АЛМАТЫДАҒЫ АТЫС ЖАЙЛЫ АҚПАРАТ

Алматыда Алмалы аудандық ІІБ маңы қоршауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Аbai.kz ақпараттық порталының хабарлауынша, Никольский базарының аумағында атыс болып жатыр. Бұл жерде аудандық полиция басқармасы орналасқан. Сонымен қатар, куәгерлер көрші ғимараттардағы адамдарды кеңселерінен шығармай отыр екен.

Таяу маңда орналасқан кеңседегілердің айтуынша, 10 рет оқ атылған. "Бастапқыда тапаншамен бір-бірден оқ атылды, кейін жылдам атыла бастады. Белгісіз біреу қолына автомат ұстап алып, Байтұрсынов көшесінің бойымен жүгіріп өтті, кейін артынан полицейлер қуды", - дейді олар.

Қазақпараттың жазуынша қолына қару ұстаған белгісіз біреу Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратының алдында екі адамды атып кеткен. Адам шығыны бар болуы мүмкін.

Қазіргі сәтте, ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша Департаментінің ғимараты, Алмалы ауданының Ішкі істер басқармасы аумағы, Абай даңғылы мен Байзақов көшесі қиылысында, Абылай хан даңғылы мен Қазыбек би көшесі аумағы оқшауланды.

Сондай-ақ, Абылай хан мен Төле би көшесінің қиылысында да тәртіп сақшыларымен белгісіз біреулер арасында атыс болған», – дейді куәгерлер.

Оқиға барысынан Abai.kz ақпараттық порталының тілішісі мына жайттарды хабарлады:

Абылай хан мен Төле би көшелерінің қиылысында атыс болды. Екі полиция қызметкері оққа ұшты. Полицейлерге оқ атқан бір бүлікші ауыр жарақат алып қолға түсті. Енді атыс Мақатаев пен Сейфуллин көшесінде жалғасуда.

Алматы қалалық шұғыл жедел көмек көрсету ауруханасына қазір жараланған 5-6 адамды алып келді. Ауруханаға Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова келді. Қасында бір топ адам бар. Аманжолова дауыс салып жылады.

WhatsApp желісі арқылы Алматыдағы атысты ұйымдастыруы мүмкін деген күдіктінің суреті жарияланды.

Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің хабарлауынша, қалада қазір антитеррорлық операция жарияланған.

Cондай-ақ, желіде «Алматы - 1» темір жол вокзалында жарылғыш заттың болуы мүмкін деген хабарлама тарап кетті.

ТЖД өрт туралы ақпаратты жоққа шығарды. Жарылғыш зат туралы ресми мәлімдеме әлі жасалған жоқ.

Астана уақытымен 12:20-да Алматы қаласының аумағында террористік қауіптіліктің қызыл деңгейі белгіленді.

«Осыған байланысты, қала тұрғындары мен қонақтарын аталған деңгейде қарастырылған талаптарды сақтауға шақырамыз», - делінген ІІД таратқан хабарламада.

Айта кетейңк, «Қызыл» деңгейлі қауіп орнаған кезде жеке заттары мен транспорт құралдарын тексеруге және қозғалысты уақытша шектеуге немесе тоқтатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы деңгейде еш кедергісіз тұрғын үйлерге және басқа да ғимараттарға кіре беруге рұқсат бар. Телекоммуникациялық жүйе каналдары арқылы берілетін ақпарат пен келіссөздерді бақылау тәрізді шаралар да қабылданады. Барлық арнайы қызметтің әскери дайындығы күшейтіліп, әуежайлар, теңіз порттары мен метрополитен обьектілерін, темір жолдар мен автобекеттерді арнайы құралдармен тексеру кезіндегі режимдердің қатаңдатылуы тәрізді шаралар жүргізіледі.

Аbai.kz