Арыстанбек Мұхамедиұлы: Мемлекеттің мүддесі үшін барлық соққыны қабылдаймын

Картинки по запросу арыстанбек мұхамедиұлы

Арыстанбек Мұхамедиұлы Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Мәдениет және спорт министрі бүгінгі күні өзекті болып отырған мәселелерге толыққанды жауап қайтарды.

- Көпшіліктің наразылығын тудырған Левит пен Тищенконың Риодағы кездесуі туралы не айтасыз? Төрешілер әділдік танытпады дегендер көп.

- Сіздер стадионның реакциясын, көрерменнің әрекетін өздеріңіз де көрдіңіздер. Қазақстан Бокс федерациясына ерекше алғысымды білдіремін. Себебі материалдық тұрғыда Левитті қолдап отыр. Мынаған мән беріңізші, біз бұл жолы 17 медаль алдық. Бұл ел үшін абсолютті рекорд. Яғни, тарихта тұңғыш рет мұндай көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Біреулер айтып жүр, Өзбекстан біздің елден озып кетті деп. Оларда 13 медаль, бізде  17.

- Дегенмен ақша алтын жүлде емес қой. Неге шағым түсірмейсіздер?

- Түсірдік. АIBA жарғысы бойынша болмайды екен. Ереже сондай. Өздеріңіз де көрдіңіздер, Олимпиадада тек қана Левит емес, ирландық боксшыға да әділетсіздік танытылды. Өзбекстандықтар жеңіске жеткенде моңғолдық спортшылар татамиде үлкен шу шығарды...

- Демек бұл Олимпиада ойындарының жүлделері алдын ала шешіліп қойған деп ойлайсыз ба?

- Жоқ, олай айта алмаймын. Риодағы дода өте сәтті өтті. Бірақ, оған баға беру меніңше дұрыс емес болады. Барлықтарыңыз көрдіңіздер, куәгерсіздер.

- Ресейлік әріптестерге реніш жоқ па?

- Білесіздер ме, ол кезде былай болған ғой. Ресейдің спорт делегациясының басшысы, Ресей құрамасының бапкері бұл жағдайдан кейін Левиттен кешірім сұрады. Өзі келді.

- Тищенко ше?

- Ол кешірімді бапкері арқылы сұратып отыр ғой. Бірақ өзі ресми олай жасамады. Кез-келген жайтта таяқтың екі ұшы болады емес пе? Бұл жағдайға меніңше, Левит алғыс айтуы керек сияқты. Себебі ресейлік боксшымен болған кездесуден соң оны бүкіл әлем таныды. Енді бұл таза менің ойым ғана.

- Алтыннан қағылған Василий Левитке мемлекеттік сыйақыдан бөлек тағы қандай көмек беріледі?

- Ешнәрсені алдын ала кесіп айта алмаймын. Василий - Қостанайдың баласы. Ол мемлекеттен берілетін қаржылай сыйақыдан бөлек федерация тағайындап отырған қаржылай сыйлыққа қол жеткізеді. Мемлекеттік наградаға ұсынылады. Пәтер де, көлік те беріледі. Тек оны жергілікті билік жасайды. Қазірдің өзінде онымен қалай жүздесуге болады деп сұрап жатқандар көп.

- Риоға барған спортшылардың ешбірі допинг қолданбады деп айта аласыз ба?

- Қазіргі спортшылардың ешқайсысы допингті тұтынбайды.

- Ал бұған дейінгі Олимпиадаларда да солай ойладық. Бірақ, өкінішке қарай арада бірнеше жыл өткен соң олардың басы дауға қалды...

- Маған дейінгі әріптестерім әдейі жасады деп айта алмаймын. Ол менің тарапымнан дұрыс әрекет болып саналмайды. Ал Риоға барарда біздің спортшылар Еуропаның Дрезден қаласындағы лабораториядан тексеруден өтті. Себебі жарыстан кейін тағы шу шыққанын қаламаймыз. Жалпы бүгін жеңіске жетіп, ертең допингпен ұсталып жатудың еш қажеті жоқ. Оған дейін біз Қазақстанда өзіміздің лабораториямыздан өтіп, соның қорытындысын алып барып, жарыстарға қатысып жүрдік.

- Сонда отандық лабораторияның сапасы нашар ма?

- Жоқ, олай айту қиын.

- «Феникс» фильмі төңірегіндегі дауға қатысты не айтасыз?

- Өкініштісі сол, ресейлік компанияға 3 млн АҚШ долларын алып кеткісі келді. Сенесіз бе, ол компанияның ашылғанына көп болмаған, жекеменшік пәтерде тіркелген. Қоры да аз. Бізді бопсаламақ болып, ақшаны аударуды талап етті.

 Кім бопсаламақ болды?

- Фильм режиссері. Ол туралы БАҚ-та жазылды ғой. Құзырлы органдар тарапынан бәрі тексерілді. Біздікін дұрыс деп айтты. Мен әділдікке жақтасамын... «Фильмді тоқтатты» деп кінә тақты. Сөйтіп «Қазақфильмді» сотқа берді. Олар бізге айтты. Екі сот отырысы өтті. «Қазақфильм» жеңіске жетті. Үшіншісі енді болады...

Біз ресейлік «Экипаж», «Герой» секілді фильмдер түсірілсе дейміз. Неге біз сондайларды түсірмейміз? Ал әлгі фильмнің сценарийі ғарыш туралы. Біз сонда сол үшін 3 млн доллар төлеуіміз керек пе? Маған қанша айып тақса да, шегініп қалмаймын. Себебі бәріміз жақсы фильм көргіміз келеді. Ал кейбіреулер бүйірімізден келіп, шу шығарып жатады. Сосын «ала берсін, бастысы шуламасын» дейді. Кейін қазақтарды бейшара етіп фильм түсіреді...

Мемлекеттің мүддесі үшін барлық соққы мен ашу-ызаны өзіме қабылдаймын. Алдағы уақытта солай жасаймын. Аулақ! Не істесе де өздері білсін!

- Әңгімеңізге рахмет!