Дос Көшім: Орыстілді қауымға қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жоқ

Ынтасы бар адамға қазақ тілін үйренуге еш кедергі жоқ. Бұл — белгілі саясаткер Дос Көшімнің пікірі деп жазады aktobenews.kz.

Дос Көшім: Орыстілді қауымға қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жоқ

"Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде" деген тақырыпта облыстық әкімдікте өткен шараға арнайы қатысқан Дос Көшім мемлекеттік тілді осы мемлекетте өмір сүріп жатқан азаматтардың бәрі бірдей неге білмейтінін зерделеп көріпті.

"Біздің қазақ қауымы тіл мәселесін айта-айта әбден шаршадық. Өзімізге өзіміз ренжиміз, кейде жылаймыз, үкіметке ескертпе жасаймыз, мәлімдеме жазамыз. Ал орыс тілді қауым бұдан алшақ. Бұл проблема олар үшін мүлдем жоқ сияқты. Ал шындығында мәселе соларда, олардың мемлекет тіліне деген көзқарасында. Сондықтан, біз орыс тілді адамдар арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Шындығында қазақ тілін үйренбеудің нақты бір күрделі сылтауы жоқ болып шықты. Бұл адамның өз ынтасына байланысты. Бір сөзбен айтқанда орыстілді қауымға ешқандай кедергі жоқ", — дейді Дос Көшім.

Ақтөбеге арнайы келген саясаткерлер 15-ші тамыздан бастап Алға, Мұғалжар, Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандары мен облыс орталығында мемлекеттік тілді насихаттау шараларын өткізген.