Тәшман Шекеров: Өнерімді бағалаған халқымнан айналдым

Ташман

Алатаудың ақиығы Кенен Әзірбайұлы сексенге толған кезінде:

«Тай үйреткен тепсеңге,

Кенен келді сексенге.

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де!...» - деп жырлағаны белгілі. Сол айтқандай Сыр өңірі мен Қызылдың құмына, көрші өзбек пен қарақалпақ ағайынға кеңінен танымал болған термеші Тәшман Шекеров 80 жастың сеңгіріне шығып отыр. Дәстүрлі термешілік өнерді дамытуға өлшеусіз үлесін қосқан қарт жырауды бұл өңірде білмейтін, оның есімін құрметтемейтін адам жоқ. 80 жасқа аяқ басса да қимылы ширақ, қолынан қазақтың қасиетті қара домбырасын тастамаған Тәшман ағамыз әл-әзір тұғырдан таймақ емес. «Сәлем бердім, сексеннің сеңгірінен!» деп, ел-жұрттың алдында дүрілдетіп кеш өткізіп жатыр. Шығармашылық кештің жай-жапсары туралы алдағы уақытта жазыла жатар. Торқалы той үстінде біз мерейтой иесінің өмірі мен өнер жолы жайлы айтқымыз келді.

Тәшман Шекеровтің өмірге келген жері бүгінде Өзбекстанның Жызақ облысына қарайтын бұрынғы «Қызылқұм» кеңшары. Бабасы Тұрман әжінің аузы дуалы, қолы шипалы адам болғанын көнекөз кісілер әлі күнге айтып отырады. Сол өңірде кезінде Тұрман әжінің, Кетебай әжінің салған мешіттері бертінге дейін тұрған көрінеді. Тұрман әжінің ұлы Әлишекер өкіметтің малын баққан шаруа кісі болған. Әлишекер мен Қамбибі анамыз екеуі үш ұл мен екі қыз өмірге әкеледі. Тәшекең осы әулеттің екінші перзенті саналады.

Құмның халқы қашанда өнерді сыйлаған. Арқалы ақындар мен жыршы-термешілерді таңнан-таңға дейін тыңдап, оларға әрдайым төрін ұсынып отырған. Тәшман ағаның нағашылары да осындай өнердің адамдары болды. Ағайынды Әлтай, Оспан Кешубаевтар жиын-тойларда қысса-дастан айтатын болған. Балалық шағы соғыстың кезімен тұспа-тұс келген Тәшман аға сол кездегі барлық балалар секілді ата-анасына қолғабыс жасап, қой

қайырды, қозы бақты. Әлі есінде, сондай бір кездері ауыл аралап Назар есімді жырау кісі келеді. Бұлардың үйінде бір айдай аялдайды. Өзі жоқ-жұқана, кембағал кісі болғанымен домбыраны керемет тартатын адам екен. Күнұзаққа қозы бағып шаршап келсе де, Назар жыраудың орындайтын жыр-дастандарын түннің біруағына дейін тыңдайтын. Өз нағашыларынан басқа, Назар жыраудың да өнері бала Тәшманға қатты әсер етсе керек, ес білгеннен домбыраға үйір болды. Құймақұлақ жас бала тыңдай беріп, қыссалардың бірнешеуін жатқа үйреніп алады. Баласының түбінде жырау болатынын сезген әкесі сонда тұт ағашынан домбыра шаптырып, оған ешкінің ішегінен ішек тартып берген екен. Осылайша болашақ өнерпаз қолына алғаш рет домбыра ұстап, үйренеді.

Тәшман аға 10 жасынан бастап елдің алдына шығып өнер көрсете бастады. Әлтай нағашылары айтатын «Әзірет Әлі», «Шәкір-Шәкірат» секілді шығармаларды ендігі кезекте бала жырау нәшіне келтіре орындап жүреді. Бүгінгідей теледидар мен газет-журнал жоқ заманда ақын-жыраулардың орны бөлек еді. Оқушы кезінде-ақ Тәшекеңнің есімі көпке танылып үлгерді. Танылғаны сол, кеңшардың адамдарымен бірге «Қызыл отау» деп аталатын үгіт-насихат тобына мүше болып, шаруашылықтарды аралап жүретін. Мектептен соң осы бригаданың құрамында жұмыс істейді. Ауылдағы Мәдениет үйінде әдіскер, кейіннен Мәдениет үйінің меңгерушісі болды.

Жас кезінде 6 айлық шоферлік курсты оқыды. Темір тұлпарды жүргізу де ол кезде сирек мамандықтың бірі. Жүргізуші мамандығын иеленген кезде құмдағы ағайындардың біразы Шардараға қоныс аударып жатқан болатын. Солармен бірге Шекеровтер әулеті де Шардара жеріне көшіп келеді. Ол кезде бұл өңір бұрынғы Киров ауданына қарайды екен. Жиырмаға енді толып жатқан жас жігітті «Шардара» кеңшарының директоры Әбдіуахап Нұрымов жұмысқа қабылдап, «Газик» автокөлігін береді. Сонымен Тәшекеңнің Шардарадағы еңбек жолы басталып сала береді. Бұл кез 1957 жыл еді.

«Шардара» кеңшарының қарамағындағы құм ішіндегі ауылдарға қызмет істеді. Машинасына құрылыс материалдарын артып алып, малшыларға салынып жатқан фермаларға тасыды. 1969 жылға дейін «Газик» автокөлігін жүргізген Тәшман ағамыз, мұнан кейінгі уақытта аудандық тұтынушылар одағына жұмыс ауыстырады. Бұрын құрылыс материалдарын таситын болса, мұнан кейінгі кезекте автодүкен көлігін жүргізіп, малшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды.

Өкіметтің жұмысы мен өнерді қатар алып жүрген Тәшман Шекеров сол кездері көгілдір экран бетінде бірнеше мәрте өнер көрсетті. 1970 жылы алғаш

рет «Ташкент» арнасынан берілетін «Замандас» хабарына шықты. Мұнан кейін Алматыға шақырту алып, Әскер Еңкебаев жүргізетін «Терме» хабарында жыр-терме орындады. Осылайша, өзбек пен қазақтың астанасына алма-кезек барып, теледидарда халықты дәстүрлі өнермен сусындатып отырды. Тәшман Шекеровтің репертуарындағы «Әбділлахан», «Мұхаммед Пайғамбар» дастаны, Маутан болыстың писарі болған Ерімбетке Молданың көңіл айтуы, Молда Мұсаның, Қайыпназар Әйтпеновтің, Нұрмахан Оразалиевтің шығармалары халықтың тұшынып тыңдайтын дүниелері болды.

Тәшман ағамыздың термешілік өнерден бөлек, жанынан өлең тудырып, жақсы шығармаларға ән шығаратын қасиетін де жұртшылық жақсы біледі. Жамалхан Қарабатырқызының сөзіне жазылған «Ағайын», Жұмабике Байтанаеваның сөзіне жазылған «Сыр бойында» деп аталатын өлеңдері тыңдарман жүрегіне жол тапты. Тәшман ағаның өзі сөзі мен әнін жазған «Құдаларым келіпті», «Спан ата» деген шығармаларын да Ибрагимовтердің жанұялық ансамблінің орындауында жиі естіп жүрміз. Бұлардан бөлек, Мәриям Хакімжанованың, Хадиша Баязитованың тәлім-тәрбиеге тұнып тұрған шығармаларын термеге лайықтап, халыққа ұсынды. Алайда, Тәшман ағамыздың өзі:

-Менің негізгі бағытым – жыршы-термешілік. Бірді-екілі сезім пернесін қозғаған өлеңдерге ән шығарғаным болмаса, әнші-сазгермін деп айтуға болмайды, - дейді. Өнердің киесін бағалаған Тәшекеңнің осы сөзі қазіргі қаптап жүрген «әнші-сазгер-ақындарға» үлгі болса кәнеки!

Қарт жырау қазіргі күні «Қазақстан-Шымкент» арнасында көрсететін «Ғибратнама» бағдарламасының тұрақты қонағы. Осы бағдарламада жиі-жиі халықпен дидарласып, терме орындап отырады. 2015 жылы, яғни былтырғы жылы Тәшман ағамыздың есінде қалатын бір оқиға болды. ЮНЕСКО ұйымынан арнайы келген өкілдер Сарыағаш қаласында ұйымдастырылған мәдени іс-шарада дәстүрлі жыраулық өнерді орындаушыларды асықпай тыңдап, өнерлеріне баға берген екен. Осы байқауға қатысқан Тәшман Шекеров баяғы «Әбділлахан» деп аталатын дастанды үш сағат бойына тоқтамай айтып шығады. Қарт кісінің тереңнен толғаған термешілік өнеріне ЮНЕСКО-ның өкілдері ауыздары ашылып, таң қалыпты. Халықаралық ұйымның алтын қорына Тәшман ағамыздың дауысын жазып алып, бір жапырақ қағазбен марапаттап кеткен екен.

Тәшман Шекеров өмірлік қосағы Шәрбан апамызбен бірге 4 ұл, 1 қыз өмірге әкелді. Олардан бүгінде 13 немере, 6 шөбере көріп отыр. Әке жолын

қуып, өнерпаз болмаса да, балалары әртүрлі салада бұйырған несібелерін теріп жүр. Шәрбан апа осыдан бірер жыл бұрын бақилық болып кетті. 80-ге келіп отырған ағамыз бойына өнер дарытқан ең әуелі Аллаға шүкіршілік айтады. Содан соң өнерді бағалаған халыққа мың алғыс дейді.

-Біздің халықтай ән мен жырды бағалайтын ел жоқ. Құдайдың берген өнерінің арқасында табаным тимеген жер қалған жоқ бұл атырапта. Мына шеті Науайы мен Жызақ, Қарақалпақ, мына шеті Түркістаннан ары асып Қызылорда, берісі Шымкент пен Жамбыл, Алматы жақтың бәріне де барып, қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп қайттым. Өнерді сыйлаған халық ат та мінгізді, түйе де мінгізді. Оларға алғысым шексіз, - дейді Тәшман аға.

«Абай» Мәдениет сарайында өтетін қарт жыраудың тойына алыстан-жақыннан жыраулар келіп, көмейлерінен жыр ақтармақшы. Рухани нәр алып, тамашалаймын деушілерге Мәдениет үйінің есігі айқара ашық.

Тұғырынан таймаған Тәшман ағаға той құтты болсын айтамыз!

Әділ ӘБДІРМАНОВ

qazaquni.kz