НИК ФИЛДИНГ: МЕН ТАУЛАРДАН ҚАЗАҚТЫҢ ДАРХАНДЫҒЫН КӨРДІМ

 

Жастайынан жетім қалып, туыстарының қолында жетіліп өскен ағылшын Томас Аткинсон (1799-1861) деген кім, және ол қазақ даласына қашан, қалай келген?

Алғашқы еңбек жолын қарапайым тас қалаушылықтан бастаған осынау жанның алдағы өмір жолы ол күтпеген жұбақтарға толы еді... Сурет салуға деген әуестігі оны алдымен архитектор болуға жетеледі. Өнері өрге жүзіп, 32 жасында готикалық сәулет үлгісі бойынша Манчестрден шіркеу тұрғызады.

Негізінде Аткинсонның сапары ұлы географ ғалым Александр Гумбольтпен (1769-1859)  таныстығынан бастау алады.

1844 жылы Германияның Гамбург қаласында Ресей, Қазақстан жерлерін саяхаттап өткен географ ғалыммен танысып, сапарындағы көрген қызықты хикаяларын тыңдаған Томас енді Гумбольттың кеңесі бойынша Ресей және Қазақстан өңірлерін өз көзімен көріп саяхаттауға ниеттенеді.

[caption id="" align="aligncenter" width="960"] ҚР ҰАК басшысы Үмітхан Мұңалбаева шетелдік қонақтарға қазақтың тақиясын сыйға тартуда[/caption]

Ел көруге, жер көруге жаны құштар талантты Томас өзінің туған жерінен осылайша уақытша жырақтайды...

Томас 1847 жылдан бастап Петербор, Мәскеу және Екатеринбургкте болады. Петерборда жүрген кезінде Шығыс Сібірдің генерал-губернаторы болып сайланған НН.Мураьев-Амурскийдің (1809-1881) үйіне жиі баратын. Сол үйде Люси деген қызметші қызбен танысып, жұп құрады.

Томас Аткинсон және оның әйелі Люси Аткинсон – 1848 жылы Қазақстанға келіп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін зерттеп, Ертіс пен Іле бойының көркем көрінісін, Көкпекті, Аягөз, Қапал бекіністерінің құрылысын және де қазақ сұлтандарының отбасының суретін салып шығады.

[caption id="" align="aligncenter" width="625"] К. Мәсімов XIX ғасырда Қазақстанды зерттеген саяхатшы Аткинсондардың ұрпақтарымен кездесті[/caption]

Жазушы, суретші, архитектор Томас Аткинсон «Восток и Западная Сибирь» («Oriental and Western Siberia») және «Путешествие по Нижнему и Верхнему Амуру» («Travels in the regions of the Upper and Lower Amoor») деген екі кітабын жазды. Екеуінде де қазақтың бай мұра тарихы кеңінен суреттеледі. Ал Люси Аткинсон осы сапарынан «Воспоминания о Татарских Степях и обитателях» деген еңбегін жазып қалдырған.

[caption id="" align="alignnone" width="960"] Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев саяхатшы-суретші Т.Аткинсонның ұрпақтарын қабылдады[/caption]

Ерлі-зайыпты суретшілердің, әсіресе, Жоңғар Алатауы мен Тамшыбұлақты ерекше зерттеп, оның сұлу табиғатына тамсанғандары соншалық, 1848 жылдың 4-қарашасында дүниеге келген ұл балаларының есімін Алатау-Тамшыбұлақ деп қояды.

Бүгінгі күні осы Т.Аткинсонның еңбектерін зерттеп-зерделеп, оның мұраларын жинап жүрген ағылшын жазушысы Ник Филдингтің мұрағатында әйгілі саяхатшы-суретшінің  домбырамен ән салып тұрған сал-серілерді салған суреттермен бірге, киіз үйдегі қазақ отбасының тұрмысы бейнеленген, сәукеле киген қазақ қыздарының картиналары да сақтаулы.

[caption id="" align="alignnone" width="960"] Жазушы Ник Филдинг кітабының таныстырылымы[/caption]

Сонымен қатар, қазір жазушының қолында ХІVІІІ-ХІХ ғасырларда жасалған қазақтардың тұрмыстық бұйымдарының, атап айтқанда қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен көмкерілген аяққап, түскиіз және қыздардың бас киімінің бар екенін де Н.Филдинг арқылы білеміз. Әрине, мұның бәрі өмір соңында Отанына оралған Т.Аткинсонмен бірге келген жәдіргерлер болатын.

Ал, былтырғы жылы қыркүйек айында Қазақстанда болған Н.Филдинг Алтай, Жоңғар және Іле Алатауларының табиғатын зерттеп қайтқан. Сол кезде «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұқбатында: «Мен таулардан қазақтың дархандығын көрдім. Меніңше, қазақ халқының ұлттық нақыштарының бірі осы таулар мен жазық дала және жылқы малы. Өкінішке қарай, Қазақстанда бір ай ғана болдым. Тағы да барып, Томастың маршрутымен жүріп өткім келеді», - деп ниет білдірген екен.

Дәл осы сияқты, Т.Аткинсонның алтыншы ұрпағы – Пипа Алатау-Тамшыбұлақ ханым да: «Үлкен атамыз Джон Мэйсон Стюарт астрофизика және географиямен айналысқан. Ол кісі әулетіміз жайында көптеген еңбек қалдырды. Сол дүниелерде арғы атамыз Томас Аткинсон туралы айтылады. Тегіміздің Қазақстанмен байланысты екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта ұлдарыммен Қазақ еліне барып, атамыздың ізі қалған жерлерді көрсем деген арманым бар», - деп өз тілегін тілге тиек етеді.

Әйгілі саяхатшының тағы бір ұрпағы – Пол Далгвист Қазақстанға сапары жайында: «Аталарымыз атпен, түйемен, шанамен басып өткен сапар жолын көру, қайтадан жүріп өту біз үшін ерекше оқиға», - дейді.

Қазақ халқында «Амалдар – ниетке байланысты» деген сөз бар. Арнайы қонақтар қазақ деген ұлы халықтың әлі күнге дейін жоғалтпай сақтап келе жатқан кеңпейіл жомарттығын, батырлығын, ақындығын енді бабаларының тамсанып сурет қылып салып кеткен картиналары мен естелік қылып жазып қалдырған кітаптарынан ғана көріп-білгілері келмейді, өз көздерімен көргілері келеді. Әмбе, Алатау-Тамшыбұлақ аталарының да туған жері емес пе бұл Қазақстан?! Ендеше, олар сол Қазақстанға тәу етпекке бел буып отыр деп ұғынуымыз керек!

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландияның Корольдігіндегі Елшілігінің, ҚАЗАҚ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен британ жазушы Ник Филдингтің «South to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan, 1847-1852» атты кітабының тұсаукесері өтті және ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон мен Люси Аткинсонның ұрпақтарымен кездесті.

Бауыржан Берікұлы,

Республикалық ақпараттық-сараптамалық,

ғылыми-танымдық

«Кітапхана хабаршысы» журналы

Бас редакторының орынбасары

qazaquni.kz