Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада 1 қыркүйек күні алғашқы тәрбиеленушілеріне есігін ашқан Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры қызметіне мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Алтынай Әбдуахимқызы Асылмұратова тағайындалды. Сондай-ақ еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өзінің жаңа орынбасарын ұжыммен таныстырғаны белгілі.

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындауларҚазақ ұлттық хореография академиясының ректоры

Мұнан өзге еліміздің Қызылорда өңірінде де облысқа қарасты 1 басқарма мен департаменттің басшылығы ауысты. «ҚазАқпарат» апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Алматыда дүниеге келген Алтынай Асылмұратова - Ваганова атындағы Ленинград хореографиялық училищесінің түлегі. Әр жылдары ол Киров атындағы Ленинград опера және балет театры (қазіргі кездегі Марииндік театр), Лондон Корольдік балет және Марсель балет топтарының бірінші балеринасы мен солисті ретінде өнер көрсеткен. Соңғы уақытта Ресей Халық әртісі Асылмұратова «Астана Опера» театрының балеттік труппасының көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.

Ал Білім вице-министрлігіне Асланбек Амрин тағайындалды.

Асланбек Кемеңгерұлы Амрин 1982 жылдың 13 наурызында Солтүстік Қазақстан облысы Совет ауданына қарасты Смирнов ауылында дүниеге келді. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2003 ж., «Қаржы және аудит»), Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (2006 ж., «Геоақпараттық жүйелер»), «Болашақ» бағдарламасымен University of Illinois at Urbana - Champaign, (2012 ж., «Технологияларды басқару») оқып бітірді.

2003-2005 жылдары «KITEX» ЖШС жеке инновациялық компаниясында, «Жаңа технология мен материалдарды енгізу орталығы» ЖШС; «Қазақстандық инновациялық технология» АҚ еңбек етті. 2005-2010 жылдары аралығында премьер-министр кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің сарапшысы, индустриалды-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы және меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2012-2015 жылдары  «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болған.  2015 жылдан жаңа қызметке тағайындалғанға дейін  «TIMWE International» халықаралық телекоммуникациялық компанияның Қазақстан бойынша бас менеджері қызметін атқарды.

Арыс қаласының әкімі

Қазақстан президенті әкімшілігінің келісімі және Арыс қалалық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Арыс қаласының әкімі болып Мұрат Болатұлы Қадырбек тағайындалды.

Қадырбек 1980 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының тумасы, білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасының бөлім прокуроры лауазымында бастаған.

2004-2008 жылдары Қазыбек би ауданы прокурорының көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы № 2 Тарбағатай аудандық сотының судьясы лауазымдарын атқарған. 2008-2011 жылдары Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде бюджеттік жоспарлау, қаржы-экономикалық қамтамасыз ету және мемлекеттік активтерді басқару, экономика және қаржы департаментттері директорының орынбасары, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары ретінде еңбек еткен.

2011-2016 жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысы бойынша департаменттері басшысы - тәртіптік кеңес төрағасы лауазымдарын атқарған. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы - әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болып еңбек етіп келді.

Қызылорда облысының Әділет департаментінің басшысы

Қызылорда облысының Әділет департаментінің басшысы болып Қалдыбек Ерубайұлы Сапаров тағайындалды.

Сапаров 1978 жылы 5 ақпанда туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік Заң академиясында заңгер мамандығын тамамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасында бас маман болып бастаған. 2010-2011 жылдар аралығында Қызылорда облысының Сот актілерін орындау департаментіннің басшысы, 2011-2013 жж Атырау облысының Сот актілерін орындау департаментінің басшысы, 2014 жылдан осы уақытқа дейін Атырау облысының Әділет департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы

Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы лауазымына Нұржан Өмірсерікұлы келді.

Нұржан Өмірсерікұлы 1985 жылы Жаңақорған ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Экономика» және Қазақ гуманитарлық заң университетін «Заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы Қызылорда қалалық қаржы бөлімінің есепшісі ретінде бастаған. 2006-2008 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, сондай-ақ Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекші маманы; 2008-2011 жылдары парламент сенаты депутатының көмекшісі; 2011-2014 жылдары Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының бөлім басшысы; 2014 жылдың қаңтар айынан бастап Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен әділет полковнигі Бөкенбай Жүсіпов пен әділет полковнигі Нұрғожа Нығметжанов Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің басшысы болып тағайындалды.