалдырмаудың оңтайлы әдісі. Астанада басталған Халықаралық кітапханашылар конгресіне қатысушылар пікірі осылай. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлайды.

Шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізіліп отыр. Жиын «Әлем. ХХІ ғасыр. Оқу арқылы рухани үндестік пен мәдениетке» деп аталады. Конгреске Ресей, Молдова, Грузия, Әзірбайжан, Тәжікстан мен Иранның Ұлттық кітапхана мамандары келді. Сонымен қатар, еліміздің әр аймағынан сала қызметкерлері бас қосқан. Олар кітапхана жұмысына қатысты мәселелерді қозғап, ойларын ортаға салды. Жаңа кітаптарды басып шығаруға қаржы мәселесінің қолбайлау болуы, жастардың кітапқа деген қызығушылығының төмендеуі баршаға ортақ мәселе, - дейді мамандар. Сондықтан электронды кітапхананы дамыту қажеттігіне баса назар аударылмақ.

Александр Вислый, Ресей ұлттық кітапханасының бас директоры:

Кез-келген мемлекетте ісі  жүйелі  болуы тиіс екі сала бар. Бірі - медицина, екіншісі - дәл осы кітапхана. Заман талабына сай электронды кітаптарды қолданысқа көптеп енгізуді үйренуіміз керек, оған талас жоқ.