Рио Олимпиадасы: 11 тамызға арналған жарыс кестесі

11 тамыз күні Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар спорттың үш түрінен сынға түседі деп хабарлайды BNews.kz.

Рио Олимпиадасы: 11 тамызға арналған кесте
Алтыншы жарыс күнін қазақстандық спортшылар кешкі 18:00-де пневматикалық винтовкадан оқ ату (50 метр) сайысынан бастайды. Бұл додада еліміздің намысын Елизавета Король қорғамақ. Кейін сағат 19:49-да 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін соңғы дзюдошымыз Максим Раков татамиге шығады. Ол 1/16 финалда эстониялық Григорий Минашкинмен кездеседі. Сондай-ақ бүгін бірден төрт боксшымыз бақ сынайды. 1/16 финалда сағат 2:30-да Қайрат Ерәлиев (56 келіге дейін) әзербайжандық Джавид Чалабиевпен, сағат 3:15-те Абылайхан Жүсіпов (64 келіге дейін) британиялық Пэт Маккормакпен кездеседі. Турнирдің 1/8 финалында сағат 4:15-те Данияр Елеусінов (69 келіге дейін) тағы бір Ұлыбритания өкілі Джош Келлимен кім мықтыны анықтаса, сағат 4:45-те Әділбек Ниязымбетов (81 келіге дейін) беларусь Михаил Долголевецпен шаршы алаңда жолығады, жеңгені ширек финалға жолдама алады.