Шенеуніктер шектен шығып барады...

portfel_22_07_14 «Біз – бай! Біз – Құдай! Кім келеді сайма-сай?!»                                        Б.Майлин   Биылғы жылдың 1-наурызы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының бір топ – 12 дәрігер мен мейірбике облыс орталығына келіп, аудандық емхана-ауруханаларда орын алып отырған сыбайлас жемқорлық пен заң бұзушылық жайлы «Отырар» телеарнасының конференц-залында өткен баспасөз мәслихатында жалпақ жұртқа жария еткен еді. Ақ халатты абзал жандардың ашынуы шегіне жеткені соншалық, олар баспасөз мәслихатынан соң тік көтеріліп, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пәкеев мырзаның кеңсесіне тіке тартқан болатын. Басшы облыстық әкімдікке жиналысқа кеткен екен, бір қора жан сонда бардық. Ол жерде биыл алғаш рет ресми түрде енгізіліп отырған «Алғыс күні» мерекесіне арналған салтанатты жиынның үстіне шықтық. Қаптап жүрген полковник-подполковник мырзалардың бізді әкімге кіргізбеуге қалай тырысқандарын көзбен көру керек еді... Не керек, облыс әкімінің су жаңа орынбасары, бұрын өзі сол ауданда әкім болып істеген Ұласбек Сәдібеков мырза әкімдіктің кіші залында дәрігер, мейірбикелердің мұңы мен зарын тыңдауға мәжбүр болды. Оның өзінен басқа облыстық ішкі істер мен прокуратура өкілдері де қатысты. Сәдібеков сол жерде сарыағаштықтарды бастап келген дәрігер-нарколог, дәрігерлердің жергілікті тәуелсіз кәсіподақ бірлестігінің жетекшісі Ибрагим Жүнісбековті әділетсіздікке қарсы күрескер адам ретінде бұрыннан жақсы танитынын айта келіп, С.Пәкеевке облыстық комиссия құруды, күні ертеңнен қалмай Сарыағашқа аттанып, істің ақ-қарасын толық анықтап, комиссия қорытындысы мен қабылданған шешім жайлы көпшілікті құлағдар етуді нықтап тапсырған болатын. Одан бері бірнеше ай өтті. Біздің биліктегі шенеуніктердің істі созуға келгенде алдына жан салмайтын шебер екенін білгендіктен, кешігіңкіреп болса да бір хабары естіліп қалар деп жүргенбіз. Иә, хабар жетті, бірақ қандай хабар десеңізші?!. Баяғы дәрігер, мейірбике­лер­дің біразы тағы да Шымкентке келіп, сол «Отырар» телеарнасының конференц-залында тағы да баспасөз мәслихатын өткізді. Сөйтсек, Бейімбет атамыздың айтқаны бүгін Сарыағашта айнымай келіп отырған жайы бар екен, өздерін жарты құдай санаған жергілікті биліктің арқасында әділетсіздік барынша салтанат құрып жатқан көрінеді. Оны біз кеше дәрігер-мейірбикелердің өз аузынан естідік. 4-наурыз күні Шымкентке арызданып келгендердің үшеуі жұмыстан шығып кеткен. Шығуға мәжбүр болған. И.Жүнісбековтің әпкесі Гүлнәр Жүнісбекова: «Менің қызым Мәдина Берікованы аудандық емхананың кадрлар бөлімінің бастығы Р.Нәдірбеков пен заңгер Б.Жүнісов «өз еркіңмен жұмыстан шық, әйтпесе анау нағашы ағаңның артынан түрмеге жібереміз» деп қорқытады. Мен кәзір Құдайдан қорықпайтын, адамнан қорқатын болдым» дейді. «Олар қызымның үстеліне ақша салып, менің қызымды ұстатып жіберуден тайынбайды. Мен қызымның түрмеде отырғанын қаламаймын! Сондықтан, қызым шықпаймын десе де, жұмыстан шығарып алдым. Кәзір басқа жерде істеп жүр, тәжірибелі дәрігер-неврапатолог, жұмыссыз қалған жоқ». Рентгенолог-лаборант Наргиза Шәмшиева: «Мені осы жақта 1-наурыздан баспасөз мәслихатына қатысып барғаннан кейін, 15- наурыз күні, бұрынғы өтіп кеткен күндерде тәртіп бұзды деген құжат жасап, жұмыстан шығарып жіберді. Неге шығарады? Себебі, менің бір өзіме ғана өткен жылдың есебі бойынша 1,5 млн. теңгенің рентген таспаларына «списание жасайсың» дейді. Менің ондай ерлікке баратындай басым екеу емес қой. Мен басшылардың осындай жолсыздығына көнбей жүргенмін. Содан, ақыры есебін тауып, жұмыстан шығарып отыр». Фельдшер Ділмұрад Сүлей­мен­құлов та өз еркімен жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Құркелес ауылдық дәрігерлік емханасының аға мейірбикесі Қалима Рахимова ол қызметінен төмендетіліп, кәзір жай ғана медстатист болып жұмыс істеп жүр екен. Біз жоғарыда Мәдина Берікова­ға қатысты «нағашы ағасы» деген сөзді айттық. Иә, шынында да, «наурыз жорығынан» кейін сары­ағаш­тық шенеуніктер Ибрагим Жүніс­бековтен құтылуға бел шеше кіріседі. Не үшін? Біріншіден, әділетшіл, өз ісінің маманы, қолы таза И.Жүнісбековтің Шымкенттен ауысып барған, және өзі ғана ауысып бармай, кадрлар бөліміне басшы етіп Р.Нәдірбеков пен бұрын прокуратурада қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан Бауыржан Жүнісовті өзімен бірге ала барып, көптеген заң бұзушылықтарға барған «Н.Ақбердиев бас дәрігер болып келгелі «Сарыағаш аудандық емханасы» МКҚК-дағы болып жатқан заңсыздықтар мен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржылардың талан-тараж болуы шектен шығып кетті» (И.Жүнісбековтің ОҚО әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековтің атына 2016 ж. 3-наурыз күні жазған арызынан) деп жазған қаншама арызының бәрі жоғары жақтан келген бір-біріне сілтеме және «шығарып салма (отписка)» жауаптармен аяқталып отырса да, нарколог-дәрігердің белсенділігі олардың ішкендерін – ірің, жегендерін – желім етеді. Екіншіден, И.Жүнісбеков медицина қызметкерлерінің жергілікті тәуелсіз кәсіподақ бірлестігін құрғанын жоғарыда айттық. Және жаны адал адам болған соң, ондай бірлестікті өзі шетінен жатып «ішіп-жеу үшін» құрмайды, оның пайдасын елге көрсете бастайды. Біз ол жайлы былтыр жазда газетіміз бетінде кеңінен суреттеген болатынбыз, сондықтан оған тоқталып жатпаймыз. Қалай болғанда да, И.Жүніс­беков бір жағынан кәсіподақтағы жақсы ісімен медицина қызмет­керлерін ешқандай үгіт-насихатсыз, қорқыту-үркітусіз өзіне қарай аударып әкетіп бара жатқандығымен жақпаса, екінші жағынан жем­қорларға қарсы бітіспес майдан ашқан белсенділігімен олардың тама­ғына тұрып қалған сүйек секілді болады. Әділетсіздік үстемдік құрған заманда ондай адамдардың «бәлеқор» аталатыны белгілі. Өз атын өзі шақырған «көкектер» И.Жүнісбековті наурыздан аттай екі ай бұрын, 13-қаңтарда орын алған тұрмыстық жанжал бойынша апыл-ғұпыл соттатып жібереді. Оқиға қалай болған? 2015 ж. 17-қарашада Құркелес ауылдық дәрігерлік емханасының аға мейірбикесі Қалима Рахимованың И.Жүнісбековке жазған арызы бойынша барған, 7 адамнан құралған аудандық комиссия 17 параққа тіркелген құжаттар негізінде 12 пункттен тұратын құжат жасап, онда Құркелес ауылдық дәрігерлік емханасының аға дәрігері О.Жұмаділдаева өз қызметіне сәйкес болмағандықтан оны қызметтен босатуды ұсынады. Н.Ақбердиев болса босата қоймайды. Құркелестік дәрігерлер мен мейірбикелер тағы да И.Жүнісбековке шағымданады: «О.Жұмаділдаева жұмыстан босатылады деп едіңіздер, ол жұмыстан кетпек түгілі біздің басымызға әңгір-таяқ ойнатуды бұрынғыдан бетер күшейтіп барады!» Осы жайлы 13-қаңтар күні И.Жүнісбеков неге босатпай жатқанын сұрағанда Н.Ақбердиев: «Мына заңгер Б.Жүнісов олай ету заңсыз болады деп, көнбей отыр» деп, қасында отырған заңгерге сілтейді. Заңгер болса: «Сен тым көп нәрсені көріп қойыпсың, көзіңді ойып алайын ба?!» дейді. «Сен менің көзімді қалай ойып ала қоймақшысың, айтшы?» дейді Жүнісбеков. Сол жерде ерегіс туып бара жатқан соң Жүнісбеков: «Жүр, далаға шығып сөйлесейік!» деп шығып кетеді. (Жүнісбековтің гір көтеруден аудан чемпионы екенін, оның бір адамнан оңайлықпен таяқ жей қоймайтын жігіт екенін айта кету керек). Артынан Жүнісов ереді. Далаға шыққан соң дәрігер заңгерге: «Кәне, менің көзімді қалай оймақшысың?» деп артына бұрыла бергенде, анау: «Міне, былай!» деп, қолындағы дайындап келе жатқан кірпішпен маңдайынан бір ұрады. Ибрагим басын ұстап отырып қала бергенде, тізесінен және тебеді. Есін жиған Жүнісбеков жағаласа кетеді. Осы кезде екі еркектің төбелесіп жатқанын кездейсоқ көріп қалған, емханаға келген Ақерке Мәрікбай есімді әйел айқайлап, көмекке жұртты шақырады. Содан И.Жүнісбеков қана емес, Б.Жүнісов те, екеуі бір күнде полицияға арыз түсіреді. Бірақ, арызға 1-наурыздан кейін барып тергеу жүре бастайды, және ең қызығы Б.Жүнісовтің арызы қаралады да, И.Жүнісбековтің арызы сол күйі қаралмайды. Және баспасөз мәслихатында адвокат И.В.Билоус айтқандай сотта іс қайта-қайта сарапшыларға жіберіліп, ал, оның адвокат ретінде берген өтініштері (ходатайство) ескерусіз қалдырылып отырады. Тергеуші орындауға тиіс, бірақ, орындамаған талай олқылық тіпті толып жатыр дейді ол. Мысалы, Б.Жүнісов «менің бір саусағым сынды» деп арыз жазады. Бірақ, арызды сол сынған қолымен жазады... Саусақтың сынғаны жайлы сөздің өзі екі-үш апта өткен соң пайда болады. Сотқа сынған саусақтың рентген суреттері де көрсетілмейді. Сотта жоғарыда аты аталған Р.Нәдірбеков және тағы екі адам өтірік куәлік етеді-дағы, солардың арқасында Жүнісов тап-таза, «жәбірленуші» ал, Жүнісбеков кінәлі болып шыға келеді. Өтірік куәлік берді деп отырғанымыз, адвокат И.Билоус облыстық соттың апелляциялық алқасының отырысында «мен алып келген, шынайы куәлік береміз деп келген куәлар бар екенін көре тұрып, апелляциялық алқа сол куәлерден жауап алғысы келмеді, яғни, алқа сотының өзі дұрыс жүрген жоқ, біржақты, бір адамның пайдасын көздеп жүргізілді» деп отыр. Ендігі сөз – Жоғарғы Сотта. Ол жақта куәлер сөйлемейтіні, құжаттар сөйлейтіні белгілі. Бірақ, Жоғарғы Сотты әрқашан әділдік салтанат құратын орын деп айта беруге келмейді... Бізді бұл оқиғаға қатысты толғандырар мәселе – жергілікті органдардың жүгенсіздігі. Басқаны былай қойып, заңды белден басатындығы. Билоус «бұн­дай жағдай бойынша соттық тәжірибеде бір адамның толық кінәлі болып табылып, 1,5 жылға бас босттандығынан айрылуы – нонсенс! Мен судья Б.Б.Кайипов пен апелляциялық алқа судьяларының не ойлағаны барын түсіне алмай отырмын» дейді. Бізге де осы жайт түсініксіз. Баспасөз мәслихатына шақырылса да облыстық прокуратурадан ешкім келмеді. Жемқорлыққа қарсы іс-әрекет ұлттық бюросының ОҚО бөлімшесі штабының жетекшісі Дәурен Қожабаев «мұндай істен мүлдем хабарсызбыз, арыз жазып келсін, қараймыз» десе, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының заңгері З.Мұханжан «біз талай рет тексердік, ешқандай тәртіп бұзушылық тапқан жоқпыз, жемқорлық орын алса, оны тексеретін басқа органдар, біз онымен айналыспаймыз» дейді. Осындай ой-пікірлерді тыңдап отырып, барлық реформа, өзгеріс, оларға деген талпыныс тек жоғарғы жақта отырғандардың ғана ниеті-ау деген түйін түюге еріксіз мәжбүр боласың. Төмендегілер керісінше, олар қайта қолынан келгенінше «қоғамда ашу-ыза туғызсақ, толқын тудырсақ, тепе-теңдікті бұзсақ, сөйтіп, халықты ашындырып, көшеге шығарсақ, шығарып қана қоймай, солардың қолымен билікті орнынан тайдырсақ, босаған орынға өзіміз барып жайғасып алсақ» деген алысты көздеген, тереңде жатқан бір есептің соңында жүрген секілді...

Өмірзақ Ақжігіт

qazaquni.kz