Рио-2016: 11 тамызда қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті?

Олимпиада ойындарының алтыншы күні қазақстандық спортшылар жарыстың төрт түрі бойынша сынға түсті. Спортшыларымыздың бұл күні қандай нәтиже көрсеткенін Bnews.kz назарларыңызға ұсынады.

Рио-2016: 11 тамызда қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті?

Байрақты бәсекенің алтыншы күнінде дзюдодан 100 келіге дейін салмақта өнер көрсететін қазақстандық Максим Раков алғашқы кездесуінде эстониялық Григорий Минашкинді ұтты. Өкінішке қарай, 1/8 финалда жерлесіміз 2014 жылғы әлем чемпионы чехиялық Лукаш Крпалекпен күш сынасты. Екі балуан арасындағы белдесудің тағдырын төрешінің ескертуі шешті. Оның пікірінше, қазақстандық балуан Лукаш Крпалекке қарағанда сылбыр белдескен. Сол үшін ол Максимге екі шидо берді. Осылайша, қазақстандық дзюдошы жарыс жолынан шығып қалды. Кейіннен чехиялық балуан барлық қарсыласын жеңіп, Рио Олимпиадасының алтын медалын мойнына тақты. Ал күміс жүлде әзербайжандық Эльмар Гасимовқа бұйырса, қола медальді француз спортшысы Сириль Маре алды.

ХХХІ Олимпиада ойындарында 50 метрден пневматикалық винтовкадан оқ ату сайысында сынға түскен Елизавета Король финалға шыға алмады. Қазақстандық мерген жарыстың іріктеу кезеңінде 575 ұпай жинады. Осылайша, ол 24-ші орынға тұрақтап, жарысты аяқтады. Бұл сайыста Италия, Швейцария, Австрия, Қытай, Германия, Иран және Чехия елдерінен келген мергендер ақтық сайысқа жолдама алды.

Байрақты бәсекенің бесінші күні ринге бірден төрт қазақ боксшысы шықты.

Алдымен 56 келі салмақта өнер көрсеткен Қайрат Ералиев әзербайжандық Джавид Челебиевті ұтты. Үш раундта да жерлесіміз басымдық танытты. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен Қайрат жеңіске жетті.

Ескере кететін бір жайт, Қайрат Ералиев осы жеңісімен 2013 жылғы Алматыдағы әлем чемпионатында кеткен есесін қайтарды. Нақты айтсақ, Джавид Челебиев Қайратты сол жылы жартылай финалда ұтып, кейіннен бокстан әлем чемпионы атанған.

Ал 64 келіде өнер көрсеткен қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов ұлыбританиялық Пат Маккормактен жеңіліп қалды. Кездесу аса тартысты өтті. Бірінші раунд ұлыбританиялық боксшының есебіне шешілді. Екінші раундта қазақ боксшысы бар күшін салып, жиі шабуылдағанымен қарсыласынан басым түсе алмады.

Бірақ, үшінші рауднта Абылайхан қарсыласын ұпай саны бойынша ұтты. Тек барлығы кеш болатын. Ара қашықты жақсы ұстай білген Маккормак жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 2:1. Нәтижесінде, қазақ боксшысы жарыстан шығып қалды.

Ал 69 келіге дейін салмақта өнер көрсетіп жатқан ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов алғашқы қарсыласы Джош Келлиді айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға шықты. Үш раунд бойы өзінің жойқын соққыларын діттеген жеріне дөп тикізіп отырған Елеусінов аса қиналмай жеңіске жетті. Енді 2013 жылғы әлем және Азияның екі дүркін чемпионы венесуэлалық Габриэль Маэстромен қолғап түйістіреді

Осыған дейінгі Олимпиа ойындарында 69 келіде өнер көрсеткен Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы атанған болатын. Сондықтан қазақ елі Данияр Елеусінов те алтын жүлде алады деп үміттенеді.

Ал осы күні соңғы болып 81 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Әділбек Ниязымбетов беларустық Михаил Долголевецті жеңді.

Бірінші раундта қазақ боксшысы жойқын соққыларымен Михаил Долголевецтен басым түсті. Екінші раундта Әділбек ширақ қимылдап, жеңісті қолдан бермеу үшін бар күшін салды. Үшінші раундта Әділбек Ниязымбетов беларустық қарсыласына есе жіберген жоқ. Нәтижесінде жерлесіміз солақай боксшыны ұтып, Рио Олимпиадасының ширек финалына жолдама алды.

Рио Олимпиадасының алтыншы күні жалпы командалық есепте бірінші орында 13 алтын, 12 күміс, 10 қола жеңіп алған АҚШ құрамасы тұр. Екінші орынды 10 алтын, 7 күміс, 9 қоламен Қытай алды. Ал үздік үштікте 6 алтын, 1 күміс, 13 қоламен Жапония тұр. Ал Қазақстан – 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен жалпы командалық есепте 12-ші орында.

Естеріңізге сала кетейік, Рио Олимпиадасының бесінші күні алғашқы алтын жүлдені ауыр атлетикадан Ниджат Рахимов алса, кейін суға жүзуші Дмитрий Паландин оның ерлігін қайталады. Осылайша, ол жүзуден қазақ тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Ал зілтемірші Жазира Жаппарқұл байрақты бәсекеде күміс медальды жеңіп алды.

Төртжылдықтың басты додасына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысуда. Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатыр. XХXI жазғы Олимпиада ойындары 21 тамызға дейін жалғасады.