Түркия билігі әскерилер бүлігін басқанын мәлімдеді

Түркия билігі әскерилер бүлігін басқанын мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық.

Бүгін Анкарадағы резиденциясына оралған Түркия президенті Режеп Ердоған «әскерилер бүлігі басып тасталғанын» мәлімдеп, оны ұйымдастырғандар «қатаң жазаланады» деп, бұған дейін айтқан сөзін қайталаған.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырим «бүлікті ұйымдастырған» генерал қаза болғаны және 800-ге жуық адам тұтқындалғаны туралы мәлімдеген. Түркия мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, елдің ішкі істер министрі Ефқан Ала бес генерал мен 29 полковникті армия қатарынан босатуға бұйрық берген.

Ыстамбұл мен Анкара көшелерінде бұрынғысынша әскери техника мен полиция патрулі жүргені байқалады. Жұма күні кешкісін жұмысы тоқтап қалған мемлекеттік телеарна қайтадан хабар тарата бастаған.

Өткен түні әскерилердің билікті алғаны туралы мәлімдемесінен соң болған қақтығыстар барысында Түркияда ондаған адам қаза тапқан. Олардың көбі ел астанасы Анкарада мерт болған деп хабарланды.

АҚШ және өзге де шет мемлекеттер «Түркияның демократиялық жолмен сайланған үкіметіне» қолдау білдіретіні туралы мәлімдеген.

Жұма күні кешісін Түркия қарулы күштерінің бір бөлігі әскери басшылыққа бағынудан бас тартып, елде әскери жағдай жариялап, үкіметтен билікті өз қолына алатындарын және елді «бейбітшілік кеңесі» басқаратын мәлімдеген.

Мармаристе демалыста жатқан Түркия президенті Реджеп Ердоғанның халықты «заңды билікке» қолдау танытып көшеге шығуға шақырған мәлімдемесі ұялы телефон арқылы тараған.

Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар туралы әзірше нақты ресми мәлімет жоқ.