«Үштілділікке» көшіруді биліктің өзіне мемлекеттік тілді ендіру мен меңгеруден бастау қажет

Билік те, элита да өзінің халқымен бір тілде сөйлеуге тікелей мүдделі болуы тиіс

Қоғамда жаңа білім министрі мәлімдеген мектептерді үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) оқытуға көшіру мәселесі белсенді түрде талқылануда. Мұндай қадамды қолдаған елге белгілі кәсіпкерлердің хаты, одан кейін бірқатар қайраткерлердің бұған тікелей қарсы талаптарын қойған үндеуі пайда болды.

«Ақ жол» партиясы өз жұмысында білімге де, бизнеске де, ұлттық мүдделерге де назар аударады. Партия әсіресе өткен жыл бойы білім министрімен қызу айтыс-тартыстар жүргізді. Ал қазіргі пікірталастар бойынша партия басшылығы қандай ұстанымда?

Осы мәселеге байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевпен белгілі журналист, осы партияның Орталық Кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы сұхбаттасқан еді.

- Азат Тұрлыбекұлы, сіз бен біз бұған дейін де осы үштілділік мәселесі бойынша пікір алысқан едік. Ол пікіралмасу әрине, бейресми жағдайда, ұрпақ тағдырына алаңдайтын еліміздің екі азаматының арасында өтті. Көп мәселе бойынша көзқарастарымыз түйісетіні де рас. Кей мәселелерге деген көзқараста айырмашылық та болды. Дегенмен, халық үшін Парламенттік партия жетекшісінің осынау өзекті мәселеге деген нақты ұстанымы өте қажет! Мысалға мені, Қазақстанның азаматы ретінде «үштілділікті» енгізу мәселесінің тым асығыс қолға алынып жатқаны алаңдатады. Мектептерді үш тілде оқытуға көшіру туралы бастама қаншалықты дәрежеде өзін ақтайды деп ойлайсыз?

- Стратегиялық жағынан алғанда бұл дұрыс көзқарас. Біздің ұлтымызға даму қажет, жастар қазіргі заманғы өркениет талаптарына сай болуы тиіс, өйткені ағылшын тілін жаппай еркін меңгеру әлемдік қоғамдастыққа бірігудің маңызды шарты болып табылады.

Сондықтан да мен білімді үш тілде беруді ілгерішіл қадам ретінде қолдаймын, ол біздің бәрімізден – мектеп оқушыларынан, педагогтардан, ата-аналардан – қиындықтар мен стереотиптерді еңсеруді, жеңе білуді талап етеді. Иә, мұның ерік-жігерді барынша жұмылдыру қажет ететіндігі рас. Бірақ, сонымен ғана біз сөз жүзінде емес, шынайы түрде өркениет көшіне ілесе аламыз. Кез келген өзге нұсқалар – бұл изоляцияға ұшырауға жол ашады, әлемдік үрдістен біздің артта қалып қоюды күшейтеді.

Бірақ «үштілділік» жүйесінде де басымдық мемлекеттік тілге берілуі тиіс, оның қолданылуы әлі лайықты деңгейге шыққан жоқ.  Бизнес пен билік бұрынғысынша орыс тілін артық көреді, ал қоғам, әсіресе жастар барған сайын қазақтілді болып келеді. Қоғам мен оның элитасы, тікелей айтқанда, түрлі тілдерде сөйлейтін жағдай белең алып тұр. Бұл проблеманы көре білу және шешу керек. Мынадай мәліметтер келтіремін: Тәуелсіздік алған сәтте қазақ мектептеріндегі оқушылар саны небәрі 34 пайызды құрады. Ал, 2016 жылы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығында, олар мектеп бітіруші түлектердің 68 пайызына жетті. Осылайша, бір ұрпақ алмасқанда қоғамдағы қазақтілді жастардың арасалмағы екі есеге өсті. Мемлекеттік тілді еркін меңгерушілердің үлесі келесі ұрпақ алмасатын мерзім ішінде 80-90 пайыздан да асады деп ойлаймын. Бұл беталысты көрмейтіндер – өзінің болашағын пайымдай алмай отыр. Билік те, элита да өзінің халқымен бір тілде сөйлеуге тікелей мүдделі болуы тиіс.

- Бірақ тек осы себеппен қоғамдық қозғалыстардың бірқатар өкілдері үштілде білім беруге қарсы шығып отыр емес пе? «Үштілділікті» енгізуге ең алдымен «орыс тілді» элита мүдделі болып отыр деген пікірлердің де жаны бар секілді маған. Олай болған жағдайда еңсесін енді ғана түзеп келе жатқан мемлекеттік тілдің- сіз бен біздің ана тіліміздің тағдыры не болмақ?

- Ана тілі үшін шырылдаған қоғамдық ұйым өкілдерінің берген бағаларының көбісімен келісу керек. Бірақ олардың осы бағалауларынан жасап отырған тұжырымдарымен келісу мүмкін емес.

Біріншіден, кез келген халықтың экономикасы және әл-ауқаты азаматтардың заманауи техника мен технологияларын пайдалану қабілетіне тікелей тәуелді. Тіпті бөтендікін пайдаланбай, өз технологияларыңды жасау үшін – жұрттың бәріне баяғыдан белгіліні, «велосипедті» емес, жаңаны ойлап шығару үшін әлемдік жетістіктерге сүйену керек.

Дүние жүзіндегі ғылыми-техникалық ақпарат айқын басымдықпен еуропалық тілдерде, ең алдымен ағылшын тілінде айналымға түседі. Мұны нарықтық менеджменттің, корпоративтік басқарудың, қор және қаржы құралдарының  және т.б., мәселелеріне қатысты да айтуға болады.

Егер біз табысты ұлт болғымыз келсе, онда тек «Болашақ» бағдарламасының степендиаттары ғана емес,әрбір мектеп оқушысы бүкіл адамзатпен жиналған білімге тікелей шыға алуы керек.

Екіншіден, екі геосаяси алыптың - Қытай мен Ресейдің арасында тұрған Қазақстанның жағдайын бағаласақ, біз олардың ықпалынан толықтай тасада қалуымыздың мүмкін еместігін анық түсінуіміз керек. Өйткені біздің сыртқы әлеммен көптеген қатынасымыз, тауар айналымынан бастап, осы екі елдің мүдделерін де қозғап кетеді. Яғни, олармен диалог және өзара іс-қимыл жасау қажет, бұған балама тек Солтүстік Корея немесе Мьянма «үлгісі» бойынша өзімізді оқшаулау ғана. Сіз екінші Солтүстік Кореяда тұрғыңыз келе ме? Мен, жоқ деп дәл айта аламын.

Бірақ өзара іс-қимыл біздің ақпараттық кеңістігімізге, білім мен тәрбие беру жүйесін қоса алғанда, сыни қатерлер тудырады. Мұндай ықпалға, тек біздің ішкі әлеуметтік-мәдени ресурстарымызға сүйеніп баланс құру, өте қиын. «Үштілділікті» енгізу- бұл міндетті Қазақстанды ресейлік және қытайлық ресурстарына ғана емес, ақпараттың және ықпал етудің жалпыәлемдік көздеріне қатыстыру арқылы шешуге көмектеседі. Бұл қадам біздің ұлттық мүдделерімізге тура келеді.

Осындай тәсілдеме, мысалы, ядролық арсеналдан бас тартқаннан кейін қауіпсіздік және аумақтық біртұтастыққа кепілдікті таңдау кезінде, іске асырылған: сол кезде Қазақстан мұндай кепілдіктерді тек Ресей мен Қытайдан ғана емес, сонымен бірге батыс мемлекеттерінен алған. Украина оқиғалары көрсеткендей, дәл осы батыстан кепілдеме бергендер – АҚШ, Франция және Ұлыбритания өздерінің сөздерінен тайған жоқ.Сондықтан үш тілде білім беруден бас тарту шын мәнінде қазақтардың мүддесін қорғамайды, керісінше – Ресейге саналық және ақпараттық бағыныштылықты бекітіп, ұзарта түседі және Қытайға да осындай бағыныштылықты қалыптастыру үшін жағдайлар жасауды жеңілдетеді.Қазіргі кезде Қытайдың қазақ тіліндегі ақпараттық саясатының тұтынушылары Шыңжан тұрғындары болып саналады. Бірақ кім біледі, біздің шығыстағы көршімізде бұл жұмысты кеңейтуге деген жасырын қызығушылық пайда болса ше? Қытайдың ортаазиялық аймақта ғаламдық экономикалық бағдарламаларды белсенді түрде алға жылжытып жатқанын ескерсек, мұндай күмәнді негізсіз деп айта алмаймыз. Және инвестордың жергілікті халықтың ішінде өзінің жобаларына қоғамдық қолдау жасауға мүдделі болуы қисынды болып тұр ғой.

Көршілердің мұндай ықпалымен теңесуге «үштілділікке» көшу біздің мемлекеттің ашық әлемге толыққанды шығуы, баламалы ақпарат алуы және еуропалық құндылықтарға және еуропалық қоғамдастыққа араласужолымен мүмкіндік беретініне үміттенуге әбден болады.

 

-«Үштілділік» мәселесі әлемдік өркениеттің бар жақсылығын игеруге көмектеседі деген де дұрыс шығар. Алайда, онсыз да сапасы сын көтермейтін, оқылуы өте ауыр оқулықтардан шаршаған ұрпақты енді осы бір күрделі реформамен «қинап» жібермейміз бе? Кеше ғана Елбасы осы мәселеге байланысты «Асығыс өзгерістермен (білім саласындағы) оқушылардың мыйларын ашытып жібермеңдер» деді. Жанталасып жасалған реформалардың аяғы қалай болатынын өзіңіз де айтып жүрсіз. Осы біз «үштілділік» бағдарламасына дайынбыз ба?

- Дұрыс айтасыз, қазіргі күн тәртібіндегі негізге мәселе – үш тілде білім беруді тағы бір профанацияға ұшыратпай, шын мәнінде іске асыру. Бізде бүкіл аудандар мен ауылдар бойынша өз пәндерін ағылшын тілінде оқыта алуға дайын мыңдаған мұғалімдер бар ма? Әдістеме бар ма? Тіпті қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтардың сапасының төмендігіне қайта-қайта жанжалдар туындап жатқан кезде, ағылшын тіліндегі оқулықтар қаншалықты дұрыс болады? Немесе барлығы қайтадан мемлекет пен ата-аналар үшін тиісті нәтижесіз зор шығындарға  айналып кете ме?

Және ең бастысы: үш тілге оқыту қазақ тілін елемеу үшін сылтау болуына еш жол беруге болмайды. Шын «үштілділік» дәл осы мемлекеттік тілді кеңінен қолданудан басталуы тиіс.Ал бүгінде көптеген шенеуніктер тек қана орыс, немесе орыс және ағылшын тілдерінде сөйлейді. Осы өздерін элиталық топқа қосатындар үш тілге көшуді жәй ғана қазақша сөйлеп бастағандары жөн болар еді.

Сондықтан да «үштілділікке» көшіруді биліктің өзіне мемлекеттік тілді ендіру мен меңгеруден  бастау қажет. Мен орыс тілді қазақ ретінде олардың ішіне өзімді қосып айтып отырмын. Тек қана мемлекеттік тілді лайықты деңгейге көтеріп, өз тұғырына қондырған кезде ғана үштілділік білім беру жүйесі іске асырылды деп санауға болады.

- Үш тілде оқытудан бас тарту туралы ашық хат әртүрлі қоғамдық ұйымдардан, ішінде «Ақ жол» партиясы да көрсетіліпті, құрылған ұйымдастыру комитеті атынан жарияланған. Сонда қалай болғаны, партия төрағасы  басқа пікірде ме?

- «Ақ жол» партиясы, ұйым ретінде, бұл хатқа  қатысы жоқ.Оның бастамашылары бізге шыққан жоқ және мәтінді бізбен келіскен жоқ.

Бастамашылар арасында партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса бар. Бірақ ол «Ақ жол» ҚДП басшылығының өкілі ретінде емес, ақын және журналист есебінде қол қойған. Бұл оның құқығы. Және де мен оған өз пікірін әр қашан да ашық айтқанына ризамын. Cіз де азамат ретіндегі жеке пікіріңізді айтып жүр емессіз бе?

Заң бойынша және партияның жарғысы бойынша, «Ақ жол» ҚДП ұстанымын партияның съезі, орталық кеңесі, президиум немесе төрағасы білдіреді. Партия төрағасы ретінде мен өз пікірімді жоғарыда баяндадым. Және оны тек партияның өзінің мүшелері аталған органдар арқылы өзгерте алады. Кез келген жағдайда, мен мұндай пікірталмасуға дайынмын.

- Әңгімеңіз үшін рахмет.