Қайғыдан қан жұтқан жаннан пікір беруді сұраған “Еуразия” арнасында ұят жоқ

Кеше танымал ақын-композитор Еркеш Шакеевтің ұлы – Сафар Шакеевтің өлі денесі табылғаннан кейін «1 арна Еуразиядан» өзін журналистпін деп таныстырған қыз тікелей әкесіне телефон шалып, жас жігіттің өліміне байланысты комментрий беруді сұраған көрінеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Журналистік этика жайында...Бүгін біз үлкен қайғыға тап болып отырмыз. Бауырымыз Еркеш (Шакеев – авт.) ұлынан айырылды. Сафардың өлімі расталғаннан кейін бір сағат өтпей, Еркештің нөміріне бір қыз звондады. – Саламатсыз ба! Мен «1 арна Еуразиядан» боламын, маған шұғыл түрде комментарий беріңізші! Көңіл айтқан да жоқ, қайғыға ортақтасқан да жоқ. Түк болмағандай, комментарий беріңізші деп отыр. Абырой болғанда, сол кезде әкесінің телефоны менде болды. Әрине, мен ол топасты бәріне белгілі «үш әріпке» жібердім. Артынан оның қоймай, Еркештің достарына дейін шабуылдағанын білдім (хабаралама алмасудың скриншоты бар). Адам қайғысын пайдаланып, журналистік мансапты жасау - абыройдан жұрдай қалғанның белгісі. Бір ар-ұят пен әдеп болуы керек қой», - деп жазды А.Шораев өзінің Facebook парақшасында.