ЕЙ, МЕНІҢ ҚАСҚЫР ТЕКТЕС ҚАЗАҚТЫҒЫМ!

sfR7bv4alxQ

Сабыржан  Махметовке хат

Тәңір-ай, Бұл күнімді-ай, Бұл айымды-ай, Бұлақтың жылқы ішпейтін ылайындай. Әр қазақ қайсар болған қайран заман, Кетті ұшып ала қаздың құмайындай.   Құс болсам сол дәуреннің көгінде мен, Қара өлең қар астынан тебіндеген. Қынаптан ғұн қылышы суырылса, Қарасы қалың жаудың көрінбеген.   Ұдайы сынақтарын бермес құдай, Қайран ел, күнін кешкен өлместің-ай. Шыдатпай сыздап жатыр жіліншігім, Шайнаған ауыздығын кер бестім-ай.   Күн қайда аяқтан сүт төгілмеген, Жүдеу боп жүнжіп кеткен ерің неден? Мал айдап маң далада көш түзеген, Мәрт бабам руға ол кез бөлінбеген.   Арланның апанында мың түнеген, Айтқаны әр қазақтың, шіркін, өлең, Алдаспан-жігіттердің көздерінде, Намыстың нажағайы күркіреген.   Шанағын қасып-қасып домбыраның, Естірткен еміл желін, тау бұлағын. Бетке алып құбыланы кетті-ау мәңгі, Сол шалдар, құшақтап ап көн құранын.   Ей, менің қасқыр тектес қазақтығым, Жоғалып кетпесе енді Сөз - Ақ Пірім. Ханға да үзеңгісін шірей алар, Ұлтжанды есіл ерлер аз-ақ бүгін.   Сол аздың бірісің ғой, Сабыр ағам, Әйтеуір, жұбанады көңіл оған. Осы елдің берекесін сақтасын деп, Өзіңе жар болғандай тағы бабам.   Көргенмен қиындықтың көп жолын-ай, Қар-мұздың бәрін өттің қақ жарып-ай. Терісін сыпырса да қыңсыламас, Азуы алты қарыс көкжалым-ай.   Қайда еді ұлыған рух сол байырғы, Көзіме ыза-кектен қан жаюлы. Қапаста жатсаң дағы елім деген, Қазағым сені туған қандай ұлы.   Есіл ер жүрер жолды жұртқа нұсқар, Көк туды болашаққа нық табыстар. Енді кім шығар екен, сендер кетіп, Тізгінін әділдіктің мықтап ұстар.   Күн өтер табанымыз тайғанаған, Бір тілек – жайна, көгім, жайна, далам! «Әр қазақ бір-бір арлан болса» деген, Айналдым тілегіңнен, қайран ағам.

Азамат Тасқараұлы,

Ақын, Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының иегері