ҚОРЛАН СҰЛУДЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

Баяғыда Маралды жерінің Ұрық ауылында Сұңқар, Солтан есімді ағалы-інілі екеу өтіпті. Екеуі де ел билеген, өз заманының серкелері екен. Естай ақынды естен тандыратын Құсни мен Қорлан – сол Солтанның қыздары. Бірде қазіргі Екібастұз ауданына қарасты Қаракөл қыстағын мекендейтін Сүлеймен байдың ұлы Шошан Ұрықтағы өзінің қалыңдығын алып қайтуға Естайды да ерте келеді. Өзі ақын, өзі әнші Естайдың екі аруды көретіні осы сапар. Әйіптің Нұрмағамбеті дегенге айттырылып қойғанымен, Қорлан да өнерлі жігітке алғаш кет әрі болмайды. Ақыры сөз байласып тынған. Бірақ ахуалды аңдаған Солтан Шот қаласының (бүгінгі Алтай өлкесі, Славгород) түбіндегі Шүкірді мекендейтін құдасына хабар беріп, қызын дереу ұзатып жібереді. Сөйтіп, уәделі сәтте алып-ұшып жеткен Естай:

– Бұл ғаламды шарықтап, О, дариға, ләуліктас, Бағдат, Мысыр, Шын-Машын, Іздесем Қорлан табылмас, – деп аңырап, жер сипап қалады. Алайда, аһ ұрып, зар илегеннен қайран бар ма. Мұң-шерін дүниені дүбірлетіп әнімен төгіп, бейбақ ақын бармақ шайнап қала береді. Міне, енді біз арадағы қамықтырған қаншама заманалардан кейін сол Қорлан мен Нұрмағамбеттің немересі Гүлсім әпкеміздің қолынан дәм татып отырмыз. Қасында өзінің туған ағасы Сайлаубек пен күйеуі Қапсамат бар. Үшеуі де алпысқа жете қоймаған адамдар (Жол түсіп келіп қалған соң соқпай кете алмадық).

Жат қолындағы Құлынды даласының бір пұшпағын жайлаған Әйіптің әкесі Қуат та дәулетті кісі екен. Сол байлығының арқасы болар – орыстар ауыстырамыз деп келгенде қыруар малын шашып, ауылының атын сақтап қалады. Бұл мекен күні қазірге дейін «Село Куатовка» деп аталатын көрінеді.

– Атамыз Нұрекеңнің көз алдында өстік. 1966 жылы сексен алты жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бейіті сол Қуат ауылында. Қорлан әжемізді көре алмадық. Ертерек қайтыпты. Ең өкініштісі, о кісінің не фотосуреті, не ұстаған заты қалмаған...

Ақсу қаласы №7-ші орта мектебі директоры қызметіндегі Гүлекең ашық-жарқын адам. Бізді қызықтырып отырған «ғашықтық ғаламаты» төңірегіндегі сұхбаттан ешбір тартынған жоқ.

– Дегенмен, Нұрмағамбет атам Естайдың өз әйеліне іңкәрлігі туралы сөзді онша ұнатпаған секілді.

Осы тұста Гүлсімнің ағасы Сәкең әңгімеге қосылып, қызарақтап, бұ кісі де әжесін аздап қызғанатынын байқатып алды:

– Несін ұнатады! Тегі, махаббат-сахаббат дегеннің не қажеті бар екен осы?!. Гүлекең де, оның жолдасы Қапсамат та мәз болып күліп жатыр: – Бәле, қызықсың ба! Бүкіл өмір-тарихымыздың бәрі осы махаббаттан басталып жатыр емес пе?! Еріксіз өзі де күлген Сайлаубек сөз сабақтайды: – Қорлан әжем бес ұл тауыпты. Ғабдулжәппәр, Ғабдулмәжит, Зейнелғабиден, Назымбек, Нәсіполла. Ең кенжесі жастай шетінейді. Біз Назымбектен тараймыз. Біз де бес ұлмыз. Бауырларым Қанат, Ермекжан, Еқсан Ресей жерінде қалған. Қайыргелді ағам сонда қайтыс болды. Негізі, оны орыс жері деу де қате. Өз атақонысымыз. Мына Гүлсім ортамыздағы жалғыз қыз болған соң туыстарым тұрмыстағы осыны қарайлау үшін мені әдейі көшірген. Ғабдулжәппәрден де жалғыз қыз бар. Нәзия тәтем. Сексен үште. Павлодарда тұрады. Зейнелғабиден Мәскеу түбінде ерлікпен қаза тапқан екен.

– Негізі, Нұрмағамбет атамыз бай тұқымы ретінде көп қуғындалады. Әйтеуір, Қиыр Шығысқа, анда-мұнда бас сауғалап қашудан көз ашпаған. Ақыры, Зейнелғабиденнің ерлігінен кейін ақтайды. Бірақ 1937 жылдан бастап үлкен ұлы Ғабдулжәппәр да қуғынға түскен. Бізге оның «Алпыс бесте шал қалды, иісі аңқып жер қалды» деген атақты өлеңі ғана жетті. Естуімізше, Қорлан әжеміздің жанына, әсіресе, осы жағдай қатты батқан.

– Қорлан әжем сол отыз жетіде елу тоғыз жасында қайтыпты. Ресейдегі Бөрлі ауданы, Қаранай ауылында жерленген. Осыдан үш жүз сексен шақырым межеде. Бертінде облыс әкімі мен Қуат Есімханов бастаған ел азаматтары «Мұнда қазақтың хас сұлуы Қорлығайын Әйіпкеліні жатыр» деп жазғызып, үлкен ескерткіш белгі орнатты. Ас бердік. Алматы, Астанадан да меймандар келіп, екі жүз кісідей қатысты. – Бұл Гүлекеңнің сөзі. – Жай ғана шара емес, көршілес орыс халқының алдында ұлт абыройын көтерген іс болды. «Ләйлі – Мәжнүн, Ромео – Джульетта» деп жатады. Қазақ елінде нағыз сүйіспеншілік символына айналған жандар аз ба. Солардың даңқы асырылып жатса несі айып. Кейін туған жерінде Естай Беркімбайұлының да ескерткіші ашылған. Сонда ақынның туыстары бізді Қорланның немерелері деп арнайы шақырды. Мені ерекше құрметтеп, қолыма алтын сақина салды.

Осы тұста Гүлекеңнен Қорлан арудың Естайға жүзік сыйлайтыны туралы әңгімені білгіміз келген. – Иә, болған жағдай көрінеді. Тек бұл бертініректегі, әжеміздің елуден асқан кезіндегі нәрсе. Және бір аңдағаным – атам да әжемді керемет сүйген еді. Айтуынша, жары сұлулығына қоса қолаң шашы тірсегіне түсетін сұңғақ бойлы, өте сымбатты жан екен. Жарықтық: «Мына Гүлсәнге тимеңдер. Бетіндегі меңі де, мінезінің ашықтығы да Қорлан әжесіне тартқан!» деп отыратын.

Гүлсім мен Сайлаубек Қуатовтардың сөзіне қарағанда, Солтаннан төрт қыз туады. Олар – Қорлығайын, Құсни, Қорзафыран және Рахима. Бәрі де бірінен-бірі өткен сұлулықтарымен есте қалған. Бірақ Құсни бойжеткен күнінде қайтыс болады. Рахима да тым жастай кетсе керек. Қорзафыранның ұлдары бар.

«Қорлан» әнін алғаш Финляндияда шырқаған Шахимардан Әбілов кейін оны Париж, Лондон тыңдармандарына жеткізеді. Сондай-ақ, Италияның Винчеса қаласында Рим папасымен болған кездесуде орындайды. Мұны әйгілі Робертино Лоретти де тыңдап, ән тарихына қатты қызығыпты.

– Және бір айта кететін нәрсе, – дейді Сайлаубек, – кейбір жігіттер біздің ауылды «Шұқыр» деп жазып жүр. Дұрысы – «Шүкір». Сонау отыз екіде бұл жерге аштық келмепті. Сонда алыстағы ағайындар «шіркін, Шүкірге бір жетсек!» деп армандайды екен...

Қапсамат маған Қорлан сұлудың күйеуі Нұрмағамбеттің суретін ұстатып тұрып:

– Бұл дүние енді сен екеумізде ғана бар! – деп күлді.

*** Ғажап болғанда, Ақсудан шыға бере алдымыздан қос аққу ұшты. Қиқулай ұзаған құстардың соңынан көз талғанша қарадым.